Терең тамырлар
Терең тамырларӨзбекстан. Бұл ел күн қызуы мен шуақты, жазық алқаптары мен құнарлы шұраттары көп, диқаншылық һәм бағбандық кәсіппен айналысатын, сауда-саттық өріс алған байтақ өлке, жасыл мекен. Ұлттық бағыттары мен құрамы да айқын. Қышлақтары тығыз орналасқан. Адамдары еңбекқор. Аздан көп жасайды. Табысты халық. Қуаты мен күшін өздеріне, елдің мұрат-мүддесіне арнайды. Мемлекет рәміздеріне адал. Ұлттық тарих пен тілге, дәстүр өнегелеріне берік. Мәдени-рухани құндылықтарға көздің қарашығындай қарайды. Оларды қорғап, дамытуға бейіл. Қолда барды бей-берекет етпейді. Керісінше көбейтіп, қор жасауға, өзіндік өнімді, ішкі мүмкіндікті молайтуға әр кез дайын тұрады. Өзбекстанда Бұхара, Ташкент, Самарқанд, Хиуа секілді көне қалалар, ел астанасында Ұлттық ғылым академиясы, мемлекеттік драма театры, ұлттық кітапхана мен әдебиет мұражайы тәрізді мәдени-рухани орындар көптеп кездеседі. Олар көбіне ұлттық өрнек нақыштарымен көңілді баурап, назар аудартады және тарихилық сипаты арқылы кешегі-бүгінгі байланысты айқын аңғартады. Халықаралық ислам ұйымы — ІSESCO Ташкентті “Ислам мәдениетінің астанасы” деп мәртебе беруі бұл қаланың ислам ілімін дамытудағы үлес, орнын көрсетсе керек. Шаһарда қазіргі кезде 115 мешіттің жұмыс істеп тұруы (Кеңес өкіметі тұсында 14 мешіт болған – Р.Т.) ізгілік пен имандылыққа, мейірім мен қайырымдылыққа, жасампаздыққа ашылған кең жол, жаңа өріс десе де болады. “Шаттық палас” қонақ үйінен “Төле би” кесенесі көп алыс емес екен. Оның “таяу тұсында Ә.Науаи атындағы кинотеатр мен “Пахтакор” стадионы менмұндалайды. Баба кесенесіне бардық. Көрдік. XV ғасырдағы архитектуралық ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында екен. Іші-сырты таза. Өрнек, нақыштар көп. Айналасы жап-жасыл. Су да жетерлік. Негізінен, кесене жақсы сақталған. Күтім бар. Келім-кетім адамдар қарасы да көңілді көтеріп, жүрекке жылылық ұялатады. Осы маңда ХVІ ғасырдағы “Шайх Хаванд Таһур” және бірнеше кесене орналасқан. Бәрі де мемлекет қорғауында екені ап-айқын жазылып тұр. Алайда, жақын тұста бірнеше қабатты үйлер, сауда орындары көп. Кесене жолдан жырақ тұр. Арнайы бармасаң, бірден байқала бермейді. Жеке мемлекет, өзге ел екені есіңе түседі. Барға қанағат деп, өзіңе өзің тоқтау айтасың. Ал Әйтеке бидің бейіті Науаи облысына қарасты Нұрата қаласындағы ежелгі қазақтар зиратында, Сейітқұл әулиемен қатар жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Кесене орнату ісі қолға алынуда екен. Бірақ, бұл сапарда ол жерге біздің жолымыз түспеді. Ташкентте өткен ғасырда, 90 жылдардың басында болғаным бар-ды. Бірсыпыра мәдени-ғылыми орындарында болып, ұлт зиялыларының өмірі мен қоғамдық қызметі, шығармашылық мұраларымен танысқан едім. Ол материалдар, дерек көздері әдеби-ғылыми, шығармашылық жұмыстарда кең көлемде пайдаланылды. БАҚ саласында, білім-ғылым жүйесінде, әртүрлі басқосу, жиындарда жан-жақты көрініс тапты. Бұл жолы да көптеген сондай рухани орындарға жол түсті. Әсіресе, тәуелсіздік тұсында көрші елдегі арғы-бергі тарих, мәдени-рухани құндылықтардың қандай дәрежеде жиналып, бастырылғаны, өткен мен бүгіннің байланысы қалай жолға қойылғаны, оларға қатысты көзқарас, зерттеу-зерделеу ісі қандай бағыт арналар бойынша жүйе құрағанына көп көңіл бөлінді. Содан келіп қазақ-өзбек халықтарының тыныс-тіршіліктеріне, тарих пен таным тоғысына жіті ден қойылды. Әлішер Науаи атындағы ұлттық кітапхана бірнеше қабаттан, көптеген бөлім, анықтамалық-ақпараттық залдар мен кітап қорларынан тұрады. Бұл мекеме директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ирина Закирқызы Маминова елгезек те еңбекқор, көпшіл адам ретінде есімде қалды. Сөзі мен ісінде алшақтық жоқ. Кітапхана ісін мақтаныш көреді. Өмірі мен еңбегін осы бағытқа батыл бұрған екен. Қысқа сұхбатта бірнеше сұрақтарымызға нақты білгірлікпен жауап қайтарды. Қажетімізді табуға, жүзеге асуына оң бағыт берді. Кітапхананың оқу залдарынан қазіргі кезеңнің мерзімді басылымдарымен жан-жақты таныссақ, сирек қолжазбалар бөлімінен көне жәдігерліктерге тез арада қол жеткіздік. Мұнда “Ақ жол”, “Бірлік туы”, “Жас қайрат”, “Кедей айнасы”, “Жаңа өріс”, “Жас алаш”, “Кедей еркі”, “Қазақ тілі”, “Еңбекшіл қазақ”, “Шолпан”, “Сана” сияқты қазақ баспасөзінің ізашарлары мен Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, М.Тынышбаев, С.Аспандияров, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Х.Досмұхамедов, Ғ.Мұратбаев, Т.Жүргенов, Х.Болғанбаев, И.Тоқтыбаев секілді арыстарымыздың өмірі мен қызметі және шығармашылық мұралары туралы мол материал, мағлұматтар көптеп кездеседі. Халық әдебиетінің үлгілері, оқу құралдары мен қосымша еңбектер сирек те болса орын алғанын аңғаруға болады. Олардың кейбірі төмендегідей: Алпамыс батыр //Киргизская поэма. А.Диваев жинаған//. - Ташкент, 1902; Алтынсарин Ы. Киргизская хрестоматия.- Оренбург, 1879; Байтұрсынов А. Оқу құралы.- Орынбор, 1923; Лютшь Я. Киргизская хрестоматия.- Ташкент,1883; Гордеков Н.И. Киргизы кара киргизы Сырдарьинской области.- Ташкент,1889; Фалев П.А. Введение в изучение тюркских литератур и наречий.- Ташкент, 1922; Зарифов Х.Т. Основные мотивы эпоса “Алпамыш”.- Ташкент, 1959. Аталмыш кітапхананың қолжазбалар бөлімінде қазақ баспасөзіне едәуір орын беріліп, ақпараттық-анықтамалық, картотекалық көрсеткіштер де жүйелі түзіліс құраған. Электрондық нұсқалары да қатар көрсетіліп тұр. Басылым аты, жылы мен беті де жазылған. Олардың кейбірі төмендегідей көрініс тапқан: “Шолпан” // “Чулпон”// - саясат шаруашылық білім әдебиет туралы қырғыз-қазақ журналы. - Ташкент, Туркестанское Госиздат, 1922-1923 (электрондық нұсқасы бар); “Кедей айнасы” (журнал казахского студенчества С.А.К.У.). - Ташкент, Ср.Аз, Коммунистический университет им. В.И.Ленина.- 1926, 28-29 №3-1926;№4-5-1928-29; “Жас қайрат” (айына бір рет шығатын саяси, ғылым-білім, әдеби қазақ-қырғыз ешларының журналы). - Ташкент, Ср- Аз. Госиздат, 1924.- 94 бет (№5-1924); “Ауыл коммунисі” //Ауыльный коммунист”// Қазақстан өлкелік партия комитетінің партия көпшілік журналы.- Алма-Ата, Партгиздат, 1932; “Жизнь национальностей”. (Еженедельный орган). Наркомнаца).-М,1922, №10-18; “Ақ жол” - Ташкент, 1920 жылдың 7 желтоқсанынан шыға бастады 1921,1923, 1924 ж.ж. Қаңтар — ақпан, қараша –желтоқсан; “Еңбек туы” - Орынбор, 1920, №1, қыркүйек; “Еңбекші қазақ” - Орынбор, 1923, ақпан- мамыр; “Жаңа өріс” - Ташкент, 1920, №16-тамыз; “Жас алаш” - Ташкент, 1921, №4-мамыр; “Кедей еркі” // “Воля бедноты”// - Алма-Ата, 1921, №10; “Тілші” - Алма-Ата, 1924, маусым-шілде; “Өртең” - Орынбор, 1922, №1-2; 4-6; “Қазақ тілі” - Семипалатинск 1921, №136- тамыз. Біздіңше, аталмыш басылымдармен танысып-зерделеуден өзге елге жеткізудің, электрондық нұсқасын жасау мен сақтаудың тиімді жолдарын қарастырған жөн. Бұлар “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында атқарылатын іс-жұмыстар тізбесіне енсе, қанеки. Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Әлішер Науаи атындағы Тіл-әдебиет және Әбу Райхан Бируни атындағы Шығыстану институттарында болғанымызда әдеби-ғылыми басылымдармен бірге сирек кітаптар мен қолжазбаларға да назар аудардық. Алдымен Тіл-әдебиет институтын айтайық. Директоры филология ғылымдарының докторы, профессор Тура Мирзаев деген кісі екен. Институттың 60 қызметкері бар. Олар бірнеше бөлімдерде еңбек етеді. Мұнда әдебиет саласы: фольклор, әдебиет тарихы, XX ғасырдағы әдебиет, қазіргі әдеби үдерістер, әдебиет теориясы мен сын деп жіктелсе, тіл саласы: өзбек тілінің тарихы, диалектология, терминология, қазіргі өзбек тілі болып жүйеленген. Әдебиет пен тілдің бұл салалары өзара бірнеше бөлік пен кезеңдерден тұрады. Айталық, өзбек әдебиеті: халық әдебиеті мен тарихы, ұлттық ояну дәуіріндегі әдебиет, кеңес кезіндегі әдебиет, қазіргі әдебиет болып зерттеледі екен. Институт басшысы әдебиет пен тілдің байланысы, оны зерттеу мен арнайы еңбектер жазудың қажеттілігі күн тәртібінен түспейтінін тілге тиек етті. Бұл бағытта, әсіресе ұлт мақтаныштары: Ә.Науаи -20 том, Айбек -20 том, Ғ.Ғұлам -12 том, Х.Алимжан -10 том, Х.Ниязи -5том, Фитрат -4 том, Шолпан -2 том болып жоспарланып, жаңа уақыт талаптары тұрғысынан жіті зерделеніп, басылып шығыпты. Өзбек тілінің тарихы мен теориясы, диалектология мәселелеріне қатысты да зерттеу еңбектері жарық көріп келеді екен. Анықтамалықтар мен сөздіктер де негізгі салалар бойынша басылатын болып шықты. Осы орайда, таяуда ғана “Фан” баспасынан жарық көрген “Узбекско-русский” атты іргелі де көлемді еңбекті айрықша атап айтқымыз келеді. Авторы – Максуд Абдрахимов. Бұл сөздікке 20. 000 сөз енген. Онда өзбек-орыс тілінің мүмкіндіктері, кешегі қазіргі қолданыстары, өмір мен тұрмыста және кәсіпте жиі қолданылатын сөздер грамматикалық, стилистикалық сондай-ақ фразеологиялық тіркестер мен сипаттар кең орын алған. Фольклоршы-ғалым Т.Мирзаев өзара әңгіме, сұхбатта еркін, жан-жақты адам көрінді. Әдебиет саласына сүйіспеншілігі жоғары екендігі айқын аңғарылады. Өзбек фольклорының негізін қалаушы, көрнекті ғалым Хади Зарифовты ұстаз тұтып, мақтан етеді. “ Эпос и сказитель” атты еңбегін ұстазына арнағанын айтады. Академик В.М.Жирмунскийдің кезінде өзінің “Узбекские варианты Скачать |