Менің қоғамым – ұлтым
Менің қоғамым – ұлтымҚазақ жастары ұлтымыздың бүгіні мен ертеңі жайлы не ойлауы мүмкін? Бұл сұрақтың жауабын білуге қарапайым адамнан ел болашағы үшін түн ұйқысын төрт бөлген қайраткерге дейін ынталы. Осы орайда, біз әр салада жарқырай көрінген жас буын өкілдеріне төмендегідей үш сауал тас-тап отырмыз. Қазақ қоғамын енді 20 жылдан кейін қалай елестетесіз? Болашаққа сүйреп апармай-ақ, дәл қазір «жерлеп» кету керек дейтін қазақтың бойындағы қандай мінезді атап айтар едіңіз? Өзіңізді қазіргі қоғамға қаншалықты қажетті сезінесіз? Алдыңғы буын – ағаларға айтар қандай уәжіңіз бар? Серік Әбікенұлы Сарыбаев 1972 жылы Талдықорған облысының Кербұлақ ауданында Балғалы ауылында дүниеге келген. Мамандығы журналист. Әл-Фараби атындағы Ұлттық Университетті бітірген. Тележурналистикадағы еңбек жолын Телефбрика серіктестігінде бастаған. 1999жылы НТК арнасында «Анау мынау» «Айтпақшы» бағдарламаларын шығаруға ат салысқан. 2000-2003 жылдар аралығында «Оңтүстік астана» телеарнасында Бас редакторлық қызмет атқарады. Ең алғашқы «Сойыл» атты тележобасы осы арнада жарық көрген. 2003-2009 жылдарда Отыз бірінші арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметінің Бас редакторы болды. «Тарих безбені», «Сойыл», «Тұжырым», «… кім?» сынды жобаларды өмірге әкелген. Қазір «Алматы» арнасында Бас директордың бірінші орынбасары. «Тіл сақшысы», «Пікірлер пирамидасы» сынды жобалардың және «Өрлік дастаны» атты қазақ батырларын дәріптеуге арналған анимациялық фильмдер циклының авторы әрі жетекшісі. 1. Қорқыныштылау сұрақ екен. Осы күнгі саяси құбылыстарды екшеген кез келген қазақтың көкірегінде «бағытымыз өзгермесе болашағымыз құзға құлай ма?» деген күдік жүргені анық. Әсіресе атақты сайлау өтетін 2012 жылы жалаңдаған Ресеймен тұтас экономикалық кеңістік құратынымыз қара бұлтты қоюландыра түскендей. Біртұтас шекара, біртұтас экономикалық саясат, бір ақша…. Дене түршігеді. Амбициясы мықты орыс төбемізде қайта тайраңдауы әбден мүмкін. Ал, өздеріне осынша территорияны он алты миллион халқымен «тарту» еткен «тұлғаны» Ресей аялап, керек жерде қолдап отыратыны анық. Әлде, осы ойынның бәрі тек сол мақсат үшін ұйымдастырылды ма екен? Адасқақ саясаттың арқасында қазақ қазірдің өзінде мешел күйде. Тілі де, діні де анық емес. Тәуелсіз елдің төрінде отырып алып «орысша сөйлемесек өзгелер түсінбейді» деп төменшіктейтін орыс компаниялары мен кәсіпкерлері түптеп келгенде мүлдем мүттәйым. Олармен бірге байғұс халықта… Бұл алдағы екі жылды ойлағанда ғана туған үрей. Соны онға көбейтіп жиырма жылды ойласақ…. Ал, осы алғашқы сұрағыңызды «жиырма жылда қазақ қай дәрежеге жетсін деп армандайсыз?» деп сәл өзгертсек: Қарасы қаһарланса ханы қалтырайтын, мәдениеті мен болмысы әлемдік деңгейде мойындалған, экономикасы байлығын сатпайтын өнеркәсіпке сүйенген, ана тілін айбатына айналдырған асқақ ойлы, мығым халық болса, шіркін – деген ыңғайда жауап берер едім. Барлық қазақ осылай жауап берер еді. Бірақ сол арманның орындалуына ит мінезіміз кесір болып тұр. 2. Менің ойымша қазақтың туа бітті болмысында кемістік жоқ. Аздаған аңғалдық пен көмбістік болмаса!? «Қазақтың жауы қазақ», «Қазақ өрлеп бара жатқан туысын аяғынан тартып құлатады», «Құлагерлеріне ор қазғыш» деген сынды мақалсымақтардың бәрі ұлт ішіндегі шала ойлылардың шатпақтары. Және қорымызға жолдан қосылған мұндай сөздерге өздерін «Құлагер» санайтындар үйір келеді. Ал, аңғалдық пен көнбіс мінез шынымен көп кесірін тигізуде. Кебек жеп отырып «шүкіршілік» деді тоқсаныншы жылдары қазекең. «Тәуелсіздікке енді қолымыз жетті, мемлекет ахуалы түзелгенше шыдайық» деген ой еді ондағысы. Жекешелендіремін деп жегенде, ақша ауыстарыман деп асағанда ел үндемеген соң есіктен төрге озғандар есіріп кетті. Ұлтымен санасу керектігін естен шығарды. Өткен жиырма жылда «толерантты етеміз» деп төбемізден төпелеу арқылы сол көмбістігімізді ынжықтыққа ұластырды. Ошақ басында отырып күңкілдейміз. Ал алаңға шығам деп айғайлауды жақсы көретіндердің пиғылының түбіне үңілсең түңілесің. Осыдан құтылып, дер кезінде ашық және анық сөйлейтін хәлге жетуіміз керек. Оның қиын түгі жоқ. Өйткені, жүре біткен, әлі сүйегіңе жетпеген ынжықтықтан құтылуға болады. Сүйекке сіңіріп алсақ сорлаймыз… 3. Мен бар болғаны журналистпін. Қоғамға берерім: аузымды буып жатса да тіс арасынан сыздықтатып жанға бататын дүниелерді айтып қалу, ой тастау, ояту. «Мандытып жатқандарың шамалы, барыңнан жоғың..» деушілер табылары анық. Бірақ, осының өзі көрсеткіш. Айтқаныңды азырқанып үстемелеуді талап етуде көрермен мен оқырман. Демек, еңбегіміз еш кетіп жатқан жоқ. Жалпы, «біз қоғамға емес, қоғам бізге керек» деген принципті ұстануымыз керек сынды. Менің қоғамым – ұлтым. Ол қажет етсе де, етпесе де қызметімді жасай беремін. Ағаларды біраз «сабады» кейінгі буын. Босбелбеулігі, жағымпаздығы, атаққұмарлығы айтылудай-ақ айтылды. Ой түйгендері, өздерінің ұлтқа керек екенін түсінгендері бар. Өте аз. Көбісі кеңестік кезеңдегі әдеттерінен арыла алмады. Оларды жазғырудан аулақпын. Бары сол. Бірақ, арбаның алдыңғы дөңгелегі қиралаңдаған соң, соңғысының да жүрісі бұзыла бастағанын байқаса деймін. Ең құрығанда үндемей-ақ қойса. Топтанып «ода» жазу арқылы «жетістікке» жетіп жатқандарын көрген соң, оларға жастар да еліктейді, оңай жолмен олжалы болуға болатынын көріп, қызығады. Дерексіз сөйледі демесін, «Бәйтеректің» мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы, «28»-дің атақты хаты, орден үшін қол сүю, т.б толып жатыр мысал іздесек. Өткен күзде қырық шақты адамның Үкіметке жазған хатын оқыдым бір газеттен. Күліп жібердім. Мәсімовке жазыпты. Премьер болғанда бір жылда қазақша сайраймын деп уәде беріп, екі жыл бойына Үкімет жиынының бәрін орысша өткізіп келген, неге екені белгісіз, қазақылықты жатсынатын кәдімгі Кәрім Мәсімовке «Ақпарат құралдарындағы, қоғамдағы мемлекеттің тілдің ахуалын жақсартсаңыз» деген өтініш айтады. Оның осы өтінішті оқып, мағынасын толық түсінуге сауаты жоқ екенін біле тұра хат жолдаған авторлардыкі әпенділік пе әлде ақымақтық па? Егер сол қырық сері ең құрығанда «неге қазақша сөйлемейсің?» деп сұрау жолдаса яки талап қойса күлкіге ұшырамас еді. Тағы бір айтайын дегенім пікірін жеке жариялаудан қашқақтап, топтанып сөйлеу сәнге айналып барады. Ағаларымыз топтық ұғым мен тобырлық ұғым арасы бір-ақ қадам екенін ұқса. Содан жастарды сақтандырса. Скачать |