Демократияның саяси институттар жүйесіндегі алатын орны
Демократияның саяси институттар жүйесіндегі алатын орныСаясаттану курсында демократия атаулы ұғымының алатын орны ерекше. Себебі демократия – бағзы заманнан бері халықпен бірге жасап келе жатқан қарапайым да адам таңқаларлық ғажап ұғым. Мәселен, Геродот ұсынған антиктік демократияның белгілерін қарастырып көрелік. Біріншіден, адамдар қызметке жеребе тастау жолымен іріктелді. Екіншіден, барша халық заңға бағынды. Үшіншіден, елдің ішкі және сыртқы саясатының бағыт-бағдары жалпыхалықтық жиналыста шешімін тауып отырды. Осы аталған демократиялық принциптерді алғашқы болып Аристотельдің бастауымен Афины Республикасы енгізді. Ең кедей деген төртінші тапқа да сайлау құқы берілді. Сөйтіп, ұлы философтардың қолдауымен Афиныда өмірге келген полистік демократияның дамуы 300 жылға созылды. Дегенмен, антик ғұламалардың ақыл-ойынан туындаған полистік демократияның да кемшіліктері мен залалды жақтары аңғарылмай қалған жоқ. Мысалы, мемлекетте арнайы заң болмай, қара тобыр саяси билікті өз қолына ала қалса, онда полистік демократия ұжымдық билеушінің рөлін атқарып, бүкіл халық тиранға айналған болар еді. Сонда халық атынан сөйлейтін мылжыңдар елді билеп-төстеп, оның аяғы анархияға келіп соғар еді. Афиныда саяси партия құруға жағдай тумады. Себебі мұнда өзгеше ойлайтындар үнемі жер аударылып отырды. Елдегі саяси жүйеде төте сайлау болып, оған еріктілер де, кедейлер де қатыса алды. Алайда антиктік саяси жүйе мемлекеттік басқару формасы емес еді, бұл тек саяси жүйе ғана болатын. Дәл осы тұста Римде де алғашқы рет билік бөлінісі басталды. Саяси қақтығыстарды реттеу үшін халық мінбері түріндегі жаңа элемент пайда болды. Осыдан бастап елдерде саяси қақтығысытарды шешетін арнайы орындар шығып, оларға заңды сипат берілді. Римдегі саяси жүйеде ең бірінші болып басқарудың аралас түрі енгізілді. Мәселен, патшаның билігі – консульдік билік болса, сенат – аристократиялық, ал халық мінбері – халық билігі болды. Кейінірек АҚШ-та да билік осы үлгі-кеңес бойынша бөлінді. Айталық, президенттік — римдік патшалық билік, сенат – аристократия, өкілеттілер палатасы — халық мінбері дегендей. Тағы бір ұқсастық – тарихи дәстүрдің қайталануынан көрініс тапты. Мысалы, АҚШ-та Жоғарғы сот –заңдар мен Конституцияны талдау органы болса, Римде – бұл міндетті цензорлық институт атқарды. Басқаша айтқанда, жаңадан қабылданған заңдар бұрынғы қабылданған заңдармен салыстырылып, сәйкестендіріліп отырды. Ежелгі Римдегі билік механизмі саяси партия құру мүмкіндігін жойды. Бұл үлгі кейін Ш.Монтескье теориясының негізін құрды. Партия құруға қарсы күрестің мақсаты қайткенде саяси жүйенің тұтастығын сақтаудан туындаған еді. Шындығына келгенде, антик демократияның жаңа дәуірдегі демократиядан айырмашылығы: мұнда мемлекет орнына саяси жүйе болды, жеке адам мен полис бөлінбеді, жеке адам бостандығының кейбір автономиялық сипаты болды, олар құқықтармен қорғалды, жеке адамға көпшіліктің өктемдігі жүрмейтін еді. Антик демократияның жалпыға бірдей сайлауға қатысу, саяси мәселені шешу құқығы жаңа дәуірдегі классикалық демократияда пайдаланылды. Осы тұста Ш.Монтескье британия демократиясының негізінде билікті бөлісу теориясын жасады. Ал Ж.Руссо ақыл-ойы жоғары адамдардың халықтың әлеуметтік жағдайын жасауға мүмкіндігі болады дей келіп, халық өз тағдырын өзі шешеді деді. Дегенмен, қайырымдылық пен зұлымдық жайында әркімнің өз түсінігі болатындығы ескерілмеді. Баршаның бірдей қайрымды болу идеясында тоталитаризмнің элементі жатыр еді. Бұл идеяны жасаушылар қарапайым халықтың кәсіби саясатшылардың алдау-арбауына оңай түсетіндігін ескермеді. Ал өмірде адамдардың көпшілігінің саятсатқа араласқысы келмейтіндігі белгілі ғой. Осы уақытқа дейінгі демократия жайындағы идеяларға, концепцияларға осы көзбен қарайтын шумпетерлік демократия деп аталатын ревизионистік теория болды. Олар саясатшылардың қарапайым халық пікірін бет перде етіп ұстауының қауіптілігіне назар аударды. Расында, кәсіби саясатшылар тәжірибесіз халықтың бірлі-жарым пікірін сайлаушыларға бүкілхалықтық пікір ретінде ұсынып, оны өз мақсатына пайдаланады. Бұл кейін популизм ағымын туғызды. Шумпетердің еңбектерінде демократияның сан алуандық, сол сияқты элитарлық теорияның негіздері жасалды. Біртіндеп демократиялық сахнаға жекелеген адамдар, аз ғана ынталы топтар шығып, олар ұйым атынан шешімдер қабылдайтын болды. Токвиль мен Макс Вебердің айтқанындай, жекелеген тұлғалар, яки серкелер билікке таласады, ал халық оларға дауыс береді. Сөйтіп, ғалымдар өз еңбектерінде алғаш рет саяси процестегі серкелер рөліне арнайы тоқталды, саяси бәсекенің барысында, әйтеуір, бір серкенің әртүрлі әдістерді қолданып жеңіп шығатындығын да көре білді. Демократияның айла-тәсілдерінің әралуан екендігі белгілі. Солардың ішінде хандық дәуір кезіндегі дала демократиясы туралы айтпасқа болмайды. Қазақтың түп-тегінің тарихы үш мың жылдық заманға кететіндігі айқындалып отыр. Қазақтың негізгі кәсібінің мал шаруашылығы болуы, жаугершілік, соғыс, жылқы мен қойға шұрайлы жайылым мен кең өрістің қажеттігі біздің елді мекенімізді «сахара», «дешт», «қарақұм», «бетбақ дала», «шөл-шөлейт», «дархан дала» деп атауға себепкер болған. Дұшпандарымыз да осы даланы талай дүбірлеткен. Дегенмен қазақ халқы өніп-өсіп өмірді жалғастырған, рухты жандандырған. Талай тарихи оқиғалардың куәсі болған сар далада өмір үшін күрес тоқтаусыз жүріп жатқан. Қазақ халқының мақтанышы ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Әлеуметтік-этикалық көзқарастарында»: Ең жоғарғы даму шегіне жету үшін адамдар бірігіп, қауымдасуы тиіс», — деп жазады. Ол қоғамды үшке бөледі: біріншісі – ұлы бірлестік, ол барлық халықтардың бірлігі. Екіншісі — орта бірлік, — бір халықтың бірлігі, Үшіншісі — ең төменгі бірлік немесе қала-мемлекет. Бұлар толық қоғам болып саналады. Әл-Фарабидің пікірі бойынша, ауыл, елді мекен, махалла, көше, үйлер – толық қауымға жатпайды. Өмір сүру үшін адамдардың қауымдасатыны белгілі. Сондықтан да өмір өшпеген, жалғасын таба берген. Соларды көре отырып, ұйымдасқан қауымдастықтардың шыңдалып, жетіліп, байытылған өмір тәжірибесін, ұлы дәстүрлер мен салт-сананы көруге болады. Соның бірі еуропадық тілмен айтқада, демократия деп аталады. Оны қазақтың тіршілігіне айналдырсақ, демократия дегеніміз — әркімнің қауымдағы орнын таба білу, қабылетіне қарай сұрыптау, барлық адамды тең көру, өзін-өзі басқару шығады екен. Қандай болмасын бірлестіктің алтын діңгегі – киелі отбасы, ошақ қасы болып табылады. Отбасының көсемі де, қолбасшысы да — әке. Оның тапсырмасы – заң. Ол мүлтіксіз орындалуы тиіс. Жазалайтын да, жарылқайтын да — әке. Ал рубасы көп талдауды қажет етеді. Ол руластарының ішіндегі ең ақылдысы, байсалдысы, әділеттісі, көрегендісі, киелі тұлға. Оның батыр немесе би болып келуі тіптен жақсы. Беделділер бірнеше рудың көсемі немесе биі болуы да ықтимал. Мұндай кісілер ресми құжаттарда рубасы деп аталған. Егер де біз орта бірлікті – бір халықтың бірлігі деп айтатын болсақ, түрік тілдес халықтардың тұңғыш бірлігі — Түрік қағанаты мемлекеті болған. Ол YI ғасырдың басында құрылып, іргесі Шығыс Кореяден Орта Азия жеріне дейін созылып жатқан. «Үлкен Күлтегін», «Кіші Күлтегін», «Тоныкөк» құлыптастарындағы жазуларда түрік халқының атақты қолбасшысы Күлтегіннің 47 рет соғысып, 47 рет жеңіске жеткені жырланған. «Қағаны –алып, ақылгөйі — кемеңгер» екен дейді. Кемеңгері білге Тоныкөктің арқасында үлкен жеңіске жетеді. «Өлімші халықты тірілттім, жалаңаш халықты – тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым. Бәрін бейбіт қылдым, тату қылдым», — дейді елдің ақылгөйі. Әуел бастан елдің басы бірігіп хандық құрғаннан бастап Грекияның полисі сияқты елдің ішкі және сыртқы мәселелері бүкіл халықтың ақылымен шешіліп отырған. Ал оның ақылгөйі Тоныкөкті шығыс халықтарын зерттеуші В.В.Бартольд француз тарихындағы Талейранмен теңейді. Барлық елбасыларының ақылгөйлері болғандығы белгілі. Мәселен, Томирис патшайымның ақылгөйі – Зал, Шыңғыстың кеңесшісі Майқы Майып, Жәнібектігі – Асан Қайғы, Тәуке ханның төбе биі – Төле, Абылайдың ақылшысы – Бұқар – ұлы дәстүрдің, халық даналығының сарқылмас жалғасы, теңдікті, әділетті қорғаушы сақшылары. Асылы, қоғамның саяси құрылысын басқару принциптері дегеніміз – ол да ата-бабаның бұрынғы айқын жолының, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан мұрасының жалғасы. Әу басынан бастасақ, гундер, түрік қағанаты, қазақ хандары қағанаттың ең жоғарғы органы – «төрт тағаны», яғни тайпа басшылары, мемлекет мәселесін талқылайтын шонжарлар көсемдерінің кеңесі, онан кейінгі билік иесі жабғулар, тегіндер бұл гүндердің лупиі, үшінші билік сіліг бек яғни ұлығ, төртіншісі – тұман бег ұлы дуюлер. Бұл төрт тағаннан кейінгі әкімшілік -әскери басшылар. Оның 20 түрлі атақтары болған. Гүндердің, қағанаттардың, моңғолдың, қазақтың басқару жүйесі де осындай болды. Тұтас алғанда бұл жүйе әскери демократия деп аталған. Барлық пирамиданың басында, тақта қаған немесе Тәңірқұты отырған. Қоғамдық қатынастар, әкімшілік жарлықтар мен қаған тәртібін қылмысты кодексі бойынша Бас би қадағалап отырған. Түрік қағанатында жаңа жылда, яғни бесінші айда Лунген тауының етегінде бүкіл ел бас қосып, келелі мәселелерді келісіп шешіп отырған. Ал жыл аяғында жаппай халық және мал есебі алынған. Мұндай сабақтастық Тәуке ханның тұсында сақталған. Ангрен өзенінің бойындағы Күлтөбенің басында, кейде Сайрам қаласының маңындағы Мәртөбеде хандар, сұлтандар, билер, батырлар мен ру көсемдері жиналып, мәселелерді шешіп отырған. Ауа райының қолайлы кездерінде «Хан кеңесі», «Билер кеңесі» де мәсілихаттар өткізіп отырған. Ханның құдыреті бола тұра, ол көпке бағынған. Мысалы, Әбілқайыр ханды Бар Скачать |