ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫЖуықта Шығыс Қазақстан облыстық сотында «Қазіргі Қа¬зақ¬стандағы әйелдердің құқық¬тары» атты дөңгелек үстел жиы¬ны өтті. Басқосуға облыс-тық, Өскемен қалалық және мамандандырылған соттарының судьялары, құқық қорғау органы өкілдері және С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы гендерлік зерттеу орталығының мамандары қатысты. Сонымен бірге елімізде гендерлік тең¬дік мәселелерін жиі көтеретін және оны шешуге атсалысатын қоғамдық ұйым өкілдері өз ойларын ортаға салды. Олардың қатарында «Қазақстанның іскер әйелдері Ассоциациясы», «Бибі-Ана» мүгедек әйелдер, «Status» әйелдер федерациясы», «Феникс» даму және бейімдеу орталығы» сияқты қоғамдық бірлестіктердің осы өңірдегі басшылары болды. – Ұлттық гендерлік саясат еліміздегі демократиялық про¬цестің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Мемлекет басшысы бекіткен гендерлік теңдік стратегиясы негізінен ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу мақсатындағы билік пен қоғамның өзара тиімді әрекет етуіне бағытталған. Елімізде 2009 жылдың желтоқсан айынан бері «Тұрмыстық зорлықтың алдын алу», «Әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» сияқты заңдар қабылданды. Қазіргі ке¬зеңде азаматтық қоғам ұлттық ген¬дерлік саясатты жүзеге асыруға және өмірдің барлық сала¬сында гендерлік теңдікке қол жеткізу тетігін жасауға белсен¬ді түрде қатысуда. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Қоғамның өркениеттілік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді…» деген болатын. Осы сөз біздің бүгінгі өткізіп отырған іс-шараның ма¬ңыздылығын білдіреді,–деді жиынға төрағалық еткен Шығыс Қазақстан облыстық соты касса¬циялық сот алқасының төрағасы Анарбек Рамазанов. Жиында баяндама жасаған судьялар әйелдерге күш көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері, ажырасу және алимент өндіру істері бойынша олардың құқығын қорғау мәселелеріне кеңінен тоқталды. Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Жамал Рамазанова өзінің «Әйел құқығын қорғау – биік парасат» атты баяндамасында осы мәселелерді жан-жақты талқылады. – Кейбір жағдайда отбасында өрбіген ұрыс-жанжалдың салдарынан таяқ жеген немесе рухани жағынан қорлық көрген әйел адам отбасы шырқын бұзбау үшін, көбінесе «жабулы қазан¬ды жабулы күйінде» қал¬дырып, көрші-қолаңға, ағайын-туыс арасында әшкере бол¬масын деп, ешкімге тіс жар-май¬ды. Өткен 2010 жылдың статистикалық есебіне жүгінсек, сотқа әйелдерге зорлық-зомбы¬лық көрсеткеніне байланысты жасалған 8 қылмыстық іс қаралып түсіп, 8- не де айыптау үкімі шығарылды. Көбінесе бұл жасалған ауыр қылмыстар ішімдік ішу салдарынан бол- ған, – дейді ол өз баяндамасында. Дөңгелек үстел отырысын¬да судьялар, сонымен бірге, Қа¬зақстанның қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заң¬дылығында әйелдерге арнал¬ған арнайы баптың жоқты¬ғын тілге тиек етті. Жиында «Status» әйелдер федерациясы» қоғамдық бірлестігі мен мен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ жанындағы гендерлік зерттеу орталығының өкілдері ҚР-ның гендерлік заңнамасының ережелерін жергілікті деңгейде жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды. Жалпы әйелдердің құқығын қорғауда осындай үкіметтік емес ұйымдардың да маңызы үлкен. Мәселен, «Феникс» даму және бейімдеу орталығы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге әлеуметтік-психологиялық жағынан көмек жасайды. Ал, «Бибі-Ана» бірлестігі мүгедек әйелдер мен аналарды әлеуметтік және құқықтық жағынан әрқашан қолдап отырады. Жалпы, Шығыс Қазақстан өңіріндегі 226 судьяның 122-сі нәзік жандар екен. Ал, облыс бойынша сот кеңселеріндегі 551 қызметкердің 75 пайызы әйелдер. Қуаныш Бақыт, «Заң газеті» ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ Скачать |