Қазақ гуманитаристикасы және ұлт тарихын зерттеу
Тәуелсіз Қазақстанның тарих ғылымы ұлт тарихын терең, жан-жақты зерттеп, жаңаша пайымдаулар жасауға батыл кірісуде(1). Бұл әрекеттердің отандық тарих ғылымының осы уақытқа дейінгі жетістіктері негізінде жүзеге асып жатқандығы да шындық. Сонымен бірге үш ғасырға жуық тілі, діні, ділі мүлдем бөлек жат жұрттың қол астында бодандықта болып келген ұлттың тарихын барынша шынайы танып-білуде маңызы зор проблемалар да айқындала бастады. Бұған - тарихымызды зерттеуде тарихи дерек көздері ретінде қатыстырыла қоймаған, әр қилы себептермен мән берілмеген қазақ ауыз әдебиеті туындылары дәлел бола алады. Ақиқатында, бұл ауызша руханиятымыз – түрлі тарихи жағдайлардың әсерінен жазуы тұрақты сипат алмаған көшпенді халықтың өмір сүру дағдысын, бүкіл болмысын, дүниетанымын, өткен тарихи даму жолын келер ұрпаққа жеткізіп, сақтап келгендігі мәлім. Ұлттық дерек көздері деген атауға толық лайықты қазақ әдебиеті сонысымен де баға жетпес құнды мұра. Мәселен, олардың арасында соңғы кездері тарихшылардың назарын аудартып жүрген мәселелердің бірі – ауызша тарихи дәстүр жақсы дамыған. Осындай рухани мұраларды кең көлемде тарих ғылымының мүддесі тұрғысынан қарастырудың өзектілігін бүгінгі уақыт көрсетіп отыр.
Тарихтану бұл мақсатқа жету үшін отандық гуманитаристиканың - әдебиеттану, тіл білімі ғылымы, фольклортану салаларына арқа сүйері сөзсіз. Өйткені, аталған проблемалармен бұрын осы ғылым салалары ғана айналысты. Оның үстіне фольклортану мен деректану ғылымының зерттеу әдіс-тәсілдерінің ұқсастығы, жақындығы, олардың бірлесе жұмыс істеуі ұлттық ауызша деректерді деректанулық сыннан өткізуге кең жол ашады. Түп төркіні ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастау алатын фольклортану Кеңес үкіметі тұсында дербес ғылым саласы ретінде қалыптасты, дамыды. Бұл жайындағы ірі фольклортанушы-ғалым М.Ғабдуллиннің пікірі: «...Әрине, біз қазақ фольклористикасын советтік дәуірде ғана қалыптасты деуімізбен революцияға дейін қазақ ауыз әдебиеті жайында жүргізілген кейбір зерттеу еңбектерін жоққа шығармаймыз. Революцияға дейін қазақ ауыз әдебиеті жайында жазылған монографиялық зерттеулер болмаса да, бірен-сарандап айтылған пікірлер болатын. Бұл жөнінде Ш.Уәлихановтың, В.Радлов пен Г.Потаниннің, И.Фалев пен П.Мелиоранскийдің т.б. ғалымдар мен ағартушылардың жалпы қазақ фольклоры туралы және оның кейбір жанрлары жайында айтқандары да бар еді. Мұндай пікірлер, әрине, үлкен ғылыми зерттеу еңбектерінің міндеттерін атқармаса да, қазақ фольклорының тарихи даму жолдарын, әдебиеттік және қоғамдық мәнін түсіну, оның сырын ұғыну жөнінде айтарлықтай мәнді екенін естен шығармаймыз. Және де бұл пікірлер советтік дәуірде қалыптасқан қазақ фольклористикасы үшін қымбат та құнды болғанын білеміз». Иә, шынында да –ХІХ ғасыр зерттеушілерінің ғылымдағы орындары қазақ деген ұлттың әлемнің кез-келген халықтарынан еш кем емес, ауызша дамыған рухани мұрасы бар екендігін, сол арқылы ұлтты, оның тарихын танып-білуге болатындығын дер кезінде жазып қалдырғандарында. Сонысымен де олардың еңбектері беделді(4) Жалпы, фольклорлық туындылар ғылымда жиналуы, жариялануы және зерттелуі деген өзара тығыз байланысты бірнеше кезеңдерден өтетіндігі белгілі. Осыдан кейін ғана ол қоғамның түрлі талап-мүддесіне еркін қызмет ете алады. Қазақ фольклоры осы процестердің барлығынан дерлік өтіп келеді(5) Енді осы бағыттағы жұмыстарға қысқаша тоқталайық. Алдымен фольклорлық деректерді іздеу, табу, жинау шаралары (деректанулық эвристика). Фольклорды ел арасынан жаппай жинап, жазып алу жұмыстары біздің елімізде өткен ғасырда қызу жүргізілді. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 20-жылдары Қазақстандағы өлке тану қоғамы бұл іске ұйытқы болды. Сондай-ақ 1933 жылы қазақтың ұлт мәдениетін зерттемек Ғылми-зерттеу институты құрылады. Осы институт ел ішінен ауыз әдебиетін жинау мақсатында арнаулы экспедициялар жіберуді қолға алды. Мұндай аса маңызды шараларға М.Әуезов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, С.Аманжолов, Ө.Тұрманжанов, С.Кеңесбаев, Е.Ысмаилов т.б. ұлт жанашырлары белсене ат салысады(6).
Мұнымен қоса қазақтардың ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға мемлекеттік деңгейде баса көңіл бөлу Қазақстанда Ғылым Академиясының филиалы (1946 жылдан бастап Қазақ ССР Ғылым Академиясы) құрылуымен де тығыз байланысты. Ғылым Академиясы ұйымдастыруымен жыл сайын жер-жерге экспедициялар шығарылып, халық әдебиетін жинау жүргізілді. Скачать |