Түріксой ұйымы – түркі халықтарыны мәдениетінің бірлігі
Арғы тарихтың бедерінде күллі әлемге із қалдырған түркі дүниесінің бүгінгі күні де дүниежүзілік өркениетте ерекше орны бар екені белгілі. Жалауын жоғары ұстап, намысын ешкімге таптатпаған ежелгі түркі халықтарының қазіргі ұрпақтары бір-бірімен рухани туыстық қарым - қатынасты жақсы жолға қойған. Түп негізі бір, тілегі ортақ, түркі жұртын тек бір-бірін қиналмай ұғысатын тіл ғана жақындастырып қоймайды, олардың етене араласуына бастау-негізі тамырлас өнердің де ықпалы аз болмайды. Түркі өнері - түркілік рухты қозғайтын айрықша кұбылыс. Әлемдік өркениетте айшықты қолтаңбасы бар түркі дүниесін руханият саласындағы қоғамдық ұйымдардың белсенді қызметі арқылы да танимыз. Бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіп отырған беделді ұйымдардың бірі - Түрік мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық ұйым - ТҮРКСОЙ. Ұйымның кұрылғанына көп уақыт өтпесе де ТҮРКСОЙ деген атау түрік бірлігі деген ұғымның талассыз баламасына айналып кеткені рас. Түркі халықтарының бірлігін арттыруды көздейтін ТҮРКСОЙ соңғы жылдарда қазақ жұртын елеңдете бастады. Ұлт мәдениеті мен өнеріне еңбегі сіңген азаматтар осынау беделді ұйымның сыйлықтарымен марапатталды. Өнер шеберлері мен сахна саңлақтары ТҮРКСОЙ-дың халықаралық жиындарына арнайы шақырылады. Сол арқылы бұл беделді ұйым кейінгі жылдарда өзіне Қазақ елінің де назарын ерекше аударуда. Бұлай болатын жөні де бар. Біздің ел осы ұйымды ұйымдастыру және қалыптастыру ісіне ауқымды үлес қосқан мемлекеттердің бірі. Бұған ТҮРКСОЙ-дың іргелі жиындарының біразы Қазақстанда өткізіліп жүргендігі дәлел. Әрине, бұрын бұл беделді халықаралық ұйымның өкілдері өнер мен мәдениеттің орталығы — Алматыда қабылданатын. Елбасының идеясымен Арқа төсінде бой көтерген әсем Астана бұл жолы ТҮРКСОЙ-ды алғаш рет өзінің қонақжай шаңырағына шақырып отыр. Сол арқылы халықаралық құрылымға елордамыздың да нағыз руханият бесігіне айнала бастағанын аңғартуды жөн санадық. Әлемдік дәрежеде іргелі істер атқаратын халықаралық ұйымдардың қай-қайсысы да ізгі мақсат көздейді. Бүгінде қазақ зиялыларына ғана емес, әлем жұртшылығына жақсы танымал ТҮРКСОЙ түркі дүниесінің мәдени ынтымақтастығын нығайтуды мойнына алған. Түбі бір түркілердің тілінде орындалатын өнер түрлерін дамытып, қанатын қатайту — осы ұйымның енші-сіндегі міндет. Бұдан аталған құрылым тек мәдени байланыстар орнатумен ғана айналысады деген ұғым тумауға тиіс. ТҮРКСОЙ ұйымға мүше елдердің арасында татулықтың болуына, тұрақтылықтың сақталуына ықпал етеді. Бұл ұйым түркі дүниесінің әлемдік өркениеттегі орнының берік болуын қамтамасыз етуді алдына мақсат етіп кояды. Ежелгі тарихқа жүгінсек, түркі тұтастығының ыдырап кетуіне ел арасындағы бірлікке сызат түскендігі себеп болғанын көреміз. Ендеше тарыдай шашырап кеткен рухани құндылықтарды жинап, барымызды түгелдеп, жоғымызды іздеу үшін түркі дүниесінің бірлігін сақтап қалу өте маңызды. Аталған ұйымның жетекшілері осынау ұлы міндеттің салмағын жан-тәнімен сезінеді. Енді ТҮРКСОЙ-дың негізі қаланғаны жөнінде мәлімет бере кетейік. 1992 жылдың көктемінде түркі тілдес тәуелсіз алты мемлекеттің Мәдениет министрлері Ыстамбұлда кездесіп. бірлесіп жұмыс жүргізу жөніндегі Меморандумға қол қойған болатын. Ал осы жиыннан бастау алған ұйымның кұкықтық мәртебесін айқындап, кұрылымын бекіту сол жылғы желтоқсанда өткен түркі тілдес елдердің Мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесі мәжілісінің еншісіне тиді. Бакуде өткен бұл басқосуда ТҮРКСОЙ-дың тұрақты аткарушы органы Бас дирекцияны құруға шешім қабылданды. Бұл ұйымның тағы бір салмақты кұжатына қазақ жерінде қол қойылды. ТҮРКСОЙ-дың жұмыс жүргізу принциптері жөніндегі шарт Алматыда 1993 жылғы 12 шілдеде жасалды. Осы жиынға ұйымға мүше алты елдің — Түрік Республикасы, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзірбайжан және Өзбекстанның мәдениет саласының басшылары қатысты. Кейіннен шартқа бақылаушы ел ретінде Татарстан, Башкұртстан, Солтүстік Кипр, Хакасия, Гагауз, Тыва қосылды. Осылайша уақыт өткен сайын халықаралық ұйымның аясы кеңейе түсті. ТҮРКСОЙ түркі халықтарының мүддесіне орайлас келетін шаруалардың ешқайсысынан да шет қалған емес. Әсіресе, туыстас елдердің мәдени өміріндегі елеулі шараларды ортақ мереке ретінде өткізіп, бас біріктіруге айрықша маңыз береді. Әлемге құлашын кең жайып келе жаткан жаһандану үрдісі түркі тілдес елдердің рухани сипатына қауіп төндіретінін ескерсек, оған тек дәстүрді сақтау, ынтымақтастықты дамыту арқылы ғана қарсы тұра алатынымызды ұмытпағанымыз жөн. Бұл турасында да халықаралық ұйымның атқарып отырған істері сан алуан. ТҮРКСОЙ түркі халықтарының салт-дәстүрлерін мейлінше дамытуға күш салады. Сондықтан бұл ұйым ортақ тарихтың тереңіне үңіледі. Тарихтың сабақтарын кейінгі буынға көбірек ұқтыруға тырысады. Түркінің ұлы мәдениетінің болғанын, оны сыртқы күштердің қандайының да басып-жаншып тастай алмағанын, әр халықта сақталып қалған дәстүрлердің басын кұрап, рухани дүниеміздің алтын сынықтарын жинап, қайта кұрастырсақ, әлемдегі орнымыздың айрықша болатынын санаға сіңіреді. Сонда рухы биік ел жаһандануға да, каһарлануға да қарсы тұра алады. Міне, ТҮРКСОЙ рухты көтеретін дәстүрлі өнерді дамыту үшін бар мүмкіндікті қарастырады. Ұйымның бұл бағыттағы ізденістері әзірге жеміссіз емес. Соңғы жылдарда мәдениет саласында жүргізілген зерттеулер әлеуметтік идеалдардың тоқырауынан кейін этностық деңгейдегі мәдениеттерді топтастыру үрдісі күшейе түскенін аңғартады. Халықтардың рухани бастау-негіздері, ілкі мәдениеттері, басынан кешкен тағдыр-талайының ұқсастығы олардың қарым-қатынастарын берік орнықтыруына негіз бола алады. Ұйым жұмысын жүргізу барысында есте ұсталатын қағиданың бірі осы. Бұл орайда туысқан түркі тілдес халықтар ТҮРКСОЙ арқылы рухани қатынас дәстүрін кайта жанғыртуға талпыныс танытып отыр. Скачать |