Махатма Ганди
Мохандас Карамчанд ГАНДИ (02.10.1869-30.01.1948 ж.ж.) - Үндістан ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері. М.Ганди Оңтүстік Африкада жүргенде бейбіт жолмен қарсыласудың теориясы мен тактикасын белгілеп, оны сатьяграха (Шындық үшін тайсалма) деп атады. 1899-1902 және 1906 жылғы ағылшын-зулус соғыстары кезінде М.Ганди сол жақта тұрып жатқан үнділерден ағылшындарға көмек көрсететін санитарлық жасақтар құрады. Бурлар мен зулустардың күресін әділ күрес деп есептегенімен, ол үнділердің ағылшындарға жәрдемі Үндістанға өзін өзі басқару құқығын беруге септігін тигізеді деп үміттенді. М.Ганди осы тәсілдің арқасында өз халқын ағылшындық отаршылдық езгіден аман сақтап қаламын деп те ойлады. Ол заманда үнді халқын аман сақтап қалудың бірден бір жолы осы тәсіл екені де даусыз еді. 1915 жылы қаңтарда Үндістанға қайтып оралғаннан кейін М.Ганди Үндістан ұлт-азаттық Конгресі партиясымен жақындасып, 1916 жылы оған мүше болып кіреді. 1917-1918 жылдардан бастап ол ұлт-азаттық қозғалысында неғұрлым көрнекті қызметтер атқарады. Бұл тұста елде ағылшындарға қарсы бұқаралық қозғалыс кеңінен етек алған болатын. Сол жылдары М.Ганди өзі редакторы болған "Жас Үндістан" газеті мен жетісіне бір рет шығатын "Навадживан" журналы арқылы өз идеясын насихаттап отырды. Алайда М.Ганди күресті қару күшімен емес, бейбіт жолмен жүргізуге тырысты, ұлы мақсат жолында қандай да бір күш қолдануға жан-тәнімен қарсы болды. Кейбір солшыл топтар оның бұл көзқарасын қолдамағанымен, тұтастай Үндістан халқы Махатма жағында еді. 1919-1948 жылдары Махатма Ганди Үндістан ұлт-азаттық Конгресі партиясының идеялық жетекшісі және беделді саяси басшысы, үл көсемі бола білді. М.Гандидей ұлы тұлғаның арқасында Ұлттық халық Конгресі партиясы Үндістан халқының зор қолдауына ие болды. Үндістанның кемеңгер ақыны Рабиндранат Тагор қойған Махатма (Ұлы адам) деген құрметті атақ - М.Гандидің елі сүйген есімі. Ағылшын отаршыларына қарсы күресте М.Ганди талай рет айдалып (1922-1924, 1930-1931, 1942-1944 ж.ж.), неше қайтара сотталып, абақтыларға отырғызылды. Отаршылардың бұл әрекеті күрескер азаматты жасыта алмады, қайта шыңдай түсті. Ағылшындарға "Үндістаннан тайып тұрыңдар!" деп алғаш ұран тастаған да М.Ганди болатын. Бір қызығы ұлы тұлға 1946 жылғы үнді моряктарының көтерілісін айыптады. Себебі, М.Гандидің ойынша Үнді халқы тәуелсіздікке тек бейбіт жолмен ғана жете алатынынына имандай сенуінде еді және өзі осы жолды мықтап ұстанды. Шын мәніндегі ұлт көсемі дәрежесіне көтерілген ол ұлы мұрат жолында титтей де солқылдақтық танытпады, таңдап алған жолына адал болды. Ағылшындардың құйтырқы саясатының нәтижесінде 1947 жылы Үндістан-Пәкстан болып екі мемлекетке бөлінген тұста да ол үнділер мен мұсылмандарды бірлікке шақырды. 1948 жылы 30 қаңтарда Махатма Ганди Үнді реакцияшыл ұйымдарының мұшесі Натхурам Годзе дегеннің қолынан салтанатты митингі кезінде қастандықпен өлтіріледі. Міне XX ғасырдың атақты перзенті Махатма Гандидің энциклопедиялық қысқаша ғұмырнамасы осындай. Скачать |