Парламент - заңнама және ынтымақты қалыптастыру мектебi


Өткен жылдың 4 желтоқсанында  болған Президент сайлауынан соң елiмiз жаңа кезеңге қадам басты. Халқымыз Елбасын тағы да жетi жыл мерзiмге қайта сайлады. Осы  кезеңде Президент Н.Ә. Назарбаев Қазақстанды әлемдегi дамыған елу мемлекеттiң қатарына қосуды  стратегиялық мiндет етiп қойып отыр. Бұл  күрделi әрi аса  жауапты мiндет. Егер Қазақстан әлемдегi дамыған  елу мемлекеттiң құрамына кiрер болса, ол дамудың мүлде жаңа сапалық дәрежесiне көтерiледi.

Елiмiздiң қазiргi және болашақтағы дамуының негiзгi ұйымдастырушысы және кепiлi Президент Н.Ә. Назарбаев екендiгi баршаға белгiлi. Себебi, Қазақстан Конституция бойынша президенттiк басқару нысанындағы мемлекет.  Екiншiден, елiмiздiң Президентi  болып ерекше тарихи тұлға, мемлекет басқарудың терең бiлгiрi, халықаралық деңгейде мойындалған қайраткер Н.Ә. Назарбаев қызмет атқаруда.

Елбасы өзiнiң осынау қиын да, күрделi мемлекет басқару iсiнде мемлекеттiң басқа да атрибуттары – ең алдымен Парламентке, одан соң Үкiметке, Жоғарғы  сотқа, Конституциялық Кеңеске тағы басқа жоғарғы және жергiлiктi билiк органдарына сүйенедi. Соларға басшылық жасайды, олармен ынтымақтаса және ақылдаса отырып жұмыс жүргiзедi.

Республиканың жоғарғы мемлекеттiк органдарының iшiнде Парламенттiң орны бөлек. Қазiргi заманғы демократиялық үрдiстердегi мемлекеттердiң  Парламентсiз қызмет етуi мүмкiн емес. Тiптi, кейбiр елдер Парламенттiк басқару әдiсiне ден қойған парламенттiк республика болып табылады.

Қазақстан Республикасы Парламентiнiң өзiнiң тарихи қалыптасқан жолы, үрдiсi бар. Парламент заң шығарушы және ең жоғарғы өкiлдi орган. Өкiлдiк орган деп аталу себебi, ол халық сайлаған өкiлдер немесе халық өкiлдерi – депутаттардан тұрады. Ал, халық өкiлдерiмен санасу қазақ халқының тарихында ежелден қалыптасқан дәстүр.

VI ғасырдың ортасында негiзi қаланған Көне Түрiк қағанатынан бастап - кейiнгi қазақ хандарына дейiн ел басшысы халық өкiлдерiнiң жиналысында сайланған. Қазақта ханды сайлауға халықтың игi жақсылары – рулар мен тайпа басшылары, сұлтандар, жаудың бетiн қайырған батырлар мен елдi аузына қаратқан билер, ақылман жыраулар мен елге беделдi өзге де азаматтар қатысқан. Олардың көбi ханның жанындағы кеңесшi орган хан кеңесiнiң мүшелiгiне сайланған. Бұлар жоғарғы өкiлдi билiктiң алғашқы нышандары болатын.

Қазақ хандығы дәуiрiнде аса маңызды мемлекеттiк мәселелер халық өкiлдерiнiң жиындарында шешiлiп отырған. Олардың бiзге жеткен ең жарқын үлгiлерiнiң бiрi 1726 жылғы Ордабасы биiгiндегi қазақтың үш жүзiнiң өкiлдерiнiң бас қосуы. Бұл аса жоғары дәрежедегi өкiлдi  жиын-тын.  Осы жиында қазақтар бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып, ынтымақ пен бiрлiктiң асқан үлгiсiн көрсетiп, бас сардарын сайлап алып, жоңғар басқыншыларынан жерiмiздi азат етудiң негiзiн қалады. Ордабасы жиыны бұған дейiн де бас қосып келген Дала парламентiнiң ерекше бiр көрiнiсi ғана. Қазақтар Ордабасыға дейiн де, одан кейiн де тұрақты түрде жиылып мемлекеттiк мәселелердi бiрiгiп талқылап, кеңесiп-пiшiп отырды. Бүкiл қазақ өкiлдерiнiң бас қосу орны – Мәртөбе, Күлтөбе тағы басқа орындар болған. “Күлтөбеде күнде жиын” деген сөз сол кезден қалған. Бұл да халқымыздың өмiр тарихындағы өкiлдi билiк тамырының тереңде жатқандығын аңғартады.

Ал, бұдан кейiнгi Қазақстанның Ресейге бодандығы дәуiрiнде өкiлдi билiктiң нышандары былай тұрсын, оның тәуелсiздiгi де түгелдей жойылды.

Кеңестiк кезеңде қазақтың алдымен автономиялы (1920-1936), одан соң Одақтас Республика (1936-1991) түрiндегi мемлекеттiлiгi құрылды. 1920-1937 жылдар арасында Кеңестердiң бүкiлқазақтық съездерi және осы съездер құрған Қазақ Орталық Атқару Комитетi жоғарғы заң шығарушы және жоғары өкiлдi органдар рөлiн атқарды. 1937-1995 жылдар арасында бiрден-бiр заң шығарушы және ең Жоғарғы өкiлдi орган болып Қазақ КСР-нiң (1991 жылдан Қазақстан Республикасының) Жоғарғы Кеңесi саналды. Кеңес Одағы құлағанға дейiн Жоғарғы Кеңес формальдi түрде қызмет атқарды. Мемлекеттiк билiк шын мәнiнде Коммунистiк партияның қолында болды. Парламенттiң рөлiн атқарған Жоғарғы Кеңес Компартияның шылауында болып,  айтқанына көнiп, айдағанына жүрдi. Сондықтан Кеңес дәуiрiндегi Жоғарғы Кеңестi бүгiнгi Парламентпен ешқандай салыстыруға келмейдi. Жоғарғы Кеңес депутаттарының саны 500-ге дейiн жеткенiмен ол тұрақты мемлекеттiк орган болмады. Оның сессиялары әрi кеткенде 2-3 күнге ғана созылды. Барлық заңдар формальдi түрде Жоғарғы Кеңес атынан қабылданып, бекiтiлiп жатты. Кеңес Одағы тұсында Жоғарғы Кеңеске билiктiң бiр тармағын беру, онымен билiктi бөлiсу принципке мүлде қайшы болды. Керiсiнше, кеңестiк өкiмет заң шығарушы және атқарушы билiктердi бiрiктiрiп жiбердi.

Қазақстан және ТМД-ның өзге елдерi де коммунистiк партия тарағанымен тәуелсiздiкке бұрынғы Жоғарғы Кеңестер арқылы қадам басты. Ол кезеңде мәселен, Қазақстанда XII-шi сайланған Жоғарғы Кеңес қызмет атқарып жатқан едi. Осы Жоғарғы Кеңес алғаш рет Қазақстанның Президентiн сайлады, Мемлекеттiк Егемендiк туралы Декларацияны, Мемлекеттiк тәуелсiздiк туралы Конституциялық заңды, 1993 жылғы Конституцияны, мемлекеттiк рәмiздердi қабылдады. 1995 жылға дейiн ол бiрден-бiр заң шығарушы және ең жоғарғы өкiлдi орган болып қала бердi және осы қызметiн сақтап қалу үшiн ақырына дейiн күресiп бақты.

Дегенмен, компартия мен социалистiк қоғамның туындысы болған кеңестер жаңа демократиялық қоғамға бейiмделе алмады. Себебi, оның табиғаты бөлек едi. Ол демократиялық, нарықтық қоғам үшiн “антитело” ролiн атқарды.

Қазақстанда Жоғарғы Кеңес түрiндегi парламент екi рет үлкен дағдарысқа ұшырады. Алғашында 1993 желтоқсанда 12-шi сайланған Жоғарғы Кеңес өзiн-өзi таратқан болса, 1995 жылы наурызда 13-шi сайланған Жоғарғы Кеңес заңсыз сайланған орган ретiнде таратылды.




Скачать