Терең тамырлар


Өзбекстан. Бұл ел күн қызуы мен шуақты, жазық алқаптары мен құнарлы шұраттары көп, диқаншылық һәм бағбандық кәсіппен айналысатын, сауда-саттық өріс алған байтақ өлке, жасыл мекен. Ұлттық бағыттары мен құрамы да айқын. Қышлақтары тығыз орналасқан. Адамдары еңбекқор. Аздан көп жасайды. Табысты халық. Қуаты мен күшін өзде­ріне, елдің мұрат-мүддесіне арнайды. Мем­лекет рәміздеріне адал. Ұлттық та­рих пен тілге, дәстүр өнегелеріне берік. Мәдени-рухани құндылықтарға көздің қарашығындай қарайды. Оларды қорғап, дамытуға бейіл. Қолда барды бей-берекет етпейді. Керісінше көбейтіп, қор жасауға, өзіндік өнімді, ішкі мүмкіндікті молайтуға әр кез дайын тұрады.

Өзбекстанда Бұхара, Ташкент, Са­марқанд, Хиуа секілді көне қалалар, ел астанасында Ұлттық ғылым академиясы, мемлекеттік драма театры, ұлттық кі­тапха­на мен әдебиет мұражайы тәрізді мә­дени-рухани орындар көптеп кезде­седі. Олар көбіне ұлттық өрнек нақыш­тарымен көңілді баурап, назар аудартады және тарихилық сипаты арқылы кешегі-бүгінгі байланысты айқын аңғартады.

Халықаралық ислам ұйымы — ІSESCO Ташкентті “Ислам мәдениетінің астанасы” деп мәртебе беруі бұл қала­ның ислам ілімін дамытудағы үлес, ор­нын көрсетсе керек. Шаһарда қазіргі кезде 115 мешіттің жұмыс істеп тұруы (Кеңес өкіметі тұсында 14 мешіт болған – Р.Т.) ізгілік пен иман­дылыққа, мейі­рім мен қайырымдылыққа, жасампаз­дық­қа ашылған кең жол, жаңа өріс десе де болады.

 “Шаттық палас” қонақ үйінен “Төле би” кесенесі көп алыс емес екен. Оның “таяу тұсында Ә.Науаи атындағы ки­нотеатр мен “Пахтакор” стадионы мен­мұндалайды. Баба кесенесіне бардық. Көрдік. XV ғасырдағы архитектуралық ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында екен. Іші-сырты таза. Өрнек, нақыштар көп. Айналасы жап-жасыл. Су да же­терлік. Негізінен, кесене жақсы сақтал­ған. Күтім бар. Келім-кетім адамдар қа­расы да көңілді көтеріп, жүрекке жылы­лық ұялатады. Осы маңда ХVІ ғасырдағы “Шайх Хаванд Таһур” және бірнеше кесене орналасқан. Бәрі де мемлекет қорғауында екені ап-айқын жазылып тұр. Алайда, жақын тұста бірнеше қа­батты үйлер, сауда орындары көп. Ке­сене жолдан жырақ тұр. Арнайы барма­саң, бірден байқала бермейді. Жеке мемлекет, өзге ел екені есіңе түседі. Бар­ға қанағат деп, өзіңе өзің тоқтау айтасың. Ал Әйтеке бидің бейіті Науаи облысына қарасты Нұрата қаласындағы ежелгі қазақтар зиратында, Сейітқұл әулиемен қатар жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Кесене орнату ісі қолға алынуда екен. Бірақ, бұл сапарда ол жерге біздің жолымыз түспеді.

Ташкентте өткен ғасырда, 90 жыл­дардың басында болғаным бар-ды. Бір­сыпыра мәдени-ғылыми орындарында болып, ұлт зиялыларының өмірі мен қоғамдық қызметі, шығармашылық мұ­раларымен танысқан едім. Ол мате­риал­дар, дерек көздері әдеби-ғылыми, шы­ғармашылық жұмыстарда кең көлемде пайдаланылды. БАҚ саласында, білім-ғылым жүйесінде, әртүрлі басқосу, жиын­дарда жан-жақты көрініс тапты. Бұл жолы да көптеген сондай рухани орын­дарға жол түсті. Әсіресе, тәуелсіздік тұсында көрші елдегі арғы-бергі тарих, мәдени-рухани құндылықтардың қандай дәрежеде жиналып, бастырылғаны, өткен мен бүгіннің байланысы қалай жолға қойылғаны, оларға қатысты көз­қарас, зерттеу-зерделеу ісі қандай бағыт арналар бойынша жүйе құрағанына көп көңіл бөлінді. Содан келіп қазақ-өзбек халықтарының тыныс-тіршіліктеріне, тарих пен таным тоғысына жіті ден қойылды.

Әлішер Науаи атындағы ұлттық кі­тапха­на бірнеше қабаттан, көптеген бө­лім, анықтамалық-ақпараттық залдар мен кітап қорларынан тұрады. Бұл ме­кеме директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ирина Закирқызы Маминова елгезек те еңбекқор, көпшіл адам ретінде есімде қалды. Сөзі мен ісін­де алшақтық жоқ. Кітапхана ісін мақ­таныш көреді. Өмірі мен еңбегін осы ба­ғытқа батыл бұрған екен. Қысқа сұхбатта бірнеше сұрақтарымызға нақты білгірлік­пен жауап қайтарды. Қажетімізді табуға, жүзеге асуына оң бағыт берді.




Скачать