Алаш арыстары және әдебиет


Алаш қозғалысы «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш идеясы бүгінгі таңда қазақ тарихының күрделі әрі көкейкесті мәселелері болып саналады. Жоғарыда аталған күні кешеге дейін лайықты бағасын ала алмай келген ұғымдар қазақ қоғамындағы ұлттық оянудың, ұлттық сана қалыптасуының өзінше бір көрсеткіші іспетті. «Алаш» партиясын құру мен Алашорда үкіметін қалыптастыру жолындағы жанқиярлық еңбегі нәтижесінде «Алаш арыстары» ардақты  есімін иеленген зиялы қауым тарих сахнасына көтерілді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Ғасыр басында мемлекет мүддесін ойлаған ұлы қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ. Жүз жылдықтың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретіндегі тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаматтық Һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес», - деп ерекше бөліп көрсеткен еді.

Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің тарихы дәл бүгін де жан-жақты зерттеліп, тиянақталған жоқ. Өткен ғасырдың аяқ шенінде өмірге келген К.Нұрпейіс, М.Қойгелдиев, Д.Аманжолова, Т.Омарбеков, Ш.Омарбеков, Р.Нұрмағамбетова және басқа да тарихшылардың зерттеулері Алаш қозғалысының мән-жайын жаңа сапада пайымдауға мүмкіндік бергенін бөліп айту жөн.

Алаш қозғалысы және әдебиет – аса ауқымды тақырып. Бір баяндама аясында сыйғызу өте ауыр міндет. Мәселені түбегейлі шешуді міндетімізге алған жоқпыз.Осы жерде екі жәйтті ескерген абзал. Біріншіден, тақырыпқа қатысты Ғ.Ахмедовтың «Алаш «Алаш» болғанда», Р.Нұрғалидың «Әуезов және алаш», Д.Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет», С.Өзбекұлының «Арыстары алаштың», конференция материалдарын жинақтаған «Алаш және Әуезов» еңбектерінің болуы ізденісімізге зор қолғабыс. Сондай-ақ, Алаш арыстарының соңғы жылдар бедерінде жарық көрген бір томдық және көп томдық жинақтары оқырман қолында. Екіншіден, Алаш қайраткерлері және әдебиет мәселелерін тұтастай қамту мүмкін еместігін ескеріп Ш.Құдайбердіұлы мен С.Торайғыров  шығармашылығы төңірегінде әңгімені өрбітуді дұрыс көрдік.

XІX ғасырдағы қазақ әдебиетінің басты нысынасы «зар заман» идеясы, XX ғасырдың бас кезіндегі көркемдік дамуда өзгеше сипатқа иеленді. Бұл ретте М.Әуезовтің 1925 жылы жазған «Әдебиет тарихы» оқулығындағы ордалы ойларға құлақ асқан абзал: «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас. Ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық, ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытына келеді. Бұл кез – ұлттық сананың сергектік танытып, халықтың жан  дүниесіндегі алай-дүлей бұрқаныстың шиыршық атқан шағы еді. Әдеби дамуға қосылған М.Дулатовтың «Оян, қазақ!», А.Байтұрсыновтың «Маса», Е.Бұйринның «Ызың», Б.Ержановтың «Тұр қазақ», М.Ж.Көпеевтің «Сарыарқаның кімдікі екендігі» кітаптары ұлттық оянудың шырқау шыңы – күллі алаштық идеяға апарар баспалдақ басқыштары санатында. Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт шығармалары жалпыұлттық идеяның жарасымды  көрінісі  іспетті зиялы ұрпақтың шөліркеген мезгілінде қазақ халқына қанатымен су сепкен қарлығаштай қызмет жасады.

Шәкәрім – Абайдың туысы, інісі бас шәкірті. Ол – ақын, сазгер, жазушы, философ, тарихшы, аудармашы, көсем сөздің шебері, Алаш ұранды әдебиеттің ірі өкілі.

Мен жетелеп өлемін,

Өрге қарай қазақты.

Өлсем де ойын бөлемін,

Сөзбен салып азапты, - деп алдына биік мақсат қоя ұмтылған ақын төңкерістен соң іле-шала Алашорда үкіметінің жұмысына араласқан. 1917 жылғы желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ сиезіне арнайы шақырылған. Шәкәрім Алашорда  үкіметінің қазысы, яғни биі болып сайланған. Білімі терең, ақылы кәміл, табиғатынан әділ, парасаты биік Шәкәрімге көрсетілген құрмет деп ұғыңыз. Алашорда үкіметіне сіңірген еңбектерінің бірін мысалға келтірейік. 1918 жылғы «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде «Алаш құрбандары» атты мақала жарияланды. Онда Семейдегі оқытушылар семинариясының шәкірті, Алаш милициясының бастығы Қазы Нұрмұхамбетұлының қайғылы қазаға  ұшырауы, жазықсыз оққа ұшуы жөнінде хабар берілген. Алаш жолындағы тұңғыш құрбан Қазының өліміне халық көп жиналған. Жерлеу рәсіміне Шәкәрім Құдайбердіұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Жүсіпбек Аймауытов сөз сөйлеген, өлең оқыған. 

Қабірге қойып, құран оқылып болғаннан кейін Шәкәрім ақсақал халыққа қарап сөз сөйледі:

– Әлеумет! Мынау жатқан кім, білесіңдер ме? Бұл ұлты үшін шыбын жанын құрбан қылған алаш азаматының тұңғышы. Мұны өлді демеңдер, бұл күнгі һәм мұнан соңғы ұлтым деген азаматтар мына мен сияқты болып ұлтым деңдер деп өзінің  ұлтшылдығын сөзбен емес іспен көрсетті. Марқұмның аты да Қазы еді. Қазы – би деген сөз, Қазы билігін айтып кетті... Құдай тағала алашқа шын ұл бергеніне бүгін ғана көзім жетті, алпыс жасқа келгенде мұндай ұлт үшін құрбан болатын азаматты көремін деген үмітім жоқ еді. Көрдім. Енді бүгін өлсем де арманым жоқ. Қарағым, Қазыжан, қадіріңді біліп, құрметтей аламасақ кешу қыл, хош, қабірің нұрлы болсын, – деді. Жиналған жұрт еңіреп жылап жіберді.

Жиырма екі жасында Алаш ісі жолында құрбан болған Қазы өлімінде Алашорданың биі Шәкәрім аузынан шыққан есті сөз жиналған қалың жұрттың ұлттық санасын шыңдағаны шүбәсіз. Шәкәрім мұрасының өнебойында тұтасып жатқан жүйелі құбылыс – қазақ халқының ұлттық құндылықтарын құрметтеу, қастерлеу, рухының асқақтығын жыр өзегіне айналдыру. 

«Алаш немесе «Алашорда қозғалысы» – бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Сондықтан да әуел бастан Алаш (Алашорда) қозғалысына жататын жекелеген мәселелердің басын ашып, оларды нақты түрде қарастырған жөн сияқты, – деп жазды академик Кеңес Нұрпейісов. – Олар, біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны  (Алаш атты қазақтың мемлекеттігін) басқаруға тиісті болған мәселелер. Басқа сөзбен айтқанда, осы нақты үш мәселе жиынтығы Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды білдірді. Тарихшы-ғалым айтқан пікірлерді бұтарлай тарқатуды мойнымызға алмай Сұлтанмахмұт ақынның Алаш идеясын бірден іліп әкетіп шығармаларының арман-аңсарына айналдыруын бөле-жара айтуымыз шарт.

«Алаш ұраны» – Алашорданың гимні. «Алаш ұраны» – «Алаш» партиясының, адамзат баласының көзі көріп, құлағы естімеген өзгерістерді басынан өткеріп жатқан исі қазақтың ұраны еді. Сұлтанмахмұт – елін емірене, жұртын тебірене сүйген ұлтжанды азамат. Атар таң, батар күнде тек қана ел қамын ойлап еңіреген, ұлтына жан-тәнімен қызмет жасауды мұрат еткен Торайғыровтай перзенттің аласапыран уақытта бұлқынып тарих сахнасына көтерілуі заңды құбылыс. «Алаш ұраны» – 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін іле шала жазылған шығарма. Рухы биік, мақсаты ізгі, бітімі оқшау туынды.  




Скачать