Алашорда үкіметі және мемлекетті тіл саясаты


Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – бүгінгі жастар. Сіздер оларға қалай білім берсеңіздер, Қазақстан сол деңгейде болады», - деп атап көрсеткен. Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, дәуірдің күн тәртібінде тұрған келесі мәселе – білім беру, ғылымды дамыту. Бұндай күрделі екі мәселені жүзе асыру үшін ана тілімізді толыққанды меңгеруіміз қажет-ақ. Ал тілімізді толыққанды меңгеру үшін өткен тарихымызға талдау жасамасақ тағы да болмайды. Тарихты білмей бүгінгіні құру, болашақты болжау мүмкін емес. Яғни, тарихы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр. Мұхтар Шаханов «Тарихты білмеу – тамырсыздық» - дей келе:

Туған жері – түп қазығы, айбыны,

Туған тілі – сатылмайтын байлығы.

Туған дәстүр, салт-санасы, тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі» - десе

Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындағы XX ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестер мен рухани жаңғыру кезеңі» деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің бет алыс бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты. Олардың басым көпшілігі ғылымға емес – утопияға, демократияға емес – авториторизмге негізделген болшевизм идеясын қабылдамай, баррикаданың арғы бетіне шығып, өз елінде, өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын қорғауды мақсат еткен Алаш партиясын ұйымдастырды. Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы – «Алашорда» үкіметін құрып, ұлттық-аймақтық негіздегі «Алаш автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады. Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған XX ғасыр басындағы осы бір қазақ зиялылары алдыңғы қатарлы тобының саяси қызметі де, кұқықтық көзқарастары да, тіпті ғылыми, әдеби мұралары да ұзақ жылдар бойы жабық тақырып саналып, зерделі зерттеулерге объект бола алмады. Оларсыз қазақ тарихы – тұл, алтын дегені – күл еді. «Алаш» партиясынсыз саяси күрес тарихын, «Алашорда» үкіметінсіз экономикалық ілімдер мен реформалар тарихын, «Алаш автономиясынсыз» Қазақстан мемлекеттілігінің негізін, Алаш ардагерлері өмірінсіз ұлт тарихын жасау, мемлекеттік тіліміздің тарихын қалыптастыру мүмкін емес.

Тарихты халық жасағанымен, қоғамның тарихи даму заңдылықтарын реттеп отыратын заңдар мен құқықтық құжаттарды, саяси-құқықтық доктриналарды нақты тұлғалар жүзеге асыратыны белгілі, осы салада мемлекеттік тілдің де атқарар қызметі зор.

Қазақ жері екі ғасырдан астам Ресей самодержавиесінің қол астында болған жылдарда қазақ халқының өз тағдырын өзі билеу құқығынан айырғаны, көк түрік дәуірінен бастау алған бірегей саяси тарихы бар халық түгелдей империялық заңдардың бұғауына түскені біздерге тарихтан белгілі.

Қазақ қоғамының осы бір қасіретін халықтың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғара бастады. Олар халықты саяси күрес додасына бастап шықты. Бұған себеп болған 1917 жылғы Ресейдегі қос төңкеріс еді. Патша үкіметінің тақтан құлауы саяси күресті одан әрі қыздыра түсті. Қазақ зиялылары саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, жанқиярлықпен күрескен көрнекті тұлғалар шықты. Олар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов және т.б. болатын. Олар патша самодержавиесінің қазақ халқының саяси-сезімінің қалыптасып, оның саяси күреске ұласуына барынша кедергі келтіріп отырғанын бірден түсінген еді.

1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ сиездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың жекелеген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді.

1917 жылы Қазақ сиездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облыстық), Омбы (Ақмола облыстық) т.б. қалаларында болды. Қазақ сиездерін өткізуге ұлт зиялылары белсене кірісті.

Орал облыстық қазақтардың 1-ші сиезі 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтті. Сиезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Осы сиезде бірінші кезекте Мемлекетті басқару туралы, Уақытша үкімет туралы және жүріп жатқан импералистік соғысқа көзқарас туралы мәселелер қаралды.

Сиез төрт күнге созылды, сиездің соңғы төртінші күні облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және т.б. мәселелер қаралды. Сиез делегаттары Орал облысында қазақтар арасында бастауыш, орта, жоғары білім беру жүйесі қанағаттанғысыз деп тауып, төмендегі шешімдерді қабылдады:

- мұғалімдер сиезін шақыру қажет;

- Орал қаласында уақытша орта оқу орнын ашу қажет, ерлер гимназиясының бағдарламасы негізінде қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастырып, оны қазақтар қаражатына салынған бұрынғы кәсіптік мектептің үйіне орналастыру жөн деп табылсын;

- қазақ тілінде газет, брошюралар шығару қажет деп табылсын;

Сиезде бұдан басқа да мәселелер қаралды,  басқа қаралған мәселелерді қосқанда саны 23-ке жеткен. Орал сиезінің қарарында облыс орталығында орта мектеп ашу және кәсіби мамандардың қатысуымен халық ағарту ісін реформалау мәселелерін талқылау үшін мұғалімдер құрылтайын шақыру қажеттілігі көрсетілді.

Осы сиезде Жаһанша Досмүхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қольша беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз», деп өз ойын білдіреді. Жаһаншаның жалынды сөзінде мемлекеттің саяси құрылысы мен оның мемлекеттік тілі, оның қолдану аясы ашық түрде айқын айтылғанын біздер ұғынуымыз керек.

Кешегі өткен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбандары болған жастар да Жаһаншаның ой-пікірін қайталағанын біз еске түсірмей кете алмаймыз. XX ғасырдың басындағы алаш ардақтылары халықты ұлтаралық бірлікке шақырды, олар ұлтшылдықты арқау еткен жоқ, керісінше ұлтын сүйген ұлтжанды азаматтар екенін танытты.

1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» атты партия құрылып, бұл сиезде 14 мәселе қаралды. Осылардың ішінде ерекше атайтынымыз:

1) Мемлекет билеу түрі;

2) Қазақ облыстарында автономия;

3) Жер мәселесі;

4) Оқу мәселесі және т.б.

Мемлекетті билеу түрі Ресейде демократиялық, федеративтік парламенттік республика болу керек деп көрсетілген Н.Мартыненконың «Алашорда» атты құжаттар жинағында. Ал 1917 жылы 24 маусымдағы «Қазақ» газетінде автономиялықтың негізі туралы әртүрлі пікір-ұсыныстар айтылған. Қазақ мемлекетінің әлде Федеративтік Россияның бір автономиялық бөлігі болғаны жөн бе? Қазақтар өз бетімен тәуелсіз ел бола ала ма, әлде тәуелсіздікке басқа халықтармен одақтасқан жағдайда жете ме деген сұрақтар талқыланды.

Бірақ бұл сиезде нақты пікірге келе алмады. Ал жер мәселесі Құрылтай сиезіне қалдырылды. Күн тәртібінде айрықша мәнге ие болған дін, оқу-ағарту, әйел мәселелері және сот жүйесі болды. Бұрынғы ескі сот жүйесі («Народный сот») таратылып, олардың орнына «Қазақ тұрмысына лайық айрықша сот құрылуға» тиіс болды. Келесі мәселе оқу-ағарту саласы: «міндетті бастауыш оқу енгізу», «бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде» жүргізілу керектігі айтылып, тіл мәселесін айрықша назарға алған және білім берудің тегін болуы талап етілген. Білім алудың орта, арнайы, жоғарғы сатылары да айтылған.




Скачать