Махамбеттің жыр жебесі


Махамбеттің жыр жебесі

Мазмұны:
1.    Махамбеттің жыр жебесі. И. Тасмағамбетов
2.    Шашақты найза, шалқар күй. Ә. Кекілбаев
3.    Дәуір олғағының тұлғасы. Ақселеу Сейдімбек
4.    Ерлік пен елдіктің өшпес рухы. З. Қабдолов
5.    Дауылпаз ақын. Б. Аманшин
6.    Махамбет мұралары. И. Кенжеалиев

МАХАМБЕТТІҢ ЖЫР – ЖЕБЕСІ
И. Тасмағамбетов, қоғам қайраткері

Кез – келген тарихи, яки болмаса шығармашылық тұлға тек өз халқының інжу – маржаны ғана емес, жалпы адамзаттық бастау ретінде «әлем азаматы» санатында болып әр кезеңдегі, әр алуан халықтың мәдениетін тоғыстыратын буын болатыны қақ. Міне, осы пікірге әлемдік қауымдастық ЮНЕСКО шеңберінде 200 жылдығы тойланып отырған дара тұлға, қазақтың ұлы ақыны, бостандық пен еркіндік үшін күрескер Махамбет Өтемісұлы да тұтастай жатады.
Поэзиялық мәдениет, өлең – жыр құрастыру өнері, ұшқыр суырып салмалық, сөз сайыс – түркі көшпенділерінің ұрпақтан – ұрпаққа беріліп келе жатқан көне дәстүрі, ол ғасырлар бойы классикалық жанрлар мен олардың нұсқаларын, өмірдің идеялық жан тебіренісінің бағамын, көркем түрлерін, этникалық біргейлігін т.б. канондарын айқындап, бойына сіңірді.

Мазмұны:

1.    Махамбеттің жыр жебесі. И. Тасмағамбетов
2.    Шашақты найза, шалқар күй. Ә. Кекілбаев
3.    Дәуір олғағының тұлғасы. Ақселеу Сейдімбек
4.    Ерлік пен елдіктің өшпес рухы. З. Қабдолов
5.    Дауылпаз ақын. Б. Аманшин
6.    Махамбет мұралары. И. Кенжеалиев

МАХАМБЕТТІҢ ЖЫР – ЖЕБЕСІ
И. Тасмағамбетов, қоғам қайраткері

Кез – келген тарихи, яки болмаса шығармашылық тұлға тек өз халқының інжу – маржаны ғана емес, жалпы адамзаттық бастау ретінде «әлем азаматы» санатында болып әр кезеңдегі, әр алуан халықтың мәдениетін тоғыстыратын буын болатыны қақ. Міне, осы пікірге әлемдік қауымдастық ЮНЕСКО шеңберінде 200 жылдығы тойланып отырған дара тұлға, қазақтың ұлы ақыны, бостандық пен еркіндік үшін күрескер Махамбет Өтемісұлы да тұтастай жатады.
Поэзиялық мәдениет, өлең – жыр құрастыру өнері, ұшқыр суырып салмалық, сөз сайыс – түркі көшпенділерінің ұрпақтан – ұрпаққа беріліп келе жатқан көне дәстүрі, ол ғасырлар бойы классикалық жанрлар мен олардың нұсқаларын, өмірдің идеялық жан тебіренісінің бағамын, көркем түрлерін, этникалық біргейлігін т.б. канондарын айқындап, бойына сіңірді.
Міне, осы байламдар, жетістіктер мен тұжырымдар әрине өзге де этностардың, халықтар мен ұлтардың өнері мен мәдениетіне елеулі ықпал етіп, оларды жан – жақты толықтырып отырды. Дала поэзиясының ғұмыр кешкен әр дәуірінде қысқаша тарихи шолу, онымен таныстықты, оны оқып - үйренуді былай қойғанның өзінде кез – келген адамға әсер етіп, оны асқақтатады …
Сонау Ежелгі Грекия, кезінде дала жырауы, әрі шайыры Анахарсистің ой ұшқырлығы мен тапқырлығына тәнті болған. Сөз саптасының айырықша өрнегі, жырындағы тұжырымның жымдастығы оны Солон, Фалес, Биант, Клеабул, Эзоп т.б. сынды ұлы грек ойшылдарынан ерекшелеп, пікірталастарда озық шығып, көпшіліктің назарына ілікті, даңққа ие болды.
Батырлықтың поэзиялық пафосы түркі қағандарының Орхон – Енисей жазбаларында көктелген. «Мәңгі таста» қашалған осы «іргелі жазбалар» сол халықтың дүниетанымы, діни көзқарасы, патриотизімі, езгіден құтылу жолында төңкерісшіл рухының күшін, еркі мен қайрат – жігерін мәңгілікке өрнектеп,    Л. Гумилев жазғандай бабаларымыздың «сөз құдіретін» бейнелеген.
Иә, сонау дәуір мен орта ғасырларда көшпенділердің поэзиялық мәдениеті, құндылықтары мен идеалдары жинақталған қаншама дереккөздер із – түссіз беймәлім болды десеңізші. Тіпті тасқа қашалған жазбалардың өзі күн мен жаңбырдың әсерінен бүлініп, «от пен қылыштың» салдарынан жоқ болды. Сансыз санасыз соғыстардың зардабынан қалалар күлге, қирандыға, жабайы шөп басқан өлі далаға айналды. Солармен бірге жәдігерлер, ескерткіштер, кітаптар, жазбалар, шежірелер т.б. рухани игіліктер де тып – типыл етілді.
Бәлкім, осы себептер түркілердің ауыз әдебиетінің өркендеуіне түрткі болған шығар? Фольклордың оқиға желісін таңдау, жаттау және қайталау арқылы жеке бастан табиғи әрі қауымдық жадқа сүйене отырып жеткізу жазба тілдің алдында белгілі бір артықшылығы болды. Кітаптарды, олар сақталатын ғимараттарды жағып жіберуге болады, бірақ ауызша дүниелерді құрту ешкімнің де қолынан келмейді. Музыкалық сүйемелдеуге келетін, өзінің тартымдылығымен, өзіндік сипатымен баурап алатын ауыз әдебиеті, оның ішінде поэзия көшпенділердің жанына жақын тұрды.
Түркілерге ортақ осы заңдылық қазақ поэзиясында, оның ішінде Махамбет поэзиясында тұтастай көрніс тапты. Ол оқи да, жаза да білетін, әйтсе де өзінен бұрын ғұмыр кешкен Асан Қайғы (ХІV - ХV), Доспамбет жырау (ХVІ), Шалкиіз ақын (1456-1560) т.б. шығармаларын арқау ете отырып ауызша шығармашылыққа ден қойды.
Даланың батыр – сайыпкерлері бір мезгілде әрі өлең құрастырушы, әрі поэтикалық жыршы да бола білген. Халық осы сарбаздарды, ақындарды, композиторларды, ойшылдарды жақсы көрді, кездесуге құштар болып, оларды моральдық жағынан демеп, қошемет көрсетіп отырды.
Осы дәстүрді жалғастыра отырып Махамбет толығымен дала серісінің үлгісіне әрі идеалына сәйкес келді, ол тек сарбаз – ақын ғана емес, өз шығармаларын орындаушы музикант – композитор да болды. Өзінің алдындағы поэтикалық дәстүр сабақтастығымен бірге, Махамбет музикасының ғұмыр кешкен дәуірге әрі өзінің жеке басына байланысты қайталанбас та жеке – дара ерекшеліктері бар. Дәстүрлік пен сыр – сипаттың қос бірлігі дала жыршысы шығармашылығының өзегіне айналды. Махамбеттің барлық жырлары даралығына қарамастан, ортақ рухпен, асқақ та драмалық патетикамен, проблематикамен, идеялық – көркем мазмұнмен өрнектелген. Махамбеттің жырларында эпос, драма мен лирика бір – бірін алмастырып қана қоймай, өзара жымдасып жатады.
Ерлердің (1835-1837 жылдарда Бөкей ордасы қазақтарының антифеодалдық көтерлісінің басшысы Исатай Таймановтың, оның үзенгілес әріптесі Махамбеттің де) ерлігі, олардың ерліктерінің асқақ көрнісі, өзін - өзі құрбан ету (эпикалық) Махамбетке өкінішпен, торығумен, үмітсіздікпен (драмалық), адам тіршілігінің мәні, ажал мен мәңгілік, адамның алатын орны, оның идеалдары, рухани құндылығы (философиялық лирика) туралы ойлармен ұштасып, астасып жатады.
Ақын шығармашылығының мән – мағынасы, басқаша айтқанда, оның шығармаларының тақырыбы әр жырының тұтастығын, гармониялық бірлігін сипаттайды. Таным мен сипаттың осы мән – мағынасы Махамбетке жалпы түрде адамдардың әлеуметтік мінез – құлқының сыртқы күштерге, ішкі жан дүниеге қатысты, сондай – ақ ойы мен көңіл күйінде айналшықтап отырады. Осы сипаттар қоғамдық өмірдің, оның сұранысы мен қажеттілігінің айшықты белгілерінің дербес жүзеге асуы түрінде байқалады.
Махамбет жырларындағы кейіпкерлер кездейсоқ емес, ол сол дәуірдің шынайы қажеттілігінен, әр түрлі әлеуметтік мүдделердің қарсы тұруынан туындаған. Ақын тарих сахнасына шыққан ерлердің жауапкершілікті, жаугершілік ауыртпалықты өзіне алуының, ізгіліктен бас тартуының заңдылығы жайлы терең де ойлы ойды зергерлей отырып негіздейді.
Ал, өз мүддесінінің өзегіне әлеуметтік қайта құру, қоғамдық қатынастарды түбегейлі өзгертуді мақсат етіп қойғандықтан Махамбет поэзиясы осы түпкілікті мақсат пен міндетке бағындырылған. Оның шығармашылығының ерекшелігі де осы да. Ақын ықтиярсыз да, парасаттылықпен де тақырып таңдауда өзін - өзі шектейді, әртүрлі – тақырыпқа, табиғат пен қоғамның мәнділігі жайлы абстрактілі пайымдауда кез келген дүниеге бас ұрмайды.

Міне, сондықтан да оның жырларында қызыл сөзге үйір болу, ақылгөйсу, жырлар үшін өз жырына рахаттану, өзінің алдындағы әріптестермен ашық сайысқа бару, оларды қайткен күнде де басып озу т. с. с. атымен жоқ. Махамбет өзінің болмыс – бітімін ең алдымен ел мүддесіне қызмет етуге бағытталған ер – сарбаз ретінде тиянақтады; сөз құдіретін, өзінің поэтикалық дарынын біле әрі игере отырып, төңкерісшілердің қаруына, идеологиялық үніне бейімдеді.
Махамбеттің жыр-жебелерінің тақырыбымен айқындалған әлеуметтік сипатта, әрине, жан-жақты һәм күрделі де, шым-шытырық қоғамдық байланыстар мен қатынастарға бойлау басым. Сол себепті кез келген шығармашылық иесі оларды тек жалаң жазумен ғана шектелмейді. Ол кейіпкерлердің басты қасиеттерін, маңызды ерекшеліктерін айқындауға ұмтылып, жеке басының жарқын жақтарын жақсартатын, көлеңке жақтарын көлегейлеп, олардың артықшылығы мен кемшілігін қақтығыспен суреттей образдарды контраст бойынша ашуға ұмтылады, бұл шығарманың өзекті мәселесіне айналады. Мәселенің тереңдігі мен түйіні бейнелеп отырған шындықтың қаншалықты маңыздылығына, сондай-ақ автордың ұстанына, оның дүниетанымына, мақсаты мен міндетіне саяды.

Шашақты найза шалқар күй
Әбіш Кекілбаев, халық жазушысы

Қай халықтың да қадір тұтары - өзінің сөзін сөйлеп, кегін қуар ақыны мен батыры. Екеуі де тек халықтың ғана бойынан табылар сарқылмасжігер мен шабыттың, сана мен сабырдың, тәуекел мен арманның түлегі. Екеуі де жұртын елдікке бастаса, қайсыбір жұмыр басты пенденің болсын өресі жетпес ерен ерлікке, кемел кісілікке бастары хақ. Екеуі де тасқындаған қайраттың ғана емес, ең алдымен, кең толғап, кемсіз пішер кемеңгер ақылдың көрінісі. Ал, осы екі қас қасиет бір адамның басына сыйып, бағына бітсе ше… Онда таңданатын не тұр! Тек батыр бас тігер көзсіз ерлікке алдымен ақынның дәті барып, қарымдас халқына жар салса, тек ақынның асқақ шабытына лайық нар тәуекелге тек батыр ғана бел буар болса, одан жарасымды, одан ғанибет не болушы еді!
Сондықтан да, ол табиғаттан қалаған уақытында табыла бермейтін асылдай аса сирек кездесетін құбылыс.
Махмбет те сол асылыдң, сол сиректің бірі. Ондай құбылыс тек қазақ түгілі барша адамзаттың ғұмырында да көп кездесе бермеген. Махамбет кәдімгі он екі жілік, бір мығым жұмыр басты пенденің ертегідегідей аңызға айналуының, тек ертегіде ғана кездесетін ғажайып ерлердің қайтадан шындыққа айналуының таптырмас бір мысалы.
Бұрын кез-келген қазақ жырын жатқа білетін ақын Махамбет, атының әрбір әрпі атой салып тұрғандай естілетін батыр Махамбет кейінгі жылдары табылған бұлтартпас дәйекті деректер көрсеткендей күйші де екен. Қапелімде, қай құлаққа да таңсық естілер бұл дерекке де таң қалатындай ештеңе жоқ сияқты. Батырдың найза ұстамауы миға қандай қонбаса, ақынның домбыра ұстамауы да сондай ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ, бұл екеуінде ақынды да, батырды да желпіндірер халық басындағы тасқын күш, топан ашу, толағай тағдыр болғанымен, кез-келген көк найзалы батырдың қызыл сөзге суырылып тұрған ділмәр шешеннің семсерін жарқылдатып қан майданға шыға бермесі қандай ақиқат болса, қолына домбыра ұстаған кез-келген ақынның сөзді қысып, сазды сөйлетер аруақты композитор бол бермейтіні де сондай ақиқат. Ал, Махамбеттің адам таң қалатын жері де, сол бола берместің бәрін болдырта білгендігінде ғой. Алдымен Махамбет болу қиын, ал Махамбет болғасын батыр болу да, күйші болу да оп-оңай сияқтанып тұратындығы да осыдан шығар.
Сол бір туар Махамбеттің қайда салсақ та саф алтындай жарқылдап, ақ алмастай қиып түсіп, шыны майдай шыжғырынды шындықпен көкірегіңді өртеп түсер құдіреті неде? Батыр болса кез келген тымақты шоқпар ұстаған сотқар заманда екіленген есер болмай, еңіреген ер болуының, ақын болса – бардың алдында байпақтап, жоқтың алдында шайқақтап шыға келер өзге әріптестеріндей мақтаушы болмай, жоқтаушы болуының сыры неде?
Міне, гәп қайда жатыр? Махамбеттің Махамбет болуының себебі де осында ғой. Оның тұсындағы дүркіреген көп ақынның өзі де, сөзі де халық жадынан шыққанда, оның тұсындағы күркіреген көп батыр сазбауға біткен құба талды сайғақ қып жатып алып, бүгіндері топографтардың ғана қырағы көзіне ілігер белгісіз жер төмпекке айналған кезінде ақын Махамбеттің ащы айғайы әлі күнге дейін құлағыңда саңқылдап, батыр Махамбеттің тап көз алдыңда көлбеңдей шауып бара жатқандай әлі күнге дейін делебеңді  қоздыруының себебі де, міне, осында, Махамбеттің кімнің сөзін сөйлеп, кімнің сойылын соға білгенде ғой.
Істе де, сөзде де шынайылық пен шындықтан туады. Махамбет те өзінің батырлығын, ең алдымен, өз дәуірінің шындығына тура қарауға арнады да, өз ақындығын сол көзі көріп, көңіліне түйген шындықты еш қалтқысыз, еш бұлтақсыз  айта білуге салды. Сөйтіп, мезгілмен бірге өлетін өтіріктің сөзін сөйлемей, халықпен бірге қимылдап, тарихты жасайтын ақиқаттың сөзін сөйледі. Сондықтан да Махамбет халықпен бірге жасап, бірге жаңғырығып келеді. Махамбеттің Махамбеттігі де сол шындық қуғандағында. Ол сөйлеген сөз бен ол істеген істің тарихи өміршең боп келетіндігі де осыдан.
Махамбет ақын мен Махамбет батырдың осы қасиеттерін біз күйші Махамбеттен, композитор Махамбеттен де анық байқағандаймыз.  Егер біз Махамбет тағдырын ел кегін жоқтаған кескекті ердің ереуіл ғұмыры деп танитын болсақ, оның жырларын сол ереуіл өмірдің поэтикалық шежіресі деп білеміз. Мынау жеті күй бізге сол асқақ ақын, асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен жүрек тынысының үнмен жазылып қалған кардиограммасындайкөп жайды аңғартып, көп нәрсені түсіндіріп тұр. Мұнда да Махамбеттің сол таныс даусы, таныс шабыты, Махамбет жүрегінің сол таныс дүрсілі.
«Исатайдың Ақтабаны-ай» баяғы ереуіл атқа ер салғандардың дегені болып, тастары өрге домалап тұрған қайран дәурендерін жарқылдатып көз алдыңа тосса, «Шілтерлі терезе» сол өктем көңіл, өр жүректің торға түскен торғайдай бұлқынған, бірақ қиянатшыл тағдырға көнбей тайталасқан арпалыс халынан зар төккендей. Онда да тауы шағылып, таусылған мүскіннің мүсәпір жылап-сықтауы емес, намысына қыл бұрау түсіп, бұлқынған арыстың арпалысып буырқанғаны естіледі. Біз осы хал, осы әуенді Махамбеттің «Өкініш» атты күйінен де жақсы аңғарамыз. Онда қалт жіберіп, қапы соққан кісінің ызасы тепсінгенімен, «мұны неге істедім» деп өкінген өксік жоқ. Күйдің әуен бітімі оның Исатайдан айырылып, көтерілістің дағдарысқа ұшыраған тұсында туғанын аңғартқан. Бірақ сондай жер жарылып, аспан шытынаған кездегі күйші жүрегі неткен сабырлы, күйші зары неткен мәнді, неткен ұстамды!
Махамбет күйінің бір бояудан ғана тұрмайтынын қапысыз таныта алатын шығармалар санатына «Жұмыр, Қылыш» пен «Қайран Нарынды» жатқызуға болады. Орындаушылар «Жұмыр, Қылышты» Исатайдан айрылып, жалғыз жортқан Махамбетті Баймағамбет сұлтанның қанды қақпанынан құтқарып қалған байбақты батырлары Жұмыр мен Қылышқа арналған деседі. Осылай болуы ғажап емес. Күйде шалт қимылды батырлыққа лайық аршынды ырғақ, адуын серпін бар. Ол күмбіррлей төгілген қоңыр сазбен ара жігі білінбей әдемі жымдасқан. Ал, «Қайран Нарын» Махамбеттің ақындық творчествосының басты арнасына айналдырған туған ел, туған елдің мүддесі мен мерейі жолындағы кескесті ұрыс тақырыбына арналған. Күйден «аһ» ұрған зар, қайнаған ыза, езілген мұң, серпілген арман, ашылған күндей шуақты қиял қатар білінеді. Одан Махамбеттей кемеңгер азамат, кемел жанның басында бола берер тоқсан толғақ, сексен серпін, сергелдең сезімдердің кең тынысы табылады. Нарынның шағыл бұйраттарындай жонданып, бұратыла бүктеліп, кейде сүр бесіннің көк сағымына  көкірегінен малынып тұрған Қараойдың қатқылындай көсіліп қоя берер шежіре күйлер азаматтық қарым, батырлық қайрат, ақындық шабыттың неден туып отырғанынан хабар бергендей. «Батыр болмақ адам-ды», - деп  Махамбет өзі айтқандай, аламанды артыңа ертер ер болу да, қарымдас халқың аузыңа қарар ақын болу да, заманыңның батпан жүгін қара нардай қайыспай көтерер ұлы болу да, ең алдымен, сол ел қамына, оның болашағына теңселе тебіренген терең ойлы азамат болу екен.
Дүниеде Махамбеттей адамдардың болғаны өзіңнің адам деген нәсілдің төлі екендігіңнің заңды мақтанышын туғызады. Дүниеде Махамбеттей адамдардың жасауы топырақ жалаған жауын құрттай жер бауырлаған жебір пенделік пен сұңқардай саңқылдаған асқар азаматтықтың арасындағы шырқау айырмашылықты айқындай түседі. Ал, енді Махамбеттей асыл азамат қанын қиған халықтан туып, Махамбеттей адам құдіреттер аңсаған армандар мен мұраттарға өзіңнің де мүдделігіңді сезіну - өз алдына ғанибет, өз алдына сүйініш.
Махамбеттер аңсаған адамгершілік мұратын ту етіп көтерген біздің дәуірде Махамбеттің аты өлуші ме еді, сөзі өлуші ме еді, тегі өлуші ме еді. Ендеше, сондай сұңғыла азаматтың сезімнің сергек дірілін өз үні, өз тынысымен жеткізгісі келген жүрекжарды сырларының күміс құймасы – күйлері неге ұмытылсын!
Ұмытылмайды! Кеше ғана Махамбет күйі болған сарын енді, міне, қадірлі оқырман, сенің күйіңе, сенің жүрек сарыныңа айналмақшы!
Алдыңнан ақ күн туа берсін, Махамбет сарыны!

Дәуiр  толғағының  тұлғасы
Ақселеу  Сейдiмбек, филология ғылымының докторы.

Көшпелiлер болмысындағы кезеңдiк мәнi бар iрi құбылыстар әсте өз  төңiрегiмен ғана шектелмейдi, әсте өз уақытының аясында тани қоюға көнбейдi. Ондай құбылыстардың тамыры ғасырларды көктей өтiп, тұтас дәуiрлiк үрдiстермен астасып жатады. Мұның жарқын айғағы- Өтемiсұлы Махамбеттiң  (1803-1846) өмiрi, оның тал бойы мен тағдырында тұтас дәуiр болмысының көрiнiс табуы.
Махамбет- азаттықты көксеген курескер, қол бастаған батыр, құдiрет ақын, дәулескер күйшi. Мұның бәрi рас. Алайда, дәл осылай жiлiктеп, бiртұтас құбылысты бөлшектеп танимыз десек, онда Махамбет бойындағы осынау қасиеттердiң сыр-себебi, мән-мағынасы толық ашылмас едi. Махамбет әлемiн оның жеке басына таңырқау арқылы тану, жеке басын марапаттау арқылы түсiну мүмкiн емес. Керек десеңiз, Махамбет болмысын танып-түсiну үшiн тек қана өзi өмiр сүрген заман мен қоғамды саралаумен шектелуге де болмайды. Өйткенi, ол тұтас бiр дәуiр толғағы дүниеге әкелген ұлы тұлға.
Белгiлi бiр дәрежеде, адамзат баласының тарихы көшпелiлер мен отырықшылардың бәсекесiнен тұратын сияқты. Түптеп келгенде, соңғы үш-төрт мың жылдың қою тарихы осылай ойлауға дес бередi. Мұның өзi, екi түрлi даму үлгiсiнiң бәсекесi, екi бөлек системаның теке тiресi, екi арнамен дамыған мәдениеттердiң өрелесуi едi. Отырықшылар дүние- тiршiлiктi атомдық бөлшекке дейiн ыдыратып, нақтылы таным жолын дамуына тұғыр еттi. Бұл орайда, олар өздерiн табиғаттың қарсыластары ретiнде танытты. Бұл қасиет отырықшылардың бүкiл тарихи-әлеуметтiк өмiр салты мен мәдени-рухани болмысында дарыды. Ал көшпелiлер болса (бұл жерде Еуразияның ұлы даласындағы классикалық көшпелiлiк сөз блып отыр), дүние-тiршiлiктi рухани игерiп, табиғатпен тiл табысуды өмiр сүрудiң тәсiлi еттi.
Орта ғасырдың соңына дейiн отырықшыларға қарағанда көшпелiлердiң рухы биiк, күшi басым болып келдi. Тек ол ғана емес, көшпелiлер өзiнiң мәдени-рухани болмысы мен салт-дәстүрiн де мейлiнше шыңдап үлгiрген едi. Орта ғасырдың соңын ала тапанша, мылтық, зеңбiрiк сияқты отты қару пайда бола бастады. Әрине, мұндай қару түрлерi текқана отырықшылар ортасында пайда болуға тиiс едi. Өйткенi, отты қару жасайтын кәсiпорын көшпелiлердiң өмiр салтына жат. Мiне, осы кезден бастап адамзат баласының даму үрдiсi өзiнiң альтернативтi сипатын көмескiлеп, бiрыңғай технократтық даму үрдiсiн өзектi мұратына айналдырды. Көшпелiлердiң тарих сахнасынан шығып, аттан түсуiнде осындай сыр себеп бар.
Әрине, системаның өзгерiске ұшырауы және зорлықпен өзгеруi сол ойкумендегi ел-жұрт үшiн оңай шаруа емес. Мұндай өзгерiстер бiрер ұрпақтың өмiрiнде жүзеге асып үлгермейдi. Системаның екпiнi әлденеше ғасырларды көктей өтiп, әлденеше ұрпақтың өмiрiн өксiтiп барып саябыр тартады. Iзiнен қан шұбырып, тарихи тағдырға мойын ұсынады. Сөз жоқ, мұндай кесек құбылыстар өзiне сай кесек тұлғалардың өмiрбаянына айналады. Мiне, Өтемiсұлы Махамбеттi дәуiрлiк құбылыс деуiмiздiң мән-мағнасы осында.
Махамбет - көшпелiлер өркениетiнiң осынау жарық дүниемен шырқырап қоштасқан соңғы үнi. Жалына қол тигiзбейтiн көшпелiлердiң қыл сағағын тарих тұзағы қылғындырған сәтте асау рухы Махамбет болып тұяқ серiпкендей. Қазақты ұлт ретiнде даралап, тарих сахнасына шығарған көшпелiлер мәдениетiнiң буырқанып келiп жартасты соққан ақжал толқыны Махамбет сияқты. Шыны да сол. Егер, қазақ халқының рухани үрдiсiн кең аяда тарихи құбылыс ретiнде елестетер болсақ, онда Қорқыттан Асанқайғыға дейiн, Асанқайғыдан Махамбетке дейiн, Махамбеттен Абайға дейiн, Абайдан бүгiнге дейiн деп төрт кезеңге бөлуге болар едi.
Махамбет заманы көшпелiлер рухының айының батып, күнiнiң тұтылған кезi. Сондықтан да, көшпелiлер мәдениетiндегi эпикалық синкреттiлiк Махамбет болмысымен түйiнделедi. Бұдан былай өнер қоғамдық құбылыстарды реттеушiлiк мiндетiнен айырылып, эстетикалық алданыш болуға көшкен.  Махамбеттiң әрi батыр, әрi көсем, әрi шешен, әрi жырау, әрi күйшi болуында осындай тарихи-әлеуметтiк сұраным болған.
Ойдың орамы осылай қайырылған соң, нақтылы өмiрбаян көрiнiстерi заманалық үрдiспен шеңдесiп, өзгеше мән-мағнаға ие болады.
Өтемiсұлы Махамбет 1803 жылы Iшкi Бөкей ордасындағы Бекетай деп аталатын өңiрде дүниеге келдi. Бұл-қазiргi Орал облысының Жәнiбек ауданына қарайтын жер. Даланың ауызша тарихнамасы (ДАТ) бойынша Махамбеттiң шыққан тегi туралы әр түрлi дерек бар. Ең арғы дерек Бокеев Шәңгерейдiң шежiресi. Бұл шежiре бойынша, жаугершiлiк заманда Махамбеттiң төртiншi әкесi Бахрамның Бағыр,Нәдiр деген екi баласы тұтқыннан қашып шығып, он екi ата Байұлының iшiндегi Берiшке сiнедi. Нәдiрден Мәлi (кейбiр деректерде Құлмәлi, Құлманияз деп айтылады) туады. Мәлiнiң қазақ әйелiнен Өтемiс пен Шыбынтай, қалмақ әйелiнен Қобылбай туған.
Өтемiстен-он ұл, Шыбынтайдан- төрт ұл, Қобылбайдан-үш ұл туып, Мәлi ұлдың өзiнен он жетi немере сүйген адам. Келесi бiр деректерде, түркiмен мен қазақ арасында бiр соғыста төрт-бес жасар Мәлi қолға түсiп, Жайық-Берiш iшiндегi Жаубасар деген кiсi асырап алады. Қолға түскен Мәлiге “Құлмәлi” деген ат қойылады. Жаубасардың Ерназар деген ағасы болған. Бұлардаң әкесi Тұмаш деген кiсi екен. Мәлi (Құлмәлi) негiзiнен Жаубасардың ағасы Ерназар қолында өседi. Кейiн Мәлi қазақ қызына үйленген соң, одан Өтемiс пен Шыбынтай деген бала туады. Мiне, осы дерекке сүйенген шежiренiң бiр парасы бойынша, Махамбеттiң әкесi-Мәлi, оның әкесi-Ерназар, оның әкесi-Тұмаш, одан әрi Жайық-Берiш деп таратады.
Құлмәлi әулетi аз ғана уақыт аясында үрiм-бүтағы өсiп-өнiп, Тасойған құмындағы iргелi ауылдардың бiрiне айналған.  Оның үстiне Құлмәлiнiң шешендiк, батырлық, турашыл қасиеттерi ұрпақтарына да дарып, ел тағдырына қатысты iстерде сергектiк танытып отырған. Мәселен, Өтемiс өз кезiнде Айшуақ, Жантөре, Бөкей хандардың беделдi билерiнiң бiрi әрi Берiш ауылының старшыны болған.  Өтемiс төрт әйел алып, олардан Тоқтамыш, Бекмұхамбет, Махамбет, Ысмайыл, Смайыл, Қожахмет (Ахмет), Әйiп, Хасен, Сүлеймен, Ыбырайым атты он ұл туған.  Осылардың iшiнде Бекмұхамбет (кейбiр деректерде Бекмағамбет Жәңгiр ханның он екi биiнiң бiрi болса, Ысмайыл Қожахмет, Ыбырайым сияқты балалары Исатай мен Махамбетке үзеңгiлес серiк болып, ереуiл кезiнде ерлiк көрсеткен.
Қожахмет 1838 жылы шiлденiң 12-сi күнi болған шайқаста Исатаймен бiрге қаза табады. Ал Ысмайыл болса патша саясатына қарсылық көрсеткен адам ретiнде жиырма бес жылға Сiбiрге айдалған (Жұмалиев Қ. Егеулi найза. Ал., 1979, 7-бет). Қысқасы, Құлмәлi әулетi өз iшiнде мақсат-мүдделерiнiң әр түрлi болуына қарамастан халық iшiне қатысты iстерге белсендiлiкпен араласып, белгiлi дәрежеде ықпалын жүргiзiп отырған. Махамбеттiң:

“Ерте көшiп, кеш қонған,
Бiз санаулы сәндi орданың бiрi едiк”,-дейтiнi, немесе:
“Өтемiстен туған он едiк,
Онымыз атқа мiнгенде,
Жер қайысқан қол едiк”,- деп толғайтыны сондықтан.

Өтемiстен туған он ұлдың iшiнде Махамбеттiң орны алабөтен.  Табиғат оның тал бойына ақындық, шешендiк, күйшiлiк, батырлық сияқты бiрнеше кесек қасиеттердi дарытты. Осынау кесек қасиеттердiң  бәрi шашау шықпастан асқақ мұраттарға қызмет еттi. Бұл орайда, Махамбет өзiнiң барша болмыс қасиеттерiмен көшпелiлер көсемiнiң соңғы тұяғы сияқты едi. Ол өзi туып-өскен өңiрдiң Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиiз, Жиембет, Доспанбет сияқты бiртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкiрегiне тоқып өстi. Жай ғана тоқып өскен жоқ, олардың артында қалған асыл мұралары мен асқақ ойларын Махамбет өзiнiң өмiрлiк арман-аңсарына бағдаршы етiп өттi. Әйгiлi Сырым батырдың әдiлет сүйгiш, азатшыл рухы Махамбеттiң бесiк жыры болды. Кейiн Сырым батырдың арманы Махамбет өмiрiнiң мағынасына айналды.
Махамбет өзi өмiр сүрген заманның ағымына жүйрiк, қыр-сырын жетiк бiлген, көзi ашық, көкiрегi ояу, бiлiмдар адам болған. Орыс, татар, араб тiлдерiн тәуiр меңгерген. Мұның өзi жазған хаттардан-ақ аңғаруға болады.
Махамбеттiң сергек жаратылысы мен қабiлет-дарыны төңiрегiне ертерек мойын бұрғызтқан. Тiптен, Жәңгiр ханның өзi назар аударып, баласы Зұлқарнайынға Махамбеттi ақылшы, серiк етпек болады. Осы ниетпен Орынбордағы оқу орнына орналасқан Зұлқарнайынға Махамбеттi қосып жiберген.
Махамбет Орынборда 1824 жылдан 1829 жылға дейiн тұрған. Сөз жоқ, бұл уақытты Махамбеттiң текке өткiзбегенi анық. Оның ескiше-жаңаша сауатын ашып, қоғамның саяси-әлеуметтiк жай-жапсарын зерделеп үлгеретiнi осы кез. Сондықтан да ол Орынбордан қайтқанда Жәңгiр ханның “сарай ақыны”, Зұлқарнайынның ақылшысы болып емес, елiнiң жоқшысы болып оралады.. Махамбет Орынбордан оралардан бiр жыл бұрын 1828 жылы Каспий жағалауы мен Едiл, Жайық өзендерiнiң бойын қазақ шаруаларының пайдалануына тыйым салған заң шыққан болатын. Бұл заң малдың тұяғына iлесiп күн көрген халықтың тынысын тарылтып, наразылығын тудырды.
Махамбет 1829 жылы Орынбордан қайтып келiсiмен бұқара толқуына қатысып, оларды Жайықтан берi өткiзуге ат салысады. Бұл үшiн ол жауапқа тартылып, 1829-1831 жылдар арасында Калмыков түрмесiнде отырып шығады.
Замана тауқыметiндей озбыр да дүлей күшпен Махамбеттiң беттесуi алғаш рет осылай басталады.
Махамбеттiң өскен ортасы- Iшкi Бөкей ордасы өзiнiң табиғи орналасуы жағынан ғана емес, саяси-әлеуметтiк ахуалы жөнiнен де сол кездегi қазақ қоғамынан өзiндiк ерекшелiгi бар едi. Егер, бұл ерекшелiктi түйiндеп айтар болсақ, Алтай мен Атырау арасында көсiлiп жатқан байтақ қазақ даласын аз күшпен, жедел түрде отарлауды өзектi мақсаты еткен Ресей патшалығы үшiн Iшкi Бөкей ордасы мейлiнше ұрымтал сынақ алаңы болды. Сол кезде, Ресейдiң шығысындағы ең саны көп, ең жерi үлкен және өмiр салты өзгеше қазақтардың сынаптай сырғыған көшпелi руларына сырт күштiң билiк жүргiзiп, уысында ұстауы оңай шаруа емес едi. Ол үшiн көшпелi қазақ қоғамын қайтсе ыдыратуды, қайтсе өздi-өзiн қырқыстыру арқылы кiрiптар етудi, қайтсе талмау жерiн тап басып тұзаққа түсiрудi Ресей патшалығы шығыстағы ең өзектi мақсат мүддесi еттi. Сондықтан да, Бөкей хан Нарын құмына оқшау билiк құру үшiн Бiрiншi Павелден рұхсат сұрағанда, тiлегi оп – оңай орындалған. Бiрiншi Павелдiң 1801 жылғы наурыз айының 11 – i күнi берген бұйрығы бойынша Едiл мен Жайықтың арасында бөгiп жатқан Iшкi Орда деп аталған Бөкей хандығы құрылды. Сөйтiп көшпелi қазақтардың тағы бiр шебi сетiнеп, тағы бiр керегесi бөлiнiп, саяси - әлеуметтiк тұтастығы әлсiрей түстi. Оның есесiне патшаның атқа мiнiп, дала кезе алмайтын ноқай отаршылдары үшiн рахат болды. Бұған дейiн құпия болып келген байтақ қазақ даласы, ендi бүкiл әлеуметтiк құрылыммен, ұлттық – бiлiм ерекшелiгiмен, рулық тәртiп – жүйесiмен көз алдарында. Қалай билеп, қалай төстеп, қалай зерттеймiн десе де еркiнде. Мұның өзi техникалық дамудың жетiле қоймаған, коммуникацияның әлсiз кезiнде, сондықтан да көшпендiлердiң әлi де болса ауыздық салдырмас асау күш болып тұрған кезiнде Ресей патшалығы үшiн отаршылдықты шыңдап, жетiлдiрудiң сынақ лабораториясы сияқты едi. Нәтижесiнде кешiкпей – ақ қалағанын жүзеге асырудың тетiгiн тапты. Олар бүкiл мақсат – мүддесiн хандық билiк арқылы жүзеге асырып отырды. Хандық билiктiң iшкi құрылымын хан депутаты, хан кеңесi, старшын – есауыл, базар сұлтаны, арнаулы тергеушi, iс жүргiзу кеңесi дейтiн жүйеге түсiрiп, даланың тiршiлiк -  тынысын толық бақылауға алды. Бұл тәртiп ру басыларының, iрi байлардың өз тумаларына деген басиелiгiн әлсiретiп, рулық пәтуа – бiрлiкке сызат түсiрiп отырды. Қазақ даласының өзге өңiрлерiне қарағанда, Iшкi Ордада тауарлы – ақша қатынасы басымырақ өркендеп, ел iшiтаптық жiкке бөлiне бастады. Бiр кездегi халқы үшiн оққа кеудесiн тосатын хандар, рулармен бiрге у iшетiн байлар ендi өз халқының қанын соратын қарсыластарына айналды. Патша отаршылдарына қолшоқпар болған хан – сұлтандар мен байлар бүкiл Iшкi Ордадағы халықтың 4 процентi бола отырып, 5300 мың десятина жарамды жердiң 4500 мың десятинасын иемдендi. Салықтың бұрын – соңды көрiп бiлмеген, от ауыз, қызыл киiз, тұяқ ақы, хан соғымы, хан қонақ ақысы, пiтiр, құшыр деген түрлерi пайда болды. Бiр ғана Жәңгiр хан халықтан жыл сайын 18 мың қой, 1000 жылқы, 700 түйе жинап алып отырды. (Қаз. КСР ОМА, 4-қор, 4197 - iс) Әрина бұл дәулеттiң басым бөлiгiн патша әкiмдерi обып әкетiп жатты. Тiптен халықты хан – сұлтандар мен байлар арқылы қанауды мiсе тұтпаған патша әкiмдерi, бекiнiстегi әскерлер, помещиктер бара – бара тiкелей өздерi қол сұғып ашық қанауға көштi. Сол кезде Орынборда шекаралық комиссиясында полковник шенiнде қызмет атқарған орыстың белгiлi жазушысы, лексикографы және этнографы, Петербург Ғылым академиясының корреспондент – мүшесi В.И. Даль (1801-1872) былай деп жазды: “Шекара бойындағы қазақтар мейлiнше кедей тұрады. Гурьев пен Звериноголовскiнiң арасындағы, ұзындығы 1850 шақырым жердi қыстайтын мың үйдiң әр қайсысында орта есеппен бес жаннан бар. Ал әр үйге шаққанда жетi мүйiздi iрi қарадан, бес жылқыдан, бiр түйеден, жүз қойдан келедi. Бiрақ нақтылы шындыққа ден қойсақ, ондаған мың қой мен жылқы бiткен байлар және жалғыз ешкiге қарап отырған тақыр кедейлер бар. Олар бүкiл ауыртпалығын осы жалғыз ешкiге артып, сүтiн күнара, тiптен үш күнде бiр кезек – кезек қорек қылып отыр. Бұл ойдан шығарылған ертегi емес таза шындық” (Даль. В.И. Полн. Собр. Соч. т. 1-10. СПб. 1897-1897, 7-том, 235-бет).
В.И.Даль мұнан да өткен сұмдық мысалды “Северная пчела” журналының 1834 жылғы 101- санында келтiрген: “Шекара бойындағы қазақтар осы қыста тағы өз балаларын сата бастады. Жақында мен 75 сомға (ассигнациямен) сатып алынған төрт ер баланы көрдiм .  Кiшiсiнiң жасы жетiде …”
Мiне, көшпелi қазақтардың азатшыл рухы отаршылдықтың темiр қамытын мойнына iлген соң, кешiкпей-ақ осындай күйге тап болды. Махамбет осы сұмдықтарды көзiмен көрдi. Сондықтан да, 1836 жылы әбден шыдамы таусылған халық теңiздей толқып көтерiлгенде, осынау тегеурiндi дүмпудiң дем берушiсi Махамбет болды. Ол Исатай батырмен бiрге арыстандай ақырып, азаттық туын қолдаса көтерiп шықты.
Бiрақ, амал қанша, әдiлдiк жеңiлдi, озбырлық жеңдi. “Кезенген жауға кез келдiк, жалғыз найза, бiр атпен”,-деп, Махамбеттiң өзi айтқандай, жаужүрек батырдың қолындағы жалаң қылыш отты қарудың алдында дәрменсiз болды. Ең сұмдығы, көшпелiлер тарихында тұңғыш рет ханы халқына қарсы шығып, ата жауымен ауыз жаласты. Алдымен Жәңгiр хан, кейiн Баймағамбет сұлтан подполковник Геккеге арқа сүйеп, әдiлдiк сұраған халықты қанға бөктiрдi. Арыстан туған Исатай оққа ұшты. Одан да өткен сұмдығы, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақынына көшпелiлердiң ұзына тарихында тұңғыш рет қол көтерiлдi. 1846 жылы Баймағамбет сұлтанның жұмсауымен Төлейдiң Ықыласы, Боздақтың Жаңабергенi, Нұралының  Мұсасы, Өтеулiнiң Жүсiбi, Тұрымның Төрежаны сияқты пенделер Махамбеттi өз үйiнде, балашағасының алдында қылыштап өлтiрдi.
Жалқы деректiң жалпақ дүниеге айғақ болатын тұсы бар. 1836-1838 жылы Нарын құмындағы халық көтерiлiсiнiң жеңiлуi, түптеп келгенде, көшпелiлер басынан бақыт құсы ұшып, дәуреннiң өткенiн көрсетедi. Яғни, жеңiлген Исатай мен Махамбет бастаған азатшыл рухтағы қауым емес. Өйткенi, олар сол азатшыл рухына қылау түсiрмей, мақсат-мұратынан айнымай құрбан болды. Жеңiлген-система болатын. Яғни, Еуразияның апайтөс ұлы даласына бейiмделiп, қалыптасқан көшпелiлердiң шаруашылық-мәдени типiн жалпы адамзаттық жаңғырудың үрдiсi ығыстырды. Мұндай заманалық жаңғырудың табиғи жолмен, бейбiт түрде жүзеге асуы да мүмкiн едi. Өкiнiшке орай, қазақ даласындағы системаның алмасуы сырт күштiң отаршыл экспансиясы тұрғысында жүзеге асты. Махамбет болса осынау өлiара шақтағы халық болмысының жиынтық айғағы.
Бiздiң сүйсiнетiнiмiз, Махамбеттiң өз заманына адалдығы, өлара шақтағы сүйек сырқыратар өкпек желге ықтамай, омырауын ашып тастап, қасқайып қарсы жүргендiгi. Егер, қазақ деген халықтың бүгiнгi болмысында өзiндiк бiрдеңе бар болатын болса, мұның өзi Махамбет сияқты бағаналы бәйтеректiң өткен мен бүгiннiң арасына көпiр болып көсiлiп жатқандығынан.
Махамбет үшiн көшпелiлердiң дәстүрлi мәдениетi, өнерi, талғам-танымы өмiр сүрудiң тәсiлi едi. Ол әбден орныға шыңдалған далалық демократияны жан-тәнiмен қорғап, сол жолдан ауытқымай дүниеден өттi. Мұның өзi түптеп келгенде, халықтың бiртұтас тағдыры үшiн, ұлттың бiртұтас арман-аңсары үшiн күрес болатын. Отаршылдық ұлттың тұтастығына iрiткi салып, таптық жiктiң ұрығын септi. Бұл дегенiмiз, мүлде жат өмiр салттың, бөтен системаның бел ала бастауы едi. Махамбет iрiлiгi осынау системалық өктемдiкке қасқайып қарсы тұруында. Мұның бұлтартпас айғақтары Махамбет жырларының өнбойында тұнып тұр.
Махамбет жырларының  құдiреттiлiгi арман-аңсарының заманалық кесектiгiнде. Махамбет халық басындағы бақ пен сордың жалқылық мысалына жұбанбайды, заман дүмпуi тудырған iрi ағымдардың аққарасын саралап толғанады. Бұл ретте, оның санасы сергек, танымы терең, мақсаты айқын. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтiк теңдiгiн  Махамбеттен терең жырлаған, Махамбеттей жеткiзе жырлаған ақын қазақ топырағында некен-саяқ. Дәстүрлi талғамымызда хас өнердiң бойына сұлулық пен шындық тең бiтiп, қоржынын аудармауы керек. Махамбетте мұның екеуi де кәмiл. Ол сонысымен көшпелiлер мәдениетiнiң аса тегеурiндi соңғы тұяғы ретiнде мойын бұрғызады. Махамбет өзiнiң рухы асқақ жырларын жыршылығы тасып шығармаған. Оның бойындағы буырқанған аста-төк өнер күрес жолындағы ең оңтай қаруы болған. Тек қана жырлары емес, оның арынды күйлерi де ұдайы ситуация үстiнде туындап отырған. Бодандықта өмiрi өксiген халқының қағажу көрген хал-күйi, өз халқына қарсы сырт күштiң қол шоқпары болған Жәңгiр хан мен Баймағамбет сұлтанға деген запыран ашу, ел қамын жеп еңiреп өткен Исатай батырдың ұрпаққа өнеге өр тұлғасы, көтерiлiс күндерiнiң ең бедерлi сәттерi, асыл арманның күйреуi, осының бәрiн тағдырдың жазмышындай еткен заманалық үрдiс, мiне, Махамбет өнерiне арқау болған нақтылы өмiр көрiнiстерi осылар.
Осынау ойдың орамы Махамбет жырауға ғана емес, сонымен бiрге Махамбет күйшiге де тiкелей қатысы бар. Махамбет күйлерi, оның қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен, ел бастаған ақын бола отырып, осының бәрiне қоса күй де шығарған екен-ау дегiзетiндей әуезе сезiмнiң бодауына жүрмейдi.  Ол поэзияда қандай дара болса, күйде де сондай оқшау. Махамбет күйлерi адуын мiнезiмен, асқақ сезiмiмен дараланады. Кiбiртiгi жоқ, iшкi толғаныстың тегеурiнi, күрсiнi көп көкiректен лақылдап ақтарылғандай. Ең ғажабы, осының бәрiн өзгеде жоқ әуен-сазбен өрнектеп отырады. Махамбет күйлерi оның поэзиясының саз-сарынға айналған түрi. Ұлы мұрат жолында арқалы қимыл жасап, атқа қонған ерлерге сүйсiнгенде “Исатайдың Ақтабаны-ай” күйiн саңқылдатқан. Ата жаудың темiр торына түсiп, тар есiктен сығалап, өр кеудесiн өксiк қысқанда “Шiлтерлi терезе” күйiн бебеулеткен. Адыра қалған ата мекен, жаттың табанына тапталған туған жер қасiреттiң үлкенi, қайғының зоры болып, қабырғасын қайыстырғанда “Қайран Нарын” күйiн сұңқылдатқан. Арманында ақау жоқ үзеңгiлес серiктерiнiң ер тұлғасына, мәрт мiнезiне арнап “Тарлан”, “Жұмыр-Қылыш” күйлерiн күмбiрлететiн…
Қапыда дұшпанның қақпанын басып, Қиыл өзенiнiң бойында Исатай бастаған есiл ерлер қырғынға ұшырағанда “Өкiнiш”, “Қиылдағы қырғын” күйлерiн азынатқан… Мiне, осылай жалғаса бередi. Себепсiз домбыраға қол созу жоқ. Күйдi көңiл көтеру үшiн емес, көкейдегiсiн жеткiзу үшiн тартатынын Махамбеттiң өзi де жасырмайды. “Домбыра тартсам келер күй” дейдi.
Махамбет қатардағы көп күйшiнiң бiрi емес. Ол даланың қатал талабын қапысыз орындап, сарабдал сынынан сүрiнбей өткен соң ғана домбыраға бiлек артқан. Бұған Махамбеттiң “Ақжелең” күйi айғақ. Себебi “Алпыс екi тармақты Ақжелеңнiң өрiсiн ұзартып, өресiн биiктеу санаулы ғана саңлақтардың пешенесiне жазылған. Ал Махамбеттiң “Ақжелеңi” күйшiлiктiң осынау ұлы дәстүрiн нұрландырар дүние. Тiптен, бұрыңғы “Ақжелеңдердiң” сезiмiне серпiн қосып, мұңына мiнез дарытып, айтарымен аңғартарын байыта түскен.
Махамбеттiң күйшiлiгi оның бiртұтас тұлғасын даралап қана қоймайды, сонымен бiрге дәстүрлi көшпелiлер мәдениетiн жасаушылардың әмбебап қасиетiне де жарқын айғақ. Мұның өзi  өнердегi ғана емес, өнерпаз бойындағы синкреттiлiктi алғашқы қауымдық құрылыстың талғамына телитiн әлдекiмдердiң теориясымағы тайғанақ екенiн аңғартумен бiрге, көшпелiлер мәдениетiнiң болмысына өзгеше зердемен қарауды пайымдатады.

Ерлік пен елдіктің өшпес рухы
З. Қабдолов, халық жазушысы, академик

Махамбет! Бұл есім - өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі ардақты ат. Көзі ашық, көкрегі ояу қазақтың бір де бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды:

«Ереуіл атқа ер салмай
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку – еңку жер шалмай …»  немесе:

«Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн,
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн…» -
дей бастасаңыз – ақ болғаны, алдымен мейірімін төгеді, содан соң мерейленіп кетеді.
Мұның себебі – «Атандым Ғазиз ақын бала жастан, әнші жоқ Қараөткелде меннен асқан» дегендей, Абайдан кейінгі өлеңшілерді өз алдына қойғанда, Абайға дейінгі қазақ поэзиясында бұдан асқан ақын жоқ. Бұл шындықты әр қазақ та бар қазақ түгел мойындап болған. Әрине, асқар таудың асу – асу белдері біреу емес, бірнешеу болатыны секілді, қазақтың жыршылық – жыраулық өнерінің де төбесін тіреген қадау – қадау діңгектері бірқыдыру бар: Асан Қайғы мен Қазтуған, Доспамбет пен Шәлгез, Жиембет пен Марғасқа, Ақтамберді мен Тәтіқара, Үмбетей мен Бұқар … Осылардың әрқайсысы заңғардың әр биігіне ұқсаса, Махамбет бар биіктің ішіндегі Қыранқия тәрізді қиырдан мұнартады. Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті. Әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап – таза қорғасыннан құйылған ап – ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер  бетіндегі ешбір елдің өлең – жырында жоқ. Оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан.
Ақын болу – бір бар; ал оның үстіне батыр болу ше? Және де ақын – ақын, батыр – батыр қалпында бөлек – бөлек тұрып қалмай, ақындық пен батырлық бір тұлғаның табиғатында ару әйелдің бұрымындай  өріліп, баяғы бабалар дәуірінен бермен қарай тек қана азаттық аңсаған асыл ерлердің азап пен қорлыққа қарсы ашулы дойырына айналса … - о, бұл – енді әр ғасырда бір кездесетін аса сирек құбылыс. Осыдан келіп өмірдің өнерге яки өнердің өмірге айналуы секілді ғажайып «жұмбақ» процесс туады да, оны туғызған уақыт пен кеңістікке амалсыз жүгінеміз. Махамбет өмір сүрген Уақыт пен өнерін өрбіткен Кеңістік туралы ойласақ, біздің жадымызда патшалы Ресейдің тепкісінде төңбекшіген басыбайлы отары – ұлан – ғайыр Ұлы даламыз, сол даланың бір шалғайындағы Бөкей ордасы, Орданы билеген қазақтың соңғы ханы Жәңгір Бөкеев оралады.
Бұл - Махамбеттің тағдырын тануға керек тарихи дерек.
Енді өнерге келсек, қазақ поэзиясындағы ғасырлар бойы дамуына шешуші себеп болған қозғаушы күш – ешқашан үзілмеген, толастамаған, барған сайын үдей түскен азаттық идеясы.
Бұл – Махамбет талантының қайнар көзі, асау ағысы.
Бұлар бір – бірімен тығыз бірлікте: Нарында орыс патшалығының отарлау саясатынан туған қарғылы хандық Бөкей ордасы орнамаса, Ордаға сол тұстағы Уақытқа тәуелді – Жәңгір хан бұрынғы І Павел патшаның Бөкей сұлтанға жасаған «кеңшілігінен» хайыр көріп, кейінгі император І Николайға адалдық антын беріп, сол Кеңістікке лайық өмір әкелмесе, сол өмірдегі отаршыл озбырлық пен өзімшіл найсап обырлыққа қарсы ұлт – азаттық күресінің қаһарманы Исатай Тайманов пайда болмас еді, туған елінің еркіндігі жолында тудай желбіреген Махамбет Өтемісовтің жалында жырлары да дүниеге келмес еді.
Сұрақ туады: ел егемендігін былтыр тойлаған он жылдың ішінде қалыптасқан бүгінгі жаңа көзқарас, жаңаша ойлау тұрғысынан байыптап байқасақ, Исатай – батыр да, Махамбет – ақын дейік, ал енді осылар алысып жүрген хан Жәңгір кім?  Өзі қазақ, солай бола тұра сол қазақтың ақи-тақи ымыраға келмес жауы ма сол Жәңгір?!
Махамбет рухындағы мықты қаламгерлеріміздің бірі Әбу Сәрсенбаев өзінің соңғы кітабын балай бастайды: «Кешеге дейін өзімізді өзіміз қорлап, біздің өткеніміз болған жоқ, тарихымыз тек Кеңес өкіметінен басталады, біздің бетке ұстарымыз болмаған, мал соңында қаңғып жүрген жабайы, меңіреу халық едік, тек ұлы орыс халқының арқасында ғана жер бетінен жойылып кетпей аман сақталдық, патша үкіметі Атамекенімізді отарлап, бізді құрып кетуден сақтады деп келдік. Қазақ хандарының бәрі жауыз, қанішерлер, қазақ жырауларының бәрі керітартпалар, ал орыс патшаларының бәрі шетінен дана, шетінен халық қамқоршысы деп сандырақтадық. Бізді солай сандырақтатты» («Ғасыр мен ғасыр беттесе», Алматы, 1995 жыл, 6 бет).
Тым қатал әрі анайылау айтылған. Десек те тоқсан жыл өмірінің үштен екісін Коммунист партиясының қатарында, Кеңес шындығын жырлаумен өткізген қарт ақын өмірінің соңғы кезеңінде өз ұғымын өзі осылай өзгерте бастаған. Бұл тұрғыдан қарасақ, Бөкей хандығының тарихындағы уақыт пен кеңістік мөрі басылған талай заңдылықтарды жаңаша байыптауға болар еді. Бөкей хандығы құрылуына байланысты туған даламыздың бір кезде жоңғарлар таптап, қалмақтар жайлаған Еділ мен Жайық арасын өзімізге қайтарып алдық. Торталана туырылып, иесіз құлазып жатқан құм қойнауына Орда қаласы орнады. Көшпелі жұрт көлігін туарып, қоныстана бастады. Ел орныққан соң Ордадан шығысқа қарай сусыған қызыл шағылдың ондаған шақырым ұзына бойы қысы – жазы бірдей көкпеңбек көксіл атып тұрған көк жасыл орманға айналған. Ғұмырында шөлі қанып көрмеген қалың құмға кезінде әлдеқайдан су келіп, көл пайда болған. Айдында аққу ұшып, қаз қонған. Жапан түзге қалың ел ірге теуіп, қатар – қатар қарағай үйлер салынған. Кейін «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай Алтынсарин туатын жылы (1841) тарихта тұңғыш рет қазақ балаларына қазақша – орысша білім беретін Жәңгір мектебі ашылған. Мектептегі оқу – ағарту ісінің өрбуін хан тікелей өз қамқорлығына алған. Бұл арада бұрын - соңды болып көрмеген кітапхана, клуб, мұражай орнаған. Бұларды аз десеңіз, патшалы Ресей астанасы Санкт – Петербург үлгісіндегі қару – жарақ палатасы жасақталған. Көш - керуен, сауда -  саттық, жәрмеңке – базар ду да ду, у да шу жыңылап жатқан.
Осының бәрі Астархан губернаторының үйінде жатып оқып, еуропаша білім алған азиат, бір өзі «жеті жұрттың» тілін білген, білімдарлығына лайық Қазан университетінің құрметті мүшелігіне қабылданған, үздік қабілетіне сай ақ патшаның өз қолынан қазақ топырағындағы тұңғыш генерал шенін алып, шекпенін жамылған Бөкейдің ұлы Жәңгір ханзаданың арқасы еді.
Сол Жәңгір - Еділ – Жайық екі өзен арасын жиырма екі жыл билегенде жұртына осынша игілік әкелген хан Жәңгір неге ғана кісі көргісіз харам, адам айтқысыз арам да жаман адам болады сонда?

Жә, Махамбет Жәңгірге:
-          Хан емессің, қасқырсың, қара албасты басқырсың! – деген екен.

Мұның несі бар? Махамбеттанудың негізін салған Халел Досмұхамедовтен бастап, оны одан әрі дамытқан Қажым Жұмалиевтен бері қарай Исатай – Махамбет тарихын зеттеушілердің бәрі ақынның осындай ызалы сөздерінің тұсында Баймағамбетке байланыстыра, сайып келгенде тіпі Жәңгірдің өзіне қарата, олардың бірі болмаса бірі:
- Бұлай айтпаса, Махамбет батыр бола ма? Батырдың сөзін көтермесем, мен хан болам ба? – депті деседі. Осының өзі тарихи шындықты қалпына келтіріп, әркімді күллі күнгей – көлеңкесімен қоса өз орнына қоюға мүмкіндік беретін аңыз да болса әділ уәж емес пе? Жоқ, қалай болғанда да қазақтың ханы, орыстың генералы Жәңгір Бөкеев - өз заманының үлкен қайраткері. Аңыз болсын, ақиқат болсын, бәрібір, әйтеуір о баста Исатай мен Жәңгір, Жәңгір мен Махамбет қазақтың қашанғы халықтың қасиеті – ағайыншылықтан ажырамаған адамдар. Жәңгір ел бастаған хан болса, Исатай сол ортадағы ақылды көсем би, Махамбет от ауызды, орақ тісті шешен болған. Соңғы екеуі бірі – батыр, бірі – ақын; бірі серке, бірі ерке ер – азаматтар болған соң, Жәңгір олардың екеуін де екі аймаққа старшын етіп тағайындаған.
Ал осы ынтымақ қалай бұзылған?  Араздық жауласуға қалай жеткен? Бұл туралы бұрылтпас ақиқат та бар, әр алуан аңыз да көп. Жұрт жадында сақталған бір аңызға бақсақ, Махамбет пен Жәңгір бір – біріне бетпе – бет келіп кінәласқанда, тіктесе беруге шыдамай, амалы құрыған хан ақынға: «Алдым жалын, артым өрт, екі оттың ортасында жүрмін, қайтейін» депті. Артымдағы өрт деп отырғаны ханға билік бергенсіп, сол арқылы қазаққа деген бодандық бұғауын қысқан ұстіне қыса түскен орыс патшасының зымиян саясаты болса, алдымдағы жалын деп отырғаны хан арқылы қан қақсатып бара жатқан отаршылдық езгіге – қорлық пен зорлыққа қарсы кек кернеген қазақ халқының азаттық жолындағы айықпас айқасы мен шайқасы. Мұндай жағдайда хан мен халық арасында қандай ынтымақ болуы мүмкін?
Ендеше, халық қолын бастаған Исатай – Махамбет пен патша жолын жақтаған (тіпті жақтамауға мүмкіндігі жоқ) Жәңгір хан арасындағы араздық жауласыға қалай жетпесін!     Жарайды хан мн халық арасындағы күрестің негізгі заңдылығы осы делік. Азат Қазақ мемлекеті деген тіпті түске кірмеген, ел егемендігі дегеннен елес те жоқ, бұғаулы бодан өлкеде хандық құрған Жәңгірдің орнында кім болса да дәл соның халін бастан кешкен болар еді дегенге қол қойсақ қоялық. Ал мына бір білгіштердің түйін – тұжырымдарына қалай қарайсыз:
- Халық Теке қаласының батыс шалғайындағы «Хан - тоғайда» ақ киізге көтеріп таққа отырғызған ханның өз қара басы бөлек те ерек. Мейлі, бір өзін алтынмен аптасын, күміспен күптесін, одан ырыс тартылмайды, қазына сарқылмайды. Ал қара құрым хан төңірегі түгелімен халық қазынасын, ел байлығын талапайға салып, жаппай тонаудан басқа бітірері жоқ жемқорлар, тұрмыс – тіршілік дегенді баспен емес қарынмен ойлайтын қорқау – құзғындар болса, ол – халыққа келген нәубет! «Ашыққаннан құныққан жаман» дегендей, әсіресе, ханның қайын - атасы Қарауылқожа Бабажанов күйеу баласын арқаланып әбден араны ашылған арсыз аларман, адуын алпауыт; соның және сол секілді тума – туысқандарының, жақын – жұрағаттарының тойымсыз нәпсісіне тыйым салу Жәңгірдің қолынан келмеді. Исатайдың, оған ерген қалың бұқараның ханға жауығуына бас себеп сол! Оның үстіне ақылы қанша болса, айласы сонша, таққұмар, баққұмар хан өз мансабын қорғау әрекетінде қазаққа емес, орыс патшасының қазаққа қарсы ұстаған қолшоқпары кәззәп казакқа (казак орысқа) сүйенді. Бұл – тағы бір себеп.
Енді Махамбетке келсек, ол Исатайдан гөрі намысқой, қазақ жері үшін патша әскерлерімен:

«Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Тептер үшін тебістік.
Теңдікті малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік», - деп қынынан суырылған да қынабына қайта түспей қойған жалаң қылыш. Ол ханмен қалай келімге келсін; келмесе, хан қалай ұнасын! Онымен де қоймай, өсек – ғайбат, күншілдік деген кесепат бір емес пе, ел ішінде Махамбет - ақын мен Фатима – ханым ашына көрінеді деген қаңқау сөз таралады. Мұның өзі Ханның Батырға ыза – кегін өршіте түсіпті деседі тағы бір білгіштер.
Осындай толып жатқан себептерге ханның жеке өз басына тән әлсіздіктер мен пендешіліктер қосылып, Жәңгір мен Исатай – Махамбет арасы ашылады; бір – бірімен ымырасыз жаулыққа көшеді.
Ойлап қарасақ, тіпті осылай болмаса ешқандай мүмкіндік жоқ еді.
О, заман да бұ заман, халық наразылығына суарылған күрес пен тартыс тек бір ғана мақсатта – сол халықтың еркіндігі мен бостандығы үшін болып отырған. Патша керген желіге қыл мойнынан көгенделген хан халықпен екі арадағы баррикаданың арғы жағынан берғы жағына көшем десе де көшіп шыға алмайды.
Ендеше, адамзат тағдыры мен талайының бұл сияқты мейлінше шинелісіп жатқан күрделі, қиын шырғалаңдарын тарихи тұрғыдан байыптап, сол аласапыранның асау толқынымен алысып жүрген жан себіл тұлғаларды өз ортасында танып – бағалаудың орнына, оларды тек бір – біріне қарама – қарсы екі топқа ғана бөліп, бірін ақ, бірін қызыл ғып шығару – күні өтіп бара жатқан нәрсе! Бұл екі топта бір – бірімен байланысты: бір болмаса, екіншісінде де мағына қалмайды. Жәңгір болмаса, Исатай – Махамбетке ашық айқасқа шығар жауда болмас еді және хан патшаға арқа сүйеген күшті жау болмаса, батырлардың жан кештілігі де құр донкихоттық болып шығар еді.
Демек, Жәңгірді өз орнына қою – Исатай мен Махамбетті орындарынан тайғызу, немесе ханды күшейту – батырлардың рөлін төмендету яки әлсірету емес. Керісінше, жауы күшейген сайын батырдың да айбыны мен айдыны асқақтап, жалы күдірейе түседі. Махамбет жырының да мәнін тереңдетіп, мазмұнын байытып тұрған осы сыр мен сымбат.
Біздің осы талғау – талдауларымыз тәрізді кешегі тарихты толғау – бүгінімізді ойлау, ертеңімізді болжау үшін қажет екенін, кешегі тарихымыздың, әсіресе, адамдар арасындағы қарым – қатынастың, олардың әрқайсысына тән мінез – құлықтың, іс әрекеттің, ақыл – айланың ұнамды – ұнамсыз жақтарын бүгінгі жетістік – жетпестіктерімізбен салыстыра, бүгінгілердің кеңдігі мен кемдігіне, көрегендігі мен көрбалалығына салғастыра келе одан көпке пайдалы қортынды шығарып, ертеңіміз үшін сабақ алуымыз керек екенін кезінде өмір мен өнердің арақатынасын дәл осы жерден іздеген Виссарион Белинский шегіне жеткізе уағыздаған болса, мұның өзі – бүгінгі күні де маңызын жоймаған мейілінше зәру мәселе!.. Қайран Махамбет:

«Еділдің бойы ен тоғай
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім …»  

Қандай асыл арман, абыройлы мақсат! Алайда Махамбет өмір сүрген дәуірде бұл арман – арман қалпында, мақсат – мақсат қалпында қалатын.  Бұл арман мен мақсат жолындағы ерлік елдің елдігіне, еркіндігіне әкелмейтін. Елдің еркіндігін аңсаған ерлердің айбаты мен қайраты бұлтты тілген найзағайдай жарқ етіп жанатын да сөнетін.
Исатайдың жайы, Махамбеттің халі солай еді.
Әдебиет тарихын зерттеу мен зерделеу тек әдебиет пен әдебиетші үшін ғана керек емес. «Өнер - өнер үшін» емес, өнер өмір үшін екенін мойындасақ,  біз бүгін Махамбет шығармашылығын талдап-тексергенде оны бүгінгі талғам мен талап елегінен өткізе сараптауымыз шарт.
Бүгінде, құдайға шүкір, заман – біздікі! Дәуір де өзіміздікі! Ғасыр да біздің игілік ғасырымыз болуға тиіс. Міне, он жыл, Қазақстан – егемен ел, өз еркі өзіндегі азат, өз алдына дербес мемлекет. Бүгінде біздің басшымыз орыс патшасы қазақ елінің еркіндігіне тұсау етіп қарауылға қойған құқықсыз Хан емес, өзіміз қайлап-сайлап, ел еркіндігін қорғайтын бар билікті бір өзінің қолына берген мәртебелі Президент. Енді, міне, бодан емес, бостан өлкемізге «ел қондыру» да, «мал толтыру» да, дәлірек айтқанда, халқымызды байлыққа кенелтіп, рахатқа бөлеу де өз қолымызға көшкен заманда Елбасы маңына елден бұрын өзін емес, өзінен бұрын елін ойлайтын, сондай-ақ беталды күпсіп, билік маңының бәрін бұра тартып «бас-басына би болған өңкей қиқым» бақталастар да емес, Елбасымен елдік-бірлікке келіп, нағыз елдік-биікке көтеріле алатын; «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», халық қамын жейтін ерлер ғана топтасуға тиіс.
Биыл тәуелсіздігіміздің он жылдығы тұсында байқап-барлап қарасақ, бірқатар олқылығымыздың орны тола бастағанын аңғарамыз. Айталық, мәселен, Президент Назарбаевтың ұлтымыздың әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына айрықша назар аударуы – зиялы қауымды да түгел жалт қаратып, тың ықылас-пейілге, жаңа бағыт-бағдарға, нақты іс-әрекетке  көшіріп отыр. Жалпы тарихымызды түгендеп, «өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырғанымызды» түгел тізіп жатпай-ақ, бірер нақты да затты дәлел мен дерек келтірсек, сонау көне дүниеден Бейбарыс сұлтанның, со секілді байырғы түркі құндылықтарының туған топырағымызға қайта оралуы біздің түпкі  тегімізге тереңдеу болса, Абай мен Жамбылдың жүз елу жылдық, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың жүз жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО арқылы халықаралық деңгейде аталып өтуі… Жуырда ғана Парижден оралған вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов Ғабит Мүсіреповтың жүз жылдығы мен Махамбет Өтемісовтің екі жүз жылдығын тағы да ЮНЕСКО шеңберінде дүниежүзілік дәрежеде өткізуді шешіп келсе, - осының бәрі Елбасының тікелей, қолма-қол араласуы, оның бүкіл әлем таныған бедел-абыройының арқасы екенін бәріміз көріп-біліп, сүйсініп отырмыз.
Бір кезде керемет ерліктің үлгісі боп көтерілген Махамбет бүгінде егемен елдіктің өшпейтін рухымен осылай астасып жатыр.
Ақиқат шындықты «шыңдап» қана қоймай, ғасырдан ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа «шегелеп» қалдыратын ғажайып Сөз өнерінің құдірет күші деген осындай болады.  Сонымен…
Аспан астында, жер үстінде өмір барда өнер бар. Өмір өнерге көшкенде ғана өмір, әйтпесе ол – бүгін бар, ертең жоқ уақытша пенде секілді өткінші. Заман да солай. Ал, өнер мәңгілік!

«Қоғалы көлдер, құм, сулар
Кімдерге қоныс болмаған.
Саздауға біткен құба тал
Кімдерге сайғақ болмаған.
Басына жібек байлаған
Арулар кімнен қалмаған…»

- дейді Махамбет. Пайғамбардың сөзі! Сондықтан да Махамбет құдай берген талантының арқасында аз ғұмырында өзі басынан кешкен өмірді өнерге көшірген де өлеңге айналдырып, ұрпақтан-ұрпаққа – тірілердің бәріне – бәрімізге түгел жаттатып кеткен.
Александр Твардовский нағыз жақсы өлеңді «тап-таза алтын» («чистое золото») дейді екен. Асылы, алтын деген зат өлшеулі, аз болады. Махамбет өлеңдері де со секілді аз; бәрін жиғанда бір қойын дәптерге сыйып кетеді. Ал оқып қараңыз, әр жолы – алтын; терең мағына мен мазмұн; бір мұң, бір сыр… көл-көсір философия:

«Бұзбай құлан пісірмей,
Мұз үстіне от жақпай!»

Не дейді? Құланды бірдеңе етіп «Бұзбай пісіріп» көруге болады, ал «мұз үстіне от жағу» деген не сұмдық? Жә, арғы жағын оқып байқайық:

«Мұз үстіне от жақпай,
Қу найзағай сүйеніп,
Құр далада зар қақпай,
Жалғыз жүріп ат бақпай,
Қабағыма қарыс сүйем мұз қатпай,
Қапыда қалған қасқамын,
Қақ жүректен найза түйретпей!
Жалғыз қалдым,
Адасып қалған үйректей…»

Шіркіннің бір ғана күрсінуінің өзі осындай. Батырдың ыза мен кекке қайнап аһ ұрған өкінішін бұдан артық қалай айтып жеткізуге болады. Болмайды. Мүмкін емес. Ол үшін тек Махамбет керек.
«Махамбет екі образ жасады, - дейді академик Қ.Жұмалиев. – Бірі Исатай образы, екіншісі Махамбеттің өз образы». Дәл айтқан: Махамбет бірнеше толғауында әлгідей «алтын сөздермен» майдандас ағасы – «ақ кіреуке жағасы» Исатай Таймановтың – ол басшы, бұл қосшы боп қасында бірге жүрсе де ұсынса қолы жетпес алыс «арманының – таудан мұнартып ұшқан тарланының, кермиығы – кербезінің, керіскедей шандозының, құландай ащы дауыстының, құлжадай айбар мүйіздінің, қырмызыдай ажарлының, Хиуадай базарлының, теңіздей терең ақылдының, тебіренбес ауыр мінездінің» тастан қашалғандай сом тұлғасын әуелі осылай мүсіндеп, мінездеп алады да, одан әрі бұл суретті қимылсыз  статика қалпында қалдырмай, алай-дүлей асау динамикаға көшіріп, асқақтата, аспандата шырқап әкетеді:

«Садағына сары жебені салдырған,
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған.
Тереңнен көзін ойдырған,
Сұр жебелі оғына
Тауықтың жүнін қойдырған.
Маңдайын сары сусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан.
Айқайласа белдігі байланған.
Астана жұртын айналған;
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,
Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен,
Атқанын қардай боратқан,
Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан –
Арыстан еді-ау Исатай!
Бұл фәнидің жүзінде
Арыстан одан кім өткен?!»

Паһ! Осыдан артық батырдың бейнесін жасау мүмкін бе? Текті заты тұрмақ астына мінген атына дейін аңызға айналған қарақыпшақ Қобыландының өзі тағы да Махамбетше айтқанда «толғай-толғай оқ атқан, он екі тұтам жай тартқан, қабырғасын қақыратқан, тебінгісін тесе атқан, тізгінінен кесе атқан» ессіз ер, көзсіз батыр болса, осындай-ақ болған шығар…
Батыр ақын батыр қолбасының сөз өнеріндегі мәңгілік бейнесін осылай сомдады да, бұрқанған күшке, бұла қайратқа, шиыршық атқан жігерге, ызалы ашуға, ақылды нақылға толы өлең-жырын тұтастай алғанда өзінің автопортретіне айналдырды. «Махамбеттің өз образы» деген – сол! Өйткені, оның «қорғасыннан құйылған» ап—ауыр әр сөзінен Өзін танимыз. Көнеретін архаизм да емес,  нақ екі арадағы екеуіне бірдей етене, еркін, еспе мағыналы ерке де серке сөздерді қайдан ғана іздеп тауып, қалай ғана ағыл-тегіл, ақпа-төкпе өлеңге өріп жібергеніне таң қаласыз. Контекстегі әр сөз әрін де, нәрін де келтіретін орнын дәл тауып, ойнап тұр. Ақындық шеберлік деген сол ғой!
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» дейтін Абайды ақындардың ақыны – ақыл мен сезімнің, сыр мен жырдың түпсіз терең мұхиты десек, сонау бағзыдағы «бұлт болған айды ашқан, мұнар болған күнді ашқан, мұсылман мен кәуірдің арасын өтіп бұзып дінді ашқан Сүйінішұлы Қазтуған» мен «Тоғай, тоғай, тоғай су, Тоғай қондым өкінбен; Толғамалы ала балта қолға алып, топ бастадым, өкінбен; туған айдай нұрланып, дулыға кидім, өкінбен; зерлі орындық үстінде, ал шымылдық ішінде, тұлымшағын төгілтіп, ару сүйдім, өкінбен!» деп дүрілдеп өткен Доспамбет пен Би Темірді алдымен «Алп, алп басқан, алп басқан арабы торым өзіңсің; жазылы алтын, қол кескен алдаспаным өзіңсің» деп алып, ізінше би оны «ата-тегіне, атақ-дәрежесіне сай сый көрсетпей шетке қаққан кезде бір жағы өкпе, бір жағы наразылық ретінде» (М.Мағауин «Алдаспан», Алматы, 1971 жыл, 21 бет) «Еділден аққан сызашық біз көргенде тебінгіге жете-жетпес су еді – телегейдей сайқалтып, жарқыраған беренді теңіз етсе тәңірі етті; жағасына қыршын біткен тал еді – жапырағын жайқалтып, терек етсе тәңірі етті; тебінгінің астынан ала балта суырысып, тепсінісіп келгенде тең атаның ұлы едің, дәрежеңді артық етсе тәңірі етті!» деп қолын бір сілтеп теріс айналып кеткен баба жырау Шәлгезден бермен қарай тау өзеніндей тасқындап төгілген  суырып салма (импровизаторлық) поэзияның Абай мұхитына сарқып  құяр сағасында тұрғандықтан да Махамбеттің (барлық циклін біріктіріп бір атауға көшірсек) «жорық жырлары» сол ұлы дәстүрдің жалғасы ғана емес, жаңғыра, жаңара жетілуі ретінде ақындық олимпіне самғап, парлап көтеріліп тұр. Қазақ поэзиясының ғасырлар бойғы дамуындағы бұл заңдылық әрқашан естен шықпауға тиіс.
Абайға дейінгі осы заңдылық Абайдан кейін де жалғасын тауып жатқан үзілмес «алтын арна» (Әуезов айта беретін «Золотая жила»). Өзгелерді өз алдына қойғанда «өртке тиген дауылдай өлеңі» өзінен аумаған Қасым мен «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарып» кеткен Мұқағали әдеби-эстетикалық сауатын бәрінен бұрын «Махамбет мектебінен» оқып ашқан. Бұл ұлы ақынның екі жүз жылдығына дейін зерттеліп – зерделенетін өз алдына бөлек талдаудың тақырыбы.
Махамбет - өмірдегі қасіреттің синонимі, өнердегі қасиеттің символы дейтін себебіміз: оның өзінде жеке бастың өмірі болмаған, өмірі өнеріне көшіп кеткен де қасиетке айналған жеке тіршілігінде тек қасірет қана қалған. Өзін ойламаған, өзге жайын – ел қамын ғана ойлаған. Отбасынан баз кешіп, өз рахатынан өзі безіп, ылғи ғана «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» жүргендегі мақсат-мүддесі – елінің ертеңі, дәлірек айтқанда, - біздің бүгінгі күніміз – азат Қазақ мемлекетінің  ұлы материгіндегі өзгеше бір сырлы арал болып тұрған Махамбет поэзиясының тақырыбы біреу – майдан. Не үшін болып жатқан майдан? Әлгі айтқанымыз: қазақ елінің елдігі, еркіндігі мен егемендігі үшін болып жатқан ерлік майдан. Махамбет тек осы тақырыпты ғана толғады. Оның барлық өлеңін бір жерге топтағанда «Жорық жыры» болып шығатыны сондықтан. Бұл тақырыпты ол және қаламын тістеп отырып ойдан-қырдан іздеп келіп, саусақ арасынан сауып алған жоқ, Исатай екеуі өз қолдарынан жасап алды. Сөйтті де, тек соны ғана жырлады. Адам басында болатын күллі сезім мен сыр, іс пен әрекет, қимыл мен қарекет, сайып келгенде өмір мен өлім, адамзатқа тән тағдыр мен талай… - бәрі-бәрі осы тақырып арнасында тасқындап ақты, толғамын тапты. Әдебиеттің бір үзілмес арқауы – махаббат деген мәңгілік тақырып бар; оны жырлауға Махамбеттің мұршасы болмады. Бұған келгенде қолына ұсталғаны қалам емес, найза, - қалай жырласын! Махаббатың қызығы – сүйген жар, оның қайда қалғаны белгісіз, «қосылған жаста арудың көре алмай кеттім құлашын» деп өкіне бере ізінше: қайтейін, «қатын қалса бай табар, қарындас қалса жай табар, артымда қалған ақсақал алқалай кеңес құрған күн ақыл менен ой табар»; жалғыз-ақ «кейін қалған жас бала күдер үзіп біздерден, көңілі қашан жай табар?» деп тебірене толқып барып, жә:

«Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме!!!» -

деп барып тоқтайды да өзіне және өзімен бірге жорықта жүрген жауынгерлерге, жорық жетекшісі Исатайға тоқтам салады. Сонда мазмұны мен пішіні бір ғана уақытта – Жәңгір хан тұсында, бір ғана кеңістікте – Бөкей ордасында, бір ғана тақырыпта – Исатай бастаған қан майданда, бір ғана идеяда – Қазақ халықының азаттығы мен бостандығы жолында туған, қалыптасқан, дамыған Махамбет шығармашылығы тұтастай алғанда автордың «сегіз қырлы, бір сырлы» автопортретін жасап, мұның өзі тек біздің ғана ұлттық менталитетімізге тән ерлік пен елдіктің өшпес рухына айналып отыр.

Дауылпаз ақын
Берқайыр Аманшин, жазушы

Қарадан бір-ақ тусайшы,
Артымыздан біздердің
Ақырып теңдік сұрарға
(Махамбет)
Қай елде, қай халықта да дана тұлғалар, данышпан қайраткерлер тарих ағымының биік жалында, халық тағдырының терең шайқалыс шақтарында дүниеге келетіні белгілі. Қолбасшы батыр, қаһарман ақын Махамбет Өтемісовты тудырған ондай кезеңді шақ – патша отаршылдығы мен хан өкіметінің езгісі мен қысымына қарсы бұрынғы Ішкі Орда шаруаларының 1836-1837 жылдардағы көтерілісі. Махамбет – сол қозғалыстың ұйымдастырушы, басқарушы көсемдерінің бірі, жалынды үгітшісі, жауынгер жыршысы.
1836-1837 жылдардағы көтеріліс халқымыздың көпғасырлық тарихының ең жарқын беттерінен саналады. Елдің жадында Исатай – Махамбет көтерілісі деген атпен белгілі бұл көтеріліс ел шегіндегі, халықтың өз ішіндегі одан бұрынғы да, одан кейінгі де талай қозғалыстар қатарында еңбекші халық мүддесін көздеген таптық сипатының айқындығымен ерекше тұр.
Көтерілістің себептері белгілі, ол – ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарында Россия патшалығының отаршылдық езгісінің күшейуі, қазақ даласын жан-жақтан әскери қамалдармен қоршап, ел басқарудың қатал, жауыз «тәртіптерін» орнату арқылы еңбекші бұқараны аяусыз қанауы. Қазақтың ақ киізге аунатып, хан көтерген төрелері шаруа халықты қорғай алмады, қайта отаршылдармен ауыз жаласып, бұқараны бірге талады, қорқау қасқырша жақынына шапты. ХІХ ғасырдың басында Қазақстанның күнбатыс шегінде пайда болған Ішкі Орданың ханы Жәңгір Бөкеев те европаша оқып, тәрбие алған «мәдениетті» көзі ашық адам болғанмен ел басқаруда Әбілқайыр, Нұралы бабаларынан аса алған жоқ.
Бұрын қазақтың бар байлығы мал еді, мал болса – жайлау жететін. Жәңгір ең алдымен шаруаны жерден қысудан бастады. Ол ен Нарынның жер-суын патша өкіметі өзінің жеке меншігіне берген деп ұқты да ең шұрайлысын өзі алды, туысқан төрелер мен қайын жұртына  бөліп берді. Мал баққан елдің жаз жайлау, қыс қыстаусыз күні жоқ, одан айрылғасын не қалды? Оның үстіне бұрын түтін салығына тиын-тебен төленгеннен басқаны көрмеген, оған да құнтсыз қазақ шаруасы енді жылда хан зекеті, хан соғымы, ақ киіз – қара киіз дейтін салықтар төлеуге мәжбүр болды. Бұл әсіресе қалт-құлт күн көрісі бар кедей шаруаларға жайсыз тиді. Зекет, соғым жинау кезінде төре-төлеңгіттердің қара халыққа жасаған қиянаты бастан асты, малда иелік, баста ерік қалмады. Ханға шағым айтқандар теңдік таппады. Хан тек өзінің жақын-жуық төрелерінің дегенін істеп, елдің Исатай Тайманов секілді әділдігімен, нашарға жанашырлығымен аты шыққан беделді адамдарын да тыңдауды қойды. Сосын – ақ «малым – жаным садақасы, жаным – арым садақасы» дейтін халықтың мұнша қиянат пен қысымға қарсы қайрат көрсетпей, бұғып жүре беруі мүмкін емес еді. 1836 жылдың көктемінде әуелі Атырауды қыстаған беріш ауылдары, соңынан күллі Нарынның, он екі ата байұлының шаруалары ат сайлап мініп, аламан құрып, дүр көтерілді.
Көтерілістің қалай тұтанып, қалың қауға тиген өртше көкке  шалқып, сосын ақыры қалай қанға боялып өшкені халықтың жадында. Исатай – Махабеттің сарбаздары хан мен төрелердің, байлар мен билердің ауылдарын шауып, малдарын айдап әкетті. Хан қайыны, қаныпезер Қарауылқожа, Шыман-төре, Балқы-би құсаған әбден жәбірі өткен жауыздардың үйінің шаңырағын ортасына түсіріп, жазықсыз жәбір көрген көптің кегін алды, кеткен мал-мүлкін қайтып әперді.
Көтерілістің ең кемеліне жеткен шағы  - 1837 жылғы октябрьдің аяғында Исатай сарбаздарының екі мың қолмен Хан Ордасын қамауы. Исатай осы жерде Махамбет айтқандай «құрулы жатқан жебеге құрсағынан шалдырды». Батыр әлі де болса ханмен келісімге келмек пиғылда еді, Қарауылқожаны орнынан түсіріп, хан өзі Ордада әділ тәртіп орнатады деген сенімде еді. Халықтың бар мұңы мен шерін, арманы мен үмітін көкірегінде қорытқан Исатайдың бұл сенімі ақталмады, олай болуы тарихи-объективтік тұрғыдан мүмкін де емес-ті. Арада бір-екі жұма өткеннен кейін Тастөбедегі ұрыста артиллерия қолданған патша әкері Исатай мен Махамбеттің қолын қырып салды, екі батыр қырық шақты жолдасымен Жайықтың бергі бетіне өтіп кетуге мәжбүр болды. Ақыры келесі жылы жазда Ақбұлақ суының бойында тағы да патша әскерімен айқаста Исатай Тайманов қаза тапты да, одан сегіз жыл өткенде Махамбает Өтемісовты Баймағанбет сұлтанның жалдаптары айуандықпен өлтірілді.
Исатай – Махамбет көтерілісі – халықтың даналығы мен құдыретінің айғағы. Ал деп басталуынан аяқталуына дейінгі осы он сегіз айдың оқиғасы мал мен дүние өктемдік жүргізген қатыгез, қараң заманда «халық қозғалса, хан тағында тұра алмайтынына» елді сендірді. Аз күн болса да мерейі үстем болып, азаттықтың, теңдіктің дәмін татқан халықтың рухы бір көтеріліп қалды. Махамбет Өтемісовтың де батырлық таңқы дүрлеп, ақындық жұлдызы жарқырай түскен шағы – осы тұс, осы он сегіз ай.
Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы туған, әкесі Өтеміс Құлманиязов дәулетті адам болған. Махамбеттің өзі бір өлеңінде:

Ерте көшіп, кеш қонған
Біз санаулы сәнді орданың бірі едік, -

деуіне қарағанда, бұл ауыл Ішкі Ордадағы белгілі, белді ауылдардың бірі болғанға ұқсайды.
Махамбет Өтемістің екінші әйелінен, онымен бірге бір анадан Бекмағанбет, Қожахмет, Ыбырайым, әйіп, Хасен туады. Ел аңыздарында Махамбеттің жастайынан палуан, мергендігімен, аузын ашса тақпақтата жөнелетін төкпе ақындығымен аты шыққаны айтылады. Және де ол мұсылманша да, орысша да хат білген. Қазақтың жаппай қараңғы кезінде бұлай екі тілде бірдей сауатты болу өте сирек-ті. Ондай адам өз ортасының ұлттық шеңберінде қалып қоймайды, өзге жұрттарды өгейсінбейді. Махамбет те орыс жұртымен ерте араласса керек. Бұл оның азаматтық бейнесінің қалыптасуына игі әсерін тигізбей қалған жоқ, сол кездегі қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздікке, әкімдер мен әділердің қиянатына көзін ашты, әділетсіздік пен зорлыққа қарсы жан түкпірінде өзі әлі саналы түрде ұғып үлгермеген наразалықтың оянуына себеп болды.
Ақынның жас кезінде Жайықтың бергі бетінде қазақ шаруаларын хандар мен патша қамалдарына қарсы көтерген батыр Сырым Датов жорықтарының шаңы басылған жоқ-ты. Ол соғыстар нәтижесіз аяқталғаннан кейін Нұралы тұқымының – біресе Қаратайдың, біресе Қайыпқалидың хандыққа таласқан бүліктері елдің тыныштығын бұзып, берекесін алды. Мал баққан момын шаруаның алыс-жақын жауы бар – ауылының желкесінен қарауыл түспеді, құлағынан дүбір кетпеді, аты ерттеулі, найзасы жастаулы күн кешті.
Махамбеттің жастық шағы өткен өңірде – Еділ, Жайық арасында, Қиғаш пен Қобан, Боқсақ пен Бозан суларының бойында ерте замандарда ел қорыған Қамбар, Тарғын сынды батырларды мадақтаған дастандар туған, басы сонау ертегілері Сыпыра-жырау, одан бергі Асанқайғы, Қазтуған, Шәлгез, Жиембет, Доспанбеттер сөз баптаған. Махамбеттің құдыретті өнері осындай батырдың даңқы мен ақынның даусы қатар жаңғырған аспан астында қанаттанды. Алғаш шаршы топқа түскен кездерінде ол жаугершілік заманның ақындарының дабылды жырларын толғап, соларға еліктеуден бастаса керек. Көне кітаптардың бірінде ақын ылғи да «Махамбет-жырау» деген атпен аталады. Қазақтың халық поэзиясының дәстүрінде өз жанынан сөз (өлең) шығарушы адам сол өңірдің өзінен бұрынғы өткен  айтқыштарының өлеңдерін білмейінше ақындығын таныта алмағаны белгілі. Махамбет те бастапқы кезде өзінен бұрынғы ақындардың жырларын толғайтын жырау ретінде көзге түссе керек. Сонымен бірге оның шебер  домбырашы болғаны, өз жанынан бірнеше күй шығарғаны соңғы кезде анықталып отыр.
Махамбеттей өз ортасынан биік, ойға озық, тілге жүйрік, алымды азамат елдің әлеуметтік өміріне белсене араласпай қала алмайды. Әкесі Өтеміс-биді дұшпандары Орынборда үзеңгісіне у жағып өлтіргеннен кейін орнына ағасы Бекмағанбет-би я басқа ағаларының бірі емес, Махамбеттің старшын болуы да осыны  мезгейді. Ақын өмірінің бұл бастапқы кезеңінен қазір қолда бар дерек аз. Тек бір белгілісі – оның 1829 жылы Жайықтан астыртын өтерінде қолға түсіп, Калмыков қамалында жылдан астам тұтқында отыруы. Бұдан ол елге оба тиген кезде, 1830 жылдың күзінде қашып шығады. Ақынның кейінгі кезде табылған:

Кеше біз зынданда жатып құбылдық,
Қамалған көп дұшпанға қор болдық
Терезеден телміріп,
Ағайын мен туғанды
Бір көруге зар болдық,       
- деген жолдары осы тұсты мезгейді.
Махамбеттің көтеріліске дейінгі өмірінен анық белгілі және бір нәрсе – оның Манан ауылы деген бай жерден ерегіспен қыз алуы. Ақынның бұл әйелінің аты Ұлтуған, одан Махмұд деген баласы болған (Махмұдтың Нұрбике деген қызынан туған, ақынның жиеншарлары қазір тірі, Маңғыстауда тұрады).
Махамбеттің осы тұстағы жырларынан бізге келіп жеткендері: «Жалған дүние», «Аспандағы бозторғай», «Арғымақтан туған қазанат», «Арғымақ, сені сақтадым», т.б. Мұнда ақынның уағыздайтыны – азаматтың адалдығы, әділдігі, антқа беріктігі; бейбіт өмірдің қызығы, достық, жастықтың жарастығы; сонымен бірге – уақыттың тездігі, дүниенің өткіншілігі.
Алайда, жоғарыда айтылғандай, батырлық даңқы, ақындық атағы дүрлеп шығып, Махамбетті Махамбет еткен – 1836 жылдың аласапыран көктемінен келесі жылдың қаһарлы қысына дейінгі көтеріліс айлары. Сосын – одан кейінгі сергелдең сегіз жыл.
Көтеріліс кезінде Махамбет Қиялы-моладағы, Теректі-құмдағы, Тастөбедегі айқастарда қолдың алдында болып, өз жеке басы орасан ерлік көрсетті. Бидай-далада жалғыз өзін қамалаған он шақты атты казакты найзамен қақпайлап, құтылып кетті. «Қарқыны күшті көк семсері шапқан сайын дем тартып», қып-қызыл майдандарда қас дұшпанына ойран салды. Осы ұрыстарда Қабыланбай Қалдыбаев, Қалдыбай Иманбаев, Тәни Түменов, Сарт Еділеев, Ерше, Нұрша Сартовтар, Үбі Үсеұлы, Қожахмет, Смайыл Өтемісовтер секілді талай соққыш палуан, атқыш мерген, найзагер батырлар көзге түсті. Кезіндегі Пугачевтің башқұр полковниктері секілді, Исатайдың ауыл-ауылдан ағылған қарулы жігіттерінің басына қойған «сардарлары» осылар болды. Солардың бәрінен, тіпті Исатайдың өзінен де Махамбеттің артықшылығы – қолындағы наркескені мен найзадай тілінің қатар жүруі.
Ақынның енді бұдан кейінгі кезеңдегі сөздерінде бірізді дәйектілік анық байқалады. Сондықтан бұл өлеңдерді көтерілістің ақындық шежіресі деу орынды. Енді сол ізбенен жүріп көрелік.
Жәңгірхан мен оның сыбайластарының, әсіресе көбіне-көп хан қайыны Қарауылқожа Бабажановтың қара халыққа істеген қисапсыз қиянатын бас-бас сайын тізіп, Исатай мен Махамбет және де басқа халық өкілдері қол қойып, патша өкіметіне әлденеше рет «ғарза»(арыз) түсіргені белгілі. Олардың барлығы дерлік Махамбет пен Жақияның (Исатайдың баласының) қолымен жазылған. Бұл шағымдардың ешбірі әділ тексерілмеді, арыз иелерінің заңды талабы қанағаттандырылмады. Махамбет елдің осы қыраур шағымын, шексіз наразылығын ақындық бір-ақ деммен айтылған аз-ақ сөзде жиынтықтайды. «Хан емессің – қасқырсың… хан емессің – ылаңсың!» деп, ол Жәңгірдің момын елді аяусыз талаған жыртқыштығын, ылаң салғыш бүлдіргіштігін бетіне басады. Ақынның таптық сезімі өте өткір, ол ата жауымен ымыраға, мәмлеге келуге болады деп түсінбейді. Кейін Баймағанбет-төренің алдында айтатын:

Хан баласы ақсүйек-
Ежелден табан аңдысқан
Ата дұшпан сен едің,
Ата жауың мен едім,-

Деген сөздері де осының айғағы. Көтерілісші сарбаздардың нағыз көкейіндегісін, нанымы мен сенімін жарқырата алға шығарған бұл сөздер Исатай туының астында ұран боп жаңғырды. «Айғайласып жауға ти! Тәңірім білер, жігіттер, ажалымыз қайдан-ды!» деп, астана жұртын айналып, жар салған дауылпаз ақын та жауымен айқастың қанды қырғын, қаталдығын толғайды. Бұған  тек:

Толарсақтан  саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туған қатепті
Қайыспас қара нар керек…
Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де
Қабағын шытпас ер керек.

«Соғыс» деген өлеңінде ақын көтерілістің ең шырқау шегіне жеткен күнін – 1837 жылғы 15 ноябрьдегі Исатай қолының Тастөбеде патша әскерімен соғысын суреттеген. Бұл ұрыс – көтерілістің ең соңғы қанды нүктесі.
Көтеріліс жеңілді, келесі жылы жазда Ақбұлақтағы айқаста Исатай қаза тапты. Исатайды жоқтаған «Мұнар күн» сияқты жырлар осы тұста туды. Бұдан кейінгі сегіз жыл – ақын өмірінің ең ауыр кезеңі.
1841 жылы көктемде патша өкіметі Махамбетті Атырау жағасындағы ауылдардың бірінде тұтқындап,Текеге (қазіргі Оралға), одан Орынборға айдайды. Әскери сотқа беріліп, өлім жазасына тартылатын жерінен орыс офицерлерінің ішіндегі достарының көмегімен құтылып кетті. Осындай сүргінді шақта да ақын көңілінің кең сарайы оқуға, өнер-білімге айқара ашық еді. «Өнер-білім бар жұрттардан» тағылым алған ол өз баласы Нұрсұлтанды орысша оқуға бермек болып, Орынборға, бұл жолы енді өз еркімен, сапар шекті. Қандай игі тілек, жақсы талап! Өз баласын халқына пайдалы қызмет ете алатын, көзі ашық, көңілі ояу азамат етіп шығармақшы.
Не пайда, ақынның тілегі орындалмады. Күні кеше ақ патша мен ханға қарсы көтеріліс бастаған атақты батыр, жауынгер ақынның баласын патша өкіметі оқуға алмады. Оның орнына Махамбеттің үстінен елдің әкім-қараларының берген шағымдарын қайта көтеріп, үсті-үстіне жауапқа шақырып, соңына шырақ алып түсті. Бұның аяғы келіп, ақынның 1846 жылғы ноябрьде Қарой деген құдықтың басында Баймағанбет жалдаптарының қолынан қаза табуына әкеп соқтырғаны белгілі.
Қаройдағы қанды оқиғаның аз-ақ алдында Кіші Жүздің Күнбатыс бөлімінің сұлтан-правителі Баймағанбет Айшуақовтың Елек бойындағы ордасында ақын өзінің қыр соңынан қалмай қойған қарақұлағы, осы бір хан баласы ақсүйекпен ақтық рет кездесті. Атақты «Мен – мен едім, мен едімді» Махамбет осы жерде айтқан. Баймағанбеттің бетін шиедей қылып, әбден жерлеп келіп-келіп:

Хан баласы ақсүйек –
Байеке-сұлтан сен болып,
Сендей нар қоспақтың баласы
Маған оңаша жерде жолықсаң,
Қайраңнан алған шабақтай
Қия бір соғып ас етсем,
Тамағыма қылқаның кетер демес ем! –
деп салды.
Махамбет халық көңілінің тұнығындағы ең асылын – еркіндікті, теңдікті, жақсы тұрмысты аңсаған арманын, ата жауына деген қаны қатқан өші мен кегін, азаматтың антқа берік адалдығы мен арыстандай ерлігін көкке көтере мадақтады. Ақынның қызыл оттай қызулы, қылыштай өткір, селдей серпінді сөздері қараңғыда алдан жарық күнді қармаған қалың қазақтың ақ жүрегіне толқу салды, ер көңіліне жел берді. Махамбет жырларын оқыған адам тез тұтанып, терең тебіреніп, Исатай сарбаздарының сапында айқасқа кіргендей, жеңіс қуанышын, жеңіліс күйігін бірге кешкендей сезінеді. Ақынның құдіретті сөзінің күні бүгінге дейін сыры кеткен жоқ, сыны түскен жоқ.
Ғасырлар бойы әлдилеген арманына – азаттық пен теңдікке Ұлы Октябрь социалистік революциясы жеңісінен кейін қолы жеткен, қайта туған қазақ халқының түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениеті мен әдебиеті жедел дамып, көркейді. Махамбет жырлары халқымыздың мәдени мұрасының, рухани қазынасының ең асылынан саналады.
Махамбет өлеңдері соңғы рет 1974 жылы «Ереулі атқа ер салмай» деген атпен басылып шыққан. Онда ақын жырларының  Х.Жұмалиев редакциясымен дайындалған 1962 жылғы басылымы негізге алынған-ды. Сонымен бірге Махамбеттің өмірі мен творчествосын зерттеудегі кейінгі деректерге сүйеніп, ақын өлеңдерінің құрылымы мен текстіне қажеттігі күмәнсіз деп танылған бірсыпыра түзетулер енгізілген – ді. Бұл өзгерістер кітапқа берілген «Түсініктерде» тарихи - әдебиеттану тұрғысынан мүмкін-қадарынша негізделген.
«Жыр - семсер» кітабында Махамбет өлеңдері сол соңғы 1974 жылғы басылым бойынша еш өзгеріссіз берілді.
Бұл кітап Махамбет Өтемісұлының туғанына 175 жыл толуына орай шығарылды.


Махамбет мұралары
И. Кенжеалиев ақын мұраларын зерттеуші ғалым

Сонда да жанашыр қауымның қамқорлығы тимей жүрген бiр жай бар. Ол- Махамбеттiң тарихи мұрасын iздестiрудiң жеткiлiксiздiгi. Республика мен облыстың  басшылары, ғылыми, әдеби, тарихи орта ұлы бабамыздың қоғамдық-саяси қызметi жайлы деректердi, оның ақындық шығармашылық, сазгерлiк мұраларын жинастырып, жарыққа шығаруда мардымды жұмыс iстей алмай келедi.
Махамбет жайлы жиырма жылдың үстiнде iздестiру-зерттеу мақсатында ел аралап, архивтердi ақтарып, жиған-тергенiмiздiң бiрқатарын баспасөз бетiнде жариялап, бабамыздың бай мұрасын халқымыздың игiлiгiне жаратуға қолдан келгенiнше атсалысып келемiз. Бұндағы айтайық дегенiмiз: батырдың қызметi туралы, өлеңдер жинағы жөнiнде әлi де тиянақты ғылыми тұрғыдан дәйектi кiтаптар көрiнбейдi. Кейбiр жерлестерiмiз еңiреген ердiң еңбегiне жеңiл-желпi қарайды екен. Сондайдың салдарынан болар, Махамбеттiң әдеби, музыкалық шығармаларын жинастыру кемшiн. Атырауда талай тарихшы, әдебиетшi, т.б. мамандар, көптеген қоғамдар, iрi кәсiпорындар бола тұра, осы күнге дейiн оның жанкештi болып, шыбын жанын шүберекке түйiп, жүрiп өткен жолдарын анықтаумен ешкiм шұғылданбайтыны өкiнiштi.
Өзiм Аштарқан мен Қиғаштан, Орда мен Бекетайдан бастап батыр бабамыздың жүрген iздерiн Ақтөбеге дейiн iздеп барған болдым. Бiрақ жалғыз адамның iсi өне ме? Көрiп-бiлгендерiмнiң кейбiрiн архив деректерiне қосып, екi-үш рет Махамбет туралы қысқаша болса да тарихи очерк жазып, кiтапша етiп шығарғаным белгiлi. Олар да аз тиражбен шықты да, көп оқырманның қолына тимей қалды.
Оқу орындары студенттерiнiң Махамбет iзiне түсiп ұстаздар басшылығымен жаңа мәлiметтер жинауына болар едi.  Мысалы, оның “Едiл үшiн егестiк…, Қиғаш үшiн қандастық…” деген тарихи сөздерi бойынша жастарға Тептер, Қиғаш өзендерiн көрсетiп, тарихи-әдеби мәлiметтер жиналса, шәкiрттер оқу материалын терең  меңгеруге талпынып, әрi патриоттық тәрбие алар едi. Махамбеттiң “Күйген", “Қарақамыс” деген жерлерде болғандығы, ол араның жер бағдарын, табиғатын, кiмдер тұрғанын, қандай шаруашылықпен айналысқанын, қазiргi жайын т.б. мәлiметтер жинастырылса, тарихшы, географ, әдебиетшi т.б. мамандыққа үйренушi жастардың туған өлкенi бiлуiне, өмiрдi тануына пайдасы тимей ме? Отан деген осындайдан басталмай ма? Немесе көбiмiз бiлмейтiн Пороховин батағасы, Кульпин, Кокарев, Тудецкий т.б. Махамбет iзi түскен мекендердiң қазiргi орнын анықтаса, тарихшыларға көмек, бұлар оқырмандар қызығатын мәлiметтер шығар едi.  Батыр  бабамыз
“Жайық  үшiн жандастық” деген ғой. Ол қай Жайық?  М. Неталиев секiлдi жерлестерiмiз Жайықтың не Қаракөлдiң екеуден екенiн бiлмейтiн сияқты. Ганюшкино жағында тағы бiр Жайық, Казгородок маңында екi Қаракөл барын анықтап, нақты пiкiр айтылса, қазiргi орындарына анықтама берiлсе, тарихымызды таразылауға едәуiр септiгiн  тигiзер едi.
Айта берсек, Атырау облысында Махамбет есiмiне байланысты жерлер көп. Оның балалық шағы Топайлы тұсында өткен. Үйшiкте, Сарайшықта талай болған. Дуан деген жерде 1841 жылы 6 наурызда ұсталған. Бұларды екiнiң бiрi бiле бермейдi. Бiр таңғалатынымыз: Құлманияз ұрпағының мекенi –Борсанды Атырау тұрғындары еске алмайды. Шыбынтай мен Өтемiстiң балалары Бекмағамбет Өтемiсұлының бастауымен 1860 жылы осы ата қонысы- Борсанға Нарын жағынан көшiп келген. Батыр баба жайлы тарихи әңгiмелер мен ақынның өлеңдерiн Құлманияз ұрпақтары бiлуге тиiс. Солармен кездесiп, әңгiмелесу қажет-ақ.
Әрине ел iшiнен материал жинау оңай шаруа емес. “Қарабаудағы Дияр деген азамат бiледi” – дегесiн мен оған үш рет бардым, бiрақ “бiлмеймiн” деп жолатпады. Ең болмаса Бекмағанбеттiң, Құлманияз ұрпағының бейiтiн де айтпады. Бұ да түсiнiктi. “Журналистер алған материалды шала түсiнiп не өз мақсатына бұрмалап қате жазады”- дейдi ол. Жалпы, қазыналы кәриялардан тарихи, әдеби мәлiметтер жинау қиын екенiн басымыздан кешiрiп жүрмiз. Оған бiр жағынан, өткен кеңестiк қатыгез саясат кiнәлi болса, екiншiден, өзiмiздiң –қаламгерлердiң алған материалына атүстi, ұшқалақ қарауы да әсерiн тигiзуде. Алған мәлiметтерiмiздi байыптап тексерiп, басқасымен салғастырып жатпаймыз. Мен мұны өзге әрiптестерiмiзге сабақ болсын деп жазып отырмын.
Тарихи оқиғаларда шындық бiреу ғана- соны тауып, дәлелдеуiмiз керек. Ал шала iстерге, атүстi әңгiмелесуге кәриялар қарсы. Олар iлтипаттылықты, оңаша отырып, асықпай, жаймашуақ әңгiмелесудi қалайды. Содан болар, Қарабауда тұратын Көжеков Шыңғыс деген атай соңғы жылдарға дейiн ешкiмге Махамбеттiң отбасы, туыстары және оның жырлары туралы жартымды мәлiмет бермеген екен. Бiз бұл кiсiмен 2-3 рет кездесiп, сөйлестiк. Жасы ұлғайған адамның көңiл күйi құбылмалы келедi, денсаулығы да өзгерiп тұрады. Әрине тiл тауып, сөйлесу оңай емес. Жалпы алғанда Шыңғыс атай ерте сауат ашқан, өз туыстары, ата-бабасы жайлы жақсы бiлетiн кiсi екен. Бiрақ ұзақ отырып сөйлесе алмайды, шаршап қалады. Шыңғыс атай Мөңкеұлы Мұрат, Қуан. Ы. Шөрекұлы, Халел Досмұхамбетұлы, Қажым Жұмалиев құрастырып шығарған еңбектерiмен жақсы таныс екен. Олардың берген дүниелерiнде Махамбет өлеңдерi түгел емесiн, көп шумақтардың ұмыт қалғанын, не шатастырып орны ауысқанын, тақырыптары өзгергенiн жене жаңсақ пiкiрлер көп екенiн айтты. Әуелде бiр тыңғылықты, бiлетiн адамдардан анық-қанығын мұқият жинап, тұпнұсқасын жарияламағасын, кейiн Махамбет шығармаларын құрастырушылар аударып-төңкерiп, баспадан шығара берiптi. Солардың iшiнде Берқайыр ағамыз шығарған жинақта ақын өлеңдерiнiң көп жолдарын алып тастап, ұқсастық қуып, бiрiн-бiрiне орынсыз қосқанын қәрия қынжыла айтып едi. Махамбет жинағын құрастырып шығаруда әлi де шалағайлық көп. Бiз жанашыр қауымға iстiң мәнжайынан хабар берiп отырмыз. Махамбеттiң күйлерiн жинауға да қатысып, сұрастыра жүре Атырау азаматтарының көмегiмен тiкұшаққа мiнiп, Калмыковқа шұғылдатып бардық, онда тұратын Қанаш  Иманбаевтан 10 шақты күйлерiн магнитофонға жазып алдық. Бұл жөнiнде “Қазақ әдебинтi” газетiнiң 1979 ж. 12 қазандағы санында жариялағанбыз. Сол тапқанымызды нота бiледi ғой деп Қ.Ахмедияровке берiп, ол бұл күйлердi менен алғанын жазбаса да, кiтап етiп шығарған. Бiрақ әлде де Махамбет күйлерi табылар деген үмiттемiз.
Айтпағымыз: Махамбет биыл 190 жасқа толады. Оның мерейтойын атап өтейiк. Бұл тойдың ең басты мақсаты – жастарымызды, қалың оқырманды Махамбет өнегесiмен, оның асыл мұрасымен барынша толық таныстыру болса деймiз. Қазiргiдей қысталаң заманда ас берiп, ат шаптырып ысырап болудан гөрi Ұлы Махамбеттiң өмiрi мен қызметi жайлы деректердi, жырлары мен күйлерiн тағы да жинастырып, кiтап етiп шығарсақ, халық үшiн үлкен бiр iстi тындырар едiк. Бiздiң ойымызша, ол үшiн тиiстi мекемелер, қоғамдық ұйымдар, күллi жанашыр қауым Махамбет жинағын бұрынғыдай қалай болса, солай шығара салмай, ғылыми комиссия құрып, қатаң талап қойып, тексертiп, толықтырып шығаруға атсалысса деймiз. Бұл жерде Құлманияз ұрпағы туралы әлi де толық мәлiмет жиналуы қажеттiгiн еске сала кеткiм келедi. Олардың әрқайсысының бiлгенi шөкiмдей болса да, қағазға түсiрiлгенi және ақынның тiкелей өз ұрпағы анықталғаны жөн. Сонымен бiрге ел iшiнде Махамбет жырлары жазылған қолжазбалар, оны жатқа бiлушiлер, оның тарихын ашушылар бар деп естимiз. Солардың бәрiнен ерiнбей-жалықпай деректер жинастырсақ деймiн.


Ақпарат көзі: www.Tegin-Referat.kz
№1 Қазақстандық рефераттар порталы!!!

 


Скачать