Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникация ерекшеліктері мен проблемалары


КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Қазақстан Республикасындағы саяси коммуникацияның ерекшеліктері мен проблемаларына саясаттанулық талдау жасалды, қазақстандық қоғамның жаңаруы барысындағы оның орны анықталды, саяси коммуникацияны тиімді қолдануға нақты ұсыныстар берілді.    
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі таңда отандық саясаттану ғылымында саяси институттар, саяси процестер мен саяси технологияларды зерттеуге көбірек мән берілуде. Дегенмен әлі де болса саяси ғылымда кешенді түрде зерттеуді қажет ететін тақырыптар баршылық. Соның бірі – еліміздегі саяси коммуникация мәселесі. Сол себептен, саяси коммуникацияны кең тұрғыда зерттеудің қажеттілігі Қазақстандағы саяси жүйенің нақты тұрақтылығымен және оның демократиялық қайта құрулар кезіндегі маңыздылығымен байланысты сипатталады. Бүгінде қазақстандық қоғамның барлық салаларында жүзеге асырылып жатқан саяси модернизацияның нәтижесі, ақпараттық-коммуникациялық кеңістіктің өзгеруіне, кеңестік саяси жүйенің ыдырауына орай, қалыпты байланыстардың үзілуіне және көбінесе вертикальды қатынастардың қалыптасуына алып келді. Сонымен қатар қоғамдағы саяси процестер мен институттардың өзгеруіне байланысты саяси-коммуникациялық сферада қоғамдық-саяси өмірдегі қайта құруларға сәйкес жаңа қатынастар дами бастайды.
Тоталитарлық жүйе кезінде билік халықтың алдында есеп бермейтін, қоғам биліктің қызметінің насихатталу жағынан ғана хабардар болып, оған ықпал ету жағынан мүмкіндігі шектеулі болатын. Ал, қазіргі кездегі Қазақстандағы демократиялық жағдайдағы жаңа саяси жүйенің қалыптасуы мен даму мәселелері еліміздегі қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынастарды зерттеудің пісіп-жетілгендігін көрсетеді. Саяси жүйедегі біржақты байланыс біртіндеп екіжақты қарым-қатынасқа орын береді, яғни, мемлекеттік билік органдары мен халықтың ашық жұмыс істеу жағдайында, олардың өзара әрекетін тудырады. Бұл қатынастардың болашағы көбінесе Қазақстандағы саяси және әлеуметтік жүйенің тұрақтылығына байланысты. Посткеңестік кезеңнің тәжірибесі көрсеткендей, объективтіліктің, тиімділіктің, екіжақты саяси коммуникациялық байланыстардың жоқтығы келешекте түрлі әлеуметтік шиеленіске, күрделі жанжалдарға, күтпеген оқиғаларға, саяси институттардың заңдылығының құлдырауына, дағдарысты жағдайлардың пайда болуына алып келеді.
Қазақстандық қоғамды модернизациялау барысында саяси коммуникацияның алатын орны мен рөлін, оның ресейлік және шетелдік тәжірибелерін игере отырып, елімізде қалыптасып келе жатқан өзіндік даму ерекшеліктері мен проблемаларын анықтау қажет. Сол себептен, саяси коммуникацияның Қазақстан Республикасындағы саяси субъектілердің өзара және қоғаммен арадағы байланысты жүзеге асыруының ашықтығын, көпқырлылығын анықтау мен нығайтудың түрлі тәсілдері мен әдістерін зерттеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі саналады. Қазақстан Республикасындағы саяси жүйенің түбірлі өзгерістерге ұшырауымен бірге, саяси коммуникацияның да тиімді құралдары күн санап даму үстінде. Бұл еліміздегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудің жаңа бір белестерге көтеріліп келе жатқандығын көрсететін саяси процесс. Саяси ақпараттардың таралу жолдары мен байланыс құралдарының санының ұлғаюы, қазақстандық қоғамның әртүрлі топтарының мүдделерін көрсететін саяси процесс акторлары санының өсуіне алып келетін саяси позициялардың қажеттілігін күшейтеді және саяси коммуникация рөлін мұқият зерттеуді талап етеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Демократиялық дамудың жалпыға бірдей танылған заңдылықтары мен біздің қоғамымыздың дәстүрлерін үйлестіре отырып, біз одан әрі де саяси және мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделін жетілдіру жолымен жүре беретін боламыз», – [1] деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан еліміздегі саяси коммуникацияның қалыптасуы мен даму жолдарын кеңінен зерттеп, оның тәжірибеде іске асырылу принциптері мен тәсілдеріне талдау жасау тақырыптың өзектілігін аша түседі. Осымен байланысты ізденушінің ғылыми-зерттеу жұмысы билік пен қоғамның өзара қарым-қатынасындағы маңызды мәселелерді ашып көрсетуге арналған.
Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін алғаннан бастап демократияны нығайту мақсатында саяси салада түрлі реформаларды жүзеге асырып келе жатқан посткеңестік мемлекеттердің бірі. Соған орай, еліміздегі билік пен қоғам арасындағы өзара түсіністік мәселесі кезек күттірмей шешімін табуы тиіс мемлекеттік ақпараттық саясаттың бір бөлігін құрайды. Көптеген дамыған елдерде саяси субъектілердің бір-бірімен және қоғаммен ақпарат алмасуының, яғни, өзара байланысты реттеу қызметін көрсететін мемлекеттік саясаттың бір жүйеге келтірілген нақты ақпараттық жүйесі құрылып, арнайы іс бағдарламалары қабылданған. Қазіргі таңда мемлекетімізде билік пен қоғамның өзара қатынасы мәселесі әлсіз дамыған деуге болады, билік қоғам тарапынан болатын талаптарды көбіне ескере бермейді. Біздегі қоғам мен билік арасындағы өзара байланыс тек сайлау науқандары кезінде нақтылы байқалады, ал қалған уақыттарда айқын түрде назардан тыс қалатыны белгілі. Осыған байланысты, еліміздегі билік пен қоғамның өзара түсіністік қарым-қатынасын орнатудағы саяси коммуникация мәселесін талдау және оны жүзеге асыру міндеті өте өзекті мәселеге айналады.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары елімізде жүргізілген әлеуметтік-экономикалық реформалар саяси жүйеге елеулі түрде ықпал ете отырып, қоғамға көптеген өзгерістер мен қиындықтар әкелген еді. Қоғамның нарықтық қатынастарға бейімделу процесі күрделеніп, ол мемлекет тарапынан болатын қолдауды қажетсінді. Дәл осы сәтте, Қазақстан өз алдына дербестікті ұстана отырып, халықтың әл-ауқатын, экономикалық, саяси жағдайын ескере келе, жаңа саяси жүйені қалыптастыруға бет бұрған еді.




Скачать