Алтын Орда дәуіріндегі Қазақстан


Татар-монғол тайпаларының саяси жағынан басын біріктіріп, монғол феодалдық мемлекетінің негізін салушы Темучин болды. Ол 1155 жылы ірі ноян Есугей баһадүр отбасында туылған. Темучин ер жете келе қол астына монғолдың барлық тайпаларын біріктіреді. 1206 жылы көктемде Онан өзені жағасында Темучинді жақтаушы монғол ақсүйектерінің құрылтайы болып оны Шыңғысхан деген атпен монғол ұлысының әміршісі етіп жариялайды. Шыңғысхан әскери-ұйымдастыру принципін мемлекеттік құрылыстың негізі етіп алады. Елдің бүкіл жері мен халқы он қанат (барунғар), сол қанат (жоңғар) және орталық (гол) атты үш әскери әкімшілік округке бөліп, әрбір округте он мың адамнан тұратын бірнеше түмгелер (түмендер) болды. Олар өз кезегінде "мыңдық", "жүздік", "ондықтан" тұрды. 1207-1208 жж. қысында Шыңғысханның үлкен баласы Жошы Енесей қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігіндегі басқа да "орман халықтарын" бағындырды. 1208-1209 жж. Шыңғысхан әскерлері тұтқиылдан шабуыл жасап, танпұттық Си ся мемлекетін күйретті. Шыңғыстың қахарынан сескенген қазіргі Шығыс Түркістан аймағындағы ұйғырлар монғолдарға өз еркімен берілді. 1211 ж. Шыңғысхан қолы Солтүстік Қытайға бет алды. 1215 ж. олар сол кезде Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжундуды (Пекинді) бағындырды. Қытайда монғолдар соғыс ісінің сол замандағы жоғарғы техникасымен танысты. Қытайдан көптеген қару-жарақ, қамал бұзатын машиналарын, оны пайдалана білетін адамдарды алған Шыңғысхан жауынгерлік дайындығын күшейте берді. Сөйтіп, ол Шығыс Европа мен Алдыңғы Азияға жол ашатын Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алуға дайындалды. Бұл үшін ол мұсылман көпестерінен, босқындардан мәлімет жинады.




Скачать