Бұрындық хан
Бұрындық хан – Керей ханның үш ұлының бірі. Бұрындықтың қашан дүниеге келгені белгісіз. Орта ғасырлардағы жазба деректердің үзік-үзік мәліметтеріне сүйене отырып, оның өмірінің 40-50 жылдық кезеңін қалпына келтіруге болады. Бұрындық ханның өмірі Қазақ хандығы тарихының алғашқы дәуірімен тығыз байланысты. Сондықтан да хандық тарихындағы ірі оқиғалар мен дамулар оның өміріндегі белестер болып есептеледі. Жазба деректердің өте тапшылығына қарамастан, Бұрындық хан өмірінен бірнеше белесті айқын көруге болады. Бұрындықтың хандықтың құрылу үрдісіне қатынасуы 1469-73 жылдардағы оқиғалардан көрінеді. Осы жылдары Қазақ хандығына қатысты мынандай оқиғалар болған еді: 1469 жылы Әбілқайыр хан Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы жорық ұйымдастырып, сол жылдың қараша-желтоқсан айларында орта жолда қайтыс болды. Орнына екінші ұлы Шайх-Хайдар отырады. Оның билігі туралы деректердің бәрі оң баға бермейді. «Тарихи Кипчакидің» авторы Ходжамқұлы-бек Балхи оның жеке басына мынадай сипаттама береді: «Ол жұмсақ мінезді және жігерсіз адам болатын, басқару ісіне өз бетінше қадамдар жасауға қабілетсіз еді» (XV-XVIII ғ.ғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары.- Алматы, 1969.- Б.393). Осыны пайдаланып Әбілқайырдың кешегі жаулары әр тараптан жорықтар жасай бастайды. Қазақ хандығынан да бірнеше жорықтар жасалады. «Тауарихи гузидан нұсрат-намадан» басқа «Шайбани нама», «Фатх нама», «Бахр ал-асрарфи манакиб ал ахиар» шығармаларының дерегі бойынша «көшпелі өзбектер» мемлекетін талқандауда қазақ хандығы жағынан тек Жәнібек хан ғана аталады. Ал Керей ханның аталмауын, ол 1469 жылға дейін қайтыс болған дейміз. Бұрындық Керейдің үлкен ұлы болғандықтан әкесінің ұлысын басқаратыны өзінен-өзі түсінікті. Керейдің қашан қайтыс болғандығы жөнінде аңыз дерегі былай дейді: «Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей хан Хан тауына жерленіпті». Аңызды ел аузынан жинап, жариялаған белгілі археолог М.Елеуов. Керейден соң хандық билік Жәнібек ханға өтті. Скачать |