Қабанбай батыр
Мәмбет – Қожақұл, одан Қабанбай батыр туылған. 1691 жылы етегі Алакөлге малынып жатқан Тоқта-Барлық тауының маңында, Барқытбелдің күнгей жағына орналасқан Мәмбет ауылында Ерасыл (Қабанбай) дүниеге келген. XVIII ғасырдың бас кезінде, яғни 1702 жылы Барлықтағы алғашқы айқаста әкесі Қожақұл батыр аз адаммен қоршауда қалып, ақыры ауыр жарақаттан мерт болады. Ерасылдың он бірге жаңа толған кезі еді. Қожақұл батырдың көзі жұмылған соң бас иесінен айрылған Мәмбет ауылдарына жыл сайын ойраттар шабуыл жасап, тал түсте жылқыларын айдап әкете беретін әдет тапты. Сондай бір кезекті шапқыншылық кезінде қалмақтар жылқы күзетіп жүрген Қабанбайдың ағасы Есенбайды қолға түсіріп, қорлап өлтіреді. Аямас жауыздар қанжармен жас жігіттің қарнын жарып, шалажансар күйінде далаға тастап кетіпті. Есенбай жалғыз інісі Ерасылды маңдайынан шертпей, қатты еркелететін. Соның арқасында әкесінің де жоқтығы білінбей, жетімдік көрмей, бұла боп өскен еді. Аға өлімінен кейін, он алтыға жаңа толып, әлі оң-солын танып үлгермеген Ерасыл көзге қамшы тигендей мәңгіріп қалды. Әсіресе, қорлағаны, азаптап өлтіргені жанына қатты батты. Есенбайдай азаматтың қаны текке кетпес, қалмаққа қолма-қол аттанармыз, қарымта қайтарармыз деп ойланған. Жоқ, олай болмады. Бәрінен де елдің етекбастылығы, асықпайтын ағайынның керенаулығы көңілін қалдырды. Не керек, әйтеуір, іргедегі қалмаққа аттанып кек қайтаратын, тым құрыса жауға қыр көрсетіп, азаматтың құнын сұрайтын бір пенде табылмады. Ерасылдың күте-күте төзімі таусылып бітті. Ақыры тәуекелге бел байлаған Ерасыл не де болса қалмаққа жалғыз аттанбақ болды. Қанға – қан, жанға – жан! Ағасынан жаны артық па? Осы жолы не Есенбайды өлтірген қалмақты тауып, қанын ішеді. Не ағасының артынан бұл да мерт болады – екінің бірі! Ақыры кек алмай жаны жай таппасына көзі жетті де, жылқыдан төл аты – Ардакүреңді ұстап мініп, ешкімге жөнін айтпастан, шығысты бетке алып тартып отырды. Мөлшерлегеніндей-ақ, Сарыбелдің шығыс қапталына қалмақ ауылдары сұғына кіріп отыр екен. Ерасыл мал көздеп жүрген адам болып, алға қарай ішкеріледі. Қолында қаруы - әкесінен қалған төрт қырлы қаратамақ найза, қайқы қара қылыш пен екі жүзді алмас қанжары бар. «Жалғыздық жары – құдай деуші еді. Уа, пәруардігер, өзің жолымды оңғара көр!» деп тіледі ішінен. Қалмақтарда жалшы болып жүрген қырғыз жігіті Ердененің көмегі арқасында Өлжежырғалмен жекпе-жектің сәті түсті. «Я, аруақ, өзің қолдай көр!» деді қанжарының сабын сығымдай түскен Ерасыл. Скачать |