Кенесары хан 2


Қазақ халқының патшалық Ресейге, Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы жүргізген ұлт-азаттық күресін басқарушы. 1827-жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Кенесарының әкесі Қасым мен үлкен ағасы Саржан бастаған жасақтар орыс ауылдары мен керуендеріне шабуыл жасап тұрды, қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босатты. Міне солардың жолын жалғастырушы Кенесары Қасымов та мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді.

Кенесары Қасымов өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді. Қиын-қыстау шақтағы ортақ мүдде – ұлттың азаттығы үшін осындай әрекетке баруының өзі ұлылық емес пе?! Патшаның «бөліп ал да, билей бер» деген саясаты қазақ даласына кеңінен таралуы, елдің қатты наразылығын туғызуы оның жақтастарын көбейтуі заңды еді. Сонымен бірге, Кенесарыға қарсы шыққан рулар да болды.

1841-жылы Кенесары Қасымов хан сайланды, оның саясатының басты мақсаты қазақ хандығын қайта қалпына келтіру болды. Кенесары мемлекетті басқаруда шариғаттың негізгі ережелерін енгізді, сонымен бірге, билер сотын қалпына келтірді. Мемлекет пен оның әскерін нығайту жолдарын жетік білетін хан мұсылмандық құқық ережелерін бекітті. Салық саясаты да оны тиімді жолмен жинауға бағытталды.




Скачать