Тұрар Рысқұлов
Қазақ халқының көрнекті перзенті, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов өзі өмір сүрген кезеңде туған елінің болашағы үшін көп нәрсе жасады. Рысқұловтың артына қалдырған өшпес мұрасы – саясат, экономика және рухани құндылықтар тақырыбына жазған публицистикалық, терең зерттеу еңбектері мен мақалалары бүгінде өз ұрпағына қызмет етуде. Әсіресе, солардың ішінде экономика және қаржы-қаражат мәселелеріне арналған еңбектерін ойшылдар мен жас ғалымдар әлі күнге дейін іздеп оқиды. Күні кеше Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде тұңғыш рет “Бірінші Рысқұлов оқулары” халықаралық конференция мәртебесінде тұсауы кесілгені осы құрметтің және орынды ардақтаудың көрінісі деп санауға болады. Оған Ресейдің, Литваның, Қырғызстанның, Түркияның, Қытайдың, Оңтүстік Кореяның, басқа да елдердің ғалымдары және білім беру мекемелері, еліміздегі банк секторлары, министрліктер мен халықаралық ұйымдардың, елшіліктердің, ірі фирмалар мен компаниялардың жетекші өкілдері қатысуда. – Рысқұлов оқуларының аса мәнді болатын себебі, бұрын бір-бірімен онша байланысы жоқ жеке-дара ғылыми шаралар өткізіліп келген болса, енді елдегі жетекші экономикалық жоғары оқу орнының базасында жыл сайын өтетін бұл Оқулардың өзіндік дәстүрі қалыптасып, ол қазақстандық және шетелдік экономистердің ғылыми ой бөлісуінің, отандық және әлемдік экономиканың ең бір көкейкесті келелі проблемалары бойынша теоретик ғалымдар мен осы мәселемен тікелей айналысушылардың арасындағы пікірталасының өнікті бір формасына айналмақшы, – деді Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ректоры, профессор Әли Әбішев халықаралық конференцияның ашылу салтанатында. – Біз өз дамуында сапалық жаңа күйге ұмтылатын қоғам дамудың біртұтас байыптамасына ділгер болатынын өктем түрде сезінеміз. Әлеуметтік-экономикалық үдерістер эволюциясы векторының айқын бейнесін нақ сол бере алады және сонысы арқылы жаңартудың шынайы, ғылыми негізделген бағдарламаларын әзірлеудің негізіне айналады. Рысқұлов оқулары университеттегі ғылыми қызметті барлық деңгейде қарқындатып, дарынды зерттеушілердің ғылыми баяндамалар мен хабарламалар жасауының мінбесіне айналуы қажет. Скачать |