Халел Досмұхамедов
Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым. Мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын: саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы. 1883 ж. сәуірідің 24 бұрынғы Орал облысы, Гурьев уезі, Тайсойған болысы, (қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданы) Тайсойған құмында №4 ауылында дүниеге келген.Ағасы Дәулетүмбет Машақұлының ықпалымен әкесі Досмұхамед ауыл молдасынан хат таныған Халелді жергілікті орыс қазақ мектебіне береді. Мектепті жақсы бітірген Халел 1894 жылы Теке қаласындағы Орал әскери-реалдық училищесінің даярлық класына қабылданып, оны үздік бітіреді де, тағы бір жылға қосымша класта оқуға қалдырылады. Сосын Санкт-Петербург императорлық әскери-медицина академиясына латын тілінен қосымша емтихан тапсырып түскен. Студенттік өмірі империяның саяси толқуларға толы кезеңімен тұстас келіп, оның саяси білімін жетілдіріп, қалыптасуына әсер етті. Ол осы жылдары ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикр» (Пікір), «Уральский листок» газеттеріне мақалалар жазып, саяси толқулардың мән-жайын халыққа түсіндіріп отырды.1905 жылы Орал қаласында бес облыстың делегаттары жиналған съезде кадеттер партиясының жергілікті бөлімшесі құрылған. Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының 9 адамнан тұратын Орталық комитетіне Б. Қаратаев, М. Бақыткереевтермен бірге сайланды. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде кесімді мерзімдегі әскери міндетін өтеуге жіберілді. Алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-Түркістан, 2-Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарды. 1912, 1913 және 1915 жылдары оба індетіне қарсы күрес ісіне қатысты. Бұл еңбектері үшін Императорлық қола медальмен марапатталды. 1913-18 жылдары «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік — сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеуметтік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрды. «Как бороться с чумой среди киргизского народа» (1916) деген кітабы өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған еңбек болды. Ресейдегі Ақпан төңкерісінен кейін қазақ даласында облыстық, жалпы қазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге атсалысты. Сәуір айында 800-ден аса делегаттың қатысуымен өткен Орал облыстық қазақ съезінде Ж.Досмұхамедовпен бірге «Орал облысының далалық бөлігін басқарудың уақытша ережелері» атты жергілікті және облыстық деңгейдегі басқару жүйесін толық қамтыған заң жобасын ұсынып, оған делегаттар бірауыздан дауыс берді. Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысып, І жалпықазақ съезінен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Скачать |