Тақырып өзектілігі. Тарихи деректану саласында зерттелмеген, әрі өзектілігі артып отырған ғылыми мәселенің бірі қазақ шежірелерімен байланысты. Дала өркениеті тудырған шежіре мәлеметтеріне деректік талдау жасау, көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, әпсаналар, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар шежірелік дәстүрді құрайтын ішкі деректерге жатады. Өз кезінде Ш. Уәлиханов, қазақта «бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет кісісі туралы айтылмай қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ», - деп атап өткен [1, 157 б.]. Расында да, қазақ мәдениетінде, төл әдебиетінде үлкен деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи шындықты суреттеудегі ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келді. Қазақ шежірелерінің тарихи мәліметтерін сын көзқарас тұрғысынан тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен шындыққа сәйкес келетін ақиқатын анықтау, қажетінше ғылыми айналымға енгізу – мемлекет, ұлт және мәдениет тарихын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа деңгейге көтеретін келелі мәселе. Қазақ тарихын баяндауда шежірелік дерекке молырақ назар аударып, оның мәліметтерін талдап зерттеу – тарихи ізденіс үшін көкейтесті, ғылыми таным үшін маңызды, әрі ұлттық тарихнама тиімділігін арттыратын өзекті сала. Шежіре тақырыбы зерттеушілер үшін жабық болуы, «деректемелік ізденістері шеңберінен тыс калып» келуі, шежіреге сенімсіздікпен қарау әдетінен, таптық теория ұстанымдары салдарынан болған [2, 62 б.]. Шежірелер аз зерттелген дерек түрі және тарих, деректану ғылымдарының дамуына оң ықпал ететін мәселе. Деректерді терең зерттеген ғалым М. Әбусейітова, Қазақстан деректемелерін сыртқы және ішкі деректер деп үлкен екі топқа бөліп қарастырады. «Қазақстан тарихын көрсетуде осы аймақты мекендеген халықтың төлтума деректемелері құнды болып келеді», - дейді [3, 26 б.]. Қазақтың өткен тарихы, тарихи шындығы этнографиялық мектеп қалыптастырған сипаттамалық еңбектер негізінде қарастырылуы ғылыми дәстүрге айналдырылғаны байқалады. Алайда, ХІХ-ХХ ғасырдағы халықтың тұрмысы, шаруашылық-мәдени өмірі туралы жазылған саяхатшылардың этнографиялық сипаттамалық деректерді трафарет іспетті одан ерте ғасырлардағы тарихи жағдайларды суреттеп жазу шындыққа жауап бермейді. Жазба деректердің басым бөлігі сырткөз болып келеді. Сырттан жазылған дерек көздерінде қазақтың ішкі өмірі, рухани құндылықтары туралы тиянақты айтатын мәліметтер жоқ. Ал, қазақта өзінің үлкен тарихи көзқарасы, тарихи дәстүрі, тарихи әдебиеті, тарихи ой жүйесі бар. Оны сақтаған дерек қабаттарын көтеру, және оны тек жариялау ғана емес, сол ішкі дерек топтамалары жеткізіп отырған тарихи фактілерді тәпсірлеу, интерпретация жасау мәселесі өзекті болып тұр. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Тарихнама желісі үш кезеңнен құралады: ХVІIІ ғасырдағы авторлардың еңбектері; ХІХ–ХХ ғасырдың бірінші жартысы және кеңестік және посткеңестік тарихнамалық ізденіс тәжірибесімен байланысты. Бұдан басқа шежірелер туралы жазылған еңбектерді ішкі мазмұны мен жазу стиліне орай да жіктеп айтуға болады. Негізгі мәнісі тұрғысынан олар ғылыми-танымдық (зерттеушілік), әдеби-фолькорлық (көркемдік, даналық сипаты); өлкетану-публицистикалық (пікір айту, көпшілікке таныту) сияқты үш түрлі жағымен үш бағытта дамыды. Әртүрлі еңбектерде осы тұстардың барлығы болғанымен, кейінгі бағыты басымдау. Кәсіби тарихшылардың қатарын шежірелік деректі қолдануына орай шығыстану, археология, этнография, тарихнама мен деректану, тарихтың ішкі салаларына бөліп қарастырған дұрыс. XVIII–ХІХ ғғ. өлкетану, түркі халықтарының тарихы, этнографиясы мен лингвистикасына байланысты деректерді жинақтау ісі қарқынды болды. Бұл дәуірде этнографиялық мағлұматтарды қолға түсіру мақсатымен даярланған көптеген ғылыми экспедиция мүшелеріне айналған ғалымдар өз ынталылығын танытты, жан-жақты ізденіп, ғылыми мәнді деген мәліметтерді тіркеп жазды. Нәтижесінде қазақ, башқұрт, қырғыздардың этнографиясына байланысты жиналған ғылыми мұра сол болды. Аты әйгілі А. Левшин, В. Вельяминов-Зернов, Н. Аристов, А. Харузин, В. Радлов, Н. Остроумов, А. Нестеров [4] және т.б. белгілі ғалымдар өз еңбектерінде шежіре мәліметтерін қазақтың этноқұрамын қарастыруға ғана қолданған. Халықтың тарихи жады сақтаған тарихи мәліметтер зерттеушілер үшін қызықты, құнды болуына қарай, әр заман тарихнамашылары қазақтың тарихи фольклор деректерін қажетсінді. «Тарихи шежірелерге патша үкіметі саяси мән беріп, жергілікті орындардан жинатып отырған, – деп жазды Ә. Марғұлан [5, 231-232]. Қай заманда да солай болған. Ш. Уәлиханов, Г. Потанин, Ә. Диваев, Н. Гродеков, И. Шангин [6] сияқты шежіре жинаған ғалымдардың топтамалары архивте сақталған. ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында еңбек еткен Ә. Диваев (1856–1933) қазақ халқының фольклор үлгілерін мол жинады. Шежіре мәліметін әсіресе халықтың этникалық тарихын зерделеуге көп қолданған. Тарихи фольклор деректеріне авторлар тең көзқараста болмағанымен, тереңойлы ғалымдар бұл мәліметтерді айналып өте алмады. Ойға алып зер салсақ, шежірелерді зерттеуде сүйенетіндей біршама ғылыми мақалалар мен салмақты монографиялар бар: біріншісі – қазақтың ағартушы-ғалымдар Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, А. Байтұрсын [7] жазған еңбектеріне байланысты болса, екіншісі – шежіре деректерін этнография, этникалық тарих тұрғысынан зерттеп жазған Ә. Х. Марғұлан, Х. Арғынбаев, М.С. Мұқанов, В. Востров сияқты кәсіби тарихшылардың зерттеулерімен байланысты [8]. ХІХ ғасырда «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған ірі ғалым Ш. Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, сауатты, қайраткер адамдарға да аманат қылды. Кейін бүл мұралар Г. Потаниннің кітаптарында жарияланған. Ә. Бөкейханның төрелер шежіресіне қатысты жинақтаған генеалогиялық мәліметтері бүгінгі күні де өзектілігі мен ғылыми-қолданбалы мағынасын жоғалтпаған. Қазақ өткенін баяндайтын деректерді жариялаған М. Тынышпаев, өз еңбегінде қазақ руларының жүйесі, шығу тегі, ата-тек кестелері мен халық саны туралы мәліметтер келтірген. Оның ізденістеріне А. Харузин, Н. Аристов, В. Бартольдтің еңбектері қатты әсер еткен. Орыстың шығыстанушы ғалымдарымен жақын таныса отырып, М. Тынышпаев бұл еңбекте олардың зерттеу әдістерінен көп тәлім алған. Қазақстандағы тарихи деректану ориенталистикамен тығыз байланыста дамудың өзіндік ішкі объективтік себептері бар екені белгілі. Бұрынғы ресейлік ғалымдардың ішінде шығыстық тарихи шығармалардың мәндік мәселелерімен ерекше ден қойып айналысқандар қатарында И. Березин, Г. Грумм-Гржимайло, Н. Веселовский, А. Самойлович, Н. Катанов, Г. Вамбери сияқты зерттеушілер болды. Деректануда ізденуде мұны ескермей өтуге болмайды. Ресейлік шығыстанушылардың ішінде Орталық Азияның тарихнамалық дәстүрін терең зерттеген ғалымдар көп. Орта Азиядағы ортағасырлық шығармалардың мәліметтерін қытай деректемелерімен алғашқы салыстырулар жасап зерттеген Н. Бичурин болды. Оның ізімен еңбек еткен синолог ғалымдар Н. Кюнер, В. Таскин сияқты ғалымдар өшпес еңбек етті. Әбілғазы баһадүр ханның «Шаджара-йи түркі» еңбегіне ерекше зерттеп, үлкен баға бергендердің бірі А. Кононов болды. Араб деректеріндегі түркілер туралы деректер туралы зерттегендердің бірі А. Зайончковский, ал шығыс деректері негізінде Моғолстанның қазақ пен өзбек қарым-қатынастары туралы зерттеулерді жүргізген ғалымдардың бірі О. Акимушкин еді [9]. Тарихи мазмұн тұрғысынан шежірелердің деректеріне аса зор көңіл бөлген Ә. Марғұлан мен Е. Бекмаханов, М. Вяткиндердің есімдері алдыңғы қатарда тұр [10]. Ерте және ортағасыр дәуірі тарихына қатысты қазақтың шежіресін қолдану нәтижелігін дәлелдеген ғалымдар осылар. Е. Бекмаханов өз зерттеулерінде қазақтың қария сөзін қолдану қажеттілігін дәлелдеп, қазақы тарихи деректерді қолданса, М. Вяткин тарихи-шежірелік деректерді Сырым батыр қозғалысын қарастыруға пайдаланды. Қазақстандағы шығыстанушылық зерттеулер ХІХ ғасырдағы Ш. Уәлиханов еңбектерінен бастау алып, ХХ ғасырда жақсы дамыды. Ғылым үшін үлкен жетістіктің бірі С. Ибрагимов, Н. Мингулов, К. Пищулина, В. Юдин тәрізді бір топ қазақстандық ғалымдардың үлкен еңбегімен байланысты [11]. Олар дайындаған қазақ хандығы дәуіріне қатысты дерек үзінділерінің жинағы орыс тіліне аударылған 17 құнды тарихи-деректік құжатты қамтыды. Жалпы, шежірелердің тарих, деректану және тарихнама пәндеріне орай зерттеудегі орны туралы тиянақты айтып кеткен Ю. Зуев, Б. Көмеков, Ж. Тулибаева, А. Қадырбаев, З. Қинаятұлы, С. Сыздықов, Т. Бейсембиев, С. Жақыпбеков, М. Қойгелдиев, Н. Келімбетов, К. Есмағамбетов, Н. Әлімбай, Н. Базылхан, Т. Омарбеков, Х. Ғабжалелов; М. Қадыртаева, Г. Жакупова, Р. Айтбаева, И. Ерофеева және т.б. зерттеушілер болды [12]. Парсы және түркі тілінде жазылған тарихи туындыларына шолу, олардың деректік маңыздылы, мәліметтердің кеңінен қолданылуы В. Юдин, Т. Султанов, Т. Бейсембиев, М. Әбусейітова [13] еңбектерінде берілген. Шежірелік дәстүрді жалғастырушы ХІХ ғасырдағы қазақ тарихшылары терең мұсылмандық білімі бар, ислам қағидаларына жетік болған. Сондықтан шежірелік деректер негізінен мұсылмандық әдеп, исламдық мәдениет құндылықтары мен дала әдеті тұрғысынан жазылған. Мұның өзі шежірелік танымды ұғынуда бір жағынан теологиялық зерттеулерге сүйенуді қажет етеді. Орталық Азияның тарихнамалық дәстүрін, тарихи деректерін осы сипатта зерттеу тәжірибесі А.Қ. Муминовтың, З. Жандарбектің зерттеулерінде орын алады. Қазақ халқының этногенез мәселесін қарастырған М. Ақынжанов, С. Ахинжанов еңбектерінде ерте және ортағасырлық тарихтағы ескі рулардың, халықтардың, қазақтың шығу тегіне қатысы туралы айтылады. М. Ж. Көпейұлының шежірелік мұраларын жария ету ізденістері Е. Жүсіповтің еңбектерінде жүргізілген. Қытай, манчжур және моңғол деректерін зерттеп, аударып жеткізіп отырған Б. Еженханұлы, Ж. Ошан, С. Сұңғатай, Н. Базылхан, З. Хинаят, Қ. Мұхамадиұлы, А. Тойшанұлы, Д. Қатран. Б. Хинаят [14] және т.б. ғалымдар дайындаған материалдар қазақтың шежірелік деректерін зерттеуге берері мол. Шежірелік басылымдарға орай аударма мен мәтіндік транскрипциядағы кемшіліктер туралы біраз зерттеу мақалаларында айтылған. Кейде шежіре деректері, тарихи фольклор мәліметтері деректік сараптамасыз айналымға енгізілетіні байқалады. Бірқатар еңбектер шежіре мәліметтерін этнография пәні тұрғысынан этникалық территория, халықтың шығу тегі, этноәлеуметтік, рулық құрылымы мәселелерін қарастыруда қолданылған. Бұл ізденістер Х. Арғынбаев, М. Мұқанов, В. Востров, Н. Әлімбай, Ж. Артықбаев, М. Жакин және т.б. ғалымдардың еңбектерінде жасалған [15]. Түркітекті басқа халықтардың шежірелерінен дерек ретінде зертеу тәжірибесін қолдануға лайық қырғыз, татар және башқұрт, қарақалпақ, өзбек шежірелеріне қатысты басылымдар бар. Ноғайлардың шежірелік мәліметтері А. Исиннің зерттеулерінде орын алады [16]. Қарақалпақ шежіресін өлеңмен жырлаған атақты қарақалпақ ақыны Бердімұрат Қарғабайұлының мұрасын зерттеген ғалымдар М. Нұрмухамедов, Х. Хамидов және т.б. Шежірелерлердің көптеген үлгілері түркмен тайпаларында сақталған. Олардың кейбірі ауызша дәстүрде жалғасса, көбісі өз кезінде жазылып, қолжазбалар күйінде әкеден-балаға беріліп отырған. Түркмендерде шежірелер ең қадірлі, белгілі, құрметті адамдардың қолында, көбіне ақсақалдарда сақталған [17, 327 б.]. Осы еңбектерде шежірелік деректері туралы әртүрлі пікірлер білдірді, шежірелік мәліметтерді ғылым мақсатына қолданылды, бірақ қазақ шежірелерін нақты тарихи дерек ретінде қарастыруға арналған еңбек болған жоқ. Зерттеудің мақсаты – қазақ шежірелерін тарихи дерек ретінде зерттеу. Внимание! Работа платная! Всего 51 страницы. Для оплаты пройдите по ссылке ниже.
Скачать |