Найман
Найман туралы деректер оны әуелде Хинганнан Қарпатқа дейін созылып жатқан Ұлы Даланың Ертіс пен Орхон өзендері аралығында ежелден көшіп жүрген тайпалар қатарында таниды. Ол – сонау жыл санауымызға дейінгі екінші ғасырлардан бастап дәуірлеп, Орта Азиядан Сары өзенге дейінгі байтақ аймақты жайлаған Хунну (ғұн) ұлысының, біздің жыл санауымыздың бастапқы ғасырларында қытай жазбаларында «теле» деген атпен әйгеленген байырғы киіз туырлықты қандас тайпалар қауымдастығының кесек бір сынығы. Әбілғазы жазуынша: «Наймандар – көне жұрттардың бірі, малы мен басы көп өскен халық». Бұл ел VI-VII ғасырлардағы айбынды Түрік қағанаты заманында дүниеге келген ата жазуымызда Моңғолиядағы қазақ ғалымы әрі қайраткері Қ.Сартқожаұлының дәлелдеуінше, «Байырқу», «сегіз оғұз» тайпасы түрінде көрініс береді. Бірсыпыра ғалымдардың дәлелдеуінше, «оғұз» сөзінің көне Түрк тіліндегі бір мағынасы тайпа дегенге келеді. ( «оқ» - тайпа, «з» - жиынтық сан есім). Ал «найман» моңғолша сегіз деген сөз. Сегіз оғұз жұртын әуелі «найман аймақ» ( «сегіз тайпа») деп Х ғасырда моңғол тілдес қидандар атай бастаған екен. Кейіннен моңғол империясының дүниеге келіп дәуірлеуі, бұл сөздің негізгі атау орнында қолданыла бастауына одан әрі жағдай жасаған еді. Зерттеушілер бұл тайпа Х ғасырдан «найман» деп атала бастаса да, ХІІІ ғасырға дейінгі бұрынғы «сегіз» аты да қосарлана байқалып келгенін де ортаға тартады. Кезінде Жапон теңізінен Шығыс Түркістанға дейінгі байтақ өңірді қоластына бағындырып, наймандарға да біраз уақыт билік жүргізген Лияу әулетінің (Ұлы Қидан мемлекеті тарихы туралы жазылған жылнамаларда (Х ғасыр) наймандар батысында (Ертістен ары) қанлы, қыпшақ, шығысында (Орхон, Тола және Оңғын өзенлерінің алқабы) керей, меркіт, теріскейінде (Селеңгеннің салалары) қырғыз, оңтүстігінде ұйғыр, таңғұттармен шекаралас, қоңсылас болғаны айтылады. Рәшид-ә-диннің «Жылнамалар жинағы» мен «Моңғолдың құпия шежіресінің» көрсетуінше, Арғұн өзенінің Хайлар деп аталатын саласы мен Халқын гол өзені алқабында қоңыраттар мекендеді. Екінші мыңжылдықтың бас кезінде осы қоңыраттардан батысқа қарай Керей, Меркіт жеріне дейінгі аралықта (Онон, Керуленөзендерінің алқабы) хунну, дунхулардың бір сынығы болып табылатын түрк-моңғол жұрттары да қанатын жайып өсіп жатты. Ол тайпаларға өздерімен іргелес, кейіннен моңғол тілі деп ен тағылған тілде сөйлейтін Қидан (осы сөзден «қытай» атауы шыққан) мемлекетінің үстемдігі мен ықпал-әсері тым етене байқалатын. Түрк тайпаларының қақ ортасында жатқан осы жұрттардың соңыра моңғол тілді атанып кетуінің де бір себебі – түп-тегі Ішкі Моңғолиядан шыққан сол қидандардың жегі құрттай дендеп кеткен жойқын ассимиляйиясына тығыз қатысы бар болуы да ғажап емес. (Мұндай мысалды алыстан іздеудің қажеті де жоқ. Орыс тілі шыңдап ене бастаған жарты ғасыр ішінде, қазақтың жартысына жуығының орыс тілді болып шыға келгені көз алдымызда ғой). ХІІ ғасырдың басында Ұлы Қидан (Лияу( мемлекеті ыдырап, қидандардың біраз бөлігі Жетісу мен Орта Азияға өтіп, Қарақытай мемлекетін құрғаны белгілі (1140-1213). Олар кейінірек жергілікті халықтарға сіңісіп кетті. Скачать |