Бекболат батыр


1916 жылғы тарихи оқиғаға Оралдағы-10, Сырдариядағы-13, Cемейдегi-17, Ақмоладағы-27, Торғайдағы-60, Жетiсудағы-102 болыстың ер азаматтары қатысты. Жетiсуда тұратын қазақ, қырғыз, дұнғандардың ұлт-азаттық көтерiлiсi қазақ даласындағы қозғалыстың ең көлемi маңызды орталығына айналды. Олардың iрi ошақтары Асылдағы — Қызылбөрiк, Үшқоңырдағы — Жайылмыс, Қастек-Самсыдағы — Ботбай, Тайторы болыстарында болды.

Көтерiлiстi қазақ демократиялық интеллигенциясының өкiлi Тоқаш Бокин ұйымдастырды, дайындады. Жер-жердегi топтарды Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Нүке Сатыбеков, Доқожа Қашағанов, Әли Нұрғожаев, Сатай Көбегенов, Жақабай Құдайбергенов, Байхан Қазыбеков, Сатай Қарашаев, Боранбай Жантөлеев, Әлиасқар Сырабаев, Серғазы Күшiков, Сейдахмет Ысқақаов, Иса Сексенбаев сияқты халық ұлдары басқарды.

Ал, солардын iшiнде Бекболат Әшекеев айрықша көзге түстi, дараланды, ерлiк көрсеттi. Себебi, ол алдына қойған мақсатынан қайтпады, халқына берген уәдесiнен таймады, танбады.

«Рас, мен соғысуға шықпақ болдым,
Басыңды жер астына тықпақ болдым.
Рас десең, рас сөз мен айтайын,
Ақ патшаның тұқымын құртпақ болдым» 

деп кiмге қарсы шыққанын ашық, анық айтты топ алдында, көп алдында. Сөйттi де өзiн-өзi өлiмге қиды. Жай емес, жарқын болашаққа сендi де, саналы түрде, сабырлы түрде мойнын дар тұзағына ұсынды...




Скачать