Әбілқайыр хан


Әбілқайыр Мұқамбет Ғази Баһадүр хан (1693 — 12.08.1748) — хан, қолбасшы. Шыңғыс хан әулетінің кіші буыны — Өсеке ұрпағы, Қажы сұлтанның баласы. Соғыстарда батырлығымен, айлакерлігімен, шабуылдарды ұйымдастыра білуімен аты шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен Кіші жүздің ханы болды (1710— 12.08.1748). 1715ж. Тәукен хан өлгеннен кейін үш жүздің бас хандығы тағына үміткерлердің бірі болды. Бірақ мұрагерлік жолмен Тәукенің ұлы Болат бас хан сайланды. Әбілқайыр қазақ қалмақ қарым-қатынасы мейлінше шиеленісіп тұрған 1716 — 18 ж. Ресей империясынан көмек алу мақсатымен Сібір губернаторы князь М.П. Гагаринге, Уфа воеводасына хат жазып, қазақтардың ахуалын біршама реттеуге ат салысты. 1723 жылға дейін Түркістанда тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққаннан кейін Бұхар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын көшпелі тайпаларға қоныс аударды. Әбілқайыр 1726 ж. Ордабасыдағы халық жиналысында казақ жасақтарының қолбасшысы болып сайлаңды. Бүланты өзенінің жағасындағы (1728), Аңырақайдағы (1729 -30) жоңғарларды талқандаған соғыстарда қолбасшылық қабілеті ерекше көрінді. Аңырақай шайқасында бас қолбасшышылықты өз еркімен Болат ханға бергенімен үш жүздің қолын үйлестіруде көп жұмыс атқарды. Әбілқайыр қазақ хандары мен сұлтандарының алауыздығы артып, сыртқы қауіп күшейген шақта, Ресей империясына арқа сүйеуді ойлады. Әбілқайырдың Құндағүлов Сейітқұл мен Көштаев Құтлымбет бастаған елшілігі Петербургке барып (1730), Ресей Сыртқы істер министрлігі коллегиясының М. Тевкелев бастаған елшілігі оған келді (1731). (қ.Құндағұлұлы елшілігі, Құтлымбет елшілігі) Елшілік қазақ ұлысын Ресейдің қарамағына алу туралы келіссөз жүргізді. Әбілқайыр 1731 ж. қазанда Ресей империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді (Бұл антгы 1738,1740,1742 ж. қайталады). Ант беру арқылы ол Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқүрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарының қол астында қалған қазақ жері мен қалаларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ арасындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды көздеді. Сөйтіп ол жеке мүддесімен бірге халықты апаттан сақтауды да ойлады. Алайда Ресей саясаты да теренде жатты. Империя қазақ жерін бүтіндей отарлауды ойлады. Әбілқайыр Петербург сарайы мен оның Орынбор әкімшілігінің саясатын дер кезінде түсіңді. Ханның өз ұлы Қожахметті аманаттан қайтарып алудағы Ресей өкімдерімен тартысы, императрицалар Анна Иоанавнаның, кейіннен Елизавета Петровнаның талаптарына мойынсұнбауы, Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысуы, ел тәуелсіздігін сақтау бағытындағы шаралары отаршылдықтың барлық көріністеріне карсылығын байқатады. Орыс үкіметімен әр түрлі қатынастарды үзбей, Әбілқайыр сонымен қатар, жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серенмен (Цэренмен) астартын байланыста болды. Жоңғар шапқыншылығы әлсіреген сайын Ресейден бойын аулақ салуға тырысты. 1740 ж. Хиуаны басып алып, аз уакыт осында хан атанды. Бірақ Иранның Нәдір шаһынан ығысып, тастап шығуға мөжбүр болды. Әбілқайыр үш жүздің билеуші, қадірлі билерімен, белгілі батырларымен, саяси қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынас жасады. Өзінен жас, беделі өсіп келе жатқан Абылаймен әр кезде түсінісе білді. Абылайдың бір әйелі Қарашаш — Әбілқайырдың қызы. Кіші жүз ханы ретінде оның саясатында қайшылықтар да бар. Қазақ даласын отарлаудың тірегі болған Ор бекінісін салуды өзі ұсынды (1735). 1737 - 38 жылғы башқұрт халқының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісін басуға қатысуы туысқан екі елдің қарым-қатынасын шиеленістірді. Әбілқайырдың дербестігі мен қазақ даласына жайылып кеткен атағы кейбір сұлтандарға ұнамады. Солардың бірі — Орта жүздің сұлтаны Барақ Ор бекінісінен қайтып келе жатқан Әбілқайыр мен ен далада кездесіп қалып, оны өлтіреді. Ханның серіктері де сол жерде қаза тапқан. Бірақ Барақ Әбілқайырды "орысшылдығы" үшін емес, өзінің жеке басының мүдделерін көздеп "қарақшылық" іске барған еді. Әбілқайырдың моласы Қабырға өзенінің Ұлқүяққа құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде. Кейін бұл ара Хан моласы аталды. Әбілқайырдан көптеген ұрпақ қалған. Кіші жүздің Ресейге қосылуының алғышарттары мен себептері Жоңғариямен ұзаққа созылған аса ауыр соғыста қазақ жасақтары тамаша жеңіске жеткенімен ол табыс баянды бола қоймады. Қазақ хандары мен сұлтандарының тақ таласына байланысты алауыздығы салдарынан бұл күреске Ресей империясы да тартылды. Ресей қалайда Қазақстанды өзіне қосып алуды көксеп, қолайлы кезеңді күтумен болды. Әбілқайыр қазақ хандығында жеке өз билігін нығайту жолдарын жатпай-тұрмай тынымсыз іздестіре бастады. Кіші жүздің ханы Ресей мемлекетінің қолдауына сүйенуге бел буды. Бұл ретте оның жеке басының қадір-қасиеті де шешуші рөл атқарды. Әбілқайыр Жоңғариямен соғыс қызу жүріп жаткан 1726 жылдың өзінде-ақ Ресейге елші жіберіп, оның қол астына өту туралы өтініш білдіру арқылы әрекет жасап көрген болатын. Бұл өтінішті елші Қойбағар жеткізген еді. Алайда ханның өтініші ол жылы жауапсыз қалдырылды. 1730 жылы Кіші жүздің билері ханға Ресеймен әскери одақ жасасуды ұсынды. Алайда Әбілқайыр өз уәдесінде тұрмай, Ресеймен келіссөз мүлде басқаша сипат алды. Ресейдің өкімет билігімен неғұрлым жақын бола түсу мақсатымен 1730 жылғы қыркүйек айында Әбілкайырдың батыр Сейітқұл Қойдағұлұлы мен би Құтлымбет Қоштайұлы бастаған елшілігі Кіші жүзді Ресейдің қарамағына алу туралы императрица Анна Иоанновнаның атына жазылған өтінішті табыс ету үшін Санкт-Петербург/Петербургке келді. Бұл жолы Әбілқайырдың елшілігіне зор құрмет көрсетіліп, ол үлкен ықыласпен қарсы алынды. Ресей үшін Кіші жүзді империяның құрамына қосып алудың ең қолайлы сәті туды. Бұған дейін Ресейдің құрамына Еділ қалмақтары, Кабардин князьдігі косылған болатын. 1731 жылы императрица Анна Иоанновна Кіші жүздің қазақтарын Ресейдің қол астына алу туралы грамотаға (ресми құжатқа) қол қойды. Бұл грамотаға қол қою кезінде бірқатар шарттар қойылатыны ескерілді. • Біріншіден, Кіші жүз қазақтары Ресейге адал қызмет етуге және башқұрттардың үлгісі бойынша мұқият жасақ төлеп тұруға міндетті болды. • Екішіден, Ресейдің қол астындағы өзге халықтардың тарапынан қазақтарға шабуыл жасауға тыйым салынуы тиіс болды. • Үшіншіден, қазақтарға олардың жаулары шабуыл жасай қалған жағдайда Ресей қазақтарды қорғауға міндеттенді. • Төртіншіден, Әбілқайыр Ресейдің қол астындағы халықтардан алынған тұтқындарды қайтаруы, ал қалмақтармен және башқұрттармен тату-тәтті бейбіт жағдайда өмір сүруі тиіс болды. Алайда содан көп кейінгі оқиғалар ол шарттардың бірде-біреуін екі жақтың да орындамағанын көрсетті. Екі жақ та өздерінің пайдаларын көздеумен болды. Империяның қол астына қараудың жалған сипаттары ғана орын алды. А. Тевкелев бастаған елшіліктің Кіші жүзде болуы Қазақтардан ант алу үшін патша үкіметі Әбілқайырға 1731 жылғы 30 сәуірде Петербургтен А.И. Тевкелев бастаған елшілікті жіберді. Оған Кіші жүздің билеушілерін Ресейдің кол астына қалай өткізуі керектігі жөнінде жан-жақты нұсқау берілді. Кіші жүздің ат төбеліндей билеуші тобын қалағанынша дүние-мүлік беріп, тікелей сатып алу жағын да қарастырып көруді тапсырды. Ол үшін 1 миллион орыс рубліне дейін жұмсауға рұқсат етілді. Әбілқайырға императрица Анна Иоанновнамың атынан қымбат бағалы сыйлықтар — болат қылыш, бұлғын ішік, екі түлкі тымақ, шұға маталар мен басқа да сыйлықтар беру көзделді. Бірақ оларды Құран ұстап ант берілгеннен және құжатқа кол қойылғаннан кейін ғана тапсыру қарастырылды. Дипломатиялық тапсырмамен келгендердің құрамында башқұрттың ықпалды старшины әрі батыры Таймас Шайымов тa болды. Бұл дипломатиялық тапсырмамен келген елшілік, сонымен қатар барлау мәліметтерін де жинауға — жер бедерін суреттеуге, қазақтардың тілі, әдет-ғұрпы және салт-дәстүрлері туралы мәліметтер жинақтауға тиіс болды. Елшілік сондай-ақ қазақтардың империя кол астына өтуі қабыл алынған кездегі көңіл күйінің қандай болғанын да білуі тиіс еді. Тевклевке казақтардың ең жақын көрші халықтары туралы да деректер жинау тапсырылды. Қазақ хандығын Ресейге қосып алуға деген ерекше мүдделіліктің болғаны Ресей императоры I Петрдің мына бір сөздерінен айқын аңғарылады. Ол былай деп жазған еді: “ Бір миллион сомга дейін қыруар көп шығын жұмсайтын болсақ та, оны тек бір жапырақ қағаз арқылы Ресей империясының құрамында ұстау керек, өйткені ол, қырғыз-қайсақ ордасы... бүкіл Азия елдерінің қақпасын ашатын кілт. ” Әбілқайыр ханға қарсы оппозицияның қалыптасуы Кіші жүздегі қазақ ақсүйектерінің едәуір бөлігі Ресейдің кол астына өтуге үзілді-кесілді қарсы болды. Олардың Ресейдің қол астына өту туралы сөзді естігілері де келген жоқ. Жергілікті жерде айқындалғанындай, Ресейдің қол астына өту туралы шешім Әбілқайыр ханның жеке өзінің бастамасы бойынша қабылданған болып шықты. Оппозициялық көңіл күйдегі көптеген қазақ билеушілері Ресеймен екі арадағы келіссөздерді болдырмай, ашықтан-ашық үзіп тастауға тырысып бақты. Ресей елшілерін өлтіріп жіберуге әрекет жасағандар да болды. Сондықтан да дипломатиялық тапсырмамен келген елшілерді қорғау ісі Әбілкайырдың өз ұлы Нұралы сұлтанға сеніп тапсырылды. Қазақ билеушілері негізінен алғанда сенімді де тиімді одақтас іздеп табу мүддесін басшылыққа алды, ол одақтастар олардың бостандығына озбырлық жасап, қол сұқпайтын болуы керек деп үміттенді. Әбілқайыр ханның және оның теңірегіндегілердің Ресейдің қол астына өтуді кабылдауы Өзін Ресей империясының сенімді өкілі екендігін алға тартып, дүние-мүлікке қызықтыру аркылы пара беру, уәделі келісімге көндіру, кей-кейде ашықтан-ашық қоқан-лоқы жасап қорқыту арқылы А. Тевкелев келіссөздерді ақыры өз пайдасына шешті. Ресей елшісі Әбілқайырдың төңірегіндегілерді Ресейдін қол астына өтуге көндірді. 1731 жылдың 10 қазан күні Әбілқайыр хан, сұлтандар және 13 рудан тұратын ірі билер мен батырлардың шағын тобы Ресей империясының қол астына өту туралы ант қабылдады. Бұл оқиға Ырғыз және Тобыл өзендерінің арасындағы Майтөбе деген шатқалда өтті. Ант қабылдауға барлығы 29 қазақ старшыны қатысты. Ол ең алды- мен «хан партиясы» деп аталатын топтың мүшелері болатын. Бірінші болып Әбілқайыр хан, одан соң старшина Бөкенбай, Есет батыр, Құдаймендімырза ант қабылдады. Қазақ ақсүйектерінің едәуір тобы келіссөздер жүріп жатқан кезде дипломатиялық тапсырмамен келгендерге дүниеге қызығып, ашықтан-ашық сатылып кетті. Қазақтардың Ресейдің кол астына өтуі, міне, осылай басталды. Әбілқайыр Ресей патшасының тағына адал болудың кепілі ретінде өзінің ұлдарының қатарынан Ресейге аманат жіберуге уәде етті. Ресейдің дипломатиялық тапсырмамен келген елшілері Қазақстан аумағында бір жылдан астам уақыт бойы болды. Ол қазақ қоғамын егжей-тегжейлі жан-жақты зерттеді, қаншалықты мол мүмкіндіктер бар екенін байқап қарады. Тевкелев Кіші жүзде атқарған сәтті дипломатиялық қызметі үшін әуелі полковник, одан сәл кейінірек орыс армиясының генералы әскери шенін алды. Ақырында оның ұрпақтары Орынбор өлкесіндегі ірі-ірі мұсылман помещиктеріне айналды, олардың мың-мыңдаған басыбайлы шаруалары болды. Ал башқұрт старшинасы Таймас Шайымовқа тархан атағы берілді. Кіші жүздің билеушісі Әбілқайыр хан Ресейдің қол астына өтуді қабылдағаннан кейін Кіші жүз қазақтарының арасындағы беделі мен ықпалынан айырыла бастады. Бұл ретте Орта Азия хандықтарының билеушілері келеңсіз рөл атқарды. Өйткені олар бұл аймақта ислам дінінің ықпалы елеулі түрде әлсірейтін болды деп түсінді. Ал Әбілқайыр Ресей мемлекетінің қол астына өтуден алған мәртебесіне көңілі толмай, Ресей аумағына шабуыл жасай бастады. Сондықтан да патша үкіметі кейінірек оны тағы да екі рет ант қабылдауға мәжбүр етті. Бірақ хан Ресей аумағына шабуыл жасауын тоқтатқан жоқ. Оның Ресей қол астына өтуден күткен үміті ақталмады. Сондықтан да ол өз ғұмырының соңғы күніне дейін патша әкімшілігіне бағынбауға тырысты. Оның үстіне, қазақтардың қалмақтармен, башқұрттармен және Орал казактарымен шекара аймағындағы шиеленісті қақтығыстары тоқтатылмады. Әбілқайырдың патша үкіметіне қарсы белсенді іс-әрекеттері ол 1748 жылы өзінің саяси қарсыластарының қолынан қаза тапқаннан кейін ғана тоқтады. Ресейдің қол астына өткен Кіші жүз қазақтарына патша үкіметі тарапынан ешқандай нақты әскери көмек көрсетілмеді. Әскери гарнизондарының аздығы және қару-жарақтарының нашар болуы салдарынан Ертіс бойындағы бекіністер де қазақтарды жоңғар қалмақтарынан қорғай алмады. Сондықтан да жоңғарлардың билеушісі Галдан-Церен 1741 жылы Қазақстан аумағына жаңадан жойқын жорық жасады. Патша үкіметінің Қазақстандағы жағдайының одан әрі нығаюы Әбілқайыр Ресейдің қол астына өткеннен кейін тап сондай әрекетке қазақтардың басқа да бірқатар билеушілері бара бастады. Бейне бір тізбекті реакция сияқты құбылыс пайда болды. Оның үстіне, Ресейдің қол астына өту бәлендей міндеттер жүктей қоймайтын еді. Патша үкіметі қазақтардың билеушілеріне ірі-ірі сыйлықтар берді. Әрбір шекаралық бекініске қазақтардың ақсүйектеріне «қолдау көрсету үшін» едәуір мөлшерде ақшалай қаражат бөлінді. Орта жүздің және Орта Азияның басқа да халықтары хандарының Ресейдің қол астына өтуіне Әбілқайырдың тигізген ықпалы мен атқарған рөлі күшті болды. Ол ара ағайындық қызмет атқарды, ал патша үкіметі түрлі сыйлықтар жасауға, ақшалай және азық-түлік жағынан көмек көрсетуге сараңдық жасамады. Қазақтар шекаралық шептерде айырбас түріндегі сауда жасауға мүдделі болды. Ресейдің қол астына өту олардың қысқы уақытта шекара шебінің ішкі жағына өтіп, уақытша түрақтауына мүмкіндік беретін еді. Ресей өзінің қол астына өткен хандықтардың ешқайсысының ішкі істеріне де, сыртқы істеріне де қол сұғып араласпады. Сондықтан да 1731 жылдың соңына қарай Орта жүздің ханы Сәмеке Ресейдің қол астына өтті және оған адал болуға ант қабылдады. 1733 жылы Ұлы жүз тарапынан да Ресейдің құрамына кіруді сұраған алғашқы әрекет жасалды. Алайда Ұлы жүздің Ресей аумағынан алыс жатуы себепті 30-жылдары ол Ресейдің құрамына ене алған жоқ. 1740 жылы Орынборда Әбілқайырдың ара ағайындық етуімен Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен сұлтан Абылай Ресейдің қол астына өтті. Атап айтатын бір нәрсе - Ресейдің қол астына негізінен шекара шебіне таяу тұратын қазақтар өтті. 1731 жылы патша үкіметі Әбілқайырдың көмегімен Хиуа хандығын Ресейдің қол астына өткізуге әрекет жасап бақты. Бірақ Хиуа хандығы ол ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты. 1742 жылы Әбілқайырдың белсенді ара ағайындық көмегімен Орынбор қаласында Ресейдің қол астына 30 мың қарақалпақтар да өтті. Орынбор («Қырғыз-қайсақ») экспедициясының қызметі Кіші жүз қазақтарының шекара аймағындағы жерінде патша үкіметінің жағдайын нығайтып, бекіте түсу үшін 1734 жылы Қырғыз-қайсақ экспедициясы құрылды. Оны I Петрдің сыбайлас жақын серіктерінің бірі И.К. Кириллов басқарды. Ал оның көмекшісі қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрыптары мен заңдарын жақсы білетін тілмаш А. Тевкелев болды. Кейінірек қырғыз-қайсақ экспедициясы Орынбор экспедициясы деп аталды. Оның құрамындағы 2700 адамның 2500-і әскери қызметшілер еді. Экспедицияға үкіметтің берген тапсырмасы Кіші жүздің жағдайын жан-жақты зерттеу болды. Атап айтқанда, олар табиғи ресурстарды зерттеумен, жер бетінің картасын түсірумен айналысты. 1735 жылы Әбілқайыр ханның өтініші бойынша Орынбор қаласының негізі қаланды. Қазақ ханы дала төсінде әлдебір бүліншілік окқғалары бола қалса, сол бекініс-қамалда бой тасалауды көздеген болатын. Қамал Ор өзенінің Жайыққа қүяр жерінде салынды. Кейін ол Ор бекінісі деп аталды. Орынбор бекінісі Ресей аумағының ішкі жағына ауыстырылды. Орынбор Батыс Қазақстан аумағын отарлаудың стратегиялық орталықтарының біріне айналды. Ол Ресейдің еуропалық бөлігі мен қазақ даласынын, Орта Азияның аралығындағы ірі сауда орталығы қызметін де атқарды. Патша үкіметінің Орал шекаралық шебін нығайтуы және жер дауының шиеленісуі Қазақтарды өзінің қол астына алғаннан кейін патша үкіметі бекіністер салуға қызу кірісті. Оның бұл әрекеті шекара аймағындағы жер дауын бірден өршітіп жіберді. • Біріншіден, XVIII ғасырдың 30—40-жылдарында әскери бекіністері бар Үй шекара шебі салынды, ол Жоғарғы Жайық бекінісінен Звериноголовская бекінісіне дейінгі 770 шақырымға созылды. • Екіншіден, патша үкіметі 1734 жылдан бастап қазақтардың Жайық өзенінің оң жақ өңірінде көшіп-қонып жүруіне қатаң тыйым салды. • Үшіншіден, 1742 жылы патша үкіметі қазақтардың Жайық өзеніне, Жайық қалашығына, сондай-ақ салынып жатқан бекіністерге жақын келуінің өзіне қатаң тыйым салды. Мұндай қатаң шектеулер мен тыйым салулар содан кейінгі жылдарда да жалғаса берді. Мұның бәрі де көшпелі қазақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын нашарлата түсгі. Сөйтіп қазақтар салынып жатқан шекара шебіне дүркін-дүркін шабуыл жасауды жиілетті. Мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар дағдарысты қиын жағдайда калды, көшпелілердің кедейленіп, қайыршылану үрдісі басталды. Кіші жүз қазақтарының Ресейдің қол астына өтуінің салдарлары Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының бір бөлігінің Ресейдің қол астына өтуінің, негізінен алғанда, ұзаққа созылған келеңсіз салдарлары болды. Қазақ халқы бірте-бірте өз тәуелсіздігінен айырыла бастады. Патша үкіметі хандар мен сұлтандарды уақыт өткен сайын өзінің бір айтқанды екі етпейтін тәртіпті шенеуніктерге айналдырып алды. Патша үкіметі жалпықазақтық хандықтың болуын танудан саналы түрде қасақана бас тарту арқылы Қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығын бұзып, бірлігін ыдырата бастады. Іс жүзінде қазақтардың билеушілерімен ешқандай келісіп алмай-ақ, қазақ-орыс шекарасының бүкіл өн бойына әскери бекіністер, қамалдар, далалық шағын бекіністер салуды үсті-үстіне үдете берді. Жайылымдық жерлердің тарыла түсуі мал өсірумен айналысатын көшпелі және жартылай көшпелі қазақтардың шаруашылық негізін елеулі түрде шайқалтты. Жұт болған жылдары қазақтардың мал басын аман сақтап қалуы үшін шекара шебіндегі аймақтарға көшіп баруына рұқсат етілмеді. Қазақстанның Ресейдің ықпалына енуі кейінгі жылдары қазақтардың Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасының едәуір нашарлап кетуіне әкеп соқтырды. Хиуа мен Бұхардың әскерлері Оңтүстік Қазақстанның қазақтарына оқтын-оқтын жорық жасап тұрды, алым-салық төлетті. Сонымен қатар Ресей мен Қазақстанның екі арасындағы сауда қатынастарының күшейе түсуі едәуір оңды сипат алды. Пайдаланған әдебиет 1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1 2. “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9 3. Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ISBN: 978-601-01-0268-2 4. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы - Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011. ISBN 978-601-282-175-8 5. Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы 6. «Маңғыстау»энциклопедиясы, Алматы, 1997; 7. Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN: 9965-17-272-2




Скачать