Алаш тағылымы және қазіргі қазақ руханияты


Ұлт тарихы тек қана саяси, әлеуметтік, қоғамдық оқиғалардан ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар жалғастығынан, өміршең дәстүрлерден құралатыны да белгілі. Сол игі дәстүрлерден тағылым ала отырып, мемлекет, әлеумет, жеке адам көшін түзейді, бағытын айқындайды. Халқымыз жүріп өткен ұзақ жолдың шежірелі күндеріне көз салсақ, тарих ата жадына тоқыған талай тағылымды істерді көрер едік. Қазақ тарихының осындай белесті асуларының бірі – Алаш қозғалысы. Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған бұл ұлы қозғалыстың тарихы мен тағылымы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Алаш қайраткерлері ұлтты ұлт ететін талай-талай шаруаны бастағаны, жолға салғаны белгілі. Сол зиялы қауым көтерген іргелі мәселенің бірі – тіл мәселесі.
    Алаш зиялылары бастаған рухани мәселелер бүгінгі Қазақстанның   тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатыр дегенде, олардың тіл тақырыбы төңірегіндегі ойларының қазірде де өміршең екендігін аңғаруға болады. Қазақ тіліндегі басылымдар, ана тілінде білім алу, тілдің қоғамдағы мәртебесі, ана тілінде тәрбие беру, Қазақстандағы қазақ тілінің басымдығы сияқты мәселелер А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Шоқай, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Т.Шонанұлы тағы да басқалардың істері мен еңбектерінен көрініс тауып жатты.
    Алаш қайраткерлерінің сонау ХХ ғасырдың басында тіл туралы айтылған ой-пікірлерінің ХХІ ғасырдың басында өмір сүріп отырған қазақ қоғамы үшін де маңызды болуы – біздің бұл салада атқарар шаруамыздың көптігін де көрсетеді. Себебі қоғамымыз тіл саласында әлі де Алаш зиялылары көтерген мәселелер деңгейінде отыр. Сондықтан да жоғарыда есімдері аталған қайраткерлердің, қаламгерлердің ойларын басшылыққа алып, бірқатар жұмыстар атқаруға тиістіміз. Айталық, бүгінгі мектеп, ондағы қазақ тілінің жай-күйі, жас ұрпақтың қазақ бола отырып, Қазақстан мектебінде оқып, орысша білім алуы және ондай қазақ балаларының мыңдап, тіпті он мыңдап саналуы. Қазақ баласының орысша білім алуы деген сөз оның орысша тәрбие алуы болып шығады. Осыны ұлттық қадір-қасиетімізді қалпына келтіру жолында орасан істер атқарған Алаш зиялылары бұдан бір ғасыр бұрын ұғынып, сөзбен де, іспен де шешуге тырысқан.




Скачать