Ресей қазақтары


 

Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 10 жылдығына және Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай «Әлем қазақтарының рухани сұхбаты: тіл, мәдениет және Алаш мұраты» атты халықаралық конференцияның ұйымдастырушы қазақстандық және осы конференция жұмысына қатысушы шетелдік қандас ханымдар мен мырзалар! 

Сіздердің баршаларыңызға  ұлы орыс халқымен өмір сүріп жатқан миллионнан астам ресейлік қазақтардың атынан жалынды да сағынышты салем жолдаймын! Бәріміз үшін ұлттық мәні үлкен осы конференция аясында атқарылатын жұмыстардың табысты да жемісті болуын тілеймін!

Әрине, Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасы үшін стратегиялық маңызы бірінші кезекте тұрған ұлы да қуатты көршілес мемлекет. Ал Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясы үшін өзінің геосаяси, ұлттық мүдделерін қорғаудағы ең сенімді де әлеуетті көршілес елдердің бірі. Сондықтан да екі ел арасындағы саяси, экономикалық, әскери, ғылыми-техникалық және де мәдени ынтымақтастық пен достық қарым-қатынастар уақыт өткен сайын жан-жақты дамып, нығая түсетіні – заңдылық. Бұл туралы екі мемлекет президенттері халықаралық деңгейде талай рет саяси мәлімдемелер жасап, Ресей мен Қазақстанда экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде өзара келісе отырып, қыруар жұмыстар тындырды. Соның нәтижесінде Ресей мен Қазақстан халықтарының хал-ахуалы әжептәуір жақсарды. Бұл екі ел қазақтары үшін ортақ жетістік болып отыр.

Ал, енді әлем қазақтары туралы сөз айтар болсақ, қазіргі шетелдік қандастарымыздың көбі халқымызға бөтен жат жерде емес, керісінше өздерінің тарихи атамекендерінде өмір сүріп жатыр. Яғни әлемдік қазақтардың басым көпшілігі халқымызға орны толмас қайғы-қасірет әкелген зұлмат замандарда басқа мемлекеттердің қарамағына өтіп кеткен ата-бабамыздың байырғы жерлерін мекен етуде. Олар диаспоралар емес, керісінше сол көршілес елдердің жергілікті қазақ халқының өкілдері болып саналады. Сондықтан да бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан шетелдік қазақтарды атамекен ретінде емес, тек Ұлы Отан ретінде ғана өзіне тартады, Ұлы Отан ретінде ғана өзін аңсатады, Ұлы Отан ретінде ғана өзі  туралы қам жегізеді. Шындығын айтсақ, әлемдегі  бүкіл қазақ атаулы адамдар Отан деген ұлы сөздің мән-мағанасын Қазақстансыз әсте жетік ұға алмайды.

Түп-төркіні «от» деген сөз  болғандықтан, кез-келген саналы адам үшін Отан отбасынан басталады. Қандай халық болмасын, оның отбасылары көбейген сайын сол халыққа отан болған ел мен жердің өркені өсе берері – ақиқат. Әлемдегі әрбір ұлтжанды қандасымыз бен қазақ халқының тілі мен дәстүрін риясыз шын ниетпен қабылдаған қазақ емес қазақстандықтардың да пана тұтар жалғыз да қасиетті  Отаны осы Тәуелсіз Қазақстан болып қалары анық. Олай болса Қазақстан халқы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жылдарда ортақ Отанымыз – осы Қазақстан аумағына көршілес елдерден қоныс аударып, біржола  көшіп келген ағайындарды «оралмандар» деп атау қате айтылып, ерсі естіледі. Бұл туралы тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де ресми түрде бәрімізге ескертіп айтты. Осыған орай Қазақстанды тек Отан ретінде ғана пана, пір тұтып, қоныс аударып көшіп келіп жатқан қандастарымызды «отандастар», немесе «отаншылдар» деп жігерімізге жігер қосар патриоттық сезіммен атасақ бәрімізге жарасады.




Скачать