Отаршылдық саясаттың Түркі өркениетіне тигізген кері әсері
“Тарихсыз халық тұл демекші” әр халықтың өзіндік өткені жолы, даму тарихы болады. Еліміздің ұлттық тәуелсіздік алуы – қазақ халқының тарихи даму жолына қатысты жаңа көзқарастар туғызды. Бұл көзқарастардың негізі – қазақ қоғамы дамуының жолы да халықтар мен мемлекеттердің қалыптасуына ортақ сипаттарымен байланысты екендігінде. Қандай да болмасын мемлекет сыртқы басқыншылыққа қарсы күрес пен ұлттық тәуелсіздік және әлеуметтік теңдік үшін күрес үстінде қалыптасып, жетіледі. Кеңес дәуірінде қалыптасқан сыңаржақ ұғымдар бізге осы түркі әлемінің тарихи шындығын мойындатпайтын еді. Себебі, халықтың ұлттық тәуелсіздік үшін күресін, отарлау басқыншылығына қарсы наразылықтарын, ұлтшылдықтың тар шеңберіне тығып, тарихи фактілер жайында теріс қорытындылар жасауға тырыстық. Соның арқасында, өз еркімізбен отар болуға құлшынған ел болып көріндік. В.Лениннің сөзімен айтқанда жабайы, жартылай жабайы, қазақ халқы ұлы орыс халқының көмегімен ғана ел болып, көшпелі тұрмыстан отыршылыққа ауысты, орыс мұжығынан жер өңдеп, егін салуды үйрендік, бұрын екі пайызы ғана хат танитын халық Ұлы Қазан төңкерісінен соң ғана жазу мәдениетіне ие болды. Осындай жалған тұжырымдар бүкіл түрік әлеміне қалай ықпал еткенін бүгін әркім- ақ көріп отыр. Яғни отаршылдықтың негізгі мәселелеріне қатысты сыңаржақ тұжырымдар жасауға әкеліп соқтырады. Осы проблеманың өзекті мәселелерін шынайы зерттеуге тырысқан ғалымдар қуғын - сүргінге ұшырады, тарихи зерттеулердегі жаттанды біржақтылық тарихшыларға өз көзқарастарын ашып айтуға мүмкіндік бермеді. Қазір егеменді ел болған кезімізде, сол бұрмаланып келген оқиғалардың ақиқатын анықтап, тарихи шындықты қалпына келтіретін мезгіл жетті . ХХ ғасырдың басында саяси, экономикалық зор мәні бар жер және қоныстандыру мәселерін ұлттық интелегенция өкілдері: М. Дулатов, С. Асфендияров, А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев т.б. толғандырған ең өзекті мәселелердің бірі болды. Олар шаруалар отарлауына ұлттық мүлде тұрғысынан қарап, орыс мұжықтарының қазақ жеріне қоныстануы жергілікті халықты қайғылы зардаптарға ұшыратқанын батыл айыптады. Түркі өркениетінің дамуына өлшеусіз зор үлес қосқан Қазақстан, қазақ халқы, қазақ жері дейтін болсақ, сол қазақ халқы патшалық отарлау саясаты мен коммунистік үстемдік кезіндегі қоғамдық және ғылыми өмірден шектен тыс идеологияландырылуы қазақ халқының түркі өркениетіне қосар үлесіне кері әсерін тигізді. Ол әсіресе қазақ жерін орыс шаруаларының отарлауы және оның қазақ қоғамына тигізген ауыр зардаптарынан көрінді . Кең байтақ туған жері дәстүрлі шаруашылығының негізі және тіршілігінің көзі болып табылған қазақтың «жер дауы жесір дауы» деген қанатты сөздеріне жер дауының бірінші аталуы тегін емес еді. Өйткені «кіндік қаным тамған» деп ата жұртын аса қастерлеген халқымыз үшін жер мәселесі көкеикесті мәселе болып табылды. Скачать |