Этнос” туралы ұғым. Этностардың пайда болу заңдылықтары
“Этнос” гректiң – еtпоs — тайпа, халық деген сөзiнен шыққан. Ғылымда “халық” терминiнiңорнына “этнос” терминi орынды қолданыла бастады. Бұл термин этностың негiзгi тарихи түрi – “тайпа”, “ұлыс” (“народность”), “ұлт” ұғымын түгел қамтиды. Оның үстiне, “халық” сөзiнiң “бiр топ адам” (мәселен, “халық жиналды” десек) деген мағынасы бар екенi белгiлi. Сондықтан “этнос” терминiн қолдану қолайлы. Адам ұжым болып тiршiлiк етедi. Оған әлеуметтiк бiрлестiк деп те, этностық бiрлестiк деп те қарауға болады. Шындығында, әрбiр адам, бiр жағынан, белгiлi бiр қоғамның мүшесi бола отырып, сонымен бiрге ұлттың (этностың) да мүшесi болып саналады. Адам баласының әлеуметтiк дамуы жақсы зерттелген және оның даму заңдылығы жан-жақты қарастырылған. Ал халық тарихы жөнiндегi (бiз ендiгi жерде оны шатастырмас үшiн “этнос” деп алып қараймыз) зерттеулер түсiнiксiз, шатастырулық көп. Шын мәнiсiнде, этностан тысқары бiрде-бiр адам өмiр сүрмейдi. Кiмге де болса, “сен кiмсiң?” деген сұрақ қойса, ойланбастан “орыспын”, “французбын”, “ағылшынмын”, “немiспiн”, “парсылықпын” немесе “түрiкпiн” деп жауап бередi. Олай болса, адамның санасындағы этнос жайындағы түсiнiк көпке ортақ. Ал жоғарыдағы сұраққа жауап берушi әрбiр этнос мүшесiне: “Сен неге ол халықты немесе ұлтты өз ұлтым деп санайсың?” деп сұрақ қойса, оған анықтама беруге қиналады. Әсiресе, “сенiң ұлтыңның басқа ұлттан қандай айырмашылығы бар?” деген сұраққа бұрынғы Кеңес Одағында, бүгiнгi ТМД елдерiнде тiршiлiк ететiн ұлт өкiлдерi тиянақты жауап бере алмайды. Ол заңды да. Себебi, 70 жыл бойы “бiрыңғай тiл, бiрыңғай мәдениет жасаймыз” деген ұранмен тiршiлiк еткен Кеңес халқы, “Келешек коммунизм кезiнде дүние жүзiнде бiр ұлт, бiр тiл болады. Ол француздың да, ағылшынның да, немiстiң де, орыстың да тiлi емес. Оған барлық ұлт өз үлесiн қосады” деген сталиндiк волюнтаристiк теорияға имандай ұйыған ғалымдар әр ұлттың өзiндiк ерекшелiгiн зерттеуге онша мән бермедi. Ұлт мәдениетi мен ұлт тiлдерi бiртiндеп кiрiгiп жоғалатын өткiншi процесс деп қарады. Бүгiнде этностық мәдениет пен ұлт тiлдерiнiң өткенi мен келешегiне көз жiберу ұшiн этностардың шығу тегiн ғылыми методологиялық тұрғыдан қарастыру қажеттiгi туып отыр. Бұл жөнiнде соңғы жылдары ұлт мәдениетiн ғылыми-методологиялық тұрғыдан терең зерттеп, тұңғыш рет құнды еңбек жазған атақты тарихшы ғалым Лев Гумилев болды. Ол өзiнiң “Халықтар қалай пайда болады және жоғалады?” (изд-во Ленинградского университета, 1989) деген атақты еңбегiнде, дүние жүзiндегi халықтардың пайда болу, өсу, өркендеуiн және олардың бiртiндеп өшiп, жоғалу заңдылықтарын диалектикалық тұрғыда, тарих, география және биология (оның iшiнде экология және генетика саласы) ғылымдары негiзiне сұйене отырып, “этнос” туралы ғылыми дәйектi анықтама берген едi. Л.Гумилев “этнос” туралы соңғы уақытқа дейiн әр түрлi түсiнiк-анықтамалардың болғанына тоқталады. Айталық, бiреулер “этнос дегенiмiз — шығу тегi бiр халықтар” десе, екiншiлер “этнос — тiлдiң бiрлiгiне негiзделген мәдениеттiң тууы” дейдi. Ал үшiншiлерi “этнос — бiр-бiрiне ұқсас адамдар тобы” десе, төртiншiлерi “этнос - сана-сезiмдерi бiр адамдар тобы” дейдi. Бесiншiлерi “этнос” - белгiлi бiр қоғамдық формациядағы адамдардың шартты түрде топтасқан тобы” десе, ал алтыншылары “этнос — табиғаттың сыйы, этнос — әлеуметтiк категория” дейдi (19, 13). Тарихтан белгiлi болғандай әр түрлi халықтар белгiлi бiр аймақта пайда болып, сол аймақтың өзiндiк ерекшелiгiне (климатына, өсiмдiгiне, жер бедерiне, географиялық аймақтың хайуанаттары мен жәндiктерiне) бейiмделiп, тiршiлiк етедi. Өзiндiк мәдени және рухани мұрасын жасап қалдырады. Осы ерекшелiктерiне сүйене отырып, көрнектi тарихшы-этнограф Лев Гумилев: “Этнос дегенiмiз – жер бетiндегi белгiлi бiр тiршiлiк аймағы мен әлеуметтiк ортаның бiлiгiнде жатқан салт- дәстүрi, тұрмыс-тiршiлiгi, шаруашылық кәсiбi, мiнез-құлқы, тiлi мен мәдени мұрасы бiр халықтар тобы”(19,13) деген анықтама бередi. Бiз осы анықтаманы басшылыққа алған жөн деп есептеймiз. Скачать |