Ыбырай Жақаев


 

Ыбырай Жақаев! Қазақ халқының бұрынғы, қазіргі мемлекетіміздің тарихындағы ірі, іргелі тұлғалардың бірі. Еңбек сүйгіштіктің, адамдықтың, адалдықтың, азаматтықтың өлшемі.

 

Мен таңғаламын: Ыбекең күріштен дүниежүзілік рекорд жасады. Ал көршілес Ақтөбе облысынан Шығанақ Берсиев тары дақылынан сондай әлемдік ірі көрсеткішке қол жеткізді. Қазақтың осы екі қара шалының, еңбектің пайғамбарларының дүниежүзілік рекорд жасауы кездейсоқтық па, әлде заңдылық па? Елдің, жердің, судың қасиеті ме, әлде ата-бабаның аруағының құдіреті ме. Бәрінің де қатысы бар сияқты мұнда. Оның үстіне күріш, тары керемет дақылдар ғой. Күріштен жағымды, жұғымды, жеңіл, денсаулыққа пайдалы әлденеше тағамдар дайындауға болады. Шығыс халықтарының дендерінің сау болып, көптеп өсіп-өнуінің салиқалы себебі осы күріште деген де пайым бар. Патшаның баласының: “Халық қарны ашса неге сыр күріш жемейді?” (сыр күріш – сүтке пісірілген күріш ботқа) дегені де тегін емес шығар.

 

Ал тары дақылының қасиеттері де ерекше. Одан сөк, талқан, жас балаға беретін жарма, көже, майсөк, жент жасайды. Майсөк қазақтың белгілі астарында құрметті қонағына ұсынатын қадірлі тағам.Ақтөбеліктер сөкті шайға салып ішеді. Оның қасиеті сол, ол адамның қарнын аштырмайды да, шөлдетпейді де. Сондықтан да ежелден оны үлкен кісілер ораза тұтқанда, таң сәріде сүтке, айранға салып, майға бұлғап жеп алады, күн батқанша былқ етпейді. Қызығы сол: үлкен кісілердің тісі бола бермейді ғой, оның үстіне ас дұрыс қорытылуы үшін оны 25 рет шайнау керек. Ал адамның туғаннан бастап жаралған кемшілігі – ешкімнің де оған шыдамы жете бермейді, сондықтан олар жеген кезде бір тояды, біраз уақыт өткен соң шала шайналған сөк, бөртіп, көлемін ұлғайтып екінші рет тойдырады, сөйтіп жүргенде кеш те болады.

 

Бірде Сталин Қазақстан басшылары Скворцов пен Шаяхметовтен: “Сіздерде бір стратегиялық маңызы бар дақыл өседі дейді”, — деп сұрапты. Екеуі: “Біз бірден жауап беруге дайын емеспіз, елге барып мән-жайын біліп баяндайық”, – дейді.

 

Алматыға келіп ғалымдармен, мамандармен, диқандармен ақылдасып ол дақылдың тары екендігін Сталинге баяндапты. Міне, сол күннен бастап бұл дақылдың бағы жанып, оны өсіруге мән беріліп, нәтижесінде Шығанақ Берсиев дүниежүзілік рекорд жасайды. Осының өзі біздің халқымыздың дәрежесін, мүмкіншілігін, қарым-қабілетінің артық болмаса, ешкімнен де кем еместігін көрсетіп тұрған жоқ па? Сондықтан да жақсылықты да, жаңалықты да өз елімізден, өз жерімізден, өз халқымыздан іздеуіміз керек.

 

Ыбекеңді айтқанда Шығанақ Берсиевті, Жазылбек Қуанышбаевты, Нұрмолда Алда­бергеновті бірге атағанымыз орынды ғой деп ойлаймын. Жақсы адамдар тірісінде қатарласып бірге жүргісі келеді, өлгенде де рухтарының бірге болғанын қалайды. Бұл төртеуі де еңбектің пайғамбарлары. Тағдырлас, замандас олар қазақтың беделі мен берекесін, абыройы мен атағын арттыру үшін жаралған жандар. Халқымызға, елімізге тарихтың, уақыттың, Алланың тартқан сыйы.

 

Ыбекең мен Жазекеңнің арасындағы түсіністік, тілектестік, ілтипат, сыйластық, достық бірге туғаннан да артық, елге өнеге, үлгі боларлық екі ұлы адамның шынайы, жарқын да жарасымды достығы еді. Кезінде Жазекең Ыбекеңе інілік жолмен сәлем беріп те, көңілін сұрап та келетін. Ал 1981 жылы Ыбекең тоқсанға таяп қайтыс болғанда, Жазекең ағасын соңғы сапарға шығарып салуға да келді. Ата жолымен алыстан көлігінен түсіп, жаяу “ой, бауырымдап” зор дауысымен езіліп, егіліп, жылап елдің көңілін босатқан еді.

 

Жарықтық Ыбекең: “Жылай білу де үлкен қасиет. Ол мұң, зар, үн сыртқа шықпаса, адам езілмесе, егілмесе, тазармаса, көңіл-күйі көмулі қалады да, адам баласы тебірене білмейтін қара тасқа айналады”, – деуші еді. “Москва слезам не верит” дегенмен, қазақ көз жасына қатты сенеді, сезінеді.

 

Ыбекең мен Жазекеңнің үлкен достығы жөнінде Асқар Тоқмағамбетов:

 

“Кездесті, міне, солай екі батыр,

Боп қалды қосылғандай екі ғасыр,

Бірі тау, бірі теңіз секілденіп,

Екеуі жұбын жазбай келе жатыр,” – деп шабыттана жырлайды.

 

Ыбекең, Шықаң, Жазекең, Нұрекең – “диқан ата”, “шопан ата”, “дала академигі” – ХХ ғасырдың нағыз еңбек тарландары. Еліміздің тарихында осы төрт шалдың алар орны ерекше. Бұл қариялар – өмірдің өзінен оқығандар, алдындағы көргенін, естігенін көкірегіне тоқығандар, осы мол мұраны кейінгілерге кемеңгерлікпен қалдырғандар. Бұл шалдар – өмірі асып-тасуды білмеген, елден асып өмір сүр­меген, дүниенің бар кілті еңбекте ғана екенін өзінен бастап, өзгеге де ұқтырып кеткен ұлы жандар.




Скачать