Сәрсен Аманжолов
Қазақ тіл білімінің туып, қалыптасуы, дамуы бүгінгі кемелденген шағына жетіп, биіктерге көтерілуі оның ірге тасын қалап, қазақ тілін ғылым ретінде қалыптастырған ардақты есімдермен тығыз байланысты. Қазақ тіл білімінің тарихында оның ғылыми-теориялық негізін салған ғалымдардың әрқайсысының орны ерекше. Артына қалдырған мол мұрасын арнайы зерттеуді лайық ететін біртуар ғалымның бірі-филология ғылымының докторы, профессор Сәрсен Аманжолов (1903-1958). Қарап отырсақ, ғалым С.Аманжоловтың әрбір тілді зерттеуі диалектикалық даму көзқарастарымен ұштасып отырады. Бұдан тілдің қалпын дамуымен тығыз байланыста зерттеудің, тіл жүйесінің әр элементін қолдданыста қарастырудың ұтымды болатынын байқауға болады. Тіл біліміндегі сөйлемдер жүйесінің бүгінгі дамуы мен оның өзекті мәселерін танып білуде профессор С. Аманжоловтың ғылыми тұжырымдарын, атап айтқанда, сөйлем теориясының негізгі грамматикалық сипаттары, жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің ара жігін айқындату, сөйлем мүшелері түрлерін ажырату критерийлері, үйірлі мүшелі конструкциялардың жаратылысын тану, сөйлемдерді топтастыру мен олардың жіктелу принциптері, сөйлем теорясының даму жолдарына қатысты тұжырымдарын зерттеудің маңызы зор. Профессор С.Аманжоловтың ғылыми мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін де ғылыми мәнін жоймаған, бағдарламалық мәні бар, игі пікір мен зерттеуге лайық, көптеген ғылыми еңбектерге жолбасшы болатын дүние деп танимыз. Ғалымның синтаксис теориясы жөніндегі көзқарастарының кейінгі ғылыми және теориялық тұжырымдарға негіз болғанын көрсету, оның ғылыми мұрасын бүгінгі күнгі теориялық тұжырымдармен салыстыра отырып, жан – жақты талдау оның білімділігін танытады. С.Аманжоловтың тиянақтауында құрмалас сөйлемдер салалас, сабақтас, аралас болып болып алғаш рет үш түрге жіктеледі. «Бірнеше сөйлем күрделі ойды білдіру үшін бір-бірімен ұласады, кейде біріне-бірі бағынып барып ұласады. Кейде әрі бағынып, әрі тең боп ұласады»,- дейді автор. Мұндай топтау 1940 жылы 5-7 сыныптар үшін жасалған бағдарламада да көрсетілген. Ғалымның құрмалас сөйлем синтаксисін ғылыми тұрғыда зерттелген 1940 жылғы шыққан еңбегінде құрмалас сөйлемге мынадай анықтама берген: «Құрмалас сөйлем дегеніміз – екі я бірнеше сөйлемнің, яғни бірнеше субъектінің көрінісі болған сөздің я сөздер тобының жиынтығы». [1;175-бет] С.Аманжолов салалас құрмаласты, жалғаулықты, жалғаулықсыз деп бөлген еді. С.Аманжоловқа дейін А.Байтұрсынов салалас құрмалас сөйлемдерді бес топқа топтастырған. Профессор С.Аманжоловтың 1939 жылы орталау және орта мектепке арналған «Қазақ тілі грамматикасының» синтаксис бөлімі жарық көрді. Бұл оқулықта автор салалас сөйлемдердің жалғаулық арқылы да, жалғаулықсыз да жасалатынын айта келіп, оның жеті түрін саралап талдап көрсетеді. Салалас сөйлем түрлерін ажыратуда жалғаулықтардың ыңғайымен талдап отырған, мысалы: тіркесті салалас (да, де) жалғауымен келген сөйлемдер, қарсылықты салалас (бірақ, сонда да, т.б) жалғауларымен, үдетпелі салалас (әрі жалғаулығымен), талғаулы салалас (я, яки, жалғаулығымен), себепті салалас (себепті, сондықтан жалғаулықтарымен), кезектес салалас (біресе, кейде жалғаулықтармен), бейтарап салалас (құй, мейлі жалғаулықтарымен) келген сөйлемдер. С.Аманжолов салалас құрмаластың ерекшеліктерін былай көрсеткен: «Салаласқа енген сөйлемдер форма жағынан бөлек болғанымен, мағына жағынан бір-бірімен байланысып жатуы керек. Күрделі ұғымды беру үшін, екі сөйлем бірігіп барып, кеңірек бір ойды білдіреді. Салаласқа енген жай сөйлем бірыңғай мүшелермен форма жағынан ұқсас келеді, ал мағына жағынан айырмашылығы бар. Салалас құрмалас сөйлемдер біріне-бірі тіркесіп, мағына жағынан бағынады да, сыртқы формасы жағынан бағынбайды. Ондағы жай сөйлемдер бірімен-бірі тіркесіп, ойдың тұтастығына ие болады да, белгілі мағына бірлігін сақтайды». Салалас сөйлемде қиысушылық та бар дегенді айта отырып, былай ескертеді: «Бұл бастауыш пен баяндауыштың қиысушылығы, мұнда кейде мезгілдік жағынан қиысады, кейде қиыспайды,» - дей келіп, мысалдармен дәлелдеген. Скачать |