Ұлт дамуының жаңа кезеңі және Алаш мүддесі


 

Біз Қазақстан Республикасы аталатын дәстүрі терең, бағдары жаңа қоғамның бар мүмкіндігін экономикалық, мәдени-рухани дамуға жұмсап келеміз. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы». Біз бүгінгі ұлттық дамуымызға, Алаш құндылықтарына да осындай көзқараспен қараймыз. Біз рухани дүниеміздің мән-мағынасын жарқын тарихымыздың айрықша оқиғаларымен, тұлғаларымен сабақтастықта зерделейміз. Әрине, әр нәрсе өздігінен жүзеге аса қалмайды, бабалар тағылымын бүгінге жеткізуші, ең бірінші кезекте – білімді де отаншыл зиялы қауым.

Бұл орайда біріншіден, ғасырлар тағылымын зердесіне тоқыған, ұлттық құндылықтарымызды түрлі салалар бойынша ғылыми тұрғыдан саралап, теориялық негізін қалаған және бүгінгі ұрпаққа аманаттаған кешегі Алаш зиялыларының рухы жасай берсін дегім келеді. 2007-2008 жылдар біз үшін Алаш зиялыларының Отанға, ұлтқа қызметінің 90 жылдық мерейтойымен де қымбат. Бұл бағытта біздің университет Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ірі ғылыми жиын ұйымдастырып, біршама іс-шара атқарып отыр. Естеріңізде болса, ЕҰУ былтыр да осы қараша айында Елордада Алашқа қатысты 2 конференция өткізген-ді.

Екіншіден,шақыруымызды қабыл алып, ғылыми ойларын ортаға салу үшін жиналған әлемнің түкпір-түкпірінен келген ұлтымыздың білімді азаматарына алғысымды білдіргіміз келеді. Алаш зиялыларының жан-жақты істерін зерделеуге сіздер де атсалыса аласыздар. Ал ол зерде, әсіресе біздің жастарымыз  үшін өте қымбат.

Біз Алаш кезеңін білімге, демократияға ұмтылған кезең деп білеміз. Шындығында, Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған зиялылар қазіргі отандық ғылымның бастауында тұр. Олар оқулық та жазды, академиялық зерттеулер де жүргізді, елдің дәрежесін көтеретін саясатпен де айналысты. Сондықтан біз бүгін Алаш, Алаш Орда дегенде, Елбасымыз айтқандай, «олардың Абайдан кейінгі дүмді тұлғалар – титандар екенін» есте ұстаймыз. Осы ақиқатпен бүгінгі жұртшылықты, әсіресе жастарды таныстыру да, қайта табыстыру да – біздің парызымыз. Бұл – ұлт дамуы жаңа кезеңінің абыройлы ісі.




Скачать