Ғұрыптық фольклор лексикасы. идиоэтникалық семантика


 

Зерттеудің өзектілігі. Қазақ тіл білімінде әсіресе соңғы жылдары көбірек көңіл бөліне бастаған антропоцентристік бағыттағы зерттеулердің нәтижесі этностың байырғы тұрмыс-тіршілігінің, қазіргі болмысы мен өткендегі өмір сүру тәжірибесінің, күнкөріс мәдениетінің, өзіндік ежелгі заттық және рухани құндылықтарының түрлі тілдік көріністері тек лексика мен фразеологияда ғана емес, ономасиологияда да, фоносемантика мен перифразалық құбылыстарда да көрінетінін дәлелдеп отыр.

Осымен байланысты барша тіл байлығына этнос танымы тұрғысынан мағыналық талдау жасау – «идиоэтникалық семантикасына барлау жасау» деген сөз. Себебі «...көпшілік қауымның білетіні лексикалық бірліктердің бойына тән мағынаның толық ауқымы емес, жарым-жартысы ғана, яғни көбінесе күнделікті өмірде өзара қарым-қатынас жасауға қажетті «үстіңгі қабаттағы» лексикалық мағыналары ғана. Ал олардың екінші деңгейдегі «ауыс, туынды, келтірінді, идиомалық, фразеологиялық» мағыналар тобына келсек, олар көбінесе тілдік ортада қалыптасқан дәстүрлі «мағыналық символ» ретінде сөйлеу контексіне қарай қолданылғанымен, түп-төркіні баршаға айқын емес. Мәселен, көзіне шөп салу, шөп басын сындыру, итарқасы қиянда, көзайым болу, шөпжелке, шүйкебас сияқты тіркестердің ауыс, идиомалық мағыналары бізге түсінікті болғанымен, олардың тілде пайда болу уәждерін бірден айтып беру оңай емес, өйткені олардың астарында этнолингвистикалық факторлар жатыр. Міне, сондықтан да әр алуан лексикалық бірліктердің осы екінші деңгейдегі мағыналарын біз шартты түрде этнолингвистикалық мағыналар деп атадық» [1, 21].

Идиоэтникалық семантиканың бастау ұғымдары алғаш А.П.Комаров, Ж.Вандриес, М.М.Копыленко, Н.Н.Кириллова, З.З.Чанышеваның еңбектерінде қалана бастады. Жалпы қай тілдің де идиоэтникалық семантикасын неғұрлым тереңірек танып білуге қазір солар мұрындық болып отыр. Қазақ тіл білімінде идиоэтникалық семантика мәселесі арнайы нысанаға алынып зерттелмесе де, зат немесе құбылыс атауының шығу тегі,  терминнің пайда болу уәжділігі туралы тілдік мәліметтер беретін еңбектер баршылық. Мысалы өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы Ә.Қайдар, Р.Сыздық, М.М.Копыленко, Е.Жанпейісов еңбектерінен бастау алған зерттеу бағыты Н.Уәлиұлы, Ж.Манкеева т.б. ғалымдардың зерттеулерінде нақты жалғасын тапты. Сонымен бірге Т.Жанұзақов, Б.Қалиев, Б.Сағындықұлы, Г.Смағұлова, Б.Момынова, С.Сәтенова, Р.Шойбеков, Г.Сағидолдақызы, А.Жылқыбаева, А.Ислам, Д.Керімбаев, Ә.Хазимова, Г.Әубәкірова  сынды басқа да лексиколог, этнолингвист ғалымдардың зерттеулерінен де этностың рухани және материалдық мәдениетінен орасан зор мәлімет беретін деректерді молынан кездестіреміз. Осы қатарда тілдің когнитивтік қызметі жайындағы К.Хұсайын, З.Ахметжанова, Б.Әбдіғалиева, Э.Сүлейменова, т.б. ғалымдар еңбектерінің де орны ерекше. 




Скачать