Қазақстанның оқу-ағарту және денсаулық сақтау жүйесі


Қазақстанның оқу-ағарту және денсаулық сақтау жүйесі

 

Қазақстанның оқу-ағарту жүйесі

Оқу-ағарту жүйесi. Қазақстан жерiнде, әсiресе, оның отырықшы аудандарында орта ғ-лардың ерте кезеңiнде-ақ (7 — 8 ғ.) көптеген мектептер (мұсылманша бастауыш оқу орны) мен медреселер, дiни бiлiм беретiн ортадан жоғары оқу орындары жұмыс iстей бастаған. Ертедегi Исфиджаб, Тараз, Сайрам, Түркiстан, Отырар, т.б. қ-лардағы медреселер саны 84-ке жеткен. Оларда 5 мыңға жуық шәкiрт бiлiм алған. Ауылдық мектептер кең-байтақ өлкенiң түкпiр-түкпiрiне орналасқан. онда молдалар (татар, башқұрт, т.б.) ұстаздық еткен. Оқыту ақысы халықтан жиналды. Балалар қыс, күз айларында ғана (жылына 4, не 6 ай) оқыған. Оқу мерзiмi 4 жыл, оқуға жетi жастан бастап қабылданған, кейбiр ауылдық жерде 7 — 9 жастағы балалар бiрге оқи берген. Оқу ақысы заттай төленген, жыл аяғында емтихан тапсыру, мектеп бiтiргенi үшiн балаға ресми куәлiк беру тәртiбi сақталмаған.

Сауат ашу жолы араб әрiптерi мен сөздерiн жаттауды, әсiресе құранның араб тiлiндегi мәтiнiн жатқа бiлудi мақсат еттi. Қалалардағы медреселерде ислам дiнiн уағыздайтын бастауыш мұсылман мектептерiнiң молдаларын, казиларды, дiндар сопылар мен шариғат заңдарын түсiндiретiн жоғары лауазымды дiн қызметшiлерiн даярлаған. Ол мұсылманшылық рәсiмдерiн таратушы оқу орны ғана емес, iрi мәдениет орталығы ретiнде де қызмет атқарды. Белгiлi ақындар, тiптi ағартушы-демократ ретiнде танылған қазақ зиялыларының бiразы осындай медреселердi тамамдаған. Мыс., орта ғ-дағы Отырар медресесiнде қазақ жерiнiң ұлы перзентi, Шығыс Аристотелi, екiншi ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фараби бiлiм алды. Берiректе Уфадағы “Ғалия” медресесiнде Т.Жомартбаев, М.Сералин, Б.Майлин, М.Жұмабаев, Семейдегi Ахмет Риза медресесiнде Абай Құнанбаев оқыды. Бұл оқу орындарында дiн жолын уағыздайтын пәндерден басқа заңтану, тарих, логика, риторика, география, философия, математика, астрономия, медицина, т.б. зайырлы пәндер оқытылған. Медреселердiң жанында кiтапханалар болды. Оқу мерзiмi шәкiрттiң алғырлығына, үлгерiм қабiлетiне байланысты болған. Оқуды тамамдаған шәкiрттерге ресми құжат табыс етiлдi. Киiз үйлерде оқытатын мұсылман мектептерi ауылдармен бiрге көшiп-қонып жүрген. Бай саудагерлердiң қаржыларына салынған қала медреселерi ғана арнаулы үйлерге орналасты. Бұл мектептерде оқу жоспары, бағдарламалары және тұрақты сабақ кестелерi болған жоқ.

Қазақстанның Ресейге қарап, оған империяның орт. аудандарындағыдай әкiмш. жүйе енгiзiле бастауына байланысты, жергiлiктi басқару буындарында iстейтiн шенеунiктер мен тiлмаштар даярлайтын орыс-қазақ және орыс-тузем мектептерiн ашу қажеттiгi туды. Осы мақсатта Омбыда 1789 ж. “Азиялық училище” ашылды. Бұл оқу орнына қазақ балалары да қабылданды. 1841 ж. Бөкей Ордасында Жәңгiр хан қазақ балалары үшiн орыс мектеп-пансионатын ашты. 1825 ж. Орынбордағы татар мектебi негiзiнде Неплюев кадет уч-щесi (ол 1844 ж. кадет корпусы болып аталды), 1846 ж. Сiбiр қазақ-орыс әскери уч-щесi негiзiнде Омбы кадет корпусы iрге көтердi. Бұл оқу орындарын қазақтың тұңғыш зиялылары: Шоқан Уәлиханов, Садық Бабажанов, Халиолла Өскенбаев, т.б. оқып бiтiрдi. 1850 ж. Орынбордың Шекара комиссиясы жанынан қазақ балалары үшiн жетi жылдық мектеп ашылды. Осы мектептiң түлегi қазақтың демократ-ағартушы педагогi Ы.Алтынсариннiң басшылығымен 1864 ж. 8 қаңтарда Торғайда тұңғыш қазақ мектебi және оның жанынан интернат ашылды. Ол педагогика классиктерiнiң (Я.А. Коменский, К.Д. Ушинский, Л.Н. Толстой, т.б.) гуманистiк идеяларын басшылыққа алып, өзi ашқан мектептердiң оқу жүйесiне енгiздi. Оның “Қазақ хрестоматиясы” (1879) мен “Қазақтарға орыс тiлiн үйретудiң бастауыш құралы” (1880) атты оқулықтары осы идеяға негiзделген шынайы демокр. бағыттағы еңбектер едi. Ы.Алтынсарин жаттамалы, мағынасыз дiни оқуға қарсы болды. Өзi ашқан қазақ-орыс мектептерiнде басқа ғылымдармен бiрге дiн тарихын да оқыта отырып, “Мұсылмандық шарттары” атты оқулығын жазды. Онда дiннiң имандылыққа, адамгершiлiкке тәрбиелеу шарттарын оқушыларға түсiндiру мақсатын көздедi. 1879 — 89 ж. Торғай обл. халық ағарту уч-щелерiнiң инспекторы қызметiнде жүрiп, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерiнде екi сыныптық орыс-қазақ мектептерiн, 1888 ж. Орскiде мұғалiмдер мектебiн ашты. Ол “балаларды жазалап оқыту” әдiсiне қарсы күрестi. Мектептерде ана тiлiне қоса орыс тiлiн, арифметика, табиғаттану сабақтарын өткiзудi қуаттады. Алтынсарин патша үкiметi жүргiзiп келген бұратана халықтарды орыстандыру — шоқындырып, тiлiнен, дiнiнен бездiру сияқты миссионерлiк саясатқа қарсылық бiлдiрiп бақты.

19 ғасырдың 2-жартысында қазақ мектептерi қандай болуы керек деген мәселе күн тәртiбiне қойыла бастады. Ол жөнiнде бiр-бiрiне қарама-қарсы екi көзқарастағы топтар пайда болды. Бiрi — бұратана халықты шала сауатты күйде қалдырып, төл мәдениетiнен қол үздiрiп, бiрте-бiрте орыстандыру саясатын көздеген Н.И. Ильминский бастаған миссионерлер болса, екiншiсi — орыс халқының прогресшiл озық мәдениет үлгiлерiн игеру арқылы өз елiн өркениеттi елдердiң деңгейiне көтерудi көздеген Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты демократ-ағартушылар едi. Абай “Дүниенiң кiлтi өнер-бiлiмде”, “Дүние де өзi, мал да өзi, ғылымға көңiл бөлсеңiз”, — деп жастарға жар салды. А.Байтұрсынов қазақ балаларының ана тiлiнде сауат ашуына көп күш жұмсады. Ол бастаған бiр топ қазақ зиялысы 1905 ж. 26 маусымда Қарқаралы қазақтары атынан Мин. Кеңесiнiң төрағасына петиция жолдап, “Қазақ даласында оқу-ағарту iсi дұрыс жолға қойылсын, ол үшiн ауыл мектептерiнде балалар қазақша сауат ашатын болсын. Оқу ана тiлiнде жүргiзiлсiн” деген талап қойды. Байтұрсынов қазақ тiлiнде тұңғыш әлiппе құралын жазды (1912). Оның 1892 ж. Қазанда басылған “Букварь для киргизов” деген оқу құралы жетi рет қайта басылып, 1925 жылға дейiн қазақ мектептерiнiң негiзгi оқу құралы ретiнде пайдаланылып келген.

1920 ж. қазанда Қазақ АКСР-нiң ХАК-ы құрылып, А.Байтұрсынов халық комиссары болды. 1921 ж. ақпанның 18-iнде Бүкiлқазақстандық оқу-ағарту конференциясы шақырылды. Онда балаларды қорғау, бiрыңғай мектеп жүйесiн құру, кәсiптiк-тех. бiлiм беру, саяси тәрбие iсi, оқу-тәрбие жұмысына байланысты, т.б. мәселелер қаралды. 1922 — 23 ж. ұлт мектептерiн төл оқулықпен, бағдарламамен қамтамасыз етуде бiраз шаралар iске асырылды, қазақ тiлiнде 14 оқулық шығарылды. Олардың iшiнде “Физика”, “Грамматика”, “Педагогика”, “Алгебра”, “Мектеп гигиенасы”, т.б. бар. Бұл оқулықтарды жазуға Байтұрсынов, Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, С.Аспандияров, Жомартбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков, Т.Жолдыбаев, т.б. қатысты. 1920 — 30 ж. республика мектептерiнiң оқу базасын күшейтуге мемлекет тарапынан орасан мол қаржы жұмсалды. 367 мектеп жаңадан салынып, 361-i күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Осы жылдары бастауыш мектептер саны 333-тен (1926) 1864-ке (1930) жеттi (оның 1231-i қазақ мектебi), оқушылар саны 215,1 мыңнан 320,1 мыңға жеттi (оның 124,9 мыңы қазақ). Алайда қазақ қыздарын оқуға тарту әлi де өз дәрежесiнде болмады. Бастауыш мектепте оқитындардың 11%-ы ғана қазақ қыздары едi. 1928 ж. ҚазОАК-нiң 3-сессиясы бұл мәселеге ерекше тоқталып, қазақ қыздарын оқуға көптеп тарту туралы арнайы қаулы қабылдады. Бұл жылдары қазақ орта мектептерiнiң саны аз едi. Мыс., 1927 — 28 ж. республикада үш-ақ орта мектеп (Ташкент, Орынбор, Қызылорда) болды. Оқушылардың көбi 7 жылдық мектептi бiтiрiсiмен техникумдар мен ФЗО-ларға кетiп жатты. 1929 ж. республиканың ежелден ғылым, әдебиет, мәдениет тiлi болып келген араб әлiпбиiнен латыншаға көшуi оқу-ағарту iсiнiң дамуына үлкен соққы болып тидi. Араб әлiпбиiмен шыққан мәдени бай мұралардың көбi отқа өртелдi. 1940 ж. латын әлiпбиiнен кириллицаға көшу елдегi ағарту iсiн тағы көп жылға шегерiп тастады.

1937 ж. қазақ бастауыш мектептерiнiң саны 537-ден 1190-ға, орта мектептер 11-ден 48-ге, орталау мектептер 143-тен 237-ге жеттi. 1940 — 41 оқу жылында жалпы бiлiм беретiн мектептерге 1 млн. 145 мың 993 оқушы тартылды. Оның 441 мыңы қазақ балалары едi. Бұл 1925 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Оқуға тартылған қазақ қыздарының саны 20 мыңға артты, мұғалiм кадрларының сапасы жақсарды. Мыс., 1940 ж. жалпы бiлiм беретiн мектептерде 44597 мұғалiм қызмет еттi, оның 17,5 мыңы қазақ әйелдерi едi.

1945 — 60 ж. мектептердiң, оларда оқитындардың саны күрт өсе бастады. 1960 ж. жалпы бiлiм беретiн 10363 мектеп жұмыс iстедi, онда 1 млн. 814 мыңнан астам оқушы бiлiм алды. 1954 ж. тың игеру науқаны кезiнде елде 1960 жаңа кеңшар орнап, жүздеген жаңа мектеп салынды. 1960 ж. республика бюджетiнен оқу-ағарту iсiне 2 миллиард сомға таяу қаржы жұмсалды. Қазақстанда төл оқулықтар жасау мәселесi мықтап қолға алынды. Бұл iспен Е.Бекмаханов, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, I.Кеңесбаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Ә.Маманов, М.Балақаев, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, т.б. республикаға белгiлi ғалымдар айналысты. Алайда бұл жылдары оқу-ағарту саласында жаңа мәселелер де туындады. Орт. Қазақстанға Ресей, Украина, Молдова, Беларусь республикаларынан тың көтеру науқанымен мыңдаған отбасылардың қоныс аударуына байланысты көптеген қазақ мектептерi жабылып, аралас орыс-қазақ немесе таза орыс мектептерiне айналдырылды. Соның салдарынан Қазақстанда 700-ден астам қазақ мектебi жабылды, қазақ тiлiндегi газет, журнал, кiтап таралымы құлдырап кеттi. 600 мыңнан астам қазақ баласы орыс мектептерiнде оқуға мәжбүр болды. Мың жарымнан астам аралас орыс-қазақ мектептерi пайда болды. Осыған байланысты Қазақстан үкiметi орыс тiлiн 1-сыныптан бастап оқыту жөнiнде қаулы алды. Бұл қазақ тiлiнiң рөлiн төмендетiп жiбердi.

1960 - 70 ж. арасында оқу мазмұнына iрi өзгерiстер енгiзiлдi. Мектептердi 7 жылдықтан 8 жылдыққа көшiру iсi 1962 — 63 оқу жылында аяқталды. Жаппай 8 жылдық бiлiм берудi iске асыру заңы оқудың сапасына керi әсер еттi, талап төмендеп кеттi. Оқушылардың бiлiмге ынтасы кемiдi. Орыс тiлiн оқытуға ерекше көңiл бөлiнiп, арнаулы орта және жоғары оқу орында 



Скачать