Неологизмдердің жасалуы және оның аудару жолдары


                                           Кіріспе

Аудару адамның рухани әрекетінің бір түрі ретінде, өте ерте заманнан келе жатыр. Ол сондай-ақ әлемдік мәдениет тарихында маңызды рөл атқарған. Мәдениет ғасырлар бойы дайындалып, ғасырлар бойы өмір сүреді. Әрбір жаңа ғасыр өткен мәдениетке жаңа мән-мағына әкеледі. Адамдардың ғана емес, сонымен қатар, халықтардың да тарихи жады деректерді іріктеп, таңдауға бейім. Мәдениетте ешқашан бірыңғай ықпал етуші, бірыңғай қабылдаушы субъект бола алмайды. Мәдениеттегі байланыс қашанда көпжақты, көпқырлы, ең аз дегенде, екіжақты. Сол мәдени байланысты баянды ететін бірден бір тиімді құрал аударма екендігін көне тарих көптеп дәлелдейді. Аударма ісі өткен тарихта болсын, бүгінгі күнімізде болсын мәдениеттерді байланыстыру құралы ретінде қызмет етіп келеді. Аударма – тілдік қонақжайлылық, кеңпейілділік, кеңшілік түрі. Аударма өзге тілді өз тіліңдей қабыл алып, өзге тілге мейірбандық таныту. Ол беталды жасалған тегін әрекет емес. Аударма – өз тіліңді қайта ашудың, өз тіліңді байытудың, соның әсерінен өз мәдениетіңнің көкжиегін кеңейтудің пәрменді құралы. Ендеше, аударма мәселесі мәдени ортақтасуды жүзеге асыратын мәдениеттер сұхбаты мәселесімен иық тіресе жүрері сөзсіз.
Аударма – мәдениетаралық қатынастың маңызды құралы, өйткені ол бір тілдік мәдениет айғағын екіншісіне таныстырушы орталық буын. Мәдени қарым-қатынасқа көп түскен, яғни өзге мәдени әлемнің когнитивті тәжірибесімен кеңінен таныс мәдениеттің тілінің аударуға бейім келетіндігі, соның нәтижесінде аударма ісінің үдере өрбитіндігі де белгілі жайлар.




Скачать