Еуропадағы қазақтар және ана тілі мәселесі


 

Қазақ халқының елеулі бір бөлігі қазіргі Қазақстан Республикасы шекараларынан тысқары жерлерінде тұрып жатыр. Батыс Еуропаның бірқатар елдерінде де Қазақ диаспорасына жататын көптеген топтар өмір сүріп келеді. Бұл қазақтардың басым көпшілігі Қытайдың Шыңжаң аймағынан (бұрынғы Шығыс Түркістан аймағынан) 1950 жылдары Пәкістан және Үндістан арқылы Түркияға көшкен, ол жерден жұмыс бабымен Батыс Еуропа елдеріне қоныс аударған қазақ отбасылары мен олардың балаларынан құралады. Олардың келешегі бір шағын тобы болса, ашаршылық жылдары Қазақстаннан Ауғанстанға босқан, 1980 жылдардың басында тағы Түркия арқылы Батыс Еуропа елдеріне келіп қоныс тепкен қазақ отбасылары мен олардың ұрпақтарынан тұрады. Батыс Еуропаның түрлі елдерінде тұратын сол қазақтар өздерінің ана тілдерін, ұлттық қасиеттерін, мәдениеттерін, салт-дәстүрлерін сақтап қалу, болашақ ұрпақтарға жеткізу үшін 10 қазақ орталығын құрып, солардың айналасына топтасқан. Осы қазақ орталықтары өзара байланыстарын, жұмыстарын белгілі бір жүйеге келтіріп, үйлестіріп отыру мақсатына орай Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясы деген бір шағын ұйым да құрған.

         Еуропа Қазақ қоғамдары алдарына қойған аталған мақсаттарын жүзеге асыру үшін бірқатар шаралар да қолдануда. Олардың ең бастыларының бірі, жыл сайын Еуропаның қазақтар қоныс тепкен бір елінде өткізілетін «Еуропа Қазақтарының Кіші Құрылтайы» деген дәстүрлі құрылтай. Бұл құрылтайларға, Еуропадағы Қазақ диаспорасының жүздеген өкілдеріне қоса, орталығы Алматыдағы Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының басшылары, Қазақстанның үкімет адамдары, ғылым, әдебиет және өнер қайраткерлері, ән-би ансамбльдері, баспасөз қызметкерлері де қатысып тұрады. Әсіресе шетелдерде туып-өскен қазақтардың бір-бірлерімен танысып, білісулеріне дәнекер болған осы құрылтайларда Еуропадағы Қазақ диаспорасы дидарласып отырған ана тілге, ұлттық мәдениет және салт-дәстүрлерге қатысты проблемалар талқыланып, оларға шешім-шаралар қарастырылуда. Әйткенмен, алып барылып отырған мұндай ізгі ниетті іс-әрекеттерге, шараларға қарамастан, Еуропа қазақтары арасында қазақ тілінің жағдайының жыл өткен сайын нашарлап бара жатқанын, әсіресе жас буынның ана тілін мүлдем білмей ұмыта бастағанын мойындауға мәжбүрміз. Диаспорадағы қазақтарды қатты алаңдатқан мұндай ұнамсыз жағдайдың қалыптасуының кейбір себептерін келтіре кетсек артық етпейтін шығар. 

         Бұрын диаспорада тұратын елден келген үлкен кісілер басқа тіл білмегендіктен балаларымен және немерелерімен тек қазақ тілінде сөйлейтін. Сондықтан үйлерде қазақша сөйлеу басым болатын. Қазір сол аға буынға жататын үлкен кісілердің қатары тым сиреп, олар түгесіліп бітті десе де болатындай. Бұл шетелдерде тұратын қазақтар арасында қазақ тілінің қолданылу үрдісіне ауыр соққы болып тиеді.




Скачать