Денсаулық, тазалық, ауру туралы - құттықтау

Денсаулық, тазалық, ауру туралы

Денсаулық, тазалық, ауру туралы мақал-мәтелдер
Бірінші байлық – денсаулық,
Екінші байлық – ақ жаулық,
Үшінші байлық – он саулық.
 
Ісің түсіп тақсырға барма,
Аурулы болып бақсыға барма.
 
Бақсы көрінсе дерт қозады,
Ұста көрінсе таға тозады.
 
 Денсаулық - зор байлық.
 
Жарлының байлығы - денінің саулығы.
 
Ауру атанды да шөктірер.
 
Ауру кірді - әлек кірді.
 
Қотыр қолдан жұғады,
Таз тақиядан жұғады.
 
Батыр бір оқтық,
Бай бір жұттық.
 
Ағын судың арамдығы жоқ.
 
Бас ауырса жан қорқады.
 
Жұғын бар жерде - шыбын бар,
Шыбын бар жерде - шығын бар.
 
Екі ауру бір келсе, ажалыңның жеткені.
 
Жан ауырса - тән азады,
Қайғы басса - жан азады.
 
Өліспеген көріседі.
 
Сәтін салған ауруға,
Не болса, сол ем болады.
 
Өлімнен басқаның бәріне асық.
 
Қасқырдың ойлағаны арамдық,
Қойдың ойлағаны - амандық.
 
Мысықтың өлімі - тышқанға той.
 
Тәуіптің жақсысы - ауруға ауру қоспағаны.
 
Мың ұжмақтан - бір күн тірлік.
 
Ластың досы - шыбын.
 
Қасапшыға мал қайғы,
Қара ешкіге жан қайғы.
 
Бас аманда мал тәтті,
Бас ауырса мал тәтті.
 
Емнің алды - еңбек.
 
Ауырып ем іздегенше,
Ауырмайтын жол ізде.
 
Тазалық - саулық негізі,
Саулық - байлық негізі.
 
Ауру желмен келіп, термен шығады.
 
Сырқат - тән жарасы,
Қайғы - жан жарасы.
 
Аман болса бұл басым,
Тағы шығар бұл шашым.
 
Азған денеге ауру үйір.
 
Қайғы қартайтады,
Қуаныш марқайтады.
 
Ұйқы - тынықтырады,
Жұмыс шынықтырады.
 
Басы аманның малы түгел.
 
Тер шықпаған кісіден, дерт шықпайды.
 
Аурудың жақсысы жоқ,
Дәрінің тәттісі жоқ.
 
Арымақ, семірмек көңілден.
 
Демі бардың емі бар.
 
Тұмау аяғы құрт,
Тұман аяғы жұт.
 
Ауру аздырады,
Суық тоңдырады.
 
Ауру кісі күлкі сүймес,
Ауыр жүкті жылқы сүймес.
 
Ауру батпаңдап кіріп,
Мысқылдап шығады.
 
Ауру астан,
Дау қарындастан.
 
Дауды елемеген төлейді,
Ауруды елемеген өледі.
 
Айналдырған ауру алмай қоймас,
Бұлттанған күн жаумай қоймас.
 
Жасыңда салақ болсаң,
Бара-бара былық боласың.
 
Аурудың алдын ал.
 
Ауру қалса да, әдет қалмайды.
 
Ауру патшадан сау шаруа артық.
 
Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің.
 
Көзің ауырса қолыңды тый, ішің ауырса аузыңды тый.
 
Жаман ауруға – жақсы ас.
 
Ауру өле-өлгенше жаннан дәмелі,
Жалқау жан қинамай малдан дәмелі.
 
Ауруда - шаншу жаман,
Сөзде - қаңқу  жаман.
 


Денсаулық туралы » Соңғы қосылған дүниелер »