Сайттың белсенді оқырманы Аманкүлдің қосқаны - құттықтау

Сайттың белсенді оқырманы Аманкүлдің қосқаны

Сөз бен тілге байланысты мақал-мәтелдер
Жарақты жауды жайратқан сөз.
Қаһарлы сөз қамал бұзар.
Оң сөз өзен тоқтатар.
Мал шөпке тоқтайды, адам сөзге тоқтайды.
Танкі тоқтат алмаған күштіні сөз тоқтатар.
Ақ сөз ащы болады.
Сөз тапқанға қолқа жоқ.
Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес.
Көз жеткізер, көз жеткізбегенді сөз жеткізер.
Сөздің басы бір пышақ, аяғы бір құшақ.
Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді.
Адамды адам еткен ой мен сөз.
Әсері жоқ сөз – өлі сөз.
Жылы киім тәнді жылытар, жылы сөз жанды жылытар.
Жақсы сөзге жан семіреді, жаман сөзге жан түршігеді.
Жақсы сөз жараны да жазады.
Жақсының сөзі ақыл шақырады, жаманның сөзі ашу шақырады.
Тау мен тасты  су бұзады, адамзатты сөз бұзады.
Кесірлі ауыздан кесапатты сөз шығады.
Құран сөзі – құдай сөзі.
Сөз ине сабақтайды.
Ине көзінен, шешен сөзінен сынады.
Сөз түпсіз, өмір шексіз.
Сөз атасы  - құлақ, су атасы – бұлақ
Әр жердің  өлшемі,  әр сөздің мөлшері бар.
Су төркіні – әуіз, сөз төркіні -  ауыз
Сөзді сөзбен ұста, қашағанды құрықпен ұста.
Көне сөз – жаңа сөздің қазығы
Сөз шынды табады
Ауыз көркі  - сөз, жүздің көркі – көз.
Сіз-біз деген – сөздің желімі.
Өтірік – шындықтың келіні.
Дәлелсіз сөзде дәрмен жоқ.
Сәлем – сөздің анасы.
Орайы келген сөз – орынды сөз.
Ас атасы – нан, сөз атасы – шал.
Қазақ бір ауыз ұтымды сөз үшін кісінің қанын кешкен, елдің тағдырын шешкен.
Біреудің ат көтермес бөзі бар, біреудің ат көтермес сөзі бар.
Сүтке сүт қосылса – сүмесін, сөзге сөз қосылса – демесін.
Кен байлығы – жерде, сөз байлығы – елде.
Дүниеде сөзден көне, сөзден берік ескерткіш жоқ.
Алмас қылыш майданда серік, асыл сөз майданда да, сайранда да серік.
Жол қуған кәдеге жолығады, сөз қуған бәлеге жолығады.
Сөз жүйесін тапса, мал иесін табады.
Ат айналып иесін табар, сөз айналып жүйесін табар.
Малдан малдың несі артық – бір асым еті артық,
Ерден ердің несі артық – бір ауыз әділ сөзі артық.
 
 


 
Піл көтермегенді тіл көтереді.
Адам көңілден азады, тілінен жазады.
Бал тамған тілден у да тамар.
Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады.
Айтпас жерде тілің тарт, ашу келсе қолың тарт.
Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл.
Тіл қылыштан өткір.
Тіл  - тиексіз.
Жаман  көлдің суы ащы, жаман қатынның тілі ащы.
Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.
Тілсіз жерде тіршілік жоқ.
Тіл – тіршілік тірегі.
Тіл буынсыз, ой түпсіз.
Ат  жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады.
Шешеннің тілі – шебердің бізі.
Қотыр қолдан, пәле тілден жұғады.
Адамға келген он бәленің тоғызы – тілден.
Тіл сүйексіз болса да, өзі сүйектен өтеді.
Балаға өз тіліңмен сөйлеме, өз тілімен сөйле.
Басқа пәле – тілден.
Тізеңнен сүрінсең де тіліңнен сүрінбе.
Тәрбие – тілден басталады.
Тілден тілдің кеңдігі болғанымен, кемдігі жоқ.
Тіл қоса алар жер мен көктің арасын,
Тіл айырар анасынан баласын.
Тіл атағыңды өсірер де өшірер.
 
Жинастырған
                            Әсет Болғанбайұлы,
филология ғылымының докторы,
 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік
сыйлығының иегері
ј

Мақал-мәтелдер » Тіл туралы » Соңғы қосылған дүниелер »