Сәкен әндері - құттықтау

Сәкен әндері

Сәкен әндерінен
Тау ішінде
Мен келем тау ішінде түнделетіп,
Аймақты күңірентіп өлеңдетіп.
Астыма ақ боз атым сылаң қағып,
Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп.
 
Қайырмасы:
 
Ақ боз ат менің тұлпарым,
Шалқыған көңіл сұңқарым.
Көкірек керіп жұттым мен,
Ауаның жазғы жұпарын.
Ә-әй, сүмбіл шаш,
Тәтті сөзің,
Қара көзің,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.
 
Ән салдым есіп майда жаяулатып,
Ырғалтып, шырқап, толғап, баяулатып.
Толқынды мың құбылған әнімді естіп,
Тыңдарсың кірпік қақпай ояу жатып.
 
Қайырмасы:
 
Ақ боз атым қояндай,
Еркелеп басар аяңдай.
Тербеді даусым ауаны,
Дыңылдап қалқып баяулай.
Ә-әй, сүмбіл шаш,
Тәтті сөзің,
Қара көзің,
Білгейсің келгенімді жалғыз өзің.



Ән - көңілдің ажары » Халық композиторларының әндері »