Өзім туралы Қасым Аманжолов - құттықтау

Өзім туралы Қасым Аманжолов

Өзге емес, өзім айтам өз жайымды,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында.
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайында.
 
Аманжол Рақымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын.
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.
 
Екі көз – екі жұлдыз маңдайдағы,
Көруші ең құбылысты қай-қайдағы.
Япырым-ау сен де бір күн сөнермісің,
Қап-қара түнек болып маңайдағы.
 
Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп.
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.
 
Кең жайдым құшағымды дүниеге,
Білдім мен қайғыра да, сүйіне де.
Әйтеуір әрі-сері болғаным жоқ,
Ұқтым мен көңілімнің күйі не де.
 
Аяған жүрегім жоқ жолдасымнан,
Сый көрді не бір сараң мол Қасымнан.
Жолдастың жүзін қайта алдым жинап,
Айырылсам ала көңіл он досымнан.



Ән - көңілдің ажары » Қазақстан композиторларының әндері »