Нұрғиса Тілендиевтің әндері - құттықтау

Нұрғиса Тілендиевтің әндері

Өз елім   
сөзі Қадыр Мырзалиевтікі
Келгенде көктемі,
Көңілін гүл басқан.
Шырағы көктегі,
Жұлдызбен сырласқан.
Өз елім менің –
Өзегім менің,
Жырыма қосып жүремін.
Төрім деп менің,
Жерім деп менің,
Соғады мәңгі жүрегім.
 
Қайырмасы:
 
Түлегі сендер,
Тілегі сендер,
Тірегі сендер сол елдің.
Назары сендер,
Базары сендер,
Ажары сендер сол елдің!
 
Ақ күмбез астығы,
Асқар боп өрлеген.
Жалынды жастығы,
Жүлдені бермеген.
Өз елім менің -
Өзегім менің.
Жырыма қосып жүремін.
Төрім деп менің,
Жерім деп менің,
Соғады мәңгі жүрегім.
 
Қайырмасы:
 
Бұзылмас қамалы,
Батыры уақыттың.
Тербеген самалы,
Бесігін бақыттың.
Өз елім менің -
Өзегім менің.
Жырыма қосып жүремін.
Төрім деп менің,
Жерім деп менің,
Соғады мәңгі жүрегім.
 
Қайырмасы:


Құстар қайтып келе жатыр  
сөзі Тұманбай Молдағалиевтікі
Көктемді қондырып қанатына,
Құс қайтып келеді Алматыма.
 
Ән толды аспанға,
Құс қонды жас талға.
Бақыт кеп қол алғандай.
Құстарды мен тостым,
Айғайлап ән қостым,
Арманым оралғандай.
 
Қайырмасы:
 
Қуандым жарқылдап,
Мәз болдым ән тыңдап,
Құшақтап арманымды.
 
Оянған армандай жаз таңында,
Келеді құс қайтып аспанымда.
 
Аспаным ашылды,
Ән маржан шашылды,
Шаттық бар жас жанымда.
Оралды арманым,
Оралды көктемім,
Қол алды достарым да.
 
Қайырмасы:
 
Сағыныш сәлемі –
Құс қайтып келеді,
Ән салып туған жерге.
 
Келеді аспанда құстар қайтып,
Сағыныш арманын ән ғып айтып.
 
Алатау қабылда,
Орашы соғымға,
Бақыт деп маған келген.
Саған кеп қонатын,
Сипашы қанатын,
Көктемгі майда желмен.
 
Қайырмасы:
 
Көліне ойнасын,
Бақытын тойласын,
Келді ғой туған жерге.


Саржайлау   
сөзі Мұқағали Мақатаевтікі
Жазира, жасыл кілем өрнектеген,
Туған жерге, дариға, жер жетпеген!
Кең өлкем, әлдилей бер, сен деп келем,
Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем.
 
Қайырмасы:
 
Саумал бұлақ – балдай дәрім,
Салқын самал – баурайларың.
Саялаған, беу, туған жер,
Сағындырған, Саржайлауым.
Армысың ата-қоныс, жасыл мекен!
Ұлыңмын, мен сенің қасыңда өтем.
Басқаның жерұйығын неғылайын,
Жерұйығы өзімнің қасымда екен!
 
Қайырмасы:
 
Жадырап, жұтайыншы тау самалын,
Осы еді ғой сағынып аңсағаным.
Гүлдерім, шыршаларым, аршаларым,
Бәріңе арнап мен бүгін ән саламын.
 
Қайырмасы:
 
Жанымды жырға бөлеп таң атырған,
Әнім едің ақ таңда жаратылған.
Төліңнен айналайын жаңа туған!
Айналайын еліңнен дара тұрған!
 
Қайырмасы:


Әже туралы ән 
сөзі Қадыр Мырзалиевтікі
Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,
Сағынышым – сары ормандай самсаған.
Әке болып жүргенімді ұмытып,
Әлі күнде еркелеймін мен саған.
 
Құлындаймын асыр салған аңғарда,
Қозыңдаймын ойнақтаған албарда.
Өзің барда қысылмаймын күлуге,
Жылауға да қорықпаймын сен барда.
 
Мен өзіңнен қабылдаппын сүюді,
Мен өзіңнен қабылдаппын күюді.
Сенің жаның жүрегіме ораулы,
Менің жаным жаулығыңа түюлі.
 
Тұра тұршы түзелгенде бұзығың,
Жүре тұршы жалғанғанда үзігің.
Маған дәулет неге керек, ақ әже-ау,
Өзің бірге көре алмасаң қызығын?!


Әке туралы жыр  
сөзі Мұхтар Шахановтікі
Жас едім өмірге еркін бойламаған,
Күні ертең не боларын ойламаған.
Шарықтап кетсем – дағы қанат қағып,
Өзіндей қамқор әке қайда маған.
 
Сүрінсем сынай қарап от жанарың,
Сен мені жақтамадың, ақтамадың.
Әрдайым осы қатал мінезіңнен,
Күш алып мақсатыма аттанамын.
 
Жан әке шертіп сезім домбырасын,
Кеудемді қуанышқа толтырасың.
Арманның биігіне құлаш ұрсам,
Алдымда асқар тау боп сен тұрасың.
 
Бұл күнде мен де өзеннің арнасымын,
Кім мөлдір болса соның жолдасымын.
Қуан сен, қуана бер, әкетайым,
Мен сенің өміріңнің жалғасымын.


Ақ жайық 
сөзі Қадыр Мырзалиевтікі
 
(«Қыз Жібек» фильміне арнап жазылған)
Көп болды Ақ Жайыққа бармағалы,
Көп болды кәусарына қанбағалы.
Көп болды жас сұлудың демін жұтып,
Құрбымен қосылып ән салмағалы.
Гәккулы мекен,
Аққулы мекен,
Мен сені сағындым ғой, Ақ Жайығым!
 
Көп болды Ақ Жайыққа беттегелі,
Көп болды атамекен жет дегелі.
Көп болды айлы аспанның аясында,
Құрбымен алтыбақан теппегелі.
Дүлділді мекен,
Бұлбұлды мекен,
Мен сені сағындым ғой, Ақ Жайығым!
 
Ақ Жайық, сенің орның ала бөтен,
Таппадым теңеу іздеп далаңа тең.
Өзіңе деген ыстық махаббатты,
Өзіммен көрге бірге ала кетем!
Ұранды мекен,
Қыранды мекен,
Мен сені сағындым ғой, Ақ Жайығым!


Куә бол
Сөзін жазған Тұманбай Молдағалиев
 
Көзімді жұмсам да көрем сені,
Еседі арманның қоңыр желі.
Куә бол, Алатау, бақытыма,
Куә  бол, көк терек көлеңкелі.
 
Қайырмасы:
Куә бол, жұлдыз,
Куә бол, Айым,
Куә бол, Алатауым!
 
Көп іздеп мен бүгін оны таптым,
Бастадым бір әнін махабаттың.
Ақ қайың аялап арманымды,
Куә боп, көк өзен, күліп жаттың.
 
Қайырмасы:
 
Куә бол, жұлдыздар, жымыңдасқан,
Куә бол, аппақ Ай, ашық аспан.
Алданба жүрегім енді қайтып,
Арманға кезінде есік ашқан.
 
Қайырмасы:


  Құстар қайтып барады
Сөзін жазған Тұманбай Молдағалиев
Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.
Зымырайды менің бала кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан, өте шыққан сезімдей.
 
Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал, адмадар күліп бастап өмірін,
Кетерінде жылай да алмай, жылай да алмай қалды.
 
Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,
Тамаша ән мен келіп еді көктемде.
Өскен жерге сыймай кетіп барады,
Өскен  жерін қимай кетіп, қимай кетіп барады.

     
  Аралдағы жеңеше-ай
Сөзін жазған Адам Мекебаев
Аумайсың жас баладан, жас баладан,
Ақ көңілім сен менің.
өзіңді іздеп астанадан,
құстай ұшып келемін-ай, жеңеше-ай.
 
Қайырмасы:
 
Аққуындай Аралдың,
Қандай нұрдан жаралдың,
Жадыраған  жаның гүлдей, жеңеше–ай.
Мінезіңді сағындым ғой,
Аралдағы жеңеше-ай.
 
Жеңеше-ай еркелейін, еркелейін,
Сенің ерке жаныңа.
Бұлбұл әнін мен төгейін,
Өзің еккен бағына, беу, жеңеше-ай.
 
Қайырмасы:
 
Жеңеше-ау, ақ журекті, пәк жүректі,
Ағаның өзіндейсің.
Кездеріңді сағындым ғой,
Наздана әзілдейтін.
 
Қайырмасы:




Қазақстан композиторларының әндері » Соңғы қосылған дүниелер »