Жез киік - құттықтау

Жез киік

әні Жақсыгелді Сейіловтікі
сөзі Кәкімбек Салықовтікі
Жез қанат, күміс бауыр киік көрдім,
Дәуірі сол ма дерсің күйік-шердің.
Жез марал жүреді екен арасында,
Қаптаған Бетпақтағы киіктердің.
 
Қайырмасы:
 
Жез киік, біздің жаққа қалай келдің?
Жолымды тіке кесіп жанай бердің.
Адамның көздеріндей екі көзің,
Япырмай, дәтім шыдап қалай көрдім.
 
Дәл саған құрмап еді торды ешкім,
Ғайыптан душар болдың сорды кештің.
Мен-дағы сертшіл едім далада өскен,
Сен-дағы жалтармадың, жолды кестің.
 
Қайырмасы:
 
Асықпа, көрейінші жөндеп қана,
Кетпесін жаңға тиген меңдеп жара.
Ет кесіп өз етімнен берсем-дағы,
Жөніңе жіберейін емдеп қана.
 
Дедім де қоя бердім ұстамадым,
Қасымда қал демедім, қыстамадым.
Тілеймін суық жақтан есен қайтып,
Жылы құм мекеніне қыстағаным.
 
Қайырмасы:
 
Түс тербеп жаздың мөлдір қысқа таңын,
Тұзақтап жез киікті ұстатамын.
Баяғы қызыл ішік киген қызға,
Жез камзол сол киікті ұқсатамын.
 
Құмарым қайта көріп қанар ма екен,
Әл бітіп салқын жүрек жанар ма екен.
Болмаса суық қолды бір сұр мерген,
Дәл көздеп әлде атып алар ма екен?.....
 
Қайырмасы:
 
Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.
Жез киік, сені аңсаған кездерімде,
Бір өзім кең далаға сыймай кетем.


Қазақстан композиторларының әндері » Той әндері » Соңғы қосылған дүниелер »