Кең өлкеме арналған әндер - құттықтау

Кең өлкеме арналған әндер

Арман  қала - Астана
                             Сөзі: Е. Шаймерденұлы
                             Әні: М. Омаров.     
  Ағылып Атыраудан, Алатаудан,
 Көш конды Қараөткелден таласа ауған.
 Жайнайды Астана ару алқасындай
 Ғажайып ғимараттар жаңа  салған.
 
 Сарыарқа сауырындай
 Ерке Есіл бауырында
 Қаланды бой көтеріп арман қала
 Арман қала,
 Асыл дала -
 Жаңа Астана, Астана.
 
 Төріне туын тігіп.
 Ерекше ел еңсесі бүгін биік.
 Астана - ақ ордасы қазағымның,
 Астана тәж ақ маңдайға қонған сүйіп.
                   Қайырмасы


Алматым менің
 Сөзі Н. Әлімқұловтікі,  әні М. Сағатовтікі
 Алматымда тұр алаулап,
Алтын нұры айдың.
Жүрдің бе сен тамашалап,
Көшесінде Абайдың.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Алматымның бағы қандай,
Алмасының дәмі балдай.
Алма дидар арулар,
Қыз Жібек пен Баяндай.
 
Көктөбеде ақ отау бар,
Саясында Арман.
Бұлттан асқан Алатау бар,
Мұз бен гүлден жаралған.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Алматының кеші қандай,
Алатаудың төсі қандай
Күн қала бұл, Ай қала,
Аймала жел, аймала.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Өстім сенде жарқын таңда,
Жастық отын жағып.
Мен есейіп марқайсам да,
Сен өсе бер жасарып.
 
 Қ а й ы р м а с ы:


Ауылым
 Сөзі Ж. Бейсеновтікі,  әні Т. Базарбаевтікі
 Кіндігімнің жас қаны,
Тамған жерім ауылым.
Шабытымның асқары,
Самғаушы еді ауылым.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Жастығымның күәсі,
Шұрқыраған ауылым.
Жусаны мен жуасы,
Бұрқыраған ауылым.     2 рет
 
 Биік-биік шың, құзға,
Құмар қылған ауылым.
Бүлдіршіндей бір қызға,
Сыңар қылған ауылым.
 
 Қ а й ы р м а с ы:
 
Әнмен таңды атырып,
Ән салдырған ауылым.
Сары қымыз сапырып,
Тамсандырған ауылым.    2 рет
 
 Көк түтінді шұбатып,
Желек созған ауылым.
Ай көрмесем құмартып,
Жүрек қозған ауылым.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Көк торғындай көктемде,
Сағым қуған ауылым.
Алыс сапар шеккенде,
Сағындырған ауылым.     2 рет


Ауылым - әнім
Сөзі Б. Тәжібаевтікі,  әні Е. Хасанғалиевтікі
 Қайда жүрсем, туған жерім,
Сен есімнен шығармысың!
Жастық дәурен құрған жерім,
Көз алдымда тұрармысың!
 
Ғашық едім қыр гүліне,
Қызық-тойым сенде өтеді.
Сенде өткерген бір күніме,
Дүниеде не жетеді!
 
Сүйем таныс жолдарыңды,
Саған бастап әкелетін.
Сүйем жасыл талдарыңды,
Жанға ләззат әперетін.
 
Сүйем айна көлдеріңді,
Мөлдіреумен қарайтұғын.
Сүйем белес-белдеріңді,
Таң сәулесі тарайтұғын.
 
Саған жырдан - сый арнағам,
Қиял құсын қуған жерім.
Туған жерін сүйе алмаған,
Сүйе алар ма туған елін!
 
Ауылымнан аттанарда,
Алтын аймақ ән салады.
Жол тынымсыз тартқан алға,
Жүрегімді нұр шалады...


Сарыарқа  
Ш. Сариев
 Сағынышты Сарыарқам кенді аймағым,
Туған жерім шұрайлы бал қаймағым.
Ел бағына жаралған кең өлкемнің,
Күй құшағын тербеткен, ән қойнауын.
Сағынышты Сарыарқам кенді аймағым.
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Сарыарқа,
Қайда жүрсем сағынышым,
Туған өлкем — ән-күйдің тәңірісің.
Жазиралы даламыз жаралғандай,
Сенің салған, Сарыарқа, әнің үшін.
 
 Баянауыл, бір шеті Қарқаралым,
Қайсыбірін өлкемнің айта аламын.
Бәрі сыйған бір ғана Сарыарқа,
Сарыарқам деп толғанып, қайталадым. 2 рет
 
Қ а й ы р м а с ы:
 
Туған өлкем, гүлді өлкем бар осындай,
Қымбат маған көзімнің қарасындай.
Қазағымның Сарыарқа егіз аты,
Домбырамен үндескен даласындай. 2 рет
 
Қ а й ы р м а с ы:


Сағындым Алматымды
әні Алтынбек Қоразбевтікі
сөзі Серікбай Оспановтікі

Қосамын әнге атыңды,
Тосамын әр хатыңды.
Сағындым алма бағын,
Арайлы Алматымды.
 
Сағындым аққу үнді,
Сағындым ақ гүлімді.
Алматым сыйладың сен,
Арайлы шаттығымды.
 
Еске алу Көктебені,
Жаныма от береді.
Алғашқы махаббатқа,
Куәгер - көк терегі.
 
Әкелген бар бағымды,
Сағындым таңдарымды.
Алматым, сені ойлаумен,
Жалғадым арманымды.
 
Қалайды жаным жырды,
Болмайды әнім мұңды.
Пәк көңіл, ақ жүректі,
Достарым сағындырды.
 
Аспаны астананың -
Сағындым жастар әнін.
Сағындым шыңдарыңды,
Алатау асқаралым!
 
Ғашықпын жауыныңа,
Талпынған тау ұлына.
Сағынып жетем саған,
Бас мені бауырыңа!



Ән - көңілдің ажары » Патриоттық әндер »