Заман не боп кетті /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет/ - құттықтау
Заман не боп кетті /әзіл әңгіме/ қосқан Ғабиден Қожахмет/
-Мүмкін мына кісілердікі дұрыс та шығар,белі ауыратын еркектер де бар шығар.Бірақ тап жаңағы кісінің белі ауырады дегенге сеніп отырған жоқпын.Телефоннан даусы гүж-гүж етеді.Анау бір жері ауыратын еркектің даусы емес.Ханым,айтыңызшы,айып болмаса,айтыңызшы,күйеуіңіз түн ортасында немесе таң алдында кешігіп келген жағдайлар болды ма? -Еркек болғасын ондай-ондай болады ғой,-деді әйел күмілжіп.-Оның бәрін жіпке тізе берсек,семья болудан қаламыз ғой. -Көрдіңіздер ме?-деді қара торы әйел жан-жағына қарап,-еркектердің ондайда белі ауырмайды,бәйге атындай бас шұлғып шыға келеді,ал қоқыс қалтаны апарып тасташы десе болды,сегізкөздері сырқырай қалады. -Осы орайда біз жергілікті атқарушы билікке телефон арқылы хабарласып көрген едік,соған құлақ түрейік,-деді жүргізуші. -Ало,ассалаумағалейкум,әкім мырза! Бұл "Заман не боп кетті?" бағдарламасынан ғой.Сізге қарасты ауданда тұратын әйел азаматшаның жағдайы бойынша хабарласып тұр едік.Төрт бірдей шиеттей бала-шаға бірнеше күннен бері нан жемеген.Ал ұн базарда тұр... -А,мен білем ол жайлы,-деді әкім,-ол әйелдің бізде арызы да бар. -Бұған қандай да бір мемлекет тарапынан көмек болмайды ма? -Негізі ондай көмек бар.Қазір қоғамда жалғызбасты әйел азаматшалар көбейіп барады,ажырасулар өте көп.Бұл-соған байланысты үкімет тарапынан ұйымдастырылып отырған көмек.Әйел адам болғасын,оның да жеке тіршілігі болады,ер адамның күшін қажет ететін жұмыстар бар. -Сонда бұл көмекті әйелдер қалай ала алады? -Көмек алғысы келген әйел бізге арыз жазады және күйеуінің жоқтығы туралы дәлелді құжаттарын өткізеді. -Ал,бұл көмек қалай жүзеге асырылады? -Бізде әкімдіктің жанында сайдың тасындай іріктелген,моральдық тұрғыдан ұстамды жігіттерден тұратын арнайы рота бар.Бізге тіркелген әйел қалаған уақытында телефон соға алады.Мысалы,"осындай да осындай,тамақ істегелі жатыр едім,ет турайын десем,пышақ өтпей жатыр,үйде пышақтарды қайрап қоятын еркек жоқ,ол жөнінде дәлелді құжаттарды өткізгенмін" дейді.Біздің қыздар дереу комьпютерден қарап жібереді де,әйел тізімде бар болса,арнайы ротаның жігіттерін арнаулы тікұшақпен көрсетілген мекенжайға аттандырады.Кейде әйелдер бала тәрбиесіне байланысты көмек сұрап жатады."Осындайда осындай,ұл баланың тәрбиесі қиын екен" деген сияқты.Ондай кезде де біздің арнайы ротаның жігіттері барып,ұлдармен әр түрлі спорттық жаттығулар,түрлі әңгімелесулер өткізіп қайтады.Кейде ол бар болғырлар: "Вася ағай,а,Вася ағай,маған әке болсаңызшы,қанша дегенмен ұл балаға әке керек екен"-дейтін көрінеді. Мұндайда Вася ағай,әрине,абдырап қалады: "Қалай деуге болады,Митя,әйтсе де үлкендердің арасында махаббат деген нәрсе болады ғой".Ал ол жүгірмектер сұрайды: "Махаббат қайда,Вася ағай?" "Махаббат деген ту-ту ақша бұлттардың ішінде,Митя.Жерге түспейді.Оны тек тікұшақпен ұшқанда ғана көре аласың". "Бәсе,апатайым неге ақша бұлттарға қарап тұрып,көз жасын бір сығып алады десем". Кейде тапсырмадан оралғанда,жігіттеріміздің көз жанары қызарып тұрады,олар тікұшақ ішінде отырып жылайтын болу керек.Бұл өзі жүйкеге,жүрекке салмақ түсіретін жұмыс,шырағым.Сондықтан да жігіттеріміздің зейнет демалысына ерте шығуы арнайы заңмен қарастырылған. -Әңгімеңізге рахмет,әкім мырза! -Өздеріңе де рахмет,шырағым! Расында да заман не боп кетті өзі,есікті тарсылдатып жатыр. -Кім тарсылдатып жатыр? -Халық қой,бәрін әкімнен сұрайды.Бағана бір жап-жас келіншек келді,ебіл-дебіл жылап,"өшіргіш тауып беріңдерші" дейді. -Өшіргіш?! -Я,бастауыш сыныпта оқитын баласы сурет салған,қисық салып қойыпты,енді өшірейін десе,өшіргіш жоқ.Тауып бердік.Одан кейін бір еңгезердей еркек келді,"балға тауып беріңдер!" деп. -Балға?! -Я,шеге қағайын деп қобдиды ашса,балғаның басы түсіп жатыр екен дейді."Шырағым-ау,неге қайтадан саптап алмайсың?" десек,"Сонда әкім не бітіріп отыр,қырасыңдар ма халықты түге?!-дейді.Бәрін әкімнен сұрайды. -Рахмет,аға,халқыңыз үшін қызмет етіп жүре беріңіз! -Өздерің де табысты болыңдар,айналайын! (бір апта өткен соң) Жүргізуші: -Құрметті көрермендер,біз өткен бағдарламамызда "Ұн қашан келеді немесе шиеттей бала-шаға аш отыра бере ме?" деген тақырыппен хабар ұйымдастырған едік.Қазір ұн келді.Балалар нан жеді.Біз осы орайда ұнды алып келіп,шиеттей бала-шағаны аштық апатынан құтқарып қалған отағасына бағдарламамыздың атынан рахмет айтамыз! Рахмет сізге,аға! Азаматсыз! Дауыс: -Оның несіне рахмет айтып жатырсыңдар,әкелсе өзінің балдарына әкеліп берді ғой,біреудің балдарына әкеліп берген жоқ. -Бірақ біздің бағдарламамыздың септігімен әкеліп беріп отыр ғой.Осы адамдар қызық,өздіктерінен бірдеңені істей бермейді.Міндетті түрде хабар түсіріп,көрсетіп отыруың керек.Тіпті осы мәселені жаңа көріп отырғандай болып,есінен танып қалады.Өткенде соғыс ардагері атай туралы хабар түсірдік.Бір қолы иығынан жоқ.41-жылы 22 июньде үйінің жанында бақшалықта жұмыс істеп жатқан екен.Сонда қасынан бір топ қызыл әскер өтеді.: "Жолдас,соғыс басталды ғой"-дейді.Атай кетпенін тастайды да,қызыл әскерлерге еріп жүре береді.Содан Берлинге дейін еріп барған.Қолы сол Берлинде болыпты.Атайдың бар жазығы-онсыз да тігулі тұрған қызыл туды түзеңкіреп қояйыншы дегені екен.Сөйтіп тудың сабынан ұстай бергенде,әлдеқандай тығылып жатқан бір неміс атайды қолынан атып жібереді.Атайдың да ашуы қатты екен,әлгі немісті сау қолымен желкеден түйгіштеп: "ит-ау,дәл соғыс бітіп тұрғанда қолымнан атқаның не,ойының қанбай жатқан не қылған пәшессің өзің" деп бүкіл әскери құраманың алдында қуалап жүріп сабаған екен.Осыны көріп тұрған генералдар атайға орден беріп қайтарыпты.Енді мына жағдайға сенесіз бе,сенбейсіз бе,біздің хабарымыздан кейін,соны көрген жұрт атайдың қолының шолақ екенін білмейтін едік дейді.Тіпті біздің бағдарламамызға рахмет айтқан хаттар келіп жатыр: "Рахмет сіздерге "Заман не боп кетті?" бағдарламасы! Мен ес біліп,етек жапқаннан бері,"осы кісі неге костюмінің бір жеңін кимейді екен?" деп үнемі ойланып жүруші едім.Сіздерге алғысым шексіз,сұрақтың жауабын таптым,бұдан кейін ол ойды басымнан шығарып тастап,басқа ой ойлап жүруге мүмкіндік алдым" деп жазып жатыр. Енді бүгінгі бағдарламамызды бастаймыз.Сіздер қазір студиямызда отырған орта жастардағы ер адамды көріп отырсыздар.Ол кісінің көйлегінің жағасы кір.Сіздер ол кісіні үй-күйі жоқ,отбасысы жоқ жан деп ойлап қалуларыңыз да мүмкін.Алайда бұл кісінің әйелі,отбасысы бар,ол жөнінде бағдарлама барысында біле жатармыз.Сонымен біздің бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы "Көйлек жуу құлдыққа жата ма?" деп аталады.Студиямыздың қонақтары... Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласыӘзіл-қалжың » Соңғы қосылған дүниелер »