Келін әдебі - құттықтау
Келін әдебі
Келін әдебі Досымбек ХатранТой өткен күннің ертеңінде-ақ, жаңа түскен жас келін бозада таңмен таласып тұрып, алдымен қазақта «үлкен үй», «қара шаңырақ» деп аталатын әке үйінің түндігінің бауына ақтық байлап ашады. Одан кейін жасы үлкен қайын ағаларының, ең соңында өз үйінің түндігін ашқан соң, отауында от жағып, түтін түтету үшін «үлкен үйден» «от алуға» барады. Қазақтың «отбасы». «отау» (от алу сөзінен шыққан) ұғымдары ежелгі отқа табынуға байланысты туындаған салтқа негізделе қалыптасқан атау екендігі анық. Осы орайда, тұяқ-тұқымы қалып, ұрпағы жалғасқанын білдіретін «отын жағып, түтінін түтететін артында ұрпағы бар» деген сияқты тағы да басқа көптеген мәтел сөздер «от жағып, қазан көтерген» жеке үй, отбасын құрғандығын білдіретін наным сенімдік ұғымдардан бастау алатындығын атай кету керек. Осындай үлкен де, жауапты міндеттер мойнына жүктелген қазақ келіні ерте тұрып, кеш жатып, күн ұзаққа бір тынбай көп істі еңбекқорлықпен бітіреді.
Сөйтіп бұрынғы ерке қыз, бұла бойжеткеннің, ендігі келіннің әлеуметтік мәртебесі (статусы) өзгеруіне байланысты, оның іс қимылына, мінез-құлықтарына түрлі шектеулер салынып, ырым-тыйымдарға бой ұсынуына тура келеді. Мәселен, күйеуінен басқа бөгде адамға «әурет» (ғаурат-араб сөзі) саналатын қолының ұшымен бетінен басқа денесін жалаңаш көрсетпеу, жалаң бас, жалаң аяқ жүрмеу, ерлердің жолын кесіп өтпеу, үлкендер отырған үйге кірмеу, үлкендердің әңгімесіне араласпау, оларға шай құйғанда бір тізерлеп қырын отыру, қазан аяғын салдырлатпау, үлкен адам көзінше дауыс көтеріп сөйлемеу, шаңқылдап ұрыспау, үлкен үйдің төріне шықпау, ата-енесінің, қайын ағаларының, қайныларының төсегіне отырмау, жер таянып отырып ас ішпеу, киімін желбегей жамылмау т.с.с.
Қалыптасқан дәстүр бойынша келін бала алдымен түскен жерінің үлкен-кішісі, ерлер мен әйелдеріне өзінше ат қоя білуі тиіс. Ол қазақта «ат тергеу» деп аталады. Ат тергеу – жас келіннің түскен жеріне, күйеуінің туыстарына деген ізгі құрметінің, әдебінің игі көріністерінің бірі ғана болып, оларды өз атымен тікелей атамай, арнайы ишаралап ат қоюы. Келін тарапынан осы ат тергеу барысында оның тапқырлығы, теңеу сөздерге шешендігі, жарасымды әзілқойлығы да сынға түсетін болған.
Келіннің жаңа ортадағы әрмен қарайғы әлеуметтік мәртебесін белгілейтін бірнеше шарттар атқарылады. Олар – сәукеледен кейінгі – «желек жамылу», одан кейінгі «кимешек кию». Мәселен, келін болып түскеннен кейін, сәукелесін сандыққа орап сақтап қойған келін, бір жылдай уақыт бойы, яғни балалы болғанға дейін «желек» жамылып жүреді. Желек – күрең өңді жеңіл матадан тігілген, бас киімнің шетін ала, шекені, маңдайды жаба келіп, бет қана ашық қалдырылатын, төгіле денені орай жауып тұратындай етіп мол қамтылған, ұзындығы тізеден аса келетін ғұрыптық киім түрі. Белгіленген мерзім болған кезде мал сойып, ауыл кемпірлерін, абысын-ажындарын шақырып, арнайы атай отырып, келіннің «желегін алып», «кимешек кигізеді». Бұл – келіннің осы әулеттің толық мүшелігіне өтіп, ана, адал жар, үй иесі деген атаққа ие болғандығын айғақтайтын жас, әлеуметтік инициацияны белгілеген ғұрып болып табылады. Жас келін түрлі-түсті, зер жіппен кестеленген, моншақпен, танамен әшекейленген кимешек кисе, жасы ұлғая келе ол әшекейлері азайған, реңкі біркелкі кимешек киетін болады. Осы орайда ерекше айта кетер жайт, егер балалы болып үлгермей, келін өмірден қайтқан жағдайда, ежелгі қазақ тәртібі бойынша кезінде төленген жасаудағы жылқы, түйелермен бірге қалыңдық ұзатылғанда киген сәукелесінің де қоса қайтаратын болған. Егер бала туып, ұрпақ қалдырса, жасау да, мал да, сәукеле де қайтарылмай, күйеуінің меншігі болып қала береді.
Сәукеле аса бағалы зат, мәселен көптеген деректерде белгілі болғандай әшекейлі сәукеленің құны жүз жылқыға бағаланатын.
(Сәукеле өсіп-өну символикасы міндетін атқаратын, қымбатты тас, қымбат аң терілерімен сәнделіп тігілген ғұрыптық бас киім).
Осылайша, өмір өткелдерінен өтіп, көп тәжірибе жинақтап, немере-шөбере сүйген аналар ауыл-аймаққа беделді болып, ер адамдар ауылда жоқта іс басқарып, мал сойғызып, қонақ күтіп, түсел түсіріп аттандыратын жайт қалыпты рәсімге айналады.
Ендеше, әрбір салттың,әдет-ғұрыптың, ырым-тыйымдар жүйесінің негізгі міндеттері сайып келгенде қоғам, қауым мүшелерінің жұмылып, бірге түсуіне қызмет ететіндігін баса айту керек. Ежелгі Томирис, Зарина, кейінгі Кербез ана, Бөрте, бертінгі Домалақ ене, Бопай ханымдардың атқа мініп қол бастап, аттан түсіп ел бастауы да – алаштың асыл салтын ардақ тұтуынан еді.
Салт-дәстүрлер » Үйлену салт-дәстүрлері » Соңғы қосылған дүниелер »