Тұсаукесер жыры - құттықтау

Тұсаукесер жыры

Темірхан Медетбек
Қаз-қаз тұрған сәбиді
Рухымен бабаның
Бата беріп жебеп ал!
Сонан кейін апарып
Бесігі деп түркінің
Алтай тауға бөлеп ал!
 
Бөлеп ал да, шешіп ал!
Жөңкіп көшкен көктегі
Қара менен ақ бұлттың
Түбітінен иіріп
Ала тұсау есіп ал!
 
Жамандықтың беті аулақ!
Сонда-дағы адамға
Жүру үшін күш керек.
Туған жердей қуатты
Ештеңе жоқ өмірде -
Сарыарқаға жеті аунат.
 
Бұл тіршілік толқын ғой.
Сол толқыннан өткенде
Берсінші деп жолын бір, -
Атыраудың ақ жалды
Толқынына шомылдыр.
 
Тұсау кесер алдында
Керегіңді сайлап ал:
Бір пышағын қайшының
Қаратауға қайрап ал;
Бір пышағын қайшының
Алатауға қайрап ал!
 
Қандай қиын белде де,
Қандай қиын жерде де
Түспесінші қабағың.
Туған жердің төсінде
Жығылмастан, сүрінбей
Алшайып жүр, қарағым!

Тұсау кесу » Соңғы қосылған дүниелер »