Шілдехана,Бесік той, Бауырына салу, Асырап алу, Сүндетке отырғызу, Тұсау кесу - құттықтау

Шілдехана,Бесік той, Бауырына салу, Асырап алу, Сүндетке отырғызу, Тұсау кесу

Шілдехана  
       Қазақ халқы думаншыл халықтың бірі. Нәрестенің дүниеге келген құрметіне арналатын көптеген салт-дәстүрлердің бірі - шілдехана. Бүгінде жас сәбидің дүниеге келгенін той жасап, атап өту рәсімге айналған.
       Қазақ халқының әдет-ғұрпында ұл баланың дүниеге келуін "ұл туғанға - күн туған" деп, ерекше бақыт санаған. Отбасының, ұрпақтың жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелген.
       Қазақ халқында ұл бала туса да, қыз бала туса да, жақын туыстарына хабарлап, "сүйінші" сұраған. Қуаныштарынан той жасап, атап өтеді. Ол тойға жақын туыстары мен жора-жолдастары келіп, нәрестенің жақсы азамат болып өсуіне тілектерін білдіріп, шамаларына қарай, арналған сыйлықтарын береді. Баланың анасына туыстары күтіммен қарайды.
      Туған ер баланы отыз күн, қыз баланы қырық күн суға түсіріп, денесін сылап, буындарын созады. Қырық күн өткен соң, қырқынан шығару ырымын жасайды. Оны туыстары болып келетін үлкен кісіге тапсырады. Осындай міндет жүктелген адам, сыйлығын бір тоғыз етіп дайындап келіп, нәрестені қырқынан шыарады.


Бесік той
       Туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді.
        "Бесік алып беру" - қазақтың бір жерге келін болып түскен қызы тұңғышын босанғанда орындалатын дәстүр. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса киітін, зергерлік бұйымдары мен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған киітінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады. Тоғызға бағалы киімнен бастап, ұсақ заттарға дейін кіреді.
        Тойға жиналған қонақтар асқа отырып, шүйіркелесе әңгімелесіп, құдағиларымен танысады. Шай ішіліп, әңгімелер айтылады. сонан соң "бесікке салу" ырымын жасайды. Құдағилары алып келген бесікті ашпас бұрын, сол үйдің басқа келіндері көрімдік сұрайды. Бесікті ашатын әйел көрімдігін береді. Жаңа бесікке нәрестені бөлемес бұрын, бесікке салушы бесіктің жабдықтарын орындарына қойып, шашу ретінде алып келген шайлық тәттілері мен ұсақ, ақшалай сыйлықтарын араластырып, бесіктің түбек байлайтын тесігінен өткізіп, қолын тосқан әйелдерге "тыштыма" деп үлестіріп береді. Жаңа бесікке олар байғазыларын береді. Әкелінген бесікке көріп отырғандар баға беріп, бесік әкелушілерге киіт беріледі. Құдағилар білезік пен жүзіктерін бір-біріне сыйлайды. Бесік жыры айтылып, би биленіп, көңіл көтереді.
 
Бөбек бөлеу

Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек
Бөлейін, бері кел, бөбек.
Бедерлі бесік, төрт есік,
Төгілте салдым тер төсек.
Бөпешім, бесік - отауың,
Отауыңа кір. бөбек.
 
Бөл-бөл, бөбек, бөл-бөбек,
Бүлдіршін шүмек, бәйтерек.
Балалы үйрек, бас бармақ,
Кішкене бөбек, бес бөлек.
Саусақайы салбырап,
Бөлене қойсын қос білек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөпем,
Бөлесем, жөнге көн көкем,
Көк ала жылқы көлде екен,
Көк ала тайың сонда екен.
Торсығыңды тосайын,
Тұмсық төсей сор, көкем.
 
Бөл-бөл, бөпем, бөл, бөпем,
Бөлейін, бері кел, көкем.
Жұлдызыңды жұм көкем,
Жуынып, ерте тұр, бөпем.
Алшая атқа мін, бөпем,
Ақтан қара біл, көкем.
 
Бөл-бөл, бөбек, бөл бөбек,
Бөлекең қонған көк өзек,
Көк өзекте көбелек,
Көлге көк құс шүй, бөбек,
Көк өзекте көбелек,
Көбелектей күл, бөбек.
 
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,
Боларсың, бөпем, қолкөмек,
Әлпештеген ата-анаң,
Бола қалсам мүгедек.
Таңайын ұйықта, таң атсын,
Түнде оянба, түн түнек.
 
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,
Бөріден бөстек ки, бөпем,
Ерінбей еңбек ететін,
Еліңе бол елгезек.
Елгезек болсаң, иісін,
Ендеше саған екі емшек.
Бөл-бөл, бөбек, бөл, бөбек,
Бөгелмей бәрін біл, бөбек,
Білмесең бәрін, бекерсің,
Бет алдыңа кетерсің,
Елге есті ер керек,
Ер жет! Есей ертерек!


 
Бауырына салу    
Немерелерін ата, әжесі немесе жақын туыстары уақытша тәрбиелеуге алғанды "бауырына салу" деп атайды. Бауырына салғандарымен, ата-аналарынан айырмайды. Асырап та алмайды. Бұл дәстүрдің мақсаты - жалғыз қалған ата-анасына ермек болсын деп, ал туыстарына көмек ретінде, баларын уақытша жібереді. Бауырына салушылар тәлім-тәрбиелерін береді, қамқорлықтарын жасайды. Бала өскен соң ата-анасына кетеді, немесе сол шаңырақта қала береді. Қазақ халқында, әсіресе, бірінші немерелерін бауырына ұлдың әке-шешелері салады. Бірінші немерелері үлкендердікі деп есептеледі. Бірақ, олармен қатар, баланың ата-анасы да тәрбие береді. Есейген балаға бауырына салған адамдар әрдайым ыстық болады. Өз баларынан кем көрмеген әже, ата-анасына немесе туысына сый сыйлайды. Бұл оның ризашылығын білдіреді. Жүрген жерлерінде мақтап, айта жүреді. Үйленіп, теңін тауып тұрмысқа шыққанда, үйлену тойларының қадірлі қонақтары етіп, үлкен ата-аналары деп, тілек білдіруде сөз кезегін бірінші соларға береді. Келін түсіргенде бірінші сол үйдің табардырығын аттатады.


Асырап алу
Басқа халықтар сияқты, қазақ халқында да асырап алу салты бар. Нәрестелі болмаған ерлі-зайыптылар, ата-аналарымен және өзара ақылдасып, бала асырап алады. Құжаттарының бәрін заңды түрде жасайды. Өздері ат қойып, өз аты-жөндеріне жазғызады. Әсіресе, баласы жоқ ерлі-зайыптылар туыстарынан асырап алуға тырысады. Бұндай жағдайларда баланың әке-шешесімен алдын ала айтып, келіседі. Асырап алған ата-аналар балаға үлкен жауапкершілікпен қарайды, жақсы тәрбие беруге, жағдайын жасауға тырысып бағады.


Сүндеттеу
   Сүндеттеу бұрыннан келе жатқан дәстүр. Ең бірінші Ыбырайым пайғамбар мен оның ұрпақтары сүндеттелген және сүндетке отырғызу Құдайдың берген өсиеті болған. Қазақ халқында бұл салт-дәстүрге айналған. Халықтың түсінігі бойынша, сүндетке отырғызудың мақсаты - бала ер жетіп, азамат болды дегенді білдіреді. Қазіргі күні қазақ халқы осы салтты "Сүндет той" деп, көп жерлерде үлкен той жасап, атап өтеді. Сүндетке отырғызылған балаға тай мінгізіп, келген қонақтары сыйлықтар сыйлайды. Бұрынырақта атқа жабу жауып, ашамай салып. сүндетке отырғызылатын баланы отырғызып, алдына қоржын іліп, туған-туыстарын тойға шақыртуға шығарған. Той басталғанда, кейбір жерлерде, арнайы ұлттық киім киген баланы атқа отырғызып, жиналған қонақтардың алдына шығарады. Отырғызатын атын өрнектелген кілемше жабуларымен безендіреді. Шашуларын шашып, байғазыларын береді. Тойға арнайы келген жақын туыстары тілектерін айтып, сыйлықтарын сыйлайды. Би биленіп, өлеңдер айтылып, ойындар ойналады.


Тұсау кесу
Қазақ халқының өмір салтына көрік беретін дәстүр - тұсау кесу. Бала жүре бастаған кезде кішігірім той жасап, тұсау кеседі.Тойға келгендер тұсау кесер тойына сыйлықтарымен, шашуларымен келеді. Дастархан жайылып, көрші-қолаңдар, әйелдер, қыз-келіншектер жиналады. Тұсау кесетін баланың аяғына байлайтын жіпті тұсау кесетін әйел дайындап, алып келеді. Көпшіліктің алдында даярлаған сыйлықтарын беріп, ортада тұрған баланың аяғына байланған жібін кесіп, жібереді. Жіпті ақ, қара жіппен есіп, еркін байлауға жететіндей етіп дайындайды. Ақ, қарадан есіп жасалған жіп біреудің ала жібін аттамасын деген жақсы ниетті білдіреді. Тұсау кесетін әйелді баланың әке-шешесі таңдайды. Беделді, іске ықшам, жасы үлкен, балалы-шағалы әйелге жүктейді. Ол әйел шамасына қарай балаға сыйлық береді. Кей жерлерде баланың басынан аяғына дейін жаңа киімдер әкеліп, әкелген сыйлығын ел көрсін деп, тұсауын кесіп, ортаға жібермей тұрып, кигізіп қояды. Ал кейбір жерлерде тұсауын кесетін балаға тұсау кесетін әйел балаға аяқ киім немесе бастан-аяқ киімнен бір тоғыз етіп жасап алып келеді. Бұрынырақта ат пен ер-тоқымын сыйлаған. Өлеңдер айтылып, жиналғандар тілектерін тілейді.
           Тұсау кескен әйелге әке-шешесі ризашылығын білдіріп, сыйлықтарын тартады. Киітін береді.



Салт-дәстүрлер » Балаға қатысты салт-дәстүрлер »