Үйлену тойында орындалатын дәстүрлер (жаушы жіберу, құда түсу, қалың мал, сүт ақы, ілу т.с.с) - құттықтау

Үйлену тойында орындалатын дәстүрлер (жаушы жіберу, құда түсу, қалың мал, сүт ақы, ілу т.с.с)

Қазақ халқының ұлын үйлендіріп, қызын ұзатуда ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт-дәстүрлері бар. Ата-бабаларымыз екі жасты үйлендірмес бұрын алдымен мынадай екі түрлі шарт қояды:
         1. Жігіт Қалыңдықты туыстық араға жеті ата салып іздестіруі керек. Қаны жақын туыс адамдар үйленсе, біріншіден, олардан ақыл-есі дұрыс бала тумайды, туа қалғанның өзінде өмір жасы қысқа болып, саны бір-екіден аспайды. Екіншіден, ағайын, туысқан арасында әдепсіз, жағымсыз қылықтар етек алып, ынтымақ, бірлік бұзылады. Ал туыстық араға жеті ата толған соң ежелден жегжат екі ел сүйек жаңғыртып, қайтадан құда болысады. Осы салт арқылы ел бірлігі сақталады. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген мақал осы дәстүрге байланысты қалыптасқан.
         «Жеті атасын білу» дәстүрі күні бүгінге дейін әрбір қазақ семьясында сақталып келеді. «Жеті ата» - дала тұрғындарының ата тегі жазылған паспорты, сондықтан әрбір ата-ана баласының тілі шыға бастағаннан-ақ оған жеті атасының атын үйрету керек.


          Қазақта "Үйлену оңай, үй болу қиын" - дегендей, үйленіп, үй болу адам өмірінің ұмытылмас кезеңі. Қазақ халқы, қыз ұзатып, ұл үйлендіріп келе жатқан думаншыл-сауықшыл халықтың бірі. Отау тігу дәстүріне көрік беріп, қызықты әрі мағыналы ететін - салт-дәстүр. "Қызын қияға, ұлын ұяға қондыру" әке-шешенің ұл-қызына деген міндеті.


Жаушы жіберу
         Қазақ халқында келін түсіру салты өте маңызды. Сондықтан, ақылдаса отырып, қазақтың салт-дәтүрі бойынша "қыз көріп", немесе "жар таңдайды".Кейбір жерлерде "жаушы жіберу" дәстүрі ертеден келе жатқан дәстүр. Ол - қыз айттыруға баратын өкіл. Жаушы қыздың әке-шешесімен сөйлесіп, бойжеткенге құда түсіп, "қыз айттыру" дәстүрін орындайды. "Құда түсу" дәстүрі осы кезде белгіленеді. Осылайша екі жақ қазақ халқының салт-дәстүрін біріге, орындайды. Қонақжайлы қазақ, жаушы келген кезде, қонақжайлық танытып, дастарқанын жайып, қарсы алады. Мал сойылып табақ тартылады. Қыз бен ата-анасы қарсы болмаса, жаушының өтінішін қабыл алып, екі жақ құда болысады. "Құдалық берік болсын!" деп, жаушыға кәдесін жасап, шапан жауып, ризашылығын білдіреді. Осыдан кейін, жігіт жағы "құда түсуге", ал қыз жағы "қыз ұзатуға" дайындық жасайды.
         Қыз ата-анасымен ақылдаспай, кетіп жатқан жағдайда, хабарын естіртуге жаушы немесе хабаршы жіберіледі. Қыздың өз қолымен жазылған қолхаты мен кешіріміне бір малын. бір тоғызын, ақшалай киітін алып келеді. Әке-шешесі қыздың өз еркімен барып отырғанына көз жеткізу үшін, қыз хабарын біліп келетін қуғыншы жіберіледі. Қуғыншы болып қыздың жанашыр ағасы мен жеңгесі барады. Қыз өзі таңдап келіп отырғанына әбден көздерін жеткізгеннен кейін, қыздың қалғанына көнеді. Қуғыншыларды жігіт жағы сыйлап дәмдерін татқызып, қызды жылатпай, өз қыздарындай көретіндіктерін айтып, киіттерін кигізіп, шығарып салады. Қуғыншылардың қыздың әке-шешесіне осы хабарын жеткізген соң, жаушыны енді құда деп сыйлайды. Жаушы арқылы берген кешірімін қабыл алады. Оны жақын туыстарын шақырып, бірге ақылдаса отырып, қабылдайды.


Құда түсу
        Құда түсу - ежелден келе жатқан дәстүр. Алайда құда болудың бірнеше жолдары бар.
        Екі адам достықтары артып, туыс болғысы келсе, балалы болмай жатып, құда болып жатады. Бұндай құдалықтың түрін "бел құда" деп атайды.
        Ежелден келе жатқан құдалықтың тағы бір түрі - "бесік құда". Екі нәрестені бесікте жатқан кезінен айттырып қояды. Бесікте жатқан қызға сырға салу дәстүрі қалыптасқан. Қыз бойжеткенде, ұл жағы аттастырып қойған қызға құда түсіп келеді. Бұл да үлкен тойдың бірі. Қазіргі кезде де осы салт-дәстүр ұмыт болмаған.
        Бұндай құдалықтың бір түрі - қыз бойжеткенде ұл жақ сырға тағып, құда түседі. Оны, әрине қыз бен жігіттің келсімімен жасайды. Белгіленген күнге дайындалған құдалар, жігіт әкесі сенімді бір туысын бас құда қылып, немесе өзі болып, бастап барады. Құдалар саны мен алып баратын қалың малы әр жердің өз салтына байланысты.
       Солтүстік жақта қалың малға көп көңіл бөлінбейді, ал оңүстік жақта қалың малды дәстүрлерінің бастысы деп есептейді. Сондықтан "Құда түсу" кәдесін жасап, құда түсірушілер құр қол бармайды. Әр жердің салты әр түрлі. Бір жерлерде оны "сырға салу" тойы деп те атайды. Кәделерін жасап, құда түсуші жақ "қалың малға" қосатын бұйымдарын сайлай бастайды. Қалың малға: мал, ақша, зергерлік бұйымдар, дастарқанға қойылатын дәмді шайлық тәттілер кіреді. Киіттерін тоғыз қылып жасайды. Шамасы келіп жатқандар киіттерін тоғыздан тоғыз қылып немесе тоғыз атауларын бөлек-бөлек тоғыз етіп жасайды. Оның басына құда мен құдағиға арналған бағалы киімдер қойылады.
        Қалың малынан басқа "өлі-тірісі" кәдесіне қосылатын жоралары бар. "Сүт ақы", күйеу апаратын "ілу" дегені болады. "Ілу" - қалыңдықтың әжесіне немесе шешесіне берілетін сыйлық.
        Қыз жағы да осы үлкен тойға дайындалып, құдаларын күтеді. Құдаларды күткенде, мағынасымен орындалатын салт-дәстүрлер тойға көрік беріп, гүлдендіре түседі. Құда түсушілер кіре берісімен, "табалдырық аттау" кәдесін құдалардан алады.  Күйеу балаға шашу  шашады, отқа май құйғызады. Алдын ала белгіленген адам құдалардың сырт киімдерін шешіп кетерде киіндіріп, "киім ілер" кәдесін жасайды.
        Бұрынырақта қазақ халқы ауыл-ауыл болып жайғасқан жерлерінен, көлік орнына, ат мініп келген. Әдейілеп тағайындалған адам оларды күтіп алып, аттарынан түсіріп, жайғастырып, "ат байлатар" кәдесін алған. Қыз ұзату тойы басталмай тұрып, киіз үйлер тігілген. Жастарға арналып тігілетін отауға күйеу әкесі отау жабдықтарын алдын ала беріп жіберетін болған. Құдалар ауылға жақындағанда отау тігу басталған, отауды қыз әкесінің үйінің артына тіккен. Үй тігіскен әйелдер "шаңырақ көтерер", "отау жабар", "уық шаншыр", "туырлық жабар", "үзік жабар", "бау шу байлар", "отау байғазысы" деген кәделерін алып, салтты орындаған.
        Құдаларды арнайы дайындаған дасарқанға жайғастырып отырғызады. Дастарқан басында орындалатын кезекті кәделер бар. "Сыбаға беру" кәдесін жасап, табақ тартылады. Оны да құдалар ақысын беріп, сатып алады. Сыбағаны тарту еткен әйелдер алған ақыларын өзара бөлісіп жатады.
        Кей жерлерде "Есік ашар" кәдесін құдалар орындайды. Жекжат болып жатқандарының құрметіне сыйлағандарын білдіріп, түрлі сыйлықтарымен келеді. "Малға бата жасау" кәдесін құдалар алдына әкелген соң, "табақ саларын" береді. Оны табақ әкелгендер өзара бөлісіп алады. Құдалар жағына той бастау ұсынылады. Сыйлықтар мен жыртыстары бар табақты той бастайтын құдаға немесе құдағиға ұсынады. "Той бастар" кәдесі осы жерде жасалады. Оны өздерінің тілектерімен немесе өлеңмен бастайды. Құдаларға арнап өлеңдер айтып, тілектер тілейді. Кейбір жерлерде тойды ауыл әйелдері бастайды. Әр түрлі той әндері айтылады.
        Той үстінде құдалардың осы тойын қызықты өткізетін бір дәстүр - "құйрық-бауыр асату". Құйрық бауыр асатудың мағынасы: "Құйрықтай тәтті, бауырдай жақын болайық" дегенді білдіреді. Бұл дәстүр құда болудың белгісі. "Құйрық бауыр" асатқан келіншектер алған кәделерін бөліседі.
        Той кезінде құдаларға сыйлы табақтар тартылады. Асықты жілік, жамбас, сияқты сыйлы мүшелер салынған табақтарды ұсынғанда, "сый табақ" кәдесін алады.
        Толып жатқан кәделердің бір қызығы - "ұн жағу" кәдесі. Ол да мағыналы, әзіл-шыны аралас. Ұндай жұғысты болайық деп, құдалар бір-бірінің беттері мен үстеріне ұн жағады.
         "Құда тарту" дәстүрі әр жерде әр түрлі өткізіледі. Кей жерлерде құдаларға талап қойып. оны орындай алмаған құдаларға кәдесін бергізген. Мысалы: құданың аяғынан тартып сүйрету, ән салғызу, жарыстыра би билету, күй тартқызу, сол сияқты көптеген ойындар кіреді. Бұл талаптарды орындай алмай жатса, кәдесін беріп, құтылып жатады.
         Бұрынғы кездерде осындай түрлі талаптарды орындай алмаған құдаларды әйелдер бастарына киіз қалпақ кигізіп, үстеріне су құйып, беттеріне ұн, балшық жағып, өгізге теріс мінгізіп мазақ қылған. Сонда да құдалар жағы өкпесіз көну керек болған. Солтүстік Қазақстан жақта құдаларға осындай талаптар қойылып жатса, Оңтүстік жақта құданы еңбектетіп, үстіне алты әйел аттай мініп отырып алған. Осындай ойын-сауық кейбір құдалардың намысына тиіп ренжіткен.
         Қазіргі кезде мұндай өрескел ойындар ойнала бермейді. Мәдениетті түрдегі ойын түрлері, ән айтып, би билеуге көбірек көңіл бөледі. "Құдаң шын досыңдай болсын, құдағиың құрдасыңдай болсын", "Құда болғанша, хал-жағдайын сұрас, құда болған соң, қолда бармен сыйлас" деген мақалдарға байланысты қазақ халқы "Құдаңды құдайыңдай сыйла" деп, құдасын жан салмай сыйлайды. Енді құдалар бар мәселені, кәделерін орындай отырып шешіп болған соң, қайтарларына қарай әр қайсысын сыйлап, киіт кигізеді.
         Бұрынғы заманда бас құдаға және құдалыққа келгендерге арнап киітін, шамасына қарай ат мінгізіп несеме кілем жауып, нар жетектеткен. Кей жерлерде ат шаптырып, көкпар қуған. Әр түрлі ойындар ойналған. Қазіргі кезде де осы дәстүрлерді ұстағанымен, әпқайсысы шамасына қарап киітін, мінгізер атын сайлайды. "Ағайын-туғанның қызығы - алыс-беріс, құдалықтың қызығы - барыс-келіс". Ең бастысы сыйластық. Қыздың әке-шешесі қыз ұзату тойын жасап, қызын шығарып салады.

Салт-дәстүрлер » Үйлену салт-дәстүрлері »