Қыз ұзату, Жар-жардың айтыс түрі, Қоштасу, Қыз ұзату тойы, Жасау беру, Қыз киімін беру - құттықтау

Қыз ұзату, Жар-жардың айтыс түрі, Қоштасу, Қыз ұзату тойы, Жасау беру, Қыз киімін беру

"Той десе, қу бас домалайды" демекші, той күні бала-шаға, жастар, қыз-келіншектер және үлкен кісілер тойға жиналған. Той дастарқаны басында қымыз ішіліп, сыбағалы табақтар таратылған кейін, той басқарушы ұйымдастырған әндер айтылған. Түрлі ойындар ұйымдастырылған: балуандар күресі, ат бәйге, қыз қуу, көкпар, жамбы атыс, арқан тартыс. Жастары таң атқанша ойын-сауық құрған. Жеңімпаздары жүлделерге иеленген.
           Кешқұрым ақ отау алдында жиналып, жат жерге кетіп бара жатқан бойжеткен құрбы-құрдастарымен қоштасып, "Жар-жар" жырын айтқан. Бойжеткен бірге өскен құрбыларын қимай қоштаса, жігіттер жағы "үлгілі, әдепті болып, қайын атаңды, қайын енеңді сыйла, туған ауылыңа сөз келтірме" - деп назарын айтады.
          Қыздың шешесі мен жеңгелері, бауырлары қимай қоштасады. Барған жерінде бақытты болуын айтып, әдепті келіг болуын тілейді. Ата-енесін сыйлап, сол ауылдың үлгілі келіндерінің бірі болып жатса, оларға одан басқа не керек. Өздерінің игі тілектерін төменде берілген өлең шумақтарымен жеткізген. Біздің уақытымызда жырлар айтып қоштаспағанмен, ұзатылатын қыздың үйі туған-туысқандарын жинап, тойлап, шығарып салады. Тойды әркім шама-шарқына қарап жасайды. Біреулері үлкен той жасап, шығарып салса, кейбір қыздар үлкен жеңгелерінің қолынан да кетеді. Жеңгелерінің қолынан кету де дәстүрге жатады.
 
Жар-жардың айтыс түрі
Жігіт:
Бір толарсақ, бір тобы санда болар, жар-жар,
Сыбдыр-сыбдыр жапырақ талда болар, жар-жар.
Әкем-ай, деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Әке орнына қайны атаң онда болар, жар-жар.
 
Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар.
Қанша жақсы болса да, қайын атам, жар-жар,
Айналайын әкемдей болмақ қайда, жар-жар.
 
Жігіт:
Бір толарсақ, бір табақ санда болар, жар-жар,
Сыбдыр-сыбдыр жапырақ талда болар, жар-жар.
Шешем-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Шеше орнына қайын енең онда болар, жар-жар.
 
Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар,
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар.
Қанша жақын болса да, қайын енеміз, жар-жар,
Айналайын шешемдей болмақ қайда, жар-жар.
 
Жігіт:
Бір толарсақ, бір табақ санда болар, жар-жар,
Сыбдыр-сыбдыр жапырақ талда болар, жар-жар.
Ағам-ай жеп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Аға орнына қайын ағаң онда болар, жар-жар.
 
Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар,
Құлын-тайдай айқасқан оң жақ қайда, жар-жар.
Қанша жаұсы болса да, қайын ағамыз, жар-жар,
Айналайын ағамдай болмақ қайда, жар-жар.
 
Жігіт:
Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар,
Жарға соққан жаңғырық тауда болар, жар-жар.
Жеңгем-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Жеңге орнына абысын онда болар, жар-жар.
 
Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар,
Құлын тайдай айқасқан оң қайда, жар-жар.
Қанша жақсы болса да, абысыным, жар-жар,
Айналайын жеңгемдей болмақ қайда,жар-жар.
 
Жігіт:
Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар,
Жарға соққан жаңғырық тауда болар, жар-жар.
Інім-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Іні орнына қайын інің онда болар, жар-жар.
 
Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар,
Құлын тайдай айқасқан оң қайда, жар-жар.
Қанша жақын болса да, қайын ініміз, жар-жар,
Айналайын інімдей болмақ қайда, жар-жар.
 
Жігіт:
Бір толарсақ, бір тобық санда болар, жар-жар,
Жарға соққан жағалтай тауда болар, жар-жар.
Сіңлім-ай деп жылама, байғұс қыздар, жар-жар,
Сіңлі орнына қайын сіңлің онда болар, жар-жар.
 
Қыз:
Жазғы тұры ақша қар жаумақ қайда, жар-жар,
Құлын тайдай айқасқан оң қайда, жар-жар.
Қанша жақсы болса да, қайын сіңлім, жар-жар,
Айналайын сіңлімдей болмақ қайда, жар-жар.
 
Жігіт:
Ақ қоян қашар жоталап, жар-жар-ау
Аяқ тайлақ өсер боталап, жар-жар-ау!
Мұнша неге жылайсың, жар-жар-ау
Артыңнан інің барар апалап, жар-жар-ау!
 
Қыз:
Текеметтің шет бауын,
Оя тұрсын, жар-жар-ау!
Той басына ту бие,
Соя тұрсын, жар-жар-ау!
Мен шешеме айтайын,
"Әкеме айт", - деп жар-жар-ау
Мені, десе, биылша,
Қоя тұрсын, жар-жар-ау!
 
Жігіт:
Қызыл қыршын замандас,
Қызыл қыршын, жар-жар-ау
 Қызыл қыршын ішінен,
Қырғи ұшсын жар-жар-ау
Алып кетер мал берген,
Сен бір құссың, жар-жар-ау!
 
Қыз:
Түндігімнің төрт бауы -
Бас бауымды, жар-жар-ау,
Алты жеңгем сұрайды,
Шашабауымды, жар-жар-ау
Алты жеңгем сұраса,
Аласың да, жар-жар-ау!
Айналайын, жан әкем,
Қаласың да, жар-жар-ау.
 
Жігіт:
Мінген атың қара-ды, жар-жар-ау,
Жал-құйрығын тарады, жар-жар-ау.
Мұнша өксіп жылама, жар-жар-ау,
Шешең ертіп барады, жар-жар-ау!
 
Қыз:
Түндігімнің төрт бауы,
Мақта, шеше, жар-жар-ау,
Қызың кетіп барады,
Жатқа, шеше, жар-жар-ау!
Он екі айда айналып,
Бір келемін, жар-жар-ау,
Сары інгеннің ботасын
Сақта, шеше, жар-жар-ау!
Шалшық па екен, су ма екен,
Ақ сүт беріп шешекем,
Асыраған, жар-жар-ау.
Ақ сүт берген шешеме,
Не көрсеттім, жар-жар-ау.
Жат кісінің баласын,
Жолдас еттім, жар-жар-ау!
 
Жігіт:
Есіктің алды қия еді, жар-жар-ау
Қияға біткен мия еді, жар-жар-ау.
Әкең берген қамқа тон, жар-жар-ау,
Етіңе қайтіп сыяды, жар-жар-ау!
 
Қыз:
Тоқпақ жалды торы айғыр,
Етті ме, әке, жар-жар-ау.
Төркіндегі үйімнен,
Кеттім, әке, жар-жар-ау.
Қыз да болсам, сізге мен,
Перзент едім, жар-жар-ау.
Жалғыз басым сыймастан,
Кеттім, әке жар-жар-ау!
 
       Соңғы күні ұзатылған қыз үй-үйді аралап жүріп, ел-жұртымен қоштасады. Бұған қыз туыстары дайындалып, әр қайсысы өз дастарқанынан дәм тартқызады. Әр үйдің от-орнымен қоштасып, көп болса, қомсынбай, берген сыйлықтарын, көзіндей көріп жүру үшін, алатын бұл салт ел ішінде "танысу" деп аталады. Батыс Қазақстанда танысатын қалыңдықты кілемге отырғызып, көтеріп аралату дәтүрі болған.
       Ұзату тойы біткен соң, жақындарын шақырып, дәстүр бойынша қыздың жасауын көрсетеді. Жасауға ризашылық білдірген құдаларға киіт кигізіп, түйе жетектетіп, ат мінгізген. Болашақ отаудың көшер көлігі, сауып ішер сиыры мен биесі де қыз жасауының құрамына кірген.
       Қазіргі уақытта әр жерде жасау беру әр түрлі орындалады. Қызды ұзатып шығарып салғаннан кейін, бірер жыл өткен соң жасауын береді немесе той үстіне алып барады. Жасау беруде орындалатын дәстүрлер көп.
       Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша, ұзатылған қыз әке малынан әр түлік бойынша "мал құты" деп есептелетін бір-бір мал, сондай-ақ, әке мүлкінен түзу мылтық, берен сауыт қалауына болады. Дәстүр бойынша, қызы не сұраса да әкесі бетін қайтармайтын болған. Бас құданың рұқсатымен қыз жасауы  буылып, түйіледі. Әр теңнің арасына әйелдерге арналған кішігірім "тең шашар" сыйлықтары салынады. Теңді ашатын қарсы құда жақтағы әйелдер осы сыйлықтарды бөлісіп алады.
      Қыз аттанарда, қимас ата-анасы, туған-туыстары, қасиетті ел-жұрты, атамекен, құрбы құрдастарымен қоштасып, "сынсу" айтады. Теңіне бара алмаған бұрынғының қыздары зарлы "сыңсу" айтқан. Қазіргі уақытта қызды зорлап қосу жоқ. Сондықтан "сыңсу" айтылмайды. Той тойлап, қызын ұзатқан қыз жағы той-думандатып шығарып салады. Қуанышты тойлардың бірі болғандықтан би биленіп, әндер айтылады. Қыз ұзатқанда дәстүр бойынша айтылатын өлеңдер:
 
Қоштасу
Шешесінің қоштасуы:

Қарағым-ай,
Халқыңа қалаулы бол!
Еліңе елеулі бол!
Ертемен ерте тұрарсың,
Түндігіңді ашарсың,
Сиырыңды сауарсың,
Малыңды өріске айдарсың,
Самаурыныңды қоярсың,
Сүтімді сонда ақтарсың,
Қарағым-ай, не айтайын,
Енді жат жұрттық болғансың.
             

 
Жеңгесінің қоштасуы:

Сылдыр-сылдыр қамысқа
Сырғаң түсті жар-жар-ау!
Сырғаң түскен жерінен
Тарғақ ұшты, жар-жар-ау!
Сырласпаған жат елге
Бикеш кетіп барады-ау!
Қолымдағы бикешім -
Қос жүзігім, жар-жар-ау!
Қос жүзігім қолымда
Майысады, жар-жар-ау!
Сен кеткенге қабырғам
Қайысады, жар-жар-ау!
Қош есен бол, бикешім!
           

 
Інісінің апасымен қоштасуы:
 
Сылдыр-сылдыр қамысқа
Сырғаң түсті, жар-жар-ау!
Сырғаң түскен жерінен
Тарғақ ұшты, жар-жар-ау!
Апам үшін қабырғам
Қайысады, жар-жар-ау!
Апам үшін қайыспай Қалай болар, жар-жар-ау!
Қайыр қош боп тұрарсың,
Жан бауырым, жар-жар-ау!
 
       Қыз ұзату тойы бүгінгі күні көп жерлерде әдетке айналып жатыр. Безендіріліп жатқан осы тойлар қазақ халқының салт-дәстүрлерін көркемдейді. Қыз ұзату тойын, келін түсіру тойынан кемде кем өткізбейді. Тойда қыз ерекше сәнді той көйлегін, бас киімін киеді. Жар-жар айтып, екі жасты ортаға шақырады. Қыздың әке-шешесі өз тілектерін екі жасқа білдіріп, баталарын береді. Той бітпей жатып, қарсы жақтан келген құдалар қайтуға ыңғай танытады. Оларды қошеметтеп, шығарып салады.
       Кетіп бара жатқан қыздың алдынан арқан керіп, көрші қолаңдары, жора жолдастары жолын бөгейді. Қарсы жақ құда кәдесін беріп, жолын ашқызады. Ендігі кезектегі той күйеу жігіттің ата-анасы жасайды.
 
Жасау беру
       Жасау беру - ежелден келе жатқан қазақ халқының салт дәстүрінің бірі. Қыз шешесі жасауды, қызы бой жетпей тұрып-ақ, жасап қоятын болған. Жасау - қызға берілетін дүние-мүліктер. Оған үй жабдықтары : көрпе. төсек, ыдыс-аяқ, жерге төсейтін текемет немесе кілем, ілетін кілемдері, сандықтар кіреді. Қыз ұзатылғанда жасауымен бірге шығарып салынатын болған.
       Қазіргі кезде, шамасы келіп жатқандар, қыз жасауын той үстіне-ақ алып келіп жатады. Жасаудың қаншалықты болатыны қыз жағының шама-шарқына байланысты. Кейбір жерлерде жасауды қызы тұрмыс құрғаннан кейін бір, екі жыл өткеннен кейін береді. Оны апармас бұрын, хабарын береді. Қыздың шешесі мен тағы бір-екі әйел жасауды алып барады. Оған да кішігірім той жасап, әкелінген жаға заттарға "құтты болсын!" айтып келушілер шашу шашады, байғазы береді. Жасау әкелген құдағиларға үлкен құрмет көрсетіліп, киіт беріледі, сырға, жүзік салып, сыйластықтарын білдіреді. Жиналған туған туыстары мен ауыл әйелдеріне қыз жасауын ашып көрсетеді. Түйіліп-буылған әр түйін заттың бетіне әдейілеп салынған сыйлықты ашып көрсеткен адам өзі алып, басқа әйелдерге де бөліп береді. Жасауын әкелген қыздың шешесіне ризашылықтарын білдіреді.
 
Қыз киімін беру
        Ұзатылған қыздың киімін беру салты көп жерлерде орындала бермейді. Ал Оңтүстік Қазақстан аумақтарында бұны міндетті түрде орындайды. Бұрынғыда қыз киімін қыз жасауымен қосып, қызды ұзатқан кезде беретін болған. Қыз киіміне бас киімнен бастап аяқ киімі, сырт киімдері, бағалы киімдер, қыздың жеке өзі тұтынатын заттар кіреді. Оны қыздың анасы мен жеңгелері дайындайды. Қазіргі уақытта, кейбір жерлерде, қыз кеткен соң, немесе, той үстіне дайын киімдерін алып барады. Қыз киімін дайындап болған соң, оны алып баратын күндерін хабарлайды. Күйеу жігіт жағы  оларды дайындықпен күтеді. Қазақ халқы осындай салт-дәстүрлерін аса сыйлағандықтарын осындай дайындықтарынан, қуаныштарынан көруге болады. Белгіленген күнге келген құдағиларын құрметтеп, дастарқандарын жая, қарсы алады. Аман-саулық сұрасып, әбден көңіл көтерген соң, қыз киімін көру басталады. Туған-туыстары мен ауыл әйелдеріне қыз жеңгелері қыз киімін жайып көрсетеді. Олар өз тараптарынан байғазыларын береді. Сандыққа салынған киімдерді ашқан әйелдер, әдейілеп салынған сыйлықтарды бірге отырғандармен бөлісіп алады. Қыз шешесі ауыл әйелдеріне арнап салған білезік, жүзіктерін тағы басқа сыйлықтарын өзара бөлісіп алады. Бұл дәстүр құдағилардың басқаларға көрсеткен сый құрметі. Кейбір жерлерде қыз киімінің дайындалған сапасына ауыл әйелдері баға беріп жатады. Киім әкелген қыз жеңгелеріне киіт беріледі. Шамасы келіп жатқандар сырға, сақина салады.

Салт-дәстүрлер » Үйлену салт-дәстүрлері »