Зейнеп Ахметова Қайшымен тұсау кеспеген - құттықтау
Зейнеп Ахметова Қайшымен тұсау кеспеген
Бала өміріндегі тағы бір ерекше аталып өтілетін, үлкен той қылып өткізетін салттардың бірі – тұсаукесер. Тұсаукесер бала өміріндегі үлкен белестің бірі. Өйткені баланың бауырын жазып, қаз-қаз тұрып, бір аттап, екі аттаған кезде тұсауын кеседі. Өзге ұлттың баласының тұсауын кеспесе де жүгіріп кетеді, ал біздің қазақтың баласы тұсауы кесілмесе сүріншек болады екен. Тұсау кесу үшін не себепті ала жіп дайындалған? Тұсауды немен кескен? Баланың тұсауын кімге кестірген жөн? Бұл жайлы айдарымыздың тұрақты кейіпкері Зейнеп апай былай дейді… АЛА ЖІПТІҢ СЫРЫ Тұсаукесердің әр жерлерге байланысты кішігірім өзгешелігі болмаса, негізгі мән-мағынасы бір, яғни баланың алғашқы қадамына мән беру, тілек тілеу. Баланың тұсауын ала жіппен кеседі. Ақ жіп пен қара жіптің екеуін айқастыра отырып есіп, ала жіп дайындалған. Бұл – өмір-тіршіліктің нышаны. Өмірде барлығы қос-қостан жаратылған әрі ылғи қатар келіп отырады. Айталық, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық, қараңғы мен жарық, ыстық пен суық, ең бастысы, ер мен әйел… Бұлар қатар жүреді, бірінсіз бірі болмайды.Тек бір Алла ғана жалғыз. Ала жіптің негізгі мәні осында. «Кісінің ала жібін аттамасын, ұрлық қылмасын, қиянат жасамасын, жаман жолға түспесін» деген себеппен ала жіп дайындайды» деген түсінік бар. Өкініштісі, мағынасы тереңде жатқан дүниені осылай біржақты түсініп, «біреудің затын ұрламасын» деп қана «тұсау кесіп» жүрміз. Бұл – жаңсақ пікір. «Жақсылықта асып-тасымасын, жамандық көрсе, жабырқап-жасымасын, қуанышты күндерінде асылық жасамасын, қиыншылық басына түскенде еңсесі түсіп басылмасын, екеуінен тең өтсін» деген тілекпен қос-қостан келетін Жаратылыс заңының белгісі ретінде ала жіп таңдалып, баланың тұсауын кескен. Қазір тұсауды қайшымен кесіп жүр. Бұл дұрыс емес, өйткені баланың өмірі қайшыланып қалады, ал баланың алғашқы қадамын қайшылаудан бастасақ, ары қарайғы өмірі де күрделеніп, кедергілері көп болуы мүмкін. Сол себепті қайшымен кескенді қазақ қош көрмеген, тек өткір пышақпен шорт кесетін болған. Бұған да мән беріп қарайтын кез келді. ӘЖЕЛЕР ТҰСАУ КЕСПЕГЕН… Қай кезден бастап жаппай үрдіс алғанын білмеймін, бұл күндері қарап отырсаңыздар, тұсауды көбінде жасы үлкен әжелерге, кейуаналарға кескізіп жүрміз. Осыған жете мән беріп көрдік пе? Жүрісі ауырлаған қарт әжеге немесе ілби басатын кейуанаға тұсау кескізгенде, бала қалай жүріп кетеді деп ойлайсыз?! Осындай келеңсіздікті әсіресе телеарналарда көп көрсетеді. Сөз жоқ, ала жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген әжелер әдемілеп ақ батасын беріп, баланың аяғына байлап береді. Ал тұсау кесетін адамды ата-ана алдын ала сайлайтын болған. Қыз бала болса, қимылы ширақ әрі пысық, ақжарқын мінезді, көпке қадірлі, ісін тиянақты әрі тындырымды атқаратын елге сүйкімді келіншектерге, ұл баланың тұсауын «пәленше ағасындай сері болсын, үлкен азамат болсын», «анау ағасындай саятшы, аңшы болсын» дегендей ел аузында, елдің алдында жүрген ер-азаматтарға кескізген. Бір жағынан, халқымыздың ырымшылдығы шығар, бірақ қалай дегенмен өзіміздің ата-бабамыз істеп келе жатқан салттың астарында үлкен мән, әдемі тілек, жақсы ниет жатыр. Ала жіп байланып, баланың тұсауын кесер алдында бір топ баланы жүгіртіп жібереді екен. Сол балалардың алдында озып келе жатқан екі бала таяған сәтте-ақ тұсауын кесіп жіберетін болған. Содан кейін ентігіп жүгіріп келген екі бала екі жағынан баланың алақанын алақандарына түйістіріп, уыстарына толтыра ұстап, дедектетіп ала жөнелген. Өйткені, жүгіріп келген балалардың қаны қызып, күш-қуаты тасып, екпіні артып келді. Алақан арқылы осының барлығы тұсауы кесілген балаға, айталық, екпіні, күші, яғни энергиясы өтеді екен. ТҰСАУКЕСЕРДІҢ МӘНІ Енді бір сәт сәл шегініс жасап көрейікші, көпті көрген қариялардың ақ батасы… Халыққа қалаулы, елге танымал болып жүрген ер-азаматтың немесе көпке сыйлы болып жүрген келіншектің жақсы ниетімен кесілген баланың тұсауы… Содан кейін күш-қуаты тасып, ентігіп жүгіріп келген балалар, олардың ып-ыстық алақандары… Осының барлығы алғашқы қадамын тәй-тәйлап басқан баланың ендігі жерде сүрінбеуі, басқан қадамының сәтті болуы, бастысы, «аяғын нық бассын, өзінің туған жерінде аяғын нық басып жүрсін» деген тілекке толы ғой. Мінеки, олай болатын болса тұсау кесе салу қалай болса солай өткізе салып, көрер көзді алдайтын «бутафория» емес, яғни тек әйелдер жиналып, тек кейуаналарға тұсау кескізіп жай өткізе салуға болмайды. Бұл – баланың үлкен өмірге алар жолдамасы, тойдың басы, өмірге бастар қадамның алғашқы баспалдағы. Бұл – «баламыз жақсы азаматқа ұқсасын, қадамы сәтті болсын, өмірінде кездесер жақсылық пен жамандықты тең көтеріп өтсін» деген ниет-пейілі бар астары ауқымды, мағынасы терең салтымыздың бірі. Тұсаукесерде шашу шашылып, тұсаукесер жыры айтылады. Бір өкініштісі: Күрмеуіңді шешейік, Тұсауыңды кесейік, Қаз-қаз, балам, қаз, балам, Қадам бассаң мәз болам, Тағы-тағы баса ғой, Тақымыңды жаз, балам, Қаз баса ғой, қарағым, құтты болсын қадамың! – деп басталатын әдемі әуен, игі тілекке толы тұсаукесер жырын қазір көп адамдар, әсіресе жастар біле бермейді… ЫРЫМ ЖАҚСЫ НИЕТТЕН ТУАДЫ Тұсауды тек ала жіппен емес, «іші-сырты майлы, малды болсын» деп тоқ ішекпен, «жайқалып өссін» деп көк шөппен кескен. Әркім өзі білген, қалай болғанда да тілектің артықтығы жоқ. Барлығының ниеті түзу, тілегі бір. Біздің ұлтқа қатысты кез келген жөн-жоралғыны барлық қағидаларын сақтай отырып шын ниетпен өткізсе, қабыл болады. Тіпті ала жіпті де «сондай күнге жетейін» деп алып жатады.www.adyrna.kz сайт ынан
Салт-дәстүрлер » Балаға қатысты салт-дәстүрлер » Тұсау кесу »