бесік жыры.бесікті аластау, бесікке бөлеу, өс-өс - құттықтау
бесік жыры.бесікті аластау, бесікке бөлеу, өс-өс
Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем! Жылама, бөпем, жылама, Жілік шағып берейін, Байқұтанның құйрығын Жіпке тағып берейін.Әлди, әлди, аппағым, Қойдың жүні – қалпағың. Жұртқа жаман болса да, Өзім сүйген аппағым.
Әлди, әлди, шырағым, Көлге біткен құрағым. Жапанға біткен тірегім, Жаман күнде керегім!..
Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем! Қонақ келсе, қой, бөпем, Қой тоқтысын сой, бөпем, Құйрығына той, бөпем! Айналайын күн бөпем, Бурыл тайға мін, бөпем! Ақ қызы бар үйінде, Ақылбайдың үйіне Бұрала барып түс, бөпем, Қымызынан іш, бөпем!
* * * Қолымыздан іс алып, Мойынына күш алып, Бізді бағар ма екенсің? Құрығыңды майырып, Түнде жылқы қайырып, Жаудан жылқы айырып, Жігіт болар ма екенсің? Айыр қалпақ киісіп, Ақырып жауға тиісіп, Батыр болар ма екенсің? Бармақтарың майысып, Түрлі ою ойысып, Ұста болар ма екенсің? Таңдайларың тақылдап, Сөйлегенде сөз бермей, Шешен болар ма екенсің? Кең балағың түріскен, Ұлы топта күрескен
Палуан болар ма екенсің? Бал қайнатып, шай ішкен, Қазы кертіп, жал жеген, Асты болар ма екенсің? Ұзақ жасап, көбірек, Басты болар ма екенсің? Қарағай найза қолға алып, Жауға тиер ме екенсің? Қашқан жаудың артынан, Түре қуар ма екенсің? Қуып ойдың жетігін, Біліп ғылым тетігін, Ғалым болар ма екенсің? Еңбек етіп бар елге, Өнеріңмен әлемге Мәлім болар ма екенсің? Көп қиыннан өтерсің, Мақсатыңа жетерсің. Ұйықтай қойшы, бөпешім!
Қаз-қаз, балам, басарсың, Сүтке суды қосарсың. Тал шыбықтан ат мініп, Балдырған мылтық асарсың. Жылама, балам, жылама, Апаңды сен қинама!
Жұмыстарың таусылмай, Терлеп-тепшіп жүрерсің. Қызығымен ойынның, Сақылдап сен де күлерсің. Ес тоқтатып бір кезде, Алды-артыңды білерсің, Әлди, балам, әлди-ай, Апаң айтқан ән-күй-ай.
Бесік жырын апаңның Кішкенеңнен жаттай бер. Қаз-қаз тұрып өмірге, Басып табан аттай бер. Өзіңе арнап, бөпешім, Тау суындай сарқырап, Толқып аққан жыр қалсын.
Жеңілтек болма, бөпешім, Салмақты бол ерлердей. Жүгіре берме далаңдап, Құр бекерге ербеңдей. Жылама, балам, жылама, Атасы айтқан бұл сөзді, Бөпешім менің ұға ма? Әлди, балам, әлди-ай! Жетіге қашан келесің? Суын әкеп шешеңнің Ержеткен соң берерсің, Құрығын ұстап әкеңнің Соңына сен де ерерсің. Жылама, балам, жылама, Апаңды сен қинама! Әкең сенің қуансын, Шешең сенің қуансын.
Айналайын айдан, Су алайын сайдан. Жігіт болып, бөпешім, Тисін елге пайдаң! Аспандағы жұлдызым, Маңдайдағы құндызым, Ұйықтай қойшы тезірек, Толықсыған қырмызым!
Әлди, әлди, бөбегім, Жұбанбайтын не дедім. Бөбегімді емізіп, Бесігіне бөледім. Әлди, әлди, әлди қақ, Ержеткенде жылқы бақ. Үлкен таудан түлкі қақ, Тәңір берсін басыңа бақ. Әлди, әлди, бөбегім-ау!
Әлди, әлди, тайлағым, Өрістегі шаңдағым, От басында ойнағым, Су бетінде қаймағым. Әлди, әлди, бөбегім-ау! Әлди, әлди, оймағым, Оймағыммен ойнадым. Күнде әлдилеп сүйсем де, Қызығыңа тоймадым. Әлди, әлди, бөбегім-ау!
Алас, алас, баладан алас, Иесі келді, пәлесі көш! Алас, алас, бәледен алас, Көзі жаманның көзінен алас! Тілі жаманның тілінен алас! Қырық қабырғасынан алас, Отыз омыртқасынан алас! Алас, алас, аласы, Келді, міне, баласы. Көш, көш, пәлесі, Келді, міне, егесі. Аталарың ақырса, одан қорықпа, Аналарың, ағаларың шақырса, одан қорықпа, Ойнақтаған лақтан қорықпа, Сылдыраған бұлақтан қорықпа. Тулаған тайдан, Қуалаған ботадан қорықпа! Маң төбеттей ұйқылы бол, Түлкінің баласындай күлкілі бол. Алас, алас, аласы, Келді, міне, баласы. Ұйықтап дем алсын, Қунап оянсын!
Мойнымдағы тұмарым, Тарқамайтын құмарым. Тағдыр берген алсын деп, Ақ бесікке салсын деп. Мойнымдағы маржаным, Қорадағы мал-жаным. Бесігіңе жата ғой, Тәтті ұйқыға бата ғой.
Балам жатсын бесікке, Пәлесі қалсын есікте.
Бесіктен шешіп аларда Анасы шешіп алсын, Ұйқысы бесікте қалсын. Балам бесіктен шықсын, Пәлесі есіктен шықсын.
Өс-өс, балам, өсе бер, Батыр бол – балуан білекті, Батыл бол – таймас жүректі. Аяғыңды созайық, Саусағыңды жазайық. Етті болсын балтырың, Епті боп өс, жарқыным.
Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан
Салт-дәстүрлер » Балаға қатысты салт-дәстүрлер » Бесікке салу »