Жан-жануарларға қатысты ырымдар - құттықтау

Жан-жануарларға қатысты ырымдар

Ұсақ мал сойғанда төс шеміршегін кесіп алып, жарға не босағаға лақтырғанда жабысып қалса – ол үйдің аты жүйрік болады.
 
Киіз үйге құмырсқа көбейіп кетсе, жылқының екі тезегін байлап, уыққа іліп қояды.
 
Мысық тіреу, не босаға тырнаса ауа райы бұзылады.
 
Аққуды атпайды, киесі ұрады.
 
Ақты (сүтті, айранды) төксе малдың желіні кетеді.
 
Ат жолға шығарда тезек тастаса жол болады.
 
Жақын адамға ит, пышақ сыламайды. Сыйлаған күнде ырымын алады.
 
Мал сатқанда оны ноқтасымен не бас жібімен бермейді, малдың басы кемиді.
 
Атымен айтса көбейіп кетеді деп қасқырды «ит-құс» дейді.
 
Түнде сүттің бетіне ай сәулесін түсірмей жауып қояды, өйтпесе сауын мал ауруға ұшырайды.
 
Пышақтың жүзі шалқасынан жатса, сол үйдің малы пышаққа ілінеді.
 
Ат жер тарпыса жолға шығады.
 
Ат сүрінсе олжаға жолығады.
 
Жаңа туған ботаның құйрығының ұшын үй иесі тісімен қыршып тастайды.
 
Кендірмен байлаған, жыңғылмен айдаған малдың саны өспейді. «Малды жыңғылмен айдама, кендірмен байлама» деген мәтел бар.
 
Ит көкке қарап ұлыса, жамандық болады.
 
Құмырсқаның илеуіне дәрет сындырған әйел бала көтермейді.
 
Малдың сүйегін далаға ашық тастамайды, жерге көмеді.
 
Қойдың жүнін, мүйізін отқа жақпайды.
 
Малды аяқпен теппейді, балағаттамайды.
 
Малдың уызын алдымен үй иесі ішеді.
 
Кермедегі аттар қасынысып тұрса, сол үйге ұзамай құдалыққа адам келеді.
 
Егер киіз үй сыртына ит сарып кетсе, құт келеді.
 
Мал төлдеп жатқанда ешкімге бермейді, сатпайды және айырбастамайды.
 
Мысыққа тамақ бергенде «ертең ұмытып кетесің» деп маңдайынан шертіп береді.
 
Сиырдың желіні іссе, таңертең ерте кебіспен ұшықтайды.
 
Балықтың құйрығына ұстаса – ауға балық түспейді.
 
Мал үшем не төртем (үш не төрт төл) туса – олардың біреуін бауыздап, босағаға көмеді.
 
Тышқан нанның бетін қажап жесе – астық мол болады, астыңғы жағын жесе –астық аз шығады.
 
Түнде ауылдың сыртынан үкі шақырса, жаман ырымға балайды.
 
Адам келе жатқанда көкек даусы оң жағынан естілсе – бай болады, сол жағынан естілсе сәтсіздікке ұшырайды, қарсы алдынан естілсе денсаулығы жақсы болады.
 
Егер үйге құмырсқалар қаптап кетсе – ол үйдің ырысы мол болады.
 
Құмырсқаның илеуін бассаң аяғың ақсақ болып қалады.
 
Сатылған малды еске алып, қайғыруға болмайды, ол мал өліп қалады.
 
Тұңғыш бала «ашыл күнім, ашыл» деп шалбарын шешіп желге қарсы тоңқайса боран ашылады.
 
Жас төлді арқасынан сипаса өспей қалады.
 
Жатқан малды үстінен адам аптаса, ол малдың омыртқасы сынады.
 
Жас малдың тісін санамайды.
 
Құлын туғанда «жүйрік бол» немесе «сүтті бол» деп сауырынан үш рет алақанмен ұрады.
 
Тұмса малдың сүтін біреуге бермейді, сүті кетеді.
 
Адамы қайтыс болған күндері үйдің малы сауылмайды, төлі ағылып жіберіледі.
 
Өрістен қайтқан малдың алдынан бос ыдыс ұстап шығуға болмайды.
 
Қой қыста ұйлығып жатса – келер қыс қатты, бытырап жатса – қыс жайлы болады.
 
Тышқан көп болса – тоқшылық, қоян көп болса жоқшылық.
 
Көз тимесін деп егіннің, бау-бақшаның шетіне жылқы немесе түйенің бас сүйегін іліп қояды.
 
Қырманға ит кіріп кетсе, оны «кет» деп қумайды.
 
Жаңа туған бота тез аяқтанып кетсін деп табанын қытықтайды.
 
Киіз үйді шаңырағына қарлығаш ұя салса, ол жақсы ырым. Ол үй балапан ұшып кеткенше көшпейді, ұясын бұзбайды.
 
Ұры, өтірікші, сұғанақ адамдарға мал бақтырмайды, малдың қасиеті қашады, басы өспейді.
 
Егер сиыр егіз туса біреуін жиенге атап береді.
 
Үшем туған ешкінің бір лағын біреуге береді немесе балаларды жарыстырып озып келгеніне береді.
 
Желінсау болған малдың желінін сауар алдында елеуішпен ұшықтайды.
 
Қара шешекпен ауырған балаларды қара қойды сойып терісіне орайды.
 
Шошымалы ауруды қара ешкінің терісімен қағады.
Сейіт Кенжеахметұлы

Ырым-тыйымдар » Соңғы қосылған дүниелер »